Танымал жазушы Мұхамеджан Тазабекке не үшін көңілі суып кеткенін айтты

Oinet.kz 10-10-2020 4270

Жақында айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек "Қазақстан" ұлттық арнасында "Тәлім trend" бағдарласын жүргізе бастады. Айтыскер ақынның ұлттық арнадан бағдарлама жүргізгеніне бір топ қоғам белсенділері қарсы шықты. Бүгін танымал жазушы Думан Рамазан Мұхамеджан Тазабек туралы өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_10.jpg

Жазбада Думан Рамазан айтыскер ақын інісінің жасы кіші болса да өзімен амандаспағанын айтып ренішін білдірді:

Бір-екі күннен бері лента Мұхамеджан Тазабеков туралы жазбаларға толып кетті. Өзінің де жауабын көзім шалып қалды. Қыңып отырған жоқ...

Мен оны сынап-мінейін деп отырған жоқпын. Жығылғанның үстіне жұдырық жұмсамаймын! Тек осыдан төрт-бес жылдай болған бір оқиға ойыма қайта-қайта орала берді.

Астанадан Алматыға ұшу үшін әуежайға келдім. Лифтімен екінші қабатқа көтеріліп, бір-екі қадам аттай бере анадай жерде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтің әңгімелесіп тұрғанын көріп қалдым. Бекболат бері қарап тұр екен, мені көре салып  маған қарай жүрді. "Ой, Дәке, қал-жағдай қалай?" деп аман-саулық сұрасып, құшақтай алды. Әрине бір-бірімізді жақсы танимыз. Талай кездескенбіз. Аз-кем әңгімелесіп тұрып қалдық. Ал Мұхамеджан бауырым сол тұрған орнында кекірейіп тұра берді. Тіпті амандасқан да жоқ. Танымайтын шығар деп мен де оны танымағансып тұра бердім. Әрине, мен оны жақсы танимын. Талай айтыстарын көргенмін. Риза болып, талай мәрте қол шапалақтағанмын.  Шын жүйрік деп бағалайтынмын. Сондықтан оған деген көзқарасым өте жақсы еді. Қолдап-қуаттап, сыртынан мақтап жүретінмін...

Бір кезде сонадай жерде тұрып Бекболат бірімізді бірімізге таныстыра бастады... "Мұхамеджан жол жүріп барады. Шығарып салуға келдім!" деп әңгімесін жалғастыра берді...

Арамыз бес-алты-ақ қадам. Әрине, менің жасым Мұхамеджаннан әлдеқайда үлкен, ең кенже ініммен жасты, сондықтан мен барып оған сәлем бере алмаймын. Сөйтіп мен де тұрған орнымда мізбақпай тұра бердім...

Бір кезде Бекболат екеуміз бір-бірімізге жақсылықтар тілеп, қоштасып, жөнімізге кете бардық. Мұхамеджан бауырым сол безірейген қалпында қала берді. Әрине, мен осыдан кейін ол туралы жақсы ойлап кеткен жоқпын. Оған деген ыстық көңілім суып сала берді. Әсіресе, "әке-шешеңді үйіңде ғана сыйла, ал алаңға шықса Меккедегідей құйрығынан қайқайтып теп" деген сыңайдағы сөздерінен кейін мүлде көңілім қалып қойды. Ал мен қандай жағдай болмасын, қарттарымызға құрметпен қарау керек деген ұстанымды ұстанамын. Құдай-ау, олар алаңда не бүлдіреді? Айқайлар, айқайлар, сөйтіп өздері де тамақтары қарлығып үйлеріне қайтады. Ақсақалдар мен ақжаулықты аналардан қорқудың түкке де керегі жоқ. Сол себепті де оны бұрынғыдай мақтамайтын болдым. Бірақ жамандаған да емеспін, бұл оқиғаны ешкімге де айтқан жоқпын. Менің қандай ойда кеткенімді зерделі адам өзі де түсініп алар деп ойлаймын. Әрине, бұл жауласуға негіз болатын жайт емес. Содан кейін оны жақыннан көрген емеспін! - деп жазды жазушы.

Еске сала кетейік, Думан Рамазан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Жастар Одағы мен Журналистер Одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Кенесары хан атындағы республикалық әдеби конкурстың және «Жылдың ең үздік прозасы» аталымы бойынша «Алтын қалам» байқауының бас жүлдегері, «Балауса» бәйгесінің бірінші орын иегері. 2010 жылы «Көш» әңгімесі «Жылдың ең үздік прозасы» атанса, 2012 жылы «Кенесары-Күнімжан» тарихи драмасы «Жылдың ең үздік драмалық туындысы» деп танылды. 2014 жылы «Жыл-драматургі» атанды. Мемлекеттік және Президенттік стипендият.

Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді
Сайлау 10 қаңтарда өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу