Айтақын Бұлғақов: «Балалық арманым колхоз бастығы болу еді»

Oinet.kz 09-08-2019 1331

Screenshot_19.jpg

Айтақын Бұлғақов, айтыскер ақын, журналист

Қайта оралып келмейтін балалық шақтың қызығын айта берсең таусылмас. Менің Талдықорған облысы Панфилов ауданы Үшарал аулында өткен балалық шағымның қызық та қиын тұстары көп болды.  Қызығы -  біз де асыр салып, жүгіріп, асық ойнап, ала доп пен ләңгі теуіп өстік. Ал қиыны сол, мен екінші сыныпта  оқып жүргенде  әкем дүние салды. Ол кісі мені бес баласының ішінде ерекше жақсы көріпті. Тізесіне отырғызып еркелететіні  бүгінге дейін есімнен кетпейді. Жесір қалған анамның көз жасын көріп өскен біз ерте есейдік. Анам сауыншы болатын.  Таңғы сағат төртте тұрып колхозға кетеді. Артынан біз барып қолғабыс жасайтынбыз. Жаздың күндері әр сауыншы 50-55 сиырдан алатын. Бес-алты сиыр қалғанда анам мені үйге тамақ жасауға жіберетін. Осылайша ас әзірлеудің шеберіне айналдым. Баламыз ғой, кейде тәтті ұйқыны қимай анамның артынан бармай қалған кездерім болды. Сондайда бір «таяқ жеп» алушы едім. Ең қиыны сабаққа бармай тұрып сиырдың тезегін тазалап, оны қапқа салып беріп кететінмін. Қидың иісі денеңе сіңіп қалғаны соншалық қанша жусаң да кетпейді. Әйтеуір, жағымсыз иістен құтылу үшін арзан иіссуларды сеуіп барамын. Мектепке келгенде мүңкіген иістен сыныптағылар қашатын. Қанша қиналса да анам бізге жамау киім кигізбеді. Оқытты, тоқытты, ел қатарынан қалдырмады.  Анамыздың қас-қабағына қарап, бала кездің қызығына көп бата қойғанымыз жоқ.

Ол кезеңдерде күзгі жүгері жинау науқанында оқушылар сабақты ысырып қойып, егістік алаңынан табылатын. Егістік ауылдан 25 шақырым қашықтықта еді. Кейде анамды сағынғанда кештетіп ауылға қарай тайып тұратынмын. Күн суық, жаяулатып өзен-суларды кешіп келемін. Сонда анам «Құлыным-ау, соншама алыс жерден бір күнге бола неменеге келдің, шаршадың ғой» деп жылап қалушы еді. Сол күні мауқымды басып, анама кір-қоңымды жуғызып, таңертең кеуіп үлгермеген  киіммен егістікке қайта кетемін. Бұл баланың анаға деген махаббаты болса керек! Кейде ұлдарым «пәлен жерге жаяу барып келдік» деп үйге ырсылдап, ахілеп-ухілеп келіп жатады. Сонда оларға «кезінде мен 25 шақырымға дейін жаяу жүре беретінмін. Бірақ соншалықты қиналып, міндетсінген емеспін. Бір-екі аттам жерге сонша шаршап қалдырдар ма?» деп аздап ренжіп қаламын. 

Үшінші сыныпта нағашы ағамнан оңбай таяқ жегенім есімнен кетпейді. Көрсе қызарлықпен үйдегілерден тығылып тауық қорада жылқының қиынан шылым орап шегіп жүрдім. Шешем мұны біліп қойса керек бірден нағашы ағама айтып беріпті. Ағам ол кезде мектеп директоры еді. Шындықты білген ол мені ағашқа сым темірмен байлап қойып, әбден сабады. Осы оқиғадан сабақ алған мен осы күнге дейін аузыма шылым алған емеспін.  Бала күнімде қарыз аламын деп әбден әбігерге түскенмін. Тәтті жегім келгесін көршімізден бір-екі күнде қайтарып беремін деп қарызға 50 тиын сұрадым. Әлгі кісі қарызын екі, үш күн күтеді. Ал менің қайтаратын түрім жоқ. Мені көрген сайын қарызын сұрайды. Тіпті, артымнан қуалап, «анаңа айтамын» деп те қорқытқан. Оңайлықпен құтылмасымды білгесін шешемнен «ақша берші» деп жалынып жүріп, тиыннан тиын құрап, қарызымды бердім. Бертінде ол кісіні көріп жүрдім. Сонда ол «Айтақын, сен мені кезінде қудалағансыз деп өкпелеме. Егер алған қарызды уақытылы қайтармаса ол адамның бойына сіңіп, жаман  әдетке айналып кетеді. Мен әділдікті сүйетін адаммын» дейтін. 

Әкем Мұхамади, анам Күлшария екеуі де қара өлеңге жорға болған адамдар. Шешем жиын-тойларда қарсыластарымен айтысып отыратын еді. Ата-анамнан дарыған шығар, мектеп қа¬бырғасында мен де әзіл-оспақтар жазып жүретінмін. Алайда оны ешкімге оқытпайтынмын. Аудандық газеттерге қысқа мақалалар жазып жүрдім. Балалық арманым колхоз бастығы болу еді, әртіс те болғым келген. Ал айтысқа 1987 жылы келдім. Біздің ауылда көркем¬өнерпаздар үйірмесі жақсы жұмыс істеді. Осы үйірмеге жетекшілік ететін Әсет Ке¬рімбаев ең алғаш қыз бен жігіттің айтысын өзі жазып, оны Жайлаухан деген қыз екеу¬міз орындадық. Содан бастап айтысқа аңсарым ауды. Әсекең күнде үйіне ертіп апа¬рып, жаз¬ған өлеңдерімді талдайтын. Бірде домбыра ұстап отырып, қалжыңдарына өлеңмен жауап бердім. Ол орнынан атып тұрып, «сен суырып салады екенсің ғой» дегені бар. Қанмен келген дарын бәрібір сыртқа шықпай қоймайды ғой. 

Дайындаған Айнұр Оңғарбай, 2016 ж

Балдызыммен саябақ аралап, өсекке қалдым
Ит төбелестіру де қызық болып па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу