Ата-тегіңіздегі ов, ев, ова, ева жалғауларынан арылыңыз

Oinet.kz 11-12-2014 1906

Өзге халық адамдарының  аты-жөнін естігенде оның қай ұлттан екенін  ажырату қиын емес. Мысалы Ли, Пак, Ким дегендерді естісеңіз бірден корей ұлтының азаматы екенін аңғарасыз. Жер бетіндегі барлық мемлекетердегі адамдардың ата-тектері барлық құжаттарда өз ұлтының ерекшелігіне қарай  рәсімделеді. Ал біздің Қазақстанда ше? Кеңес өкіметі заманында ата-бабаларымыз еріксізден ата-тектеріне орыс халқына тән -ов, -ев, -ова, -ева деген жалғауларды тіркеуге мәжбүр болды. Тәуелсіздік алып, кеңестік жүйенің бұғауынан босағанымызбен әлі де сол жалғаулар ата-тектеріміздің соңынан еріп келеді. Дегенмен, қазақ азаматтарының ата-тегінің дұрыс жазылу тәртібі елімізде 1996 жылдан бастап қолға алына бастады. image.png

Осы мәселе аясында Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен  Политехника колледжінің оқу залында «Тілді қолдау – ата тектен басталады» деген тақырыппен облыстық семинар өтті. Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева, Шымкент қалалық әділет басқармасы АХАТ бөлімінің жетекші маманы Жұлдыз Ағабекова, облыстық ішкі істер департаменті көші-қон басқармасының құжаттандыру бөлімінің жетекші маманы Еркеш Қажығалиева, облыстық «Жастар орталығы» МКМ директоры Әшірбек Қанай және студенттер мен оқушылар қатысты.    

Жиында басқарма бастығы Балқия Әбдіманапқызы семинар тақырыбының өте маңызды екенін айта келе: «Бұрынғы жылдармен салыстырғанда өздерінің ата-тектерін қазақы дәстүрге сай өзгертіп жатқандар күн санап өсіп келеді. Осы мақсатта да біз қарқынды жұмыстар атқарып жатырмыз. Осымен төртінші мәрте «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?» деген тақырыпта жоғары оқу орындарында, мектептерде және өзге де мекемелерде семинарлар өткізудеміз. Түсіндіру жұмыстарының арқасында көп қазақ азаматтары балаларының аты-жөндерін жаңаша рәсімдеп, тіпті ата-аналары өздерінікін де өзгертіп жатыр. Әрине, солай болуға тиіс. Себебі ұлтың қазақ  болған соң  ең бастысы ата-тегің қазақша болуы керек»,- деді. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 1996 жылғы «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығының бірінші тармағында: Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атын жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып өзгертуге қақылы. Алайда, тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс» деп көрсетілген. Дегенмен, заңда көрсетілсе де қазақтардың жеке куәліктерін қазақша рәсімдеуден қашатын себептері көп уақыт жоғалтып, әуре-сарсаңға түсеміз деп ойлайды. Олай емес. Ата-тегіңізді өзгертетін кезде тиісті органдарға келіп, қалауыңыз бойынша ата-тегіңізді өзгерте аласыз. Өзгерткен жағдайда жеке куәліктен басқа құжаттарыңызды ауыстырудың қажеті жоқ. Олар өз күшінде қалады. Тек төлқұжатқа сәйкес және сәйкестендіру нөмірі, салық төлеушілердің нөмірі және жеке әлеуметтік код нөмірін ғана ауыстыру қажет. Ататекті өзгерту заңының ережесі бойынша бұрынғы орыс халқына тән жалғауларды алып тастап, барлық қазақша әріптерді түзету құқығы көзделген. Мысалы Туреханова Арайлым Сейсеновна болса, оны Төрехан Арайлым Сейсенқызы деп түзете аласыз. Кейбір азаматтардың өзгертуден бас тартуының себебі егер ев, ов жалғауларын алып тастайтын болса, қайсысы тегі,қайсысы аты екенін ажырата алмай қаламын  дейді. Бұл мәселеге бас қатырудың қажеті жоқ. Өйткені барлық уақытта азаматтың тегі бірінші, ал аты екінші көрсетіледі. Қазақтарда ұл мен қызға бірдей қойылатын есімдер кездеседі. Мысалы Бақыт, Жанат деген секілді. Осындай есімді азаматтар тегін көрсетпей тек әкесінің атын ғана жазып өзгертіп жатқандарда бар. Яғни Мырзагелдіқызы Жанат немесе Мырзагелдіұлы Жанат деп жазылып, құжаттағы әкесінің аты деген баған бос қалады. Осылайша тегін алып тастау арқылы оның жынысын оңай ажыратуға болады. Бірақ, бұл өзгертулерде заңда жазылғандай тегінің түбірі өзгертіліп тұрған соң ол міндетті түрде алдымен туу туралы куәлігін өзгерту қажет. Қуанышқа орай соңғы жылдары дүниеге келген сәбилердің ата-аналарының басым бөлігі баланың туу туралы куәліктерін қазақша рәсімдеп жатыр. Шымкент қалалық әділет басқармасы АХАТ бөлімінің жетекші маманы Жұлдыз Орынбасарқызының айтуынша 2012 жылдың тоғыз айында облыста   61412 бала туылса,  олардың 54692-сі қазақы құжат алған, яғни 89 пайызды құрап отыр. Ал ересектер және ата-аналар арасында бұл көрсеткіш 19 пайызға жеткен. 1993 жылдан бері қарай қазақ азаматтарың ата-тегін өзгертуге байланысты заңда тегі, немересі, шөбересі, келіні секілді жалғауларды қосуға рұқсат берілген болатын. Ал қазіргі кодексте мұндай жалғауларды қосу туралы тармақ мүлдем жоқ. 

Семинар барысында қазақы дәстүрде құжат рәсімдеудің жолдарымен таныстырған мамандарға жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ата-тектерін өзгертуге ниеттерін білдіріп жатты.  Осы секілді басқосулар көптеп ұйымдастырылып тұрса,  он яки жиырма жылда қазақ азаматтарының ата-тектері  біздің менталитетімізге дұрыс келмейтін жалғаулардан тазарып, түгел қазақы дәстүрге сай өзгеретініне сеніміміз мол. Ата-тегіміздегі ұлы, қызы жалғаулары арқылы әлем халықтары бірден қазақ екенімізді танып жататын күн алыс емес.  Сонымен қатар, кеңсе тілі және құжаттар (әсіресе ата-тегімізге қатысты болса) қазақшаланса қазақ тілінің мәртебесі де биіктей берері анық.   

Мұрағаттан, 23.10.2012 ж

Оксана Петерс: «Қазақша білемін деп мақтанудың қажеті жоқ, бұл біздің парызымыз»
Максим Рожин: «Мемлекеттік тілді білу-білмеу адамның парасатын, мәдени деңгейін көрсетеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу