Бакиевтің түбіне жеткен – жақын туыстары мен балалары

Oinet.kz 31-03-2010 1086

бакиев.jpg

Бакиевтер отбасы

«Қырғызстанның алғашқы екі президенті – Ақсар Ақаев пен одан билік тізгінін тартып алған Құрманбек Бакиевтің түбіне жеткен – жақын туыстары мен балалары». Сарапшылардың басым бөлігі осы пікірге келісіп отыр. Әрине, президенттік тақтан айырылып  қалудың өзге де себептер шаш етектен. Дегенмен, халықтың ашу-ызасын туғызғаны – президент перзенттерінің шектен шыққан әрекеттері екені жасырын емес. 

Бакиевтің алғашқы өтірігі 

Әуелі 2005 жылғы оқиғаларға  бір сәт ойысайық. Сол жылы наурыз айында қырғыз халқының көшеге шығып, төңкеріс жасауына түрткі болған бірден-бір себеп -  Асқар Ақаевтың қызы Бермет пен ұлы Айдардың парламенттік сайлауға түсіп, саяси карьера жасауға білек сыбана кірісуі еді. Бермет ол кезде пропрезиденттік бағыттағы  «Алға» саяси партиясының жетекшісі ретінде қырғыз елінің парламенті - Жогорку Кенештің төрінен бір-ақ шығуды көксеп жүргенде Айдар  Ақаев та ай қарап жүрмей, билік пен бизнестегі ұпайын түгендеумен болды.  Бірқатар супермаркеттер жүйесі, түнгі клубтар, ұялы  байланыс операторы  президенттің ұлының қолына шоғырланды. Әлбетте, Ақаевтардың жеке мүдделері осымен шектелмейтін. Алайда, 2005 жылдың 24 наурыз күні бұрқ ете қалған төңкеріс президенттің перзенттерінің барлық жоспарын күйрете талқандады. Бішкектің орталық алаңында  оппозицияның көсемі Құрманбек Бакиев жалынды сөз сөйлеп, өзі президенттік креслоға отырған жағдайда отбасы мүшелерін билік пен мемлекеттік маңызы бар істерге араластырмайтыны жөнінде уәде берді. Бұл жаңа президенттің алғашқы өтірігі еді. Бірақ, сол уақытта қырғыздар Құрманбектің сөзіне имандай сенді. 

«Сұр кардиналдар»

Билік басына келген кезде бірқатар саяси реформалар жүргізуге уәде берген  Құрманбек Бакиев шын мәнінде айтарлықтай өзгерістер жасады. Алайда, бұл қадамдар демократияны дамытып, ел экономикасын күшейтуге емес, керісінше диктаторлық режимді нығайтуға бағытталған еді. Парламентті таратып, орнына айтқанға көнетін, айдағанға жүретін  депутаттарды қайта сайлады. Премьер-министр қызметінен бастап лауазымды қызметтерге көбіне өзіне, перзенттері  мен інілеріне  тәуелді адамдарды тағайындауға көшті. Бұрын оппозицияда жүрген идеяластарының барлығын жанынан  аластатты. 

Жалпы, ағайынды Бакиевтер 7-еу болған. Құрманбектің ағасы Жүсіп қызғалдақтар төңкерісінде асқан белсенділік танытып, Ақаевты кетіруде айтарлықтай үлесін қосқан. Бірақ, інісі билікке келгелі арада біраз уақыт  өткен соң дүние салды. 

 Отбасылық кланның негізін  президент, оның бес інісі мен екі ұлы құрады.  Бакиевтер әулетіне деген қарсылық қырғыз қоғамында сонау 2006 жылдың басында-ақ пайда болған. Сол кездің өзінде оппозиция өкілдері жиі-жиі митинг өткізіп, «отбасылық мафияның» биліктен кетуін талап етіп отырған. Бірақ, Құрманбек Бакиев оған құлақ асқан жоқ. 

Енді ағайынды Бакиевтердің атқарған қызметтері мен қарамағындағы компаниялар жайлы кеңірек тоқталайық. Құрманбектің інісі Марат Бакиев жуырда ғана уақытша Үкіметтің шешімімен Қырғызстанның Германия мен Норвегиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды. Бұған дейін ол сот саласында лауазымды қызмет атқарып келген. Елшілік саласында тағы бір Бакиев тер төгіпті. Адыл Сәліұлы Бакиев ресми түрде Қырғызстанның Қытайдағы елшілігінде кеңесші болып тіркелгенімен,  іс жүзінде жеке бизнесінің шаруасын күйттеп жүрді.  Құрманбектің және бір інісі Ахмат та оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол қалалық  кеңестің депутаты болғанымен, шын мәнінде бүкіл Джалал-абад облысына әмірін жүргізіп отырған. Губернатор тек соның айтқанымен жүріп, Ахматтың  орындаушысы ғана болып келгені былайғы жұртқа белгілі.  Өзге джалалабадтық кәсіпкерлердің дүние-мүлкі мен бизнесін тартып алуымен атағы шықты.  Ағайынды Бакиевтер әулетінің тағы бір өкілі – ауыл округінің басшысы қызметін атқарды. 

Дегенмен, Қырғызстанның нағыз «сұр кардиналдары» ретінде Бакиевтің екі ұлы – Марат пен Максим және Жаныш есімді інісі атанды.  Марат ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары  лауазымын атқарып келді. Оппозиция өкілдерінің айтуынша,  Марат Құрманбекұлы көбіне саяси режимге қарсы  шыққандарды қудалаумен шұғылданған.  Осыдан бірнеше ай бұрын Алматыда қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өлтірілуіне  Марат Бакиевтің қатысы бар деген жорамал айтылды.  Ал Максим және Жаныш Бакиевтерге арнайы тоқталып өткенді жөн санадық. 

Жаныш Бакиевтің қанды жолы 

Атышулы Жаныш Бакиев тарапына Қырғызстанда айтылмаған сын, тағылмаған айып қалған жоқ. Оның есімі көптеген қылмыстық  оқиғалармен тығыз байланыстырылады. Қандықолы осы.  Оппозиция өкілдері Жанышты бірқатар саясаткерлердің өлімін ұйымдастырған адам ретінде айыптады. Жаныш Бакиев алғашқы президент Асқар Ақаевтің тұсында-ақ танылған. 2005 жылғы «қызғалдақтар төңкерісі» қарсаңында жұмыс кабинетінде жалған валюта жасайтын техниканы жасырғаны анықталды. Ақаевтың режимі құлаған соң ұлттық банктің Джалал-абадтағы филиалы түгі қалмай тоналды. Филиалдың басшысы «Төңкеріс күндері Жаныш Бакиев пен оның досы Молдомұса Конгантиев біздің банкті тонап,  барлық ақшаны алып кетті» деп мәлімдеді. Көп ұзамай Молдомұса Конгантиев елдегі ішкі істер министрі, оның туған інісі Қамбаралы – бас прокурор, ал Жаныш Бакиевтің өзі ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының  орынбасары болып шыға келді. Ал әлгі банк қызметкері із-түссіз жоғалып кетті. Мәйіті де табылмады.  

Көп ұзамай Жаныш Бакиев президенттік күзеттің басшысы қызметіне ауысты. Бір қарағанда айтарлықтай лауазымды орын болмағанымен, іс жүзінде Жаныш барлық Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттары мен өзге де шенеуніктерді қадағалауға мүмкіндік алды. Дәл осы кезде Қырғызстанда саяси даулы оқиғалардың тізбегі бірінен соң бірі  тұтана жөнелді.  2006 жылы парламенттің экс-спикері, оппозиция жетекшісі Омурбек Текебаев Варшава әуежайында есірткімен ұсталды. Орыстың кәдімгі матрешкасының ішінен құрамында героин бар ұнтақ табылды. Бірақ поляк соты бірнеше күннен соң Текебаевті ақтап, бостандыққа  жібереді. Ал Бішкек әуежайының бір қызметкері матрешканы Текебаевтың заттарының арасына жасырып тығуды Жаныш Бакиевтің тапсырғанын жеткізді. Бұны дәлелдейтін бейнетаспа жазуы да көрсетілді. Бірақ, Бакиевтер жағы бұл айыптауларды теріске шығарып, қылмысын мойындамады. 

2008 жылы президент әкімшілігінің  жетекшісі Медет Садырқұловтың үйіне кішігірім қорапша жеткізілді. Ішін ашқанда  адамның құлағы мен саусағы шыққан. Садырқұловтың өзі кейіннен «бұны маған Жаныш жіберді. Онысы – менің айтқанымды істемесең, құлағың мен саусақтарыңды кесіп тастаймын деп қорқытқаны», деп ағынан жарылды. Бір ай өтер-өтпестен Садырқұлов қызметінен босатылып, тағы бірнеше аптадан соң жеке көлігі апатқа ұшырап, экс-шенеунік көз жұмды. Осы оқиғадан соң Бішкекте Жаныш Бакиевтің сұм әрекеттеріне арналған «Қанды жол» атты кітап жарық көрді. Соңғы апталарда ызаға булыққан қырғыздар  Жаныштың есімін тағы да атай бастады. Көшеге шыққан адамдарға оқ атуды бұйырған  - Жаныш екені мәлім болды. Экс-президенттің інісі қазір туған ауылында жасырынып отыр. 

Жаныш Бакиевтің есімі саяси қылмыстармен тығыз байланыстырылса, экс-президенттің ұлы Максим Бакиев бизнес саласындағы заңсыздықтарымен кең танылды. Бизнестегі «ұлы жорығына» ол  2005 жылы ақ, саяси төңкерістен кейінгі бірер апта ішінде бел шеше кірісіп кетті. Ақаевты биліктен кетірген топтың бел ортасында жүріп, кейіннен бас прокурор қызметіне тағайындалған Әзімбек Бекназаров көп ұзамай Бакиевтер кланына қарсы шықты. Оның  айтуынша, мұндай қадам жасауға Максим Құрманбекұлы бірден-бір түрткі болды. «Максим Бакиев Айдар Ақаевтың бұрынғы офисін  тартып алған. Қазір мұнда үнемі KG 02, KG 03 номерлі үкіметтік көліктерді жиі байқауға болады.  Бұл Президент әкімшілігінің жетекшісі мен мемлекеттік хатшының көліктері. Олар мұнда жұмыс істейді дейсіз бе? Жоқ, олар атқарған істері жайлы Максимге есеп беріп, жаңа тапсырмалар алып отырады» деп мәлімдеген Бекназаров прокурорлық қызметтен бас тартып, оппозиция қатарын  толықтырды. 

Көп ұзамай баспасөз беттерінде Латвияда тіркелген Maval Aktivi  атты компания жайлы ақпараттар жазыла бастады. Бұл – латвиялық олигарх Валерий Белоконь мен Максим Бакиевтің бірлесіп құрған бизнес жобасы болатын. Холдингтің құрамына елдегі бірқатар ірі кәсіпорындар, алтын өндіретін зауыттар,  банк, жекеменшік телеарна кірді. Максимнің өзі Англиядағы футбол клубының акцияларын сатып алды. 

2009 жылы Максим Бакиев елде жаңадан құрылған мекеме – Даму, инвестиция және инновация жөніндегі агенттіктің басшысы қызметіне тағайындалды. Президенттің пәрменімен елдің активтерін басқару ісі «MGN Group» атты компанияға  тапсырылды.  Оның негізін қалаушысы әрі басшысы ретінде  АҚШ азаматы Владимир Гуревич  аталғанымен, компанияның тағы бір  қожайыны Максим Бакиев екеніне сарапшылар күмән келтірмейді. «MGN Group» компаниясы  Қырғызстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар «Қырғызалтын»,  «Манас» әуежайы, «Электр станциялары», «Кырғызгаз» секілді құрылымдарды  басқаратын болды. Шұғыл түрде қолға алынған жекешелендіру науқанының барысында  «Кырғызтелеком» мен «Северэлектро» компаниялары тиын-тебенге сатылып кетті. Мемлекеттік ірі тендерлерде тек Макисм Бакиевтің компаниялары жеңімпаз атанып отырды. Әлгі Гуревич Қырғызстан президентінің кеңесшісі қызметіне де тағайындалып үлгерді. Қазір  Гуревичке халықаралық іздеу жарияланды. Америка мен Италияда жасаған алаяқтық әрекетінің нәтижесінде бұл «бизнесмен» шамамен 2,7 миллиард долларды қалтасына басқан. 

Кейбір ақпарат көздеріне жүгінсек, қазір Максим Бакиев Латвияны паналапты. Ондағы бизнесмен әріптесі әрі досы Белоконь тұрғанда Максим Құрманбекұлын жауапқа тарту мүмкін еместей көрінеді. 

 «Рейтинг» газеті

Шымкент Жаңа Президенттің ұсыныс-тапсырмасын бірінші болып орындады
Мұсатай Бектасов: «Адвокат бес жыл өзінің абыройына жұмыс істеуі керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу