Балаңызбен серуендей білесіз бе?

Oinet.kz 05-09-2019 1004

Screenshot_11.jpg

        Бала - өмірдің қуанышы, базары, әке-шешеге Алладан берілген аманат.   Кез-келген ата-ана бала үшін барын аянбасы белгілі. Перзентке тәрбие беруден  бөлек материалдық жағдайын жасау маңызды. Ал баламен көбірек уақыт өткізу, қыдыру екі тарапқа да қажет дүние. Кейбір адамдар бар уақытты баламен өткізіп, олармен бірге серуендеу – уақыттың бос кеткені деп есептейді. Жоқ, олай емес. Себебі  көбірек қарым-қатынас, серуендеудің арқасында баланың жадында  жарқын естеліктер қалады. Ал, біз ше? Бүгінгі ата-аналар балаларын қайда, қалай қыдыртады? Ұл-қыздарының санасына қандай естеліктер сыйлауда?

        Бірде үйге қайын сіңілім бала-шағасымен қонаққа келген. Жағдайымызды сұрап, дәмнен ауыз тигесін «балаларымды қыдыртуға апарайын деп едім. Нұрасылды (менің ұлым) да ала кетейік» деді. Жексенбі болғасын қарсылық білдірмедім. Оның үстіне сабақтан да миы бір сергіп қалсын дедім. Содан Айжан бар баланы жиып кеткен.  Қыдырымпаздар енді кешке бір-ақ оралар дедім де, үй шаруасына кірісіп кеткенмін. Бір сағаттан өте бере олар қайта оралды. Мен аң-таң. «Неге ерте келдіңідер, тыныштық па?» десем. «Ия, қыдырып келдік қой»  дейді. Сөйтсем қайын сіңілім қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде орналасқан «балалар қалашығына» барыпты. Айналдырған бір сағатта төрт қабырғаның ішінде отыз мың теңге жұмсап үлгеріпті. Онсызда біреу қамап отырғандай сағаттап үйден шықпай телефон, компьютер шұқылап жататын бүгінгінің балаларын өңшең темірлердің (ойын автоматтары) ортасына алып барудың пайдасы қанша? Үш-төрт метрге жүретін машина, бір орыннан қозғалмайтын ойын аппараттары баланың денсаулығына да, ой-өрісіне де кері әсер етпей ме? Оның үстіне бағалары да у мен заһар. Таза ауа жұтып, табиғатты көрмегесін қыдырудың мәні бар ма? Балаларға жылтыраған жеңіл дүниенінің дәмін татқызған соң, әрине сол өмірге үйір болып қалады. 

       Шығыс медицинасы қашан-да «Демалыс – жалқаулық емес, жан еңбегі» деген қағиданы ұстанады.  Ғалымдар баланың фантазиясының дамуына әрі физикалық тұрғыдан шымыр болуына табиғат аясындағы демалыс оң әсер етеді дейді. Шымқаламызда көрікті демалыс орындары көп. Мәселен өзге қалаларда кездесе бермейтін зообақ пен дендрологиялық саябақ нағыз балалардың серуендейтін мекені емес пе? Әртүрлі аң-құс, жануарларды, өсімдіктерді біліп, көру арқылы біраз мағұлматқа да қанығады. Көк аспанның астындағы демалыс орындарының аумағы да кең. Бақты аралап шыққанша баланың денесі де жаттығып қалады. Пайдасыз аттракциондарға ақшаңызды ысырап еткенше балаңызды флора мен фауна әлеміне апарыңыз.  Сеніңіз бұл балаңыздың болашағы үшін әлдеқайда пайдалырақ.  

Жұлдыз Ахметова, 

Шымкент қаласы

Қанат Айтбаев ұлы Димашты сынаған Нұртас Адамбайды орнына қойды
Ата-анаңа не істесең...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу