Заңда фамилияны қандай жағдайда өзгертуге болады?

Oinet.kz 11-12-2019 1774

Ұлттың ерекшелігі адамның аты мен тегінен де байқалады. Мәселен «адзе, идзе, швили» деген фамилияны естігеннен ол адамның грузин ұлтының өкілі екенін жазбай танисыз. «Ян» деген жұрнақ армяндарға тән.  Тегінің соңы «ко» деген жұрнақпен бітсе, онда ол укриан ұлтының өкілі екенін білу қиын емес. Түріктерде, әзірбайжан ұлтында «оғлы» деген жалғау жиі кезеседі. Ал, қазаққа тән фамилия қайсы? Біз оны қалыптастыра алдық па?  

Тәуелсіздік алып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған» заманда  фамилияны қазақыландырудың бірнеше нұсқасы пайда болды. Кешегі орыстық «ов, «ев-терден құтылдық. Бірақ онымен мәселенің бәрі шешілген жоқ. Фамилиясының соңына бірі «тегі, бірі «ұлы», бірі тіпті, «келіні» дегенді де қосты. Оны айтасыз, шыққан руының, қаласының атымен Дулати, Тарази болып жүргендер де жоқ емес.

image.png

Қазақтың тегі мәселесі төңірегінде шешілмеген мәселелер әлі де біржақты шешімін тапқан жоқ. Сондықтан да Тілдердің дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында да да фамилия мәселесіне ерекше маңыз берілген. Осы бағытта бірқатар ауқымды міндеттер белгіленген.

Жуырда Әділет министрі Берік Имашев азаматтардың фамилия алуда кейде негізсіз қадамдарға баратынын айтқан болатын.

-Азаматтың хал актілерін тіркеу тәртібіне сәйкес Қазақстан азаматтарына фамилиясының соңына «тегі» деген сөзді қосып алуы заңсыз болып табылады. Сонымен бірге қазақ тегінен «ов», «ев» деген жұрнақтарды алып тастау да мәселені шешщпейді. Өйткені мұндай ағылшындық-француздық нұсқа бізге тура келмейді. Өйткені онда алдымен адамның аты, одан кейін фамилиясы жазылады және осы тәртіп барлық жерде қатаң сақталады. Ал, бізде ондай емес. Сондықтан фамилия мен адамның атын ауыстырып жіберу жиі кездесіп жатады,--деді министр.

Бірақ қазақы текті жазудың бірыңғай жүйесін жасау бағытында Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Жуырда минстрлік ұлты қазақ азаматтардың аты мен тегін дұрыс жазу ережесінің жобасы әзірленгенін мәлім етті. Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік тілді дамытудағы проблемалар туралы» мәселені талқылау барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев хабарлады.

--Антропонимика саласында министрлік тарапынан ұлты қазақ азаматтардың аты мен тегін дұрыс жазу ережесінің жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл құжат сараптамалық талқылаудан өтуде. Бұдан басқа, волапюк, яғни қазақ сөздерін латын әрпімен көрсететін арнайы жасанды тіл графикасын бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл антропонимика саласы үшін аса маңызды,-- дейді вице-министр Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған жұмыстар бойынша ғалымдардың пікірі де, көзқарасы да әртүрлі.

-Сондықтан да, біз белсенділік танытқан ғалымдардың басын қосып талқылау жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Нәтижесінде азаматтардың құжаттарын рәсімдеу және қазақ есімдерін латынмен жазу мәселесінің шешімі табылмақ, -- деді ол.

Дегемен жұртшылық арасында жаңадан туылған нәрестелерге, құжат алуда түсінбеушіліктер жиі туындап жатады. «Рейтинг» газетінің редакциясына түскен осындай екі сауалды біз азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесінің  мамандарына қойған едік. Сұрақтарға облыстық әділет департаменті АХАТ және  апостильдеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Д.Ботан жауап берді:

Сұрақ:

--Кеңес Одағы кезінде туылғандықтан, кезінде менің туу туралы куәлігіме фамилиям «Мусаева» деп орысша жазылып кеткен. Төлқұжат алған кезде, осы фамилиям өзгеріссіз қалды. Менің сұрайын дегенім, фамилиямды «Мұса» деп өзгерту үшін не істеуім керек?

Қалығаш Мұсаева,

Түркістан қаласы.

Жауап: 

Өтініште көрсетілген Сіздің тегіңізді «Мусаевадан» «Мұса»-ға  өзгерту үшін Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 257-бабының 1-тармақшасына сәйкес  тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға өтінішпен жүгінуіңіз қажет. Атын, әкесінің атын, тегін тегін ауыстыру туралы өтінішке өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын мынандай құжаттар қажет:

    1) өтініш берушінің туу туралы куәлігі;

    2) егер өтініш беруші некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлігі;

    3) егер өтініш берушінің кәмелетке толмаған балалары болса, баланың туу туралы куәліктері;

    4) егер оларды тіркеуші органдар  тіркелген болса, бала асырап алу туралы куәлік немесе әке болуды анықтау туралы куәлік;

    5) егер өтініш беруші некені (ерлі-зайыптылық) бұзуға байланысты өзіне некеге дейінгі тегін беру туралы өтініш жасаса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік;

    6) өтініш берушінің екі фотосуреті қоса беріледі;

     Қажет болған жағдайда, өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын қосымша құжаттар талап етіледі.

Сұрақ:

- Әкемнің аты Әбдіраш. Бірақ төлқұжатымда әкемнің аты «Абдршаевич» деп жазылған. Төлқұжатымды ауыстырар кезде осыны туралап жібермегеніме өкініп жүрмін. Себебі соның кесірінен балаларымның тегі куәліктерінде әртүрлі жазылып кетті.

2009 жылы, туылған қызыма куәлік алар кезде АХАТ мамандары оның тегін «Әбдіраш» емес «Әбдраш» деп жазды. «І» әріпін қоспады. Себебі, «бұл әріп сіздің төлқұжатыңыздағы әкеңіздің атында жоқ. Жоқ әріп қосылмайды» деді. Мақұл дедік.

Биыл туылған қызымның тегі «Адраш» болып жазылып кетті. Өйткені бұл жолы туу туралы куәлікті Халыққа қызмет көрсету орталығынан алғанмын. Ондағылар, төлқұжаттағы бір әріпті де өзгертуге болмайтынын алға тартты.

Тегіміздің қазақыландыруға, қазақ тілінің ережелеріне ыңғайлауға неге болмайды? Осындай мәселелермен айналысатын АХАТ мекемелерінде тіл мамандары бар ма?  

Досбол Әбдіраш,

Шымкент қаласы.

Жауап:

-Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 178-бабының 3 тармағына сәйкес азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер қазақ тілінде немесе орыс тілінде толтырылады. Азаматтар (ата-аналар, ерлі-зайыптылар, бала асырап алушылар) туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.

Осы Кодекстің 194-бабының талабы бойынша тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі. Көрсетілген талаптар бойынша «Абдраш» деген тегі – «Әбдіраш» деп өзгертуге жол берілмейді, себебі сіздің құжатыңызда «Абдраш» деп көрсетілген.

АХАТ бөлімдерінде тіл мамандары штаты көзделмеген.

Мұрағаттан, 19.10.2012 ж

Медициналық сақтандыру халықтың мінез-кұлқын өзгертеді
Оксана Петерс: «Қазақша білемін деп мақтанудың қажеті жоқ, бұл біздің парызымыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу