Сапаровтың ағасы субсидия алған ба? Министр журналистің сұрағына ашумен жауап берді
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметте өткен брифинг барысында бауырының мемлекеттік субсидия алуына қатысты қойылған сұраққа эмоциялық түрде жауап берді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Журналист министрге 2023 жылы қызметке келген кезде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін туыстары субсидия алмайды деп уәде бергенін еске салды. Сонымен қатар 2019–2020 жылдары оның ағасы Алтынбек Сапаров бюджеттен 713,5 миллион теңге алғаны туралы мәліметті келтіріп, соңғы үш жылда туыстары субсидия алған-алмағанын сұрады.
Бұл сауал министрге ұнамағаны байқалды. Ол бұл мәселе бойынша бұған дейін де пікір білдіргенін айтып, өзіне еш қатысы жоқ екенін жеткізді.
— Менің ол жерге ешқандай қатысым жоқ. Мен ол жерде құрылтайшы емеспін. Олар өз жұмыстарын өздері жасап жатыр. Ол жерде де халық, үлескерлер бар. Мен ол жерге қатыспаймын да, білмеймін де, кіріскім де келмейді. Мен оны бүгінгі күні қарап жатқан жоқпын, білмеймін, — деді министр.


