Назарбаев: «Томирис пен Шыңғыс хан қазақ болған» деген әңгімелерді естігенде ішім ашиды»

Oinet.kz 30-08-2017 11400

«Академик Мұхтар Әуезов «Адам мен адамды теңестіретін күш-білім» деген. «Томирис пен Шыңғыс хан қазақ болған» деген әңгімелерді естігенде менің ішім ашиды. Біздің басқа айтатын сөзіміз қалмаған ба? Басымызды артқа бұрып, алдыға қалай жүреміз? Алдыға қарайтын кез келді. Тони Блэрдің парламентте айтқан сөзі бар еді. «Ұлыбританияның ұлы тарихы бар. Бірақ біз мұражайларда өмір сүре алмаймыз, адамдарды компьютерге отырғызатын уақыт келді» деген. Сол сияқты біз де ойлануымыз керек. Сіздер, ғалымдардан, дуалы ауыздан шығатын сөз болуы керек. Сондықтан, жаңа жағдайда Қазақстанның болашақ ұрпағы қандай болуы керек деген сауал туындайтыны заңды. Біз тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы Дала төсінде тұғырлы мемлекет құрған аға буынбыз, осы отырғанда. Бізге осы киелі жетістіктерімізді баянды ететін, біздің асқақ болмысымызды еселей түсетін зерек те, зияткер ұрпақ керек».

53030_full.jpg

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған жиында осылай деді. Елбасының бұл сөзіне Шыңғысханның түп-тұқиянын ақтарып, тегін тексеріп жүрген тарихшылар мен тарихшысымақтар не дер екен? Дегенмен өткенін біліп, төл тарихын бойына сіңірмеген ұрпақтың келешегінің күмәнді болары да сөзсіз ғой. Президенттің бұл сөзіне біржақты баға беруге болмайды. Мәселе сол тарихты шынайы жазуда, объективті тұрғыда танытуда жатыр емес пе?  

Осы жиында Елбасы Білім және ғылым министрлігінен Ғылым министрлігіне енші беру туралы айтылып жүрген ұсыныстарға да көзқарасын білдірді. 

- Неге қажет екенін анықтап алмай министрлік құра салудан біздің «жақсы» тәжірибеміз бар. Бұл ғалымдар барып ақша сұрайтын тағы бір бюрократиялық орган болады, - деді Елбасы. 

- Біз басқаша жасадық. Ақша ғалымға жеткенге дейін 5 саты болды. Бірінші, салалық орталыққа, Ғылым министрлігінің комитетіне, сосын министрлікке, сосын ғылыми кеңеске, сосын барып ғалымның ғылымына жететін. Біз мұның бәрін алып тастадық. Үшеуін ғана қалдырдық. Егер ғылыми кеңес жаңалық қажет, иннновация бар деп шешсе, бірден қаржыландырылады, - деді мемлекет басшысы.

Қазақстандық жүз адам мемлекетке 286 миллион теңге қарыз
Түлкібасқа Нұрбол Тұрашбеков әкім болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу