Балдызыммен саябақ аралап, өсекке қалдым

Oinet.kz 09-07-2019 1378

 Screenshot_4.jpg

      Қоршаған ортада адамдардың  бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын негізгі құралы тіл. Яғни біз адамдармен сөйлесу, пікірлесу, жағдай сұрасу, сырласу арқылы қарым-қатынас орнатамыз. Екі дос немесе екі көрші кезігіп қалса амандық-саулық сұрасып, көрген-білген жаңалықтармен бөлісетініміз бар. Алайда сөз арасында шындық екеніне көз жеткізбей біреуді өсектеп, тіпті ғайбаттап жатқанымызды байқамай қаламыз. Біреу туралы сыбыс ести қалсақ оны басқа біреуге айтуға асығатындаймыз. Өз басым өсектің талай рет «құрбаны» болдым. 

      Қайбір күні жұмыстан белгілі бір себептермен кештеу қайтып қалдым. Сол күні кешкісін Астанада оқитын балдызым пойыздан түсуі қажет еді. Мекен-жайымызды білмегендіктен қонаққа келе жатқан Әйгерімді күтіп алу керек болды. Теміржол вокзалына барып, екі-үш жылдан бері көрмеген ерке балдызды күтіп алып, үйге келе жатқанбыз. Күннің ыстығында жолдан шаршап келді ғой деп  үй маңындағы парктің жанына тоқтап, оған балмұздақ алып бердім. Студент туған қаласын сағынып қалған екен, ананы-мынаны әңгіме етіп екеуміз саябақ бір аралап шықтық.  Содан үйге келіп, қонағымыз әпкесінің ыстық тамағын ішіп, балаларды сүйіп, біраз мауқын басып алды. 

      Ертесіне таңертең  жұмысқа асығып бара жатсам сәлемі түзу  көршілерімнің бәрі маған жақтырмаған кейіппен қарап тұрған секілді. Әйелдер соңымнан пыш-пыш етіп бірдеңе деп қояды. Мән бермеуге тырыстым. Кешкісін дастархан басында әйелім құрбысының келіп «свежый өсек» айтып кеткенін айтты. Сөйтсем  паркте балдыз екеуміздің балмұздақ жегенімізді елдің бәрі көріпті. Өсекке жақындары дереу «Перизаттың күйеуі жап-жас қыз ұстап алыпты. Жұрттың көзінше қол ұстасып қыдырып жүр, тіпті ұялмайды» деп әсіре сілтеп жіберіпті. Мұны естіп үшеуміз бір күліп алдық. 

       Біз күліп отырмыз-ау. Алайда  сол өсекті айтқан адам үлкен күнәға батып отырғанын сезе ме екен?  Бәріміз білетіндей өсек (ғайбат) айту – үлкен күнә. Абзалы бұл әдетті қойған дұрыс. Біреудің сыртынан өсек айту оны жегідей жеумен бірдей. Өсек, ғайбат айту сізге абырой әкелмейді. Адамдар сіздің айтқандарыңызды қызықтап тыңдауы мүмкін, бірақ сізді сыйламай кетеді. Сіздің ертең оларды жамандайтындығын ойлап, теріс айналады.  Ерлан Бибатыров, Жамбыл облысы 

Еркін Шүкіман: «Сахнада шалбарым шешіліп, масқара бола жаздадым»
Айтақын Бұлғақов: «Балалық арманым колхоз бастығы болу еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу