Әбдірахымовтың орынбасары болған Данат Жумин қызметтен не үшін кеткенін айтты

Oinet.kz 18-08-2019 26726

Screenshot_3.jpg

Биыл 30 шілде күні Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кеткен болатын. Сол күні қала әкімдігінде өткен жаңа әкімді таныстыру жиынында Президент аппаратының жетекшісі Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Рахматоллаұлына билік тарапынан сенім жоғалғанын мәлімдеді. 

Көп ұзамай қала әкімінің артынан оның орынбасары Данат Жумин де кетті. Көпшілік оны Ғабидулла Әбдірахымовтың адамы болған соң кетті деп жорамалдады. Дегенмен, ол бұл сөзді жоққа шығарды. Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Данат Жумин Әбдірахымовтың адамы емес екенін айтты. 

- Мен әкемнің баласы, әйелімнің күйеуі, балаларымның әкесімін, - деп сөзін бастаған экс-орынбасар экс-әкіммен бұрыннан таныс екенін, алғаш рет 2015 жылы оны штаттан тыс кеңесші ретінде шақырғанда дос ретінде қолдауға келгенін айтты. Штаттан тыс кеңесші кезде ешқандай жалақы алмағанын, ал, әкімнің орынбасары болған кезде қанша жалақы алғанын жасырмады:  

- Әкімнің орынбасары орташа есеппен 400-500 мың теңге аралығында алады. Мен шамамен 370 мың алдым, - дейді Данат Жумин ағынан жарылып. Ол бұған дейін жеке бизнеспен де айналысқанын мәлімдеді:

- Біз серіктестерімізбен бірге 2010 жылы Apex Consult компаниясын аштық. Басты мақсатымыз - ірі компаниялар мен мемлекеттік органдарға қоғаммен диалог құруға көмектесу болды. Ол кезде елімізде кәсіби PR-фирмалар болған жоқ десе болады. Сондықтан көптеген тапсырыстарды ресейлік, британдық және басқа да кеңесшілер алып жатты. Біз қазақстандық мамандар да шетелдік әріптестерінен кем қызмет көрсетпейтінін дәлелдемек болдық. Біз Швейцария және Финляндия үкіметтерімен жұмыс істедік, ірі жапон корпорациясына, бірқатар ірі отандық компанияларға қызмет көрсеттік. Тіпті, Геннадий Головкинмен де біраз жұмыс істеуге мүмкіндік алдық.

Экс-орынбасар осы тұста әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Apex Consult компаниясының Шымкент қаласы әкімдігінен жеңіп алған мемлекеттік тапсырыстар жөніндегі  жауап бере кетті.

Елімізде барлық мемлекеттік органдары жыл сайын әртүрлі ақпараттық материалдарды орналастыру бойынша қызметтер сатып алады. Бұл үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Басқа мемлекеттік органдар сияқты Шымкент те ақпараттық материалдарды орналастыру қызметтерін сатып алды. Apex Consult кейбір жарыстарда жеңіске жетті. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Барлық ақпарат ашық ресурстарда тұр. Біз бұған ұялмаймыз. Себебі барлық қызметтер тиімді әрі уақытылы орындалды, - деді Данат Жумин.

Сонымен қатар ол қызметте ешқандай қудалау болмағанын мәлімдеді. Экс-орынбасар өзінің ойындағы жобаларды жаңа қала әкімімен бірге жүзеге асыра алмайтынын сезіп, қызметтен өз еркімен кеткенін айтты.

Президент мұғалімдерді енді сенбілік, флешмоб секілді іс-шараларға шығармауды тапсырды
Ұлттық экономика вице-министрі тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу