Әжіхан Есқараев қашанғы ескерусіз қала береді?

Oinet.kz 21-11-2013 1437

Мұндай мәселені біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Өз дәуірінің ар-ожданы, абыройы атанған, құдіреті күшті - партия солай бағалап, кеудесіне орден-медальдарды аяусыз-ақ үйіп-төгіп таға берген. Шынын айтқанда, ағамыз да осы мақтау-мадақтауға лайық жан болған. Алдымен сол еңбек жолына, ерлік жолына қысқаша тоқтала кетейік.Әжіхан Нұрақұлы Есқараев ағамыз 1937 жылы 15 маусымда қазіргі Шардара ауданы Жаушықұм елді мекенінде өмірге келген. Үйдің үлкені болды. Арқа сүйер әке сұм соғыстан ауыр жарақат алып келген соң еңбекке ерте араласуға тура келді. Мақта өсіруге белсене араласа жүріп, ауылға келген алғаш тракторды үйренді. Өткен ғасырдың екінші жартысында Мырзашөл даласының Қызылқұм өңірі игеріле басталды да, ол отбасымен сонда қоныс аударады. Кейін олар тұрған жерді Киров ауданы “ХХ партсъезд” кеңшарының №2 бөлімшесі деп атады. Оны былайғы жұрт Әжіхан ауылы дейтін, 40 жыл жыл өмірі  сонда өтті.Шынында осы 40 жыл қиындыққа да, қуанышқа да толы болғаны рас. Небәрі 28 жасқа қадам басқанда, яғни 1965 жылы кеудесіне «Алтын Жұлдыз» тақты. Кешенді механикаландырылған мақта бригадасын басқарса да өзі трактор рулінен түспеді. Мақта баптаудың жаңа үлгісін көрсете отырып, әр гектардың өнімділігін 53 центнерге дейін жеткізді. Мұндай көрсеткіш, бүкіл ел аумағында кездескен жоқ. «№1, бас мақташы» деп атауымыздың сыры осы. Мақталықтың басында үлкен арықтың үстінен дала қосын салған болатын. Онда қаншама жақсылар мен жайсаңдар бас қосты, не түрлі алқалы жиын, тарихи кездесулер өтті деңіз. Қазақтың ақын қызы Марфуға Айтқожина осы жерде Әжіханның өмірі жайлы дастан жазып, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асановтар өлең оқып, Ескендір Хасанғалиев ән шырқап еді. 

Screenshot_12.jpg

Әжіхан ағамыз 1970 жылы №112 Гулістан сайлау округі бойынша «КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат» болып сайланды. 1973 жылы 10 желтоқсандағы Жарлық бойынша ол екінші рет «Ленин» орденімен наградталды. Есімі 1981 жылы 26 мамырда Қазақстанның «Алтын» кітабына жазылды. 1990 жылы Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып қатысып қайтқан болатын. Осылайша Әжіхан ағамызды қажырлы еңбегі абыройға бөлеп, құрметтің бигіне көтерді. 

Кейін заман өзгерді, қоғам ауысты. Елмен бірге Әжіхан да өз жер үлесін алды. Алайда, ауылдастары өздеріне тиесілі жерді игеруде Әжіханға сенім артты. Ел сеніміне ешқашан дақ түсірмеген Әжіхан аға бұл іске де бел шеше, белсене кірісіп еді. Ертеңгі өнімге негіз қаланып, жер айдау науқаны қызу жүріп жатқан. Диқанның “Жерді күз айда, күз айдамасаң жүз айда” деген қанатты сөзін жанына серік қып өскен Әжекең денсаулығының сыр бергеніне қарамастан егіс даласынан бір сәтке де ажырамады. Кере қарыс аударылған құнарлы топырақты уыстап көрген диқан өзі 40 жыл жүрген, өнімін терген қасиетті алқабында соңғы демін алғанын сезбей де қалыпты. Бұл 1994 жылдың қоңыр күзі еді. 60 жасқа да толып үлгермеген Әжіхан Есқараев ағамыздың әлі берері көп еді. Иә, ажал деген тажалыңыз жасқа да, абырой-атаққа да қарамайтынын тағы бір дәлелдеп берген болатын.Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Көрші қызылордалық ағайындар бас күрішші Ыбырай Жақаевты төбесіне көтеріп, есімін елге мақтаныш етіп жүргенде республикамыздағы №1 мақташы атанған, құрметтеп орден-медаль таққан, ауылдың, ауданның атын елге танымал еткен Әжіхан ағаның аты сол күйі ұмыт болып қала берді. Баяғы өзін білетін, көзін көргендер неге екенін кім білсін, теріс айналып кетті. Қарапайым еңбекпен шыңдалып өскен жан біреудің ала жібін аттап, біреудің алдын кес-кестегенін естіген емеспіз. Сонда елге осыншалықты еңбегін арнаған арда азаматтың есімі аудан орталығындағы бір көшеге де бұйырмағаны қалай? Қазір ауданда жаңа мектептерге ат табылмай, нөмірлеп қоятынды шығарды. Осындай білім ошақтарының біріне Әжекеңнің атын берсе, тәрбиеге игі ықпалы тимей ме?Ленин атындағы орта мектептің салынуына Әжіхан ағаның депутат болып жүргенде тікелей қолқабысы көп тигенін жергілікті тұрғындардың барлығы жақсы біледі. «Күн көсемнің» атын ауыстырарда бұра тартушылыққа жол беріліп, Әжекеңнің есімі бұйырмай қалды. Пушкин атындағы мектептің атын ауыстырарда да сыныққа сылтау іздеушілер болмай қалған жоқ. 

Несін жасырамыз, ауылда Әжекең жайлы, ол кісінің қайрымдылығы, қарапайымдылығы, еңбексүйгіштігі, білгірлігі туралы ел аузында аз айтылмайды. Тіпті, осы Қызылқұм ауыл округінен екі шақырылымда бірдей депутат болып, аудандық мәслихатқа хатшы болған азаматтың сайлаушылар алдындағы уәдесі болыпты. Бірақ, таққа мінген соң уәдесін ұмытып жүре беретін қазақи әдеттің кері ғой баяғы. Айтыла қалса бәрі де бетін басып ұялған болады, ертесіне естен шығып кетеді. Шүкіршілік Әжекеңнен қалған тұяқ бар, оның сөзіне құлақ асатын жан болмай тұр. 

Жақында қолыма осы ауылдың қадірменді ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әди Ахметов ағамыздың 10 жыл бұрын жазған хаты түсті. Мақтаралдан шығатын “Өркен” газетіне батырдың туғанына 65 жылдығына орай берілген бір беттік мақалада осы мәселе көтеріліпті. Оның қиындысын аудан әкіміне жіберіпті. Аудан әкімі аппараты аумақты дамыту және кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы А.Бозаев: “Сіз көтерген мәселелер туралы аудан әкіміне ұсыныстар дайындалуда, олар жөнінде өзіңізге кезінде хабардар етеміз” депті. Бірақ, хабар сол күйі болмаған. Кезінде 60-ы да, 70-сі де, 75-і де атаусыз қалған, мақта  даласының маршалы атанған Жолдасбай Ералиев аға туралы естелік кітапта ағаның жұбайы Жайсан жеңгеміз ғана жоқтапты.    «...Бір өкінішім бар. Соншама атақ-даңққа бөленген, қадір-құрметке жеткен адамның аты атаусыз қалды. Не аудан орталығындағы бір көшеге, не бір мектепке аты берілсе болар еді. Мен бұл тілекті Жолдасбайдың өкіл інісі болған жақындығынан бұра тартып отырғаным жоқ, еңбегі болғанда нағыз маңдай терді аямай төккен ерлік ісі бар болған соң айтып отырмын. “Өлдің-өштің” болмасын да... (“Ар мен Аманат” “Нұрлы әлем” баспасы, 2007 жыл, 207 бет).Бұл тиісті орындардың құлағына жетсе, жүрегін жібітер деген ой жетелейді. “Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған” деген сөз босқа айтылмаса керек-ақ. Не десек те Әжіхан аға еліміздің «№1 мақташысы» екендігінде ешкімнің дау-таласы болмас. Ендеше ол кісінің есімі қалайша ұмыт қалды? Әлде біреу бірдеңе дәметіп отырған жоқ па деген күдікті ой да қылаң береді. Ондайға қимайтынымыз да рас. Олай болса Қызылқұм ауыл округінің әкімі Н.Әбдәзімов, Мақтарал ауданының әкімі С.Тұрбеков  бұл мәселе төңірегінде мықтап ойланар деген үміттеміз. 

Осы жұрт Иманжүсіпті біле ме екен?
Шәді Жәңгірұлы деген кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу