«Жақсысың, Жеңісбек»

Oinet.kz 31-05-2017 896

Screenshot_9.jpg

Жақында, сәуірдің саумал самалы елбірей есіп, өрік түйіндеген, алма мен шие гүлдеген шақта ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ атанған Оңтүстік өңіріне Елбасы келді. Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарында жылы жаққа жасаған бір сапарында тұңғыш Президентіміз: «Осы Оңтүстікте бақ-береке мен бірлік-ынтымақ болса, бүкіл байтағымызда бақ-береке мен бірлік-ынтымақ болады», – деген еді. Өзі өзгешелеу бағалайтын бұл өңірге сәуір сайын сапарлап қайтуды дәстүрге айналдырған Мемлекет басшысы шырайлы Шымкент шаһарындағы милиция генералы, бүгінде бизнесіңізді шыр айналдырып жүрген Жеңісбай Сұлтанов ашқан аллюминий зауытының тынысымен танысты. Негізгі «сүйегінен» басқасының бәрі түгелдей қайта қалыптасып, түбегейлі түрде түлеген, тұтас жаңарған бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының «Қазақстан халқы ассамблеясы» үйіне, ғажайып ғимаратқа айналғанын көрді. Риза болды.

Кәнігі кәсіпкер, нағыз іскер Нәжімеддинұлы Болатбек мырзаңыздың құлазыңқырап жататын, жүздеген гектар бетегелі беткейді адам кайран каларлықтай алма бағына  айналдырғанына тәнтілік танытты. Жапырақтары бүрлеп, болашақ жемістері гүлдеп, билеп тұрған тату-тізбек алма ағаштарының арасында әңгіме-дүкен құрып,одан кейін мыңдаған тонна жеміс сақталатын заманауи заңғар қойманың ішкі алаңында, арнайы жабдықталған мүйісінде облыс жұртшылығы  өкілдерімен сұхбат құрды. Қазақстаныңызда, оның ішінде осы Оңтүстігіңізде атқарылып жатқан алуан  шаруалар, Стратегиялық бағдарламалардың, Ұлт Жоспарларының, инновациялық, инвестициялық, индустриалдық, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық бағдарлардың жүзеленуі жөнінде шолу жасады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың талдау мағлұмдамасы тыңдалды. Әрине, әңгіменің басты бастауы, алтын арқауы рухани жаңғыру болғаны белгілі.

Құдайға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе, бүкіл байтағымыз сияқты  жылы жағыңызда да қуаныштар көп. Қуаныштың ең үлкені – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» дейтін бағдарламалық мақаласы. Көзі қарақты қауымыңыз бұл мақаланы жыл басындағы Жолдаудың егіз-қатар өрілген жарасымды жалғасы, рухани сыңары деп санайды. Айтылып та, жазылып та жүр, қоғамымызда рухани сілкініске, рухани серпіліске, сайып келгенде, рухани жаңғыруға сусаған сұраныс, қат-қабат қажеттілік қалыңдап қалған еді.

Үлкен бастамалар, ұлттық ұмтылыстар жөнінде асыққан да зиян, кешіккен де зиян. Президентіміз асыққан да жоқ, кешіккен де жоқ. Тағы да Тәуелсіздіктің тереңі, егемендіктің ерені, кемеңгерліктің кемелі екендігін танытып, ұлы бастаманы дер кезінде, дәл шағында көтерді. Күні ертең мыңдаған тонна  мәуе сақталып, жан-жаққа жөнелтілер алып қойманың мәністі мүйісіндегі мәслихат екі сағатқа созылды. Сырласу сұхбатындай сапада өткен, айрықша әсер еткен, тебіреністі толғамдар қысқа да нұсқа нақышталған, нақты пікірлер мен ұсыныстар, ұтырлы ойлар ортаға салынған, салиқалы бас қосу еді бұл. Президентіміз парасат биігінен байыптай түйіндеп, рухани жаңғырудың жеңіл болмайтынын да ескертіп, қиындықтарды жеңудің  жолдарын да тереңдете меңзей мәністеді.

Бас қосудың соңынан да  Елбасы емен-жарқын көңіл-күйде әңгіме  әдіптеген. Әлемге әйгілі кәсіпкер, бірегей бизнесмен Серік Сейтжановқа әзілдеген. Басқа да біраз біліс-таныстарына ықылас білдірген. Сәл былайырақ, әдеп сақтай тежеліңкіріп тұрған облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа  көзі түскен. Жымия күлген. Хал-жағдайын сұраған. Ең ақырында  ардагерлер кеңесі төрағасының алаулай қызарыңқыраған теп-тегіс бетіне қарап: «Жақсысың, Жеңісбек»,–деген. Жиналып тыңдап тұрғандар елең еткен. Содан бері талайлар әзіл-шынын араластырып: «Жақсысың, Жеңісбек»,–дейтін болды.

Екі жылдай уақыт бұрын Асқар Мырзахметов жоғарылап, облысқа Бейбіт Атамқұловты әкімдікке тағайындағалы келген Елбасы жаңа басшыны таныстырып, Асқар Исабекұлына алғыс айтып болған соң: «Ал, пікір айтасыңдар ма?»–деген. Мәуленқұлов мырза қол көтерген. «Ал Жеңісбек, сөйле. Сен сөйлемегенде, кім сөйлейді»,–деп пікір үстеген.

Мінекиіңіз, Мәуленқұловыңызды Мемлекет басшысы жыға таниды. Қалай? Қай жағынан?  Дейтіндейін  сұрақтар туындауы бек бәлкім.  Жан-жақты, жап-жақсы біледі біздің кейіпкерімізді.

Жеңісбек Мәуленқұлов жеті жылдан астам уақыттан бермен қарата Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы.Үш миллион тұрғыны бар түстік өңіріңіздің ардагерлер ұйымы есебінде 227 мыңға жуық адам тұрады. Бұл бүкіл республика бойынша бірінші орында деген гәп. Өкінішке қарай, соғыс ардагерлері күн санап азайып барады. Биылғы Ұлы Жеңіс мерекесі алдындағы есеп бойынша 235 майдангер қалған.

Бүгінде Жеңісбек Мәуленқұлов басқаратын ОҚО ардагерлер кеңесінің үлгілі істері мен өнегелі тірліктері туралы бүкіл республикаңыздың облыстары мен қалалары жақсы біледі. Сондықтан да шығар,  шырайлы Шымкент қаласында  әрбір екі-үш жыл сайын дерлік республикалық деңгейдегі бәтуалы басқарулар, санаға сапа дарытар семинарлар  өтіп тұрады. Мәуленқұлов мәнерлері мәністерін үйренуге келетіндер, хабарласатындар, жөн-жосық сұрайтындар,  интернет арқылы да тәжірибе алмаспаққа тәнтілік танытатындар тіпті де аз емес.

Мәуленқұлов мәнерлерінің мән-мәнісі неде?  Ең алдымен еңбексүйгіштікте. Жоғары жауапкершілікте. Талапшылдықта. Талғампаздықта. Тәртіптілікте.

Аяулы анасы Қызбала қайран жиырма бесінде жесір қалған. Үлкен ұлы Әлішер үш жаста, екіншісі Жеңісбек бір жаста жетімдік тағдырдың тақсіретін тарта бастаған, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен...» деген сөз бекер айтылмайды ғой. Қазақта. Қоржын тамдағы төсеніш етіп жүрген текемет пен алашаны да тәркілеп алып кеткен кезең болған. Салық төлеуге жағдайлары жоқ жесір әйел мен жетім балаларға қоқан-лоққы жасап, күш көрсеткен, әлсіздерді қорлаған «селсебеттегі» жандайшаптардың тірлігі, сол кездегі саясаттың ірілігі осындайтұғын. Текемет пен алашаның орнына сабан төсеп, кеуделерін күрсін кернеп күнелткен жылдарды да бастан кешкен бұлар.

1972 жылы Бөген ауданы ауыл шаруашылығы басқармасына аға  арономдыққа қабылданды. Екі жылдай егіншіліктің қырларына, егіншілердің сырларына қанықты. Одан кейінгі екі жыл аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына жұмсалды.  Аупарткомнан обкомға жоғарылады. Ұйымдастыру бөлімі. Көрдіңіз бе, тағы да ұйымдастыру. Одан соң облыстық партия камитеті бірінші хатшысының көмекшісі. Бөлім меңгерушісі. Іс басқарушы.Әрине, жазуға жеңілдеу, айтуға оңайлау сияқты. Асқаровтың басына қара бұлт үйіріліп, баяғы алаш ардақтыларындай тұтқындалғанда, оған көмекші болған Жеңісбек Мәуленқұлов та қуғын-сүргінге ұшырады. Тергеулерге шақырылды, қызметінен алынды. Бұл–бөлек мәселе.

1992-1995 жылдары облыс әкімі аппаратының іс басқарушысы болып, қайта жоғарылады. 1995-1998 жылдары Түлкібас ауданының  әкімі қызметін атқарды. Сонда ғой, әлгі әпербиқан «финагеттің» мүсәпір күйге түскенін көріп, жаны ашығаны. Аудан басшысы  болған жылдар өте-мөте қиын кезең еді. Одан соң он жылдан астам уақыт бойы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті, кейіннен облыстық басқарма атанған аса күрделі, қиын мекемені басқарды. Міне, Мәуленқұловтың мәнерлері тап осы басқармада, еңбек, жұмыспен қамту  және әлеуметтік қорғау жөніндегі өзекті мәселелерді мәністеуде жан-жақты көрінді. Танылды. Мойындалды. Мәуленқұловтың мәнерлері жоғары жауапкершілікке, талғамға, талапшылдыққа, тәртіпке, кейде қатаңдыққа негізделер еді.

Жақаң Дінмұхаммед Қонаевты да күткен.  Нұрсұлтан Әбішұлына қаншама мәрте талғамға, талапқа, тәртіпке сай қызмет жасаған.  Нешеме шетелдік делегацияларды алтын құрсақты аймақтың меймандостығымен таңғалдырған.  Тұрғұт Өзалды, Сүлеймен Демирелді, Ислам Каримовты, Асқар Ақаевты, сондай-ақ Финляндияның, Германияның, Пәкістанның, тағы басқа да елдердің мемлекет басшыларын қарсы алып, күтіп, қызмет көрсетіп, шығарып салу шараларының бел ортасында Жақаң жүретін. Тіпті Асқаровыңыздың көмекшісі болыпсың деп қудаланған кездерінде де кейбір басшылар қысылған кездерінде: «Мәуленқұловтан кеңес алыңдаршы» дейді екен.

Қазір облыстық ардагерлер  кеңесінің төрағасы  ғой. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы. Зайыбы Дариға  екеуі бақытты отбасы иелері. Перзенттері мен немерелерінің ортасында.

Мархабат БАЙҒҰТ

АҚШ-тан шақыртылған дәрігерлер тәжірибе бөлісті
Қазақстандағы «Кіші қазан» және Алаш қайраткерлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу