Назарбаевқа тағы бір ескерткіш қойылды. Елбасының мерейтойын ел қалай қабылдады?

Oinet.kz 09-07-2020 1185

Screenshot_16.jpg

Осы аптада Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш президенті  Нұрсұлтан Назарбаев сексен жасқа толды. 

Бұл былтыр отставкіге кеткен Елбасының постназарбаевтық кезеңдегі атап өткен алғашқы мерейтойы десек қателеспейтін шығармыз. Жасыратыны жоқ,   алпыс, жетпіс,  жетпіс бес жылдықтар  кең көлемде аталып өткен жоқ. Билікте отырған Н.Назарбаевтың өзі бұған тоқтам салды (егер тоқтам салмағанда президенттің айналасындағы жағымпаздардың бар өнерін саларына күмәніңіз болмасын).  Тұңғыш президенттің мерейтойын жақсылап тұрып атап өтудің реті осы жолы келген сияқты еді. Алайда елде өршіген індет пен карантиндік шектеу шаралары оған мүмкіндік бермеді. 

3 шілдеде Астанадағы Тұңғыш президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдында Н.Назарбаевтың тағы бір еңселі ескерткіші бой көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішітң ашылу салтанатына онлайн түрде қатысты. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор.

Елбасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет ең қиын кезеңдердің өзінде де заманауи қару-жарақ алу, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қуатын арттыру, әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету, жалақыларын уақытылы беру, жоғары зейнетақы төлеу міндеттерін оңтайлы шеше білді.

– Тәуелсіздік алған сәттен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әскери әлеуетімізді қалыптастыру барысында ең күрделі деген мәселелерді шешуге өзі тікелей араласты,-деді президент. 

Ескерткіште Елбасы бас қолбасшы шеніндегі формада бейнеленген. Бұл шамасы Н.Назарбаевтың әскери формадағы жалғыз ескерткіші болса керек. Өнер туындысының Елбасының өзіне қаншалықты ұнағаны білмедік, бірақ неге екендігі белгісіз, Н.Назарбаевтың ресми осындай символдық мәнге ие жаңалықты туралы ешқандай хабар жариялаған жоқ. Неге?

 Жалпы, әлем Назарбаевты ұлықтауды 2007 жылдан бастаған екен. Осы жылы Шешенстанның астанасы Грорзныйда Назарбаев көшесі пайда болды. Қазір мұнда Назарбаевтың есімін иеленген мектеп те бар. 2010 жылы Иорданияның астанасы Амман қаласындағы көшелердің бірі  Елбасының атымен аталды. Қырғызстанның Шолпан атасында Назарбаевқа қоладан ескерткіш қойылып, жақында Ошта Назарбаев мектебі пен саябағы ашылатынға ұқсайды.   Назарбаевтың ескерткіштері Түркия мен Украинада да бар. 

Тұңғыш президентке тірісінде Алматыда, Астанада, Талдықорғанда, міне енді Ұлттық қорғаныс универсиетінің алдында ашылып отыр. Келесі кезек кімдікі?

Осы орайда қайбір жылдары «Рейтинг» газетінде біз бейресми дереккөздеріне сүйене отырып жергілікті атқамінерлердің Н.Назарбаевқа ескерткіш жасатып қойғанын, оның сырты техникалық алтынмен жалатылғанын жазған едік. Ол кезде Н.Назарбаев әлі билік құрып тұрған. Билікте тұрған адамға алтыннан ескерткіш қоямыз деп шулаған шымкенттік шенеуініктер енді неге үнсіз? 

Келесі кезек не Шымкентке, не Түркістанға келіп қалуы әбден мүмкін. 

Енді Елбасының 80 жылдық мерейтойына оралсақ.  Тұңғыш президенттің ресми сайты мерейтой қарсаңында Елбасыны кімдердің құттықтағаны, кімдердің жеделхат жолдағаны туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді үстін-үстін таратып отырды.    Көп президенттер Н.Назарбаевты бір жапырақ қағазбен, жеделхатпен ғана емес тікелей телефон арқылы да құттықтап жатты. Адамныңі жүрегін елжірететін өте әдемі сөздер айтылды. Николя Саркози Елбасын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған:

«Қазақстанның игілігі жолындағы қызметіңіз, мол тәжірибеңіз бен парасаттылығыңыз Өзіңіз үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің бірлігі мен тұтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады» деген тілек арнады. .

Ресейден Путин, Әзірбайжаннан Әлиев де сырт қалған жоқ. Бельгия Королі Филипп пен Монғолия президенті Халтмаагийн Баттулга да өздерінің құттықтауларында  Тұңғыш Президентке жылы лебіздерін білдіріпті. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілепті. Армения президенті Армен Саркисян Елбасының әлемдік деңгейдегі тұлғалығы мен даналығына әрдайым тамсанып келетінін айтып, ағынан жарылыпты. Құттықтаушылардың ішінде Беларусь президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков,  Украина президенті Владимир Зеленский, Польша Республикасының президенті Анджей Дуда, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Латвия Республикасының Президенті Эгилс Левитс, Иордания Королі ІІ Абдалла ибн Хусейн әл-Хашими, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди және Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ, Хорватия Республикасының президенті Зоран Миланович, Индонезия президенті Джоко Видодо, Сингапур  президенті Халима Якуб, тіпті Африкадағы біз үшін бейтаныс ел-Сьерра-Леоне президенті Джулиус Маада Биоға дейін бар. Бұл  Елбасының сексен жылдығын жұмыр жердегі елдердің президенттері, премьер-министрлері, корольдеріне дейін ұмыт қалдырған жоқ дегенді аңғартады.  Бүкіл әлем Н.Назарбаевтың көргенділігі мен даналығына бас иеді дегенді байқатқандай ма?  

6 шілдеде elbasy.kz сайты Нұрсұлтан Назарбаевты 80 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтың құттықтағанын хабарлады. Тұңғыш президенттің жоғарыда аталған лауазым иелерімен түскен фотосы да жарияланды.  

– Бүгін тарихи күн – Елбасымыздың 80 жылдығы. Ол – қазақ халқының ұлы қайраткері, ұлы перзенті. Бүкіл әлем солай деп санайды. Елбасы шын мәнісінде ұлы адам, біз бұл туралы айтуымыз керек. Әрбір халық өзінің көрнекті тұлғаларымен танымал және әрбір халық өзінің тарихи қайраткерлерімен мақтануы керек, – депті  Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау хатында. Елдегі екінші тұлға деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев  бұл топтан неге тыс қалды? Үшінші тұлға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің де аты-жөні аталмады. Премьер-министр Асқар Маминді де көзіміз шалмады. 

Тұңғыш президенттің неге дәл осы лауазым иелері құттықтады, оның қандай символдық мәнге ие екендігі көпшілік үшін түсініксіз күйде қалды.

Сенатор: «Бүкіл билік кінәліміз деп санаймын»
Қордайдың дүнгендері Шуда не іздеп жүр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу