Еркін Шүкіман: «Сахнада шалбарым шешіліп, масқара бола жаздадым»

Oinet.kz 09-08-2019 1152

Screenshot_3.jpg

Еркін Шүкіман, дәстүрлі әнші

      Уайым-қайғысы аз, жастықтың алаулап тұрған албырт шағы студенттік кезеңді ұмыту әсте мүмкін емес. 1990 жылы Семей облысы Ақсуат ауданы Сұлутал совхозындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектепті аяқтаған соң  Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға тапсырамын деп шештім.  Бірақ сәтсіздік алдымнан кес - кестей шықты. Тарих пәнінен сүрінген соң ауылға қайтуға мәжбүр болдым. Әке-шешеге масыл болмайын деп бір жылдай совхоздың қойын бақтым. 

      Келесі жылы бағымды тағы бір сынап көрейін деп, Алматы емес Семейдегі оқу орнын таңдадым.  Оқуға дайындалу үшін Семейдегі Рахат деген нағашы ағамның үйінде біраз жүрдім. Аға-жеңгем жұмысқа, бала-шағасы оқуға кетеді. Жалғыз қалған сәтте төрде ілулі тұрған домбыраны серік етуші едім.  Әнге әуестігімнің барын, жасырынып ән салып жүргенімді ағам түгілі анам да білмейтін. Алайда көршілес кемпірдің құлағы түрік екен. Бірде ағама Лариса Васильевна «Бауырың, қайда оқуға тапсырғалы жатыр?» деп сұрапты. Ол болса «филфакқа» деген ғой. «Жо-ооқ, ол баладан филолог шықпайды, нағыз әнші болатын адам ғой» дегенде ешкім сенбеген көрінеді. Содан бір күні ағам маған «орыс апайың сені әнді жақсы салады дейді ғой, кәне бір ән шырқап жіберші» демесі бар ма. Мен ұялғанымнан «жоқ, қайдағы...» деп қоямын. Ағам дес бермей, көрші кемпірді шақырып келгесін, мойындауға тура келді. Ал бұл «құпиямның» сыры өзге туыстарыма мына бір оқиғадан кейін мәлім болды. 

     Нағашым «Қазақстан-Семей» телеарнасында журналист болып қызмет ететін. Бір күні ойда жоқта телеарнаға ағаммен ілесіп барып қалдым. Ол кезде журналист Мақсат Жарылқасын ағамыз телеарнадағы қазақ хабарларының редакторы еді. Барсақ  кешкі бағдарламасына шақырған қонағы келмей, абыржып тұрған екен. Тығырықтан шығудың амалын іздеген Рахат ағам маған бір қарап «Мақсат, мынау менің інім. Өзі әнді тәуір айтады. Бүгінгі бағдарламаңды жас дарынға арнап, осыны шығара салсаңшы» деді. Мәселенің түйіні шешілгенге ол да қуанып, студияға мені ертіп келді. «Бір-екі сұрақ қоямын, соған жауап беріп, әніңді айтсаң болды» деп мені эфирге дайындады. Оператор үстімдегі көк көйлек артқы фонмен түстес болып қалғасын ауыстыруға кеңес берді. Сонда Мақсат ағамыз  «мә, менікін кие сал» деп сол жерде көйлегін шешіп бере салды да, екеуміз ауыстырып алдық. Оның қара көйлегі маған тым үлкен екен, жеңін үйтіп-бүйтіп қайтарып, әйтеуір ретке келтіргендей болдық. Содан не керек, сол күні сағат кешкі жетіде мені телеарнадан көрсетті. Кеше ғана қой бағып жүрген баланың бүгін бағдарламада домбырамен ән салғанына үй-ішімнен бастап, дос-жаранға дейін таңқалды. Өнер жолымдағы  тұсауымды алғаш кескен Мақсат ағама әлі күнге дейін ризашылығымды білдіремін. «Жұлдызды күндерден» кейін ес жиып, құжаттарымды арқалап,  университетке емтихан тапсыруға келдім. Үлкен дайындықтың арқасында Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік универсиеттің (мен оқуға түскен жылы Надежда Крупская атындағы институт еді) табалдырығын аттадым. Сөйтіп өзім армандаған филология факультетінің студенті атандым.     

        Студенттік өмірге бейімделу мен үшін аса қиынға соққан жоқ. Себебі мектеп-интернатта білім алып, әке-шешеден жырақта өмір сүріп көрдім. Студенттік жылдардың ең қызықты сәттерінің бірі, әрине, жатақхана өмірі. Жатақханадағы мына бір оқиға есімнен кетпейді. Түнде алаңсыз ұйықтап жатқан болатынмын. Жанымдағы Марат, Қайырхан деген жігіттер беймезгілде мені оятып «Еркін, ет жейсің бе?» деді. Ет дегенде бет бар ма?! Ұйқымды шайдай аштым да «жеймін» дедім. «Онда кеттік» деп мені сыртқа алып шықты. Қолдарында ұзын таяқ, оның ұшына шеге қағып қойыпты. «Не істегелі жатырсыңдар?» деп едім, «үндеме» деді. Сөйтіп үшеуміз үшінші қабаттың терезесінде жайылып тұрған еттерді әлгі таяқтың көмегімен алып, бөлмемізге тайып тұрдық. Түнгі ұрлықтан кейін қайта ұйқыға кеттім. Таңертең оянсам былбырап піскен еттің  иісі  мұрнымды жарып барады. Сөйтсем жігіттер етті пісіріп қойыпты. Сол күн сабаққа ыстық  ет жеп, сорпа ішіп барған, ішек-қарнымыз бір майланған күн болды-ау.

       Үшінші курста ма екен университетте Шәкәрім апталығы өтті. Сонда мен кішігірім спектакльге қатыстым. Көріністің сценариінің барлығын ақын ағамыз, көрші ауылдың тумасы Серік Елікбаев жазып шықты. Көптен күткен күн жетіп, көріністі сахналап жатқанбыз. Жас бала Шәкәрімнің кітабын оқып отырып, ұйқыға кетеді. Сонда ол түсінде абыз бен Шәкәрімнің диалогына куә болады. Шәкәрімнің рөлінде Серік ағамыз, ал абызды мен сомдадым. Сценарий бойынша жоғарыдан Шәкәрімнің рухы келіп, менімен заман, ұрпақ жайлы рухани әңгіме жүргізді. Мен ары-бері қозғалып сөйлеп жүрмін. Сол уақытта жарық түсіріп тұрған Мақсатқа көзім түсіп кетіп еді, ол маған қарап күліп тұр екен. Бар ойым әлгіге бөлініп, сөзімді ұмытып қала жаздадым. Ішімнен «бұл неге күлді екен?» деп қоям. Сөйтсем жатақхананың төсек-жаймасынан тігіп алған ақ шалбарым түсіп кеткен екен. Көрерменге сездірмейін деп төмен қарамауға тырысып, сөзімді аяқтадым да сахнадан секіріп түсіп кеттім. Келеңсіздікті байқаған Серік аға да ешкімге сездірмей сөзін бітіріп шығып кетті. Көрініс біткесін «қап, ұят болды-ау» деп көрермендерден ары-бері сұрастырсам шалбарымның шешіліп қалғанын университеттің проректорынан басқа ешкім байқамапты. Әйтеуір, тосын жайттарға толы көрінісімізді көрермендер ұзақ уақытқа дейін мақтап жүрді.

       Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мені рухани байыта түскен орта. Әдебиет, поэзия серкелерінің шығармаларымен сусындап, күміс көмей әншілердің әніне құлақ құрышымды қандырып, аға буынның тәрбиесін көрдім. Семей   мен үшін осы қасиетімен қымбат, ыстық. 

      Қызыққа толы студенттік жылдарым аяқталған соң оқуды жалғастыру үшін  Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық  консерваторияға келдім. Тек ақылы бөлімге қабылдаймыз дегесін амал жоқ Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне түстім. Оқып жүріп шаңырақ көтеріп, балалы болғасын колледжден де шығуға тура келді. Күнкөрістің қамымен бір жылдай құрылыста жұмыс істедім. Бірақ бойдағы талант сыртқа шықпай, жан тынышталмайды екен. Келесі жылы тәуекел деп консерваторияға қайта келдім де, құдай оңдап, оқуға түсіп кеттім. «Өнердің қара шаңырағында да» қызықты, естен кетпес студенттік жылдарды бастан кешірдім. 

      Оқырман қауымның көкейінде «түбі өнер жолын таңдайтын болғасын филолог мамандығында оқудың не қажеті бар?» деген сұрақ туындаған болар. Мен тілді, әдебиетті  оқығаныма қуанбасам еш өкінген емеспін. Ақын С.Торайғыровтың мынадай бір керемет сөзі бар: «егер қазақ әні өлетін болса әдебиеті жесір қалады». Сондықтан әдебиет пен ән ажырағысыз дүние деп білемін.  

«Рейтинг» газеті №24-25, 23 маусым 2016 жыл         

Махаббат феномені
Балдызыммен саябақ аралап, өсекке қалдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу