Еділ Жаңбыршин: «ҚазМұнайГаз» бен «QazaqGaz» деректері неге әртүрлі?
Мәжіліс отырысында ұлттық компаниялардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту көрсеткіштерінің әркелкілігі көтерілді. Депутат Еділ Жаңбыршин «ҚазМұнайГаз» бен «QazaqGaz» ұсынған мәліметтерде айырмашылық бар екенін айтып, деректердің сәйкестігіне күмән келтірді, деп жазады Оinet.kz.

Оның сөзінше, ұлттық компаниялар мен уәкілетті органдар жариялаған көрсеткіштер бір-біріне сәйкес келмейді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» дерегінде тауарлардағы қазақстандық үлес 47% деп көрсетілсе, ресми мәліметте бұл көрсеткіш 52–53%-ға жетеді. Ал «QazaqGaz» 61,5% деп есеп берсе, мемлекеттік статистикада 77% деп көрсетілген. Депутат бұл айырмашылықтың себебін нақтылауды талап етті.
Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мұндай алшақтық есептеу әдістемесінің әртүрлілігімен байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, кейбір жағдайда ұлттық компаниялардың жалпы сатып алулары мен жер қойнауын пайдалану келісімшарттары аясындағы сатып алулар бөлек есептеледі. Сондай-ақ жекелеген жобалар мен арнайы шарттағы компаниялар да көрсеткішке әсер етуі мүмкін.
Алайда депутат мұндай түсіндірмені жеткіліксіз деп санайды. "Парламентке бір ғана нақты көрсеткіш ұсыну керек. Бір тақырып бойынша әртүрлі деректер болмауы тиіс, – деді депутат.
Жаңбыршиннің пікірінше, қазақстандық қамту деңгейін объективті бағалау үшін бірыңғай есептеу жүйесін енгізу қажет. Бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар арасындағы деректердің сәйкестігін қамтамасыз етіп, экономикадағы нақты ахуалды айқын көрсетуге мүмкіндік береді.


