Мырзахметов пен Әбішевтің бастары бір қазанда пісе ме?

Oinet.kz 02-07-2019 988

Screenshot_10.jpg

Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Бұл көпшілік үшін тосындау таңдау болғаны рас. Оңтүстік Қазақстан облысын алты жылдан астам уақыт басқарған экс-әкім Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясында бар-жоғы тоғыз ай ғана аялдады. Қалыптасқан жағдай бәрін күрт өзгертті. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгінін осыменен екінші қайтара ұстап отыр. 

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір адамды бір креслоға екінші қайтара әкеліп отырғызу бұрыннан бар тәжірибе (Қайрат Мәми, Григорий Марченко, Мұхтар Алтынбаев...тағы кім бар еді, иә, айтқандай Кәрім Мәсімовты ұмытып барады екенбіз ғой).  Мамытбековты қайбір жылдары депутаттар дүрсілдетіп жатқан кезде «Мырзахметов әкімдікті тастап, ауыл шаруашылығы министрі болады» деген әңгімелер жиі айтылатын. Осы болжамның өте қысылтаяң кезде жүзеге асқанын қарасаңызшы... Иә, дәл қазір Елбасының бірінші орынбасары болған Мырзахметовтың басына сын сағат туып тұр. Президент жерді сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жөніндегі заңның жүзеге асуын қамтамасыз етуді Ұлттық экономика министрлігінің құзырынан алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырды. Оның басына Мырзахметовты әкеліп отырғызды. Осының өзінен көп жайт түсінікті емес пе? АШ (Ауыл шаруашылығы) министрлігінің  креслосы соңғы  7-8 жылдың көлемінде карьерасы жақсы жағынан қалыптасып жүрген Асқар Мырзахметовты не ары қылады, не бері қылады. Мырзахметовтың шенеуніктік келешегі жердің тағдырына байланысты десек артық айтпағанымыз. Бірақ бүгінгі әңгімеміз мүлдем Мырзахметов туралы емес. Қаузайтын тақырыбымыз Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевке қатысты. 

Ислам Әбішев оңтүстіктің тумасы, осында ұзақ жыл еңбек еткен. Колхоздың төрағасынан облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Нұрғали Әшімовтің тұсында оның абырой-беделі күрт өсіп,  жергілікті атқамінерлер  облыстың әкімі Әшімов екенін, әлде Әбішев екенін айыра алмай қалған кездері де болған. Сонау Сапарбаевтың кезінен бастап көзге түсіп, одан кейінгі үш әкіммен ішәй деспей тірлік істескен Ислам Әбішев Асқар Мырзахметов келген соң ұзамай жылы орнын суытты. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші,  дәл сол кезеңде прокуратура облыста ауыл шаруашылығына берілген субсидиялардан былық-шылық тауып, біраз шенеуніктер істі болды. Ал облыстың ауыл шаруашылығына және субсидияның берілуіне  Ислам Әбішев жетекшілік еткен. Осы жағымсыз жәйт Ислам Әбішевтің карьерасына көлеңке түсірді ме, әйтеуір, ол артынша ескі қолдаушысы, Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барған Бердібек Сапарбаевтың командасына кетіп қалды. 

Жасыратыны жоқ, Өскемен қаласының әкімі қызметінде жүрген И. Әбішевтің жаман аты шыққан жоқ. Рас, кейіннен ол әкім болған жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Өскеменнің іргесіндегі «Шығыс» мөлтекауданында тұратын оралмандарға арнап салынған үйлердің құрылысынан шу шықты. Жылыту мәселесінің шешілмегеніне наразылық білдірген жұрт облыс әкімдігіне дейін барды. Сапасыз үйлерді Ислам Әбішевтің жерлестерінің салғаны да ақпарат құралдарында жарыса жазылды.  Жарайды, оған тоқталмай-ақ қоялық... Есеп комитеті былтыр Су ресурстары комитетінде  біраз былық-шылықты анықтағанын біз былтыр «Рейтинг» газетінде жан-жақты  жариялаған болатынбыз. Іске прокуратураның кіріскені де сол кезде айтылған. Біздің қолымызға Бас прокуратураның премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған хатының көшірмесі түсті. Осы құжатқа қарағанда Су ресурстары комитетіндегі тексеріс кезінде «түйені түгімен, биені бүгімен жұту» фактілері әшкереленген. «Аз қаржымен көп тірлік тындырудың шебері» Ислам Әбішев басқаратын комитетте миллиардттаған теңгелер талан-таражға түскен, желге ұшқан. Сөзіміз жалаң болмасын, нақты мысалдарға тоқталайық. 2011 жылы басталып, 2013 жылы пайдалануға берілуі тиіс деген Арнасай бөгенінің құрылысына бюджеттен 6 миллиард теңге жұмсалған. Прокурорлар тексеру кезінде осы қаржының 1 миллиард теңгесінің талан-таражға түскенін анықтаған. Қазір осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тағы бір елең еткізерлік дерек, 2012 жылдың мамырында комитет пен Шымкентте «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандарға арнап «Асар» мөлтекауданын салған атышулы «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС-імен арада Үлкен Келес каналын жөндеу жөнінде келісім жасалынған. Бұған бөлінген қаржы 1,55 миллиард теңгені құрайды. Жөнделетін каналдың 11,2 шақырымының 9-ы (яғни 80 пайызы)  Өзбекстан аумағында орналасқан. Кейіннен белгілі болғаны өзбек жағына кеткен шығын (яғни 9 шақырымға)  4,2 миллион долларды немесе 630 миллион теңгені құраса, Қазақстан жағындағы қалған 2,2 шақырымға 400 миллион теңге жұмсалған. Қазақстан жағына шығын неге екі есеге көп жұмсалған?  Бұл ақылға қонатын тірлік пе? Бір таңқаларлығы, корпорация іске жергілікті өзбек мердігерлерін тартқан. Олармен Нью-Иорктегі «CITIBANK» арқылы есеп айырысқан. Осы банктегі есеп шотқа 2,2 миллион АҚШ доллары аударылған. Төлемақыны айдаладағы АҚШ-тағы  банкі арқылы жүргізудің астарында  қитұрқылық жатқан жоқ па? Бұл туралы жинақтауға кіріскен ақпаратқа алдағы уақытта кеңінен тоқталармыз. 

Осы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Өзбекстан аумағындағы атқарылған жұмыстарға 11 мәрте қабылдау актілері түзілген. Оған қол қойған комитеттің лауазымды қызметкерлері белгіленген уақыт аралығында шекарадан бір-ақ мәрте ғана өткен. Сонда қалған 10 актіге кімдердің қол қойғаны жұмбақ күйде қалып отыр. Прокурорлардың жазуынша, Су ресурстары комитетінің басшылары аталған корпорацияға бүйрегі бұрады, қысқасы лобби жасап отыр. Прокуратура осы іске байланысты тексеруді әлі жалғастыруда. 

Құжаттарға қарағанда Су ресурстары комитетінің өз ісіне жауапсыз қарауынан Қазақстанның әр өңірінде жүргізіліп жатқан ауыз су нысандары уақтылы бітпеген, бөлінген қаржы заңбұзушылықтармен жұмсалған. Құрал-жабдықтар екі есеге дейінгі бағамен әдейі қымбат сатып алынған. Комитетке бағынысты «Қазсушар» тендерлерден ақшаны қырып тапқан. Бір ғана мәлімет, 2012-2013 жылдар аралығында «Қазсушар» Қызылорда облысында 6 топтық ауыз су нысанын жөндеуге 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Аталған жұмыстар 22 субмердігер арқылы 1 миллиард теңгеден астам сомаға орындалған. Құрылыс материалдарына 5 миллиард теңге жұмсалған. Бөлінген қаржыдан «Қазсушар» 4,4 миллиард теңге  таза пайда тапқан. «Пайда мемлекеттік мекеменің қалтасына, яғни өкіметтің қазанына түсіп жатыр, мұнда тұрған не бар?» дейтін шығарсыз. Алайда тексерушілер осы табыстың кейінгі тағдыры туралы ешқандай мәлімет таппаған... Қазіргі уақытта Бас прокуратураның тексеруі кезінде анықталған фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның қызметкерлері  тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бас прокуратура Кәрім Мәсімовтен бір ай уақыт ішінде комитеттің лауазымды қызметкерлерінің тәртіптік мәселесін қарауды ұсынып отыр. Комитеттің төрағасын тікелей Ауыл шаруашылығы министрі тағайындайды. Министрліктің тізгінін кезінде И. Әбішевті жылы орнынан кетірген Асқар Мырзахметов ұстады...  

Тағы да құланның қасуына мылтықтың басуы дәл келуі әбден мүмкін-ау. Әбішевтің жетегінде жүрген бірқатар кадрлар неліктен соңғы кезде  Атамқұловтың командасына  бірінен кейін бірі кіре бастағаны бүгінде көпшіліктің көкейіндегі сауал болып тұр. Әрине, олар туралы алдағы уақытта қозғалатын әңгіме бөлек. 

Жәнібек ТАРХАН,

«Рейтинг» газеті, №19, 19 мамыр 2016 жыл.

Атамқұловтың елші болғанының қызығын ел көріп жатыр
Жер тағдыры – ел тағдыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу