Шымкенттегі Еңбекші ауданының атын Асанбай Асқаров ауданы деп ауыстырсақ...

Oinet.kz 22-03-2019 912

Screenshot_17.jpg

«Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданын биыл 90 жылдығын ел болып еске алатын аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстары партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерін   абыроймен  атқарған атақты Асанбай Асқаровтың атындағы аудан деп ауыстырсақ...» деген белгілі жазушы Серік Жанәбілдің  ұсынысы «Рейтинг» газетінде өткен аптада  көпшілік арасында қызу пікірталас өрбігенін редакцияға хабарласқан оқырмандар легі толастамауынан анық аңғардық. Біреулері хат жазса, енді біреулерімен телефон арқылы тілдесіп көзқарастарын білдік. Солардың арасынан Асекеңнің өзімен өмірде аралас-құралас жүрген, үзеңгілес серігі болған, тәлім-тәрбиесін көрген  шәкірті атанған азаматтардың жүрекжарды лебіздерін оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

 

Николай Кабиров, еңбек ардагері, дербес зейнеткер:

       Құрмет көрсетсек жарасатын-ақ тірлік  

-Асекең өте білімді, аса сауатты және мәдениеттілігі жоғары адам еді. Дүниетанымы өте кең. Мен үшін Асекеңмен, Асанбай Асқаровпен жұмыс істеу өте қызық еді. Себебі ол жан-жақты, тәжірибесі өте мол азамат . Қызметкерлерге өте талапшыл болды. Адамның бойындағы еңбекке деген ұмтылысты жоғары бағалайтын.  Жұмыс істегісі келмейтін немесе қулыққа баратындарды, былайша айтқанда «халтурщиктерді» мүлдем жақтырмайтын. Білмеген тұсыңды сұрасаң қашанда ақыл-кеңесін беретін еді. Өз кезегінде біздің де пікірімізге үнемі құлақ асатын. Асанбай Асқаровтың бір ерекшелігі - стратегиялық тұрғыда ойлай білетін. Біз дұрыс жолмен келе жатырмыз ба, әлде бұрыс жолға түстік пе, соны көре алатын. Бұл тек көрнекті басшыларға тән қасиет. Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының атын Асанбай Асқаров ауданы деп ауыстыру бастамасын өз басым қолдаймын. Елге еңбегі сіңген азаматқа, Шымкентті гүлдендіруге бірден-бір атсалысқан тұлғаға осылайша құрмет көрсетсек жарасатын-ақ тірлік. 

Клара Әліпова, Шымкент қаласының құрметті азаматы:

               Халқына қызмет істеді 

-Асанбай Асқаров мен үшін аңыз адам. Туған еліне, халқына қызмет етудің эталоны. Ол кісі менің өмірлік ұстазыма айналды, оның алдында өзімді студент ретінде сезінетінмін. Себебі, қойылған сұраққа жауап бере алмай қалудан қатты қорқатынбыз.  Асекеңнің есте сақтау қабілеті ерекше еді. Кез-келген саланың бір емес, бірнеше жылдық  статистикалық мәліметтерін жатқа айтып, талай басшыларды қайран қалдырған. Асқаровтың бір ерекшелігі – жиналысқа ешуақытта кешікпейтін. Пленум, актив, кеңес немесе  басқа да кез-келген жиын басталардан 15 минут бұрын келетін. Соған қарап басқалар да бой түзей бастады. Асекеңнің тағы бір ерекше қасиеті - кешірімшілдігі. Жазықсыз айыпталып, абақтыда төрт жыл отырып шыққан соң бірде өзіне жолығып «кезінде сізді сатып кеткен адамдар енді түк болмағандай жаныңызда жүр ғой?» деп сұрағанымда  Асекең «менің оларға өкпем жоқ. Заман сондай болған шығар» деді. Бұған іштей келіспесем де, Асанбай Асқарұлының кеңпейілдігіне тәнті болдым.

Нұрмахамбет Әжіметов, еңбек ардагері, дербес зейнеткер:

         Өшпес із қалдырды

-Асанбай Асқарұлы облыс басшылығына келісімен бірден қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартатын жұмыстарға кірісті. Ол кезде мен Алғабас аудандық атқару комитетінің хатшысы едім. Асекеңнің бастамасымен ауданымызда көптеген тірліктер атқарылды. Шаян селосына тұңғыш рет су берілді. Қапшағай су қоймасы бір жыл ішінде іске қосылды. Осындай жұмыстардың арқасында ауыл шаруашылығы саласы жаңа  деңгейге көтерілді. Әлбетте, Шымкент қаласының гүлдене түскенін ерекше атап өту қажет. Дендросаябақ, зообақ, «Тұлпар» жасанды көлi, балалар темiржолы халықтың игілігіне тапсырылды. Сондықтан, Асекең соңынан өшпес із қалдырды деп айтуға толық негіз бар. 

 Сұлтанбек Сүгірбаев, облыстық мәслихаттың депутаты:

            Ұсынысты қолдаймын

-Асекеңнің облысқа сіңген  еңбегінің қаншалықты ауқымды екенін білу қиын емес. Ол кісі  басшылық қызметтен кеткелі талай жыл өтсе де, есімі елдің есінде. Тіпті уақыт өткен сайын оның халық арасындағы қадірі артып келеді.  Бұл бекер емес. Кеңес дәуірінде  қаланың Бас жоспарына өзгеріс енгізбей ештеңе істелінбейтін. Шымкенттің бұрынғы Бас жоспары ескіріп қалған еді, ал жаңа құрылыстар салу үшін сонау Мәскеудің рұқсатын алу керек болды. Бұл Асанбай Асқарұлының қолынан келді. Нәтижесінде қазіргі Тәуке хан көшесінің бойындағы нысандарды ретке келтірді, зәулім ғимараттар тұрғызуды қолға алды.  Асекеңмен өмірінің соңына дейін сырлас болдым. Сонда әңгімесінің бірінде ол «егер мен Шымкентке ертерек келгенімде Фосфор зауыты, мұнай өңдеу зауыты, шина зауыты секілді алып кәсіпорындарды мүлдем басқа жерге салдырар едім. Бадам өзеннің бойын әрлеп, қаланы каналдың екі жағына орналастырғанда Шымкенттің келбеті анағұрлым ажарлана түсер еді» деген пікір айтты. Міне, бұл ұлтжанды, көреген азаматтың елге деген жанашырлығын білдіреді. Асанбай Асқаровтың есімін аудандардың біріне беру туралы ұсынысты өз басым қолдаймын. Ол мұндай құрметке бірден-бір лайық адам.

26.08.2012 ж

Серік Тұрбеков Елбасының саясатына қарсы ма?
Көш соңында қалған Кентауда ел қуанатындай ештеңе жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу