Атамқұловтың елші болғанының қызығын ел көріп жатыр

Oinet.kz 02-07-2019 1040

Screenshot_6.jpg

Жалпы әр әкімнің салатын соқпағы әртүрлі, жұмыс істеу стилі әрқилы. Облысты бұған дейін басқарған Асқар Мырзахметов қайбір жылдары ұмытылып кеткен ескі үрдісті жаңғыртып, әр жылды бір салаға арнап, айдар таққаны бар. Бір жылды ауыз суға, бір жылды тұрғын үйге арнады. Ал, Бейбіт Атамқұлов атқаратын тірлігін айқайлатып, күні бұрын жарнамалауға оншалықты шебер емес сияқты. Егер жар салуға құмар болса, ол мешін жылын инвестиция жылы деп жариялап жіберген болар ма еді. 

Жыл басында облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында Бейбіт Атамқұлов қала, аудан әкімдеріне атқарған жұмыстарын инвестиция тартумен бағалайтынын қатаңдау ескерткені бар еді. Мұны Бейбіт Бәкірұлы бекер айтпаған екен. Шығыс Азиядағы алпауыт ел, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі, туризмі дамыған, тоқсаныншы жылдарғы дағдарысты инвестиция тартумен жеңіп шыққан Малайзия елінің тәжірибесін көрген, сол елде елшілік қызмет атқарған  әкім шынында да алыс-берістің, барыс-келістің құнын біледі екен. Жыл басынан бері облыс әкімі шетелден шақырылған қонақтармен көп уақытын өткізді. Қытайлық алпауыт компаниямен томат зауытын салу жөнінде уағдаластық жасады. Ираннан келген кәсіпкерлермен ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөнінде келісімге келді. Атамқұлов өзінің ескі әріптестері Израиль, Италияның елшілерін де Шымкентте қабылдап, аталған елдермен арадағы іскерлік қарым-қатынасты тереңдету жөнінде келіссөздер жүргізді. Түркиядан келген бір топ кәсіпкерлермен Оңтүстікте бірнеше жобаны жүзеге асыруға уәделесті. Гректермен кірпіш зауытын, венгерлермен күн электр стансасын салу жөнінде келісімге қол жеткізді. Орынбасарларын Мәскеуге жіберіп, Ресей астанасында көрме өткізді... тағысын тағылар. Енді міне, жуырда Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде өткен «Ontustik Invest – 2016» халықаралық инвестициялық форумын ұйымдастырды. Оған әлемнің әр қиырындағы 20 елден келген шетелдік компаниялар мен дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен жергілікті бизнес-қауымдастықтардың 600-ден аса өкілі қатысты. Форум аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық меморандумға қол қойылды. 2,5 миллиард доллар! Мұндай көл-көсір инвестиция Оңтүстіктің атқамінерлерінің бұған дейін түсіне де кірмеген шығар. 

Қол қойылған іскерлік келісімдердің негізгілеріне тоқтала кетейік. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Аманта» корпорациясы арасындағы ынтымақтастық меморандумына сәйкес 2018 жылдан бастап жылына 200 мың тонна шикі құрғақ қант, 600 мың тонна қант қызылшасын және 300 мың тонна тауарлық қант өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Жалпы құны 35,8 миллиард теңге болатын жоба бойынша 200 жаңа жұмыс орны ашылады, өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа жіберіледі. «Agro Kamf Group» ЖШС-і арасындағы келісімге бойынша келесі жылы Оңтүстікте 12 айда  5 мың тонна ет өндіретін комбинат іске қосылмақ. Кәсіпорын өндірген өнімнің жартысын ішкі нарыққа, жартысын сыртқа тасымалдайды. Сонымен бірге Мақтарал ауданында 2 мың тонна жемісті қайта өңдеуден өткізіп, 1,5 мың тонна жеміс-жидекті мұздатып және сақтайтын кептіру кешені ашылмақ. Мақталы аудандағы индустриалды аймақта бой көтеретін кәсіпорынның жалпы құны 600 миллион теңгені құрайды. Жергілікті кәсіпкерлер түркиялық әріптестерімен бірігіп Оңтүстікте алма егуді қолға алып отыр. Тағы бір кәсіпкерлер түрік инвесторларымен бірлесіп, осы жылдың маусым айында тұрғын үйлерді жылытуға арналған алюмин радиаторлар өндіретін зауыт салмақ. Жаңа зауыттың құрылысы қазақ-түрік индустриялық аймағында жүзеге асатын болады. 

Форум аясында инвесторлардың қызығушылығын арттыратын тағы бірнеше іс-шара өтті. Соның бірі ретінде «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығын айтуға болады. Аталған орталық келушілерге алты бағыт бойынша қызмет көрсетеді. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін орталықта туроператорлар, гид-аудармашы, көші-қон қызметі мен транспорттық мекемелер және ұлттық парк өкілдері шоғырландырылған. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді. Яғни, өңірімізге келген туристер осы орталық арқылы қажетті ақпараттарды тегін ала алады. Сондай-ақ, форум аясында оңтүстікқазақстандық тауар өндірушілерінің көрмесі ашылды. Оның ашылу салтанатына Түркияның экономика вице-министрі Фатих Метин арнайы қатысты. Көрмеге облыстағы өңдеу кәсіпорындарындағы 60-тан астам тауар өндірушілер қатысты. 

Жергілікті атқамінерлердің таратқан мәліметіне сенсек, Оңтүстікте кризис емес, қайта керісінше, қарыштап өсу жүріп жатқан сияқты. Биылдың үш айында өнеркәсіп орындарында өндірілген өнімнің көлемі 48 миллиард теңгеге артқан. Шикізаттық емес салаға бюджеттік емес инвестицияның өсу қарқыны 123,4 пайызды құраған. Республикадағы индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде іске қосылған жобалардың әрбір бесіншісі Оңтүстікке тиесілі. 

Енді қоқыс өңдеу зауытына тоқталайық. Шымкентте қоқыс өңдеу зауытын салу сонау 2006 жылдан бері айтылып келеді. Содан бергі аралықта мұны іскер деген облыс әкімдері де жүезеге асыра алмады. Әйтеуір осы бір тірлікті жергілікті  атқамінерлердің қиюын келтіре алмағаны рас. Форумда барысында айтылған ақпараттарға қарағанда малайзиялықтар қоқыс зауытын сингапурлықтармен бірлесіп салмақ. Көпшілік көп күткен бұл зауыт іске қосылса елдің саулығына себепкер экологиялық ахуал да жақсармақ.  Оған қоса зауыт тұрақты жұмыс істесе облыс орталығындағы жыры бітпей жүрген жылу мәселесінің де  оңды шешілуне зор септігін тигізбек. Облыс әкімінің көздегені көпшілік күткендей жүзеге асса, «екі оқпен бір қоян ату» деген шеберлік осы болатын шығар. 

Б.Ерназар, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Школьниктен қалған «мұра»
Мырзахметов пен Әбішевтің бастары бір қазанда пісе ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу