Жер тағдыры – ел тағдыры

Screenshot_11.jpg

Қазақтың жеріне қызығып та қызғанып отырғандар аз емес. Өзге бір құрылықтағы немесе шалғай мемлекеттегі жағдайдан адамзат ғаламтор арқылы әп-сәтте ақпарат ала алатын бүгінгі заманда еліміздегі жер мәселесінен әлем хабардар екені мәлім. Сол ғаламторыңыз секунд сайын саны өсіп жатқан алып көрші елде «қазақ сонша жерді қайтеді?» деген әңгіме айта бастағандар бар екенін жария етті. Қазақ еліне кеңбайтақ жерді Алла тағала көбейеді деп бергені анық. Десек те, кеңбайтақ даланы игеру мен иеленуге қатысты мәселе әлі де өзекті болып отыр. Апта соңында өткен комиссия отырысы туралы айтпас бұрын жерге қатысты деректерге көз жүгіртсек.

 Қазақстандағы бүкіл жер қоры 272,5 миллион гектар, мәліметтерге қарағанда оның 100,8 млн. гектары ауыл шаруашылығы жері, оның 1,3 миллион гектары – біздің азаматтарымыздың меншігінде. Ал, 99,5 млн.га жердің 65058 гектары шетелдіктерге жалға берілген. Ғаламтордағы ақпараттарға қарағанда, оның ішінде 44942 гектары шет мемлекеттердің қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындарға берілген. Нақтырақ айтсақ, 10236 га – Ресейге, 7959 га – Кипр мемлекетіне, 859 га – Біріккен Араб Әмірліктеріне, 432 гектар – АҚШ-қа, 294 га – Германияға, 282 га – Қытайға, 45 га – Польшаға, 7 га – Түркияға берілген. Қалған 2,3 гектары 0,1-04 га көлемінде Белорусь, Украина, Австралия, Израиль, Иран, Армения, Өзбекстан, ОАР, Молдова, Бразилия, Латвия елдеріне беріліпті. 

Шет елдердегі жерді жеке меншікке беру үрдісі қалай жүргізіледі? Деректерге қарғанда, АҚШ пен Францияда жерд34 40 пайызы  жеке меншікке беріледі. Бірақ оны басқа тұлғаға сатуға тыйым салынған, жерді тек жалға беруге ғана болады. Ұлыбританияда жеке меншікке беріледі, бірақ шет ел азаматтарына сатуға тыйым салынған. Испанияда жер жеке меншікке беріледі, бірақ оны 12 жылға дейін сатуға болмайды. Швецияда жер толығымен дерлік жеке меншікте, жердің тек 2,4 пайызы ғана мемлекетте. Польшада жер толық жеке меншікте. Румынияда әрбір отбасына ауыл шаруашылығын жүргізу үшін 10 га жер тегін беріліп, 8 жылға дейін салықтан босатылған. Пәкістанда, Малайзияда, Мексикада, Колумбия мен Бразилияда жер жеке меншікке сатылады. Болгария мен Венгрияда 90 пайыз жер жеке меншікте. Германияда шығыс өңіріндегі кейін қосылған жерлер 12 жылға жалға берілген. Оларда жер өңдеуге қабілеті бар адамдарға сатылады. Жерді сатып алғандар 20 жылға дейін қайта сата алмайды. Чехия, Словакияда және Югославияда реституция арқылы жерлер бұрынғы иелеріне қайтарылып берілген. Чехияда 8 пайыз ғана жер мемлекет меншігінде. Қазір бұрынғы Югославия елдерінде 85 пайыз жер жеке меншікте. Израиль, Италия, Қытай елінде жер тек мемлекеттік меншікте. Қытайда жерді пайдалану құқығы ешбір шектеусіз сатылады. Голландияда да жерге мемлекеттік меншік негізінен сақталған, шаруалар жерді жалға ғана алады. Жапонияда жерді сатуға тыйым салынған.

Кешегі кеңестік елдер ішінде Ресейде, Арменияда, Украинада, Литва, Латвия мен Эстонияда жерге жеке меншік бекітілген. Түркменстанда 10 пайыз жер жеке меншікте.

Белоруссия мен Қырғызстанда құрылысқа, қосалқы шаруашылыққа, бағбандық пен саяжай үшін жер жеке меншікке, ал Өзбекстанда тек құрылыс салу үшін ғана беріледі. 

Ал, еліміздегі жағдайға қарапайым халық енді ғана терең мән бере бастаған секілді. Олай дейтініміз, бүгінде көпшіліктің наразылығын тудырған жерге қатысты заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар өткен жылы қабылданған. 

«Президент «Халыққа ұнамайтын заң керек емес» деді. Біз де соны айтамыз»

Сонымен, жеті сағатқа созылған Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы қызу айтыстан басталды. Халыққа қайсымыз жақынбыз деген мағынадағы пікірталас комиссия мүшелерін екіге бөле жаздады. Оған себеп те бар еді. Дегенмен, осындай «дене қыздырудан» соң комиссия мүшелігіндегі келмегені, сөз алудан бас тартқандарын қоспағанда 63 адам өз ойын ортаға салды. Мысалы, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова дауыс беру арқылы емес бәтуаластық бойынша шешім қабылдау қажеттігін алға тартты. Алдын ала айта кетелік, З.Батталова кейінірек комиссияның жұмыс істеу тәртібіне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол қандай да бір өзгеріс болмаса, комиссияның келесі отырысына қатыспауы мүмкін екенін айтты. «Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік комиссияға шақырылған 75 адамның 70-і қатысты. Өкінішке қарай жер қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмасын, жалға да берілмесін деген ұстанымды сол 70 адамның 11-і ғана қолдады және комиссия шешімі дауыс беру арқылы қабылданатын болды. Бұл Үкімет өз дегенін істейді дегенді білдіреді. Жалпы комиссия жұмысында көптеген кемшіліктер орын алды», -- деп мәлімдеген «Алаш жолы» қозғалысы жетекшілерінің бірі Мақсат Ілиясұлы комиссия құрамына кіргізілген қозғалыс белсендісі Мақсат Нұрыпбай комиссия мүшелігінен шыққанын жария етті. Отырысқа оралайық.

Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жерге қатысты заңнамалардың кеңестік кезеңнен бергі тарихына тоқталды.  «Шетелдіктерге 25 жыл мерзімге жалға беру бойынша норма кеше пайда болған жоқ. Ол норма  2015 жылдың бірінші қаңтарынан енгізілді. Яғни, бір жарым жыл қолданыста. Алайда, соған қарамастан ауыл шаруашылығы министрлігіне де, ұлттық экономика министрлігіне де жалға алуға ниеттенгендерден бірде-бір құжат түскен жоқ», - деді А.Мырзахметов.  Министрдің мәліметтері бойынша, Қазақстан жерінің жалпы алқабы — 272 млн гектар. Жер Кодексі бойынша, жер жеті санаттан тұрады. Соның ішінде ең үлкен екі бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі — 100 млн. 800 мың гектар. Ал, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жерді жекешелендіру жаңалық емес, әлемдік тәжірибе екенін алға тартты. Қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбековтің есептеуінше, халықтың наразылығына себеп болған жер мәселесінің түп-төркіні тереңде жатыр, жұрт жақсы жерлерді билікке жақын адамдар алып қоятынына алаңдайды. Экономист Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан қазақты жалқау, еріншек дейтіндермен келіспейтінін, оның құлдық сананың көрінісі екенін атап өтті. «Президент «Халыққа ұнамайтын заң керек емес» деді. Біз де соны айтамыз. Халық соңғы бірнеше аптада өз ұстанымдарын білдірді. Ол ұстаным бойынша халық жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де қарсы екенін көріп отырмыз. Осы столдың басында отырғандардың көбі ел жақсылары, академиктер, депутаттар, үкімет өкілдері. Бірақ, ешкім халықтан жоғарымын деп айта алмайды. Халық амалсыздықтан, шенеуніктер тыңдамаған соң митингке шықты. Қазір осындай мүмкіндік берілген соң, жер мәселесін ақылмен, сабырмен шешетін уақыт келді. Бәрін талқылап, бір шешімге келейік. Мәселен, үлесінде 49 пайыз шетелдік акциясы бар компаниялар жерді жалға ала ала ма? Осыны нақтылау керекпіз. Өйткені, бұған халық қарсы. 10,25 жылға жалға беруге де қарсы. Біз бұл заңды өзгерту керекпіз. Мен өз басым ол заңға қатысты жұмыс тобына кіруге, сол үшін Астанада үй жалдап тұруға да әзірмін», - деді Мұхтар Тайжан.

«Тәжікстандағы қайғылы оқиғаға душар еткен тәжірибені естен шығаруға болмайды»

Үкімет бюджетті толықтыру үшін қосымша табыс көздерін табуға талпынуда. Бұл орайда жерді жалға беруден 100 миллиард теңге алуға болады екен. «Almaty Management University» мекемесінің президенті Асылбек Қожахметовтің пікірінше, жерді жалға беруден басқа да қаржыландыру көздерін табуға болады. «Көптеген елдер Панама аралдарындағы ақшаларға қатысты мәселе көтеруде. Мүмкін Ұлттық экономика министрлігі Панама аралдарынан сол қаржыларды Қазақстанға қайтаруды ұсынар және ол ақшалар экономикаға көмектесер еді. Және бірінші кезекте шенеуніктерден бастау керек шығар. Ол жақта шенеуніктердің де ақшасы бар екені айтылуда», - деді А.Қожахметов. Жемқорлық мәселесін ақын Мұхтар Шаханов та айта келе, жерді шетелге жалға беруді де тоқтату керек деген мәлімдеме жасады. «Қазір халықтың жағдайы нашар, осыны ескеру керек. Жер сатылмайды деп сөз берген депутаттар кезінде. Бірақ сатылып жатыр. Ал, бүгінгі наразылық елдің мүддесі үшін болып жатыр... Жер – анамыздың анасы, бабамыздың бабасы. Жерден айрылсақ, ештеңеміз қалмайды. Сол үшін жерді шетелге сатқанды да, жалға бергенді де тоқтату керек. Мен депутат боп жүргенде көп жер арабтарға беріліп кетті. Рахат Алиев миллион гектар жердің сатылып кеткенін айтқан. Егер солай болмаса дәлелдеңіздер оны! Бізге барлық осы мәліметтерді тексеру қажет. Соның барлығын шешіп, күн тәртібіне қою керекпіз. Жерді жалға берсек, тек өз азаматтарымызға беру керекпіз», – деді Мұхтар Шаханов. Ал, сенатор Қуаныш Айтаханов жерге инвестиция келуі керек деп есептейді. «Инвестиция тарту арқылы жердің астындағы байлықты қалай пайдалансақ, жердің үстін де солай кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ та ол қандай шетелдіктерге, кімге берілуі қажет? Осыны анықтауымыз керек. Мәселен, Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдердің инвесторлары келіп, бізге инвестиция салатын болса, неге оларға жер бермеске?» - деді сенатор. Сондай-ақ, кейбір азаматтардың жүздеген  мың гектар жер алғанымен, оның көптеген бөлігі пайдаланылмай жатқанына тоқталған Қ.Айтаханов жерді сатуда оның мөлшерін бекіту керектігін айтып өтті. 

«Ақжол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда жерді жекешелендіруге асықпау қажет, себебі шауаралардың көбі оған әлі дайын емес, деп есептейді. «Қазақстандықтар  бәрінен бұрын Қытай компанияларынан қауіп күтіп, алаңдаушылық білдіруде. Бұлай деуге толық негіз бар. Біріншіден, біздің кең-байтақ жерімізді мекендеген адам саны аз, ал жанымыздағы көршілерде халық өте тығыз орналасқан. Екіншіден, біз ғана емес өзге де мемлекеттер, оның ішінде Австралияда оларға жерлерін жалға беруден бас тартып отыр. Сол сияқты қытайлық компаниялардың Тәжікстандағы қайғылы оқиғаға душар еткен  тәжірибесін  естен шығаруға болмайды. Бұл туралы қазір бүкіл дүниежүзі біледі. Қазақстанға келген қытайлық мұнай компанияларының іс-тәжірибесі де бізге сабақ болуы керек. Қытайлық инвесторлар біздің жергілікті жұмысшылар мен қызметкерлер, мердігерлер санын қысқартып, өз елінің көптеген адамдарын әкеліп кіргізгені белгілі. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді, сепаратизмге жол ашу қаупі де жоқ емес. Сондықтан бізбен шекаралас,  жақын орналасқан көрші елдерге жерімізді жалға бермеу туралы шектеулерді заңымызға енгізу аса қажет» – деді Мәжіліс депутаты.

Жиын соңында вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Елбасы мораторий жариялаған төрт бапты комиссия ішінен құрылған төрт жұмыс тобы екшелейтінін жеткізді.  Комиссия мүшелері әр сенбі сайын бас қоспақ. Келесі отырыста жерді сату мәселесі қарастырылады. Комиссия жұмысының қорытындысы Парламентке енгiзiлетін болады. 

Диас НҰРКЕНҰЛЫ, 

«Рейтинг» газеті №19, 19 мамыр 2016 жыл

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оқулықтарды шығаратын авторлар мен сарапшыларды арнайы оқытатын болды
  • Президент мәдениет және спорт министрін қабылдады
  • Дана Нұржігіт қарапайым халықтың қаржылық сауатын көтеру керектігін айтты
  • Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
  • Дариға Назарбаева Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоғанмен кездесті
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика