Дәулет Төлеутайұлы: «Жүз мың тауып, 10 мың теңгесін жинап үйренбеген адамға ақша өмірі жетпейді»

Oinet.kz 12-04-2020 2678

Screenshot_12.jpg

Бүгінде елімізде пәтер жалдап тұратын отбасылардың саны көп. Осы тұста әр қазақ менің жалғызым деп ұрандатып, 2000-нан аса отбасының баспаналы болуына септігі тиген қаржыгер әрі блогер, «Хабар» арнасындағы «Баспанаға бағыт» бағдарламасының жүргізушісі, халықтан кеңесін аямайтын Дәулет Төлеутайұлымен сұхбат құрған едік. 

– Қайырлы күн, Дәулет мырза! Қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі коронавирус індеті болып отыр. Ел арасында оның күрт өсу себебі халықтың бейқамдығы ма? Бұл саясаттың ойыншығы дегенге қалай қарайсыз? Неге біздің халық билікке сенбейді? 

– Халықтың билікке сенбеуі азаматтық қоғам дұрыс қалыптаспағандықтан деп ойлаймын. Бізде барлығы терісінен жүріп жатады. Мысалы, кезінде Ұлттық банк төрағасы девальвация болмайды деген сөзді халыққа айтқан күннің ертесіне ақша құнсызданды да қалды. Сондықтан сенімін жоғалтқан халықтың сеніміне қайта кіру қиын болады. Және әркім өзінің пікірін, ойын ашық жеткізуге шорқақтау. Кеңес өкіметіндегі тәртіпті көріп, сол уақытта өмір сүрген адамдар көп жағдайда пікірін сыртта ашық айтуға қорқады. Ал іштей дастарханның басында күбірлесіп, екеуара әңгіме айтқанда, барлығын білгішсінетіндер аз емес. Ал мен мұндай нәрсені өз басым түсіне алмаймын. Егер әр адам жеке ойын, көзқарасын ашық айта алатын болса, халық та, билік те бір-бірімен санасып, шешім шығарып, қорытынды жасар еді. 

Коронавирусқа келер болсақ, оны ешкім тоқтата алмайды. Нақты бір емі табылмайынша тарала бермек. Оның салдарын да көріп отырмыз. Әлем бойынша бірінші орынға шыққан АҚШ-қа да, күн сайын қаншама халқынан айырылып отырған Италияға да көз салайық. Індеттің төркіні Қытайдағы Ухань қаласының жабылып, қайта ашылғанын ескерсек, бұл ешқандай да саясаттың ойыншығы емес. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған аурумен ойнауға болмайды. Сондықтан біздің билік үйде отыр деді ме, отыруымыз керек. 

– Бүгінге дейін баспанаға мұқтаждарға бағыт беріп келесіз. Көмегіңізбен, кеңесіңізбен «Ұлы дала квартиранттары» қанша пайызға азайды? Қанша отбасыға көмектестіңіз? Саны бар ма?

– Пайызға шағуға келмейді. Өйткені біздің елімізде басында баспанасы жоқтар жетерлік. Біреуіне баспана алуға жәрдем етіп жатқан кезде, екінші бір отбасының үйі өртке оранады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Жалпы, үй жоқ, мәселе көп. Мен осы себептен де пайызын айта алмаймын. Ал қанша отбасыға көмектескенімді айтар болсам: баспаналы болу жөнінде елге беретін ақыл - кеңесім бар, онлайн мастер кластар бар, «Jas Progect» аясында да бірқатар тегін сабақтар өткіздім. Қазақстан бойынша 15 мыңға жуық отбасы білім алды. Ал солардың ішінде мен білетін баспаналы болғаны 2000-нан асады. Білмейтінім қаншама, себебі олар үй алған соң барлығы есеп беріп, қуаныштарымен бөлісе бермейді. 

–  Халықтың көп бөлігінің жағдайы жақсарып жатыр. Жалақысы өсіп, Президент қазір мұғалім, дәрігер, студент тағы басқа мамандық иелеріне де көп балалы аналарға да жағдайды барынша жасап жатыр. Бірақ, неліктен еліміздің әл-ауқаты көтеріліп, тұрмыс деңгейі өспей отыр? 

–  Сіз айтып отырған мұғалімнің жалақысы, студенттің стипендиясының өсуі, атаулы әлеуметтік көмектер соңғы бір жылда болып жатқан тағайындаулар. Шыны керек, 30 жылдық тәуелсіз тарихымызда үкіметтен осындай көмек алу енді-енді қолға алынып келе жатыр. Бұның жемісін, нәтижесін бірден көру мүмкін емес. Қазір бұрынғы жарамызды бітеу жұмыстары жүріп жатыр десек те болады. Мысалы, кезінде қаншама адам кредитке батып, әл-ауқаты төмендеп кетті. Ал қазір осы жәрдемақылардың көмегімен кішкене болсын, жыртығын жамап, алға жылжу процесі болып жатыр. Сондықтан тұрмыс деңгейінің өсуі енді байқалатын кез. Бұл бірден бола салатын экономикалық құбылыс емес. 

– Халыққа көмектесіп жүргеніңізге қанша уақыт? Және қайырымдылық жасауға не түрткі болды?

– Мен мектеп кезден бастап қайырымдылық шараларын ұйымдастыратынмын. Оны сынып жетекшілерім мен пән мұғалімдері ұмытпаған болар. Университет қабырғасында оқып жүрген кезімде де балалар үйіне барып, Қызылағашты су басқан кезде де факультет болып, ерікті болып жүргенбіз. Қайырымдылық аспаннан топ ете қалатын дүние емес. Адам отырып-отырып: «ойбай, мен қайырымдылық жасай қалайын» дейтіндей де емес. Ол үлгі алып, жүзеге асыратын ұрпақтар сабақтастығы арқылы беріледі, яғни қанмен келетін қасиет деп ойлаймын. 

– Қазақ халқының қаржылық сауаттылығының деңгейі қандай? Және жасыратыны жоқ біз көбінесе алаяқтарға алданып қала береміз. Пікіріңіз...

– Қаржылық сауаттылық болса халықтың халі мүлдем басқаша болар еді. Қазақтың қалтасында қор жиналмағаннан қазіргі карантин, төтенше жағдайда дағдарыс келіп отыр. Мен түсінемін тапқан табысымыз жетпейді деген сөзді. Бірақ сіз 50 000 теңге тапсаңыз 5 мың теңгесін жинап үйренуіңіз керек. Жүз мың тауып, 10 мың теңгесін жинап үйренбеген адамға ақша өмірі жетпейді. 

Қаржылық сауаттылықтың деңгейді Тұрсынбек Қабатов та әзілінде: «Сүттің пайызын ғана білеміз, қалғанынан білу қиынырақ» деп бағалайды. Яғни, қаржылық сауатымыз салыстырмалы түрде өте төмен. Алаяқтарға алданып қала беретіндігіміздің де себебі осы және оңай олжаны іздейміз. Біз білім жинақтауға, біреуден кеңес алуға, өзгенің еңбегін бағаламаймыз. Егер бір тренер ақылы кеңес береді екен десе, біз одан қашамыз. Ақша құртқымыз келмейді. Ал олжаны оңай ұсынып отырған адамды Құдайдай көріп, алаяққа қалай алданып қалғанымызды білмей жатамыз. Біздің осылай алданып қалатынымыздың себебі алдымен, білімсіздік, екінші, кедейлік санамен өмір сүргендіктен оңай ақша тапқымыз келіп тұрады. 

– Көпшілік менеджер, банк қызметкері арнайы мамандардың кеңестерін неліктен түсіне бермейді? 

– Біздің қазақтың банктегі қызметкерлерге деген көзқарасы басқашалау ғой. Өйткені, біз сенбейміз. «Бұл да өзінің бір пайдасын ойлап тұр ғой, что-то не то» деген ой санамызда тұрады. Содан соң банктің терминдері өте қиын. Экономика ғылымдарының магистрі болсам да, менің өзіме ауыр тиеді. Маман ретінде де оларды оқыту жүйесі де өзгеше болады. Олар алдымен ЖОО-да оқып, әр жерден тәжірибеден өткен. Қызметкер алдына көмек сұрап келген клиентке түрлі көмек көрсетеді. Біреуі ықыласпен түсіндіріп жеткізсе, сағат 9-дан 5-ке дейін уақыт өткізіп, айлығым жүрсе болды деп жұмысқа келіп кететіндер де бар.

– Маман ретінде баспаналы болғысы келетін қазаққа қандай кеңес берер едіңіз? Нені басты назарда ұстануымыз керек? 

– Маман ретінде баспаналы болғысы келетін отбасыларға кеңесім: ең алдымен, қаржылық сауаттылық керек. Ақшаны шашпай жинап, той-томалаққа көп бармаңыздар. Той Тәңірдің қазынасы дейді ғой, бірақ сиреткен дұрыс. Мемлекет бере салатын тегін үй жоқ. Қаржыны ұқыптылықпен ұстау керек. Айналып келген кезде бастапқы жарнасын құю жағынан қысқасы, осы саланы зерттеп жүрмін ғой. Қай жағынан болсын, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» пайызы төмен. 

– Инстаграм әлеуметтік желісінен байқаймыз халықтың нөмірі бірінші кеңесшісіне айналған сыңайлысыз. Қандай да бір кеңес сұрап, қызықты әрі ыңғайсыз жағдайға тап болған кезіңіз болды ма?

– Елдің барлығы мені Google, Википедия ретінде көреді. Кейбірі мені ұйықтамайтын анықтама бюросына хабарласып тұрғандай сөйлеседі. Енді баспана туралы сұрақтар болса мейлі ғой. Кейбірі мүлдем жеке басының мәселесін айтады. Бірде WhatsApp-қа «Қай телефонды алған дұрыс «самсунг» па, «айфон» ба?» дейді. Одан бөлек маған, менің жұмысыма қатысы жоқ нәрселер жазғандарды инстаграмыма шығарып қоямын. Енді мен не істей аламын? Сабыр, сабыр деп жүрміз.

– Сізді не шабыттандырады?

– Мені шабыттандыратын ата-анам, отбасым, туыстарым, балаларым. Екіншіден, қарғыс алма, алғыс ал деген қазақта әдемі сөз бар ғой. Көмегім тиген әр бауырымнан алған алғыс сөздері, үйлерінің видеолары келіп жатқанда мен алға ұмтылып, энергия аламын. Бір адамдар бар коронавирустан да жаман. Әлеуметтік желідегі парақшама былапыт сөздер жазғанда бар құлшынысын қашып, шабыт өшеді. 

– Армансыз адам болмайды дейді. Сіздің арманыңыз?

– Арманның да өзінің түрлері бар. Жеке бастыкі болады оны жариялағым келмейді. Себебі арманды біреу келіп орындап бермейді, орындайтын, қол жеткізетін тек өзіміз. Ал халықтың арманы мынау байтақ жерімізде кемінде 30 миллион қазақ болса, кем дегенде 50-60 шаршы метр өзінің жеке баспанасы болса деген арманым бар. Қазақтың баласы жәутеңдемесе, жыламаса осы – менің арманым!

Сұхбаттасқан Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Н.Назарбаев: Реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді
Коронавирус індетін жұқтырған тағы 48 жағдай тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу