«Кітап парақтайық, оқырман!» Шымкентте кітап жәрмеңкесі өтті

Oinet.kz 03-06-2021

«Жастар кітап оқымайды», «балалар телефонға тәуелді болып барады», «Бүгінгілер кітапты оқымақ түгілі оны қолға алмайтын болған» деген пікірлерді соңғы кездері жиі-жиі естіп, қынжыла бас шайқайтынбыз. Осылай жасып жүргенде, жан дүниеміздің кеуіп соры шығып жатқан теңізіне арқырап Сыр суы құйылғандай болды. 

Screenshot_11.jpg

Өткен жұмада Шымкент қаласында «Farabi offline: ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі басталды. Сол күні таңертең Арбатқа келген жасөспірімдер, жастар, жас ата-аналар, жастығын іздеген қарттар бір өзгерісті байқады. Айналада ертегі кейіпкерлерінің көз жауын алар кескін-келбеттері, бейнелері арнайы орнатылған кітап мұқабаларында жарқырап тұр. Кітап мұқабаларының биіктігі 2 метрден асып, қала тұрғындарына танауының астынан қарап тұрғандай. Әке-шешелерінің қолынан жетектеген балалар «бұл не?» деп қызыға таңданды. Ата-аналар өздері де қызығып, «қазір анықтаймыз» деп кітап макетінен ары асып жүрді. Сонда олар ұзыннан-ұзақ созылған шатырлар легін көрді. Бір қызығы бұл шатырларда қызылды-жасылды кітаптар самсап тұр. Жексенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеде алдындағы үстелге жайып жіберіп азық-түлік, киім-кешек сатқан саудагерлерді көріп үйренген тұрғындар таң-тамаша болды. Себебі бұл көрініс таңсық еді. 

Screenshot_15.jpg

Иә расында Шымкентке масштабты деңгейде кітап көрмесі бұған дейін болған емес. Өткен жылы Көрме орталығында өткені рас. Бірақ көпшілік онда арнайы ат басын бұрып бара бермейді. Қала тұрғындары жаппай ағылып бармағасын жарнамасы да кемшін болды. 

Биыл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Серпіліс» қоғамдық қоры біріге отырып кітап фестивалін өткізуді қолға алды. Ең бірінші кезектегі жұмыс – локацияны дұрыс таңдау болды. Саудада «жүретін жер» ұғымы (проходимость - автор) бар. Алтынмен аптап, күміспен қаптап, бір түкпірден дүкен ашсаңыз саудаңыз жүрмей қысқа мерзімде жабылып қалады. Фестивальді халық көктемгі сел суындай арнаны бұзып-жарып ағылатын Арбатта өткізу – ұйымдастырушылар қол жеткізген алғашқы жетістік болды. «Сабақты ине сәтімен» демекші, ұйымдастырушылар әрмен қарай фестиваль көркін қыздаратын – ақын-жазушыларды, кітап баспалары мен дүкендерді республиканың түкпір-түкпірінен шақыртты. «Фолиант», «Қазақ университеті», «Қазақ энциклопедисы», «Қазына» кітап үйі, «Қасым» баспа үйі, «Книжный клуб», «Отбасы хрестоматиясы», «SteppeWorld», «Қызмет», «Самға» баспасы және қалалық кітапханалар қатысты. Келгендерге өздерін насихаттауға, жарнамалауға арнайы орындар берілді.  

Screenshot_10.jpg

Арбатты аралап жүріп басымдық – балалар әдебиетін насихаттауға берілгенін бағамдадық. Неге? Бұл туралы «Серпіліс» қоғамдық қорының басшысы Бейсенкүл Нарымбетовадан сұрап білдік.

- Балалар әдебиеті ешқашан өлмейді. Әрбір адам бала кезде кітапты зейінмен оқып, жүрегімен қабылдап, санасында ұзақ сақтайды. Мен кішкентайымнан кітапқа құмар болып өстім. Көп жерде мен өзімді кітаптың өнімімін деп айтамын. Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жетсем де, бәрі кітаптың арқасы деп есептеймін. 

Былтыр қалалық Ішкі саясат басқармасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Сол кезде мен «кітапқа қарызым бар» деп кішігірім қаржылай қолдау көрсеттім. Бұл менің азаматтық парызым. Өзім азаматтық қоғамның дамуы үшін жұмыс істегенде құп көремін. Сонда кітап көрмесін аралап жүріп, көп нәрсені ойға түртіп алдық. Нәтижесінде биыл осы «ПарақTimes» фестивалін ұйымдастырдық. Неге Парақтаймс? Ең біріншіден, бұл – парақтау уақыты дегенді білдіреді. Екіншіден, кітапты оқымас бұрын алдымен парақтап шығамыз, парақтаймыз. Және парақ деген – ақ қағазды білдіреді. Ақ қағазға не жазамыз? Оған жақсы нәрсе жазамыз ба, жаман нәрсе жазамыз ба, бәрі өзімізге байланысты, - деді Б.Нарымбетова. 

Оның айтуынша, бұл - әлеуметтік жоба. Коммерциялық тұрғыда тиімділігі өте аз. Бірақ рухани берері өте көп. Бұл жоба ең бірінші кезекте қала тұрғындарына кітап оқуды насихаттауды басты назарда ұстауда. Содан кейін жазушы мен баспа арасындағы байланысты нығайту. Себебі бізде шетелдегідей жазушы мен баспа бір-бірін танымайды. Бірлесіп жұмыс істеу деген жоқ. Соның салдарынан коммерциялық әдебиет ісі кенжелеп тұр. Қазақ баспасы әлі күнге дейін Совет Одағы кезіндегі қалыптасқан жүйеден шыға алмай келеді. Осы тақырып жөнінде ақын, аудармашы Саят Қамшыгер фестиваль барысында тарқатып айтып берді. 

Screenshot_12.jpg

 – Бізде кітап шығару дегенді – қалың кітап шығару деп түсінетіндер көп. Кеңес Одағы кезіндегі «кітапты неғұрлым қалың қып жазсақ, соғұрлым жақсы» деген көзқарастан арыла алмай келеміз. Қазір қалыңдығы бір елі болатын ауыр кітаптар сатылымда оншалықты өтпейді. Әсіресе балалар әдебиетінде. Біріншіден, қалың кітап – қымбаттау жүреді. Оны кез-келгеннің қалтасы көтермеуі мүмкін. Екіншіден, том-том кітаптар оқуға деген қызығушылықты қашырады. Сондықтанда балаларға кітапты ықшамдап жазу керек. Жұқа кітапты олар қызыға оқиды. Қысқа дүниені тез қабылдайды. Және кітап бағасы да көңілге қонымды болады. Мысалы біз «Тастамашы, ана» деген кітапша шығардық. Оны жүрген жерімде аузымнан тастамай насихаттап жүрдім. Мектептерге барып кездесу ұйымдастырдым. Қайта-қайта айта бергесін бұл балаларға әсер етіп, олар кітапты сатып алды. Кітап бағасы бар болғаны 800 теңге. Оны кез-келген адам сатып ала ала ма? Иә, ала алады. Бұрын жазушылар кітап шығарғанда ішіне өлең, әңгіме, жұмбақ, жаңылтпаш, бәрін жинақтайтын. Қазір бұндай заман емес. Қазір әр әңгімені, әр өлеңді жеке-жеке кітап қылып шығарған абзал. Бізге маркетингті меңгеру керек. Және оны өзіміз жарнамалауымыз қажет. Оқырман бізді іздеп келеді деп жатпай, біз оқырманды іздеп баруымыз тиіс, - дейді аудармашы.

Ол шетелдегі әдеби агенттердің жұмысын мысалға келтіріп, кітап бизнесі өз елімізде де қалыптасып келе жатқанын айтты. Қазақ жазушылары әдеби агентті күтпей, өздері сондай болуға ұмтылғандары абзал. Өз жазғандарын өздері сата білсе ғана әдебиет ілгері дамитынын тілге тиек етті. 

Фестиваль барысында баспа өкілдерімен сұхбаттастық. Олар өздеріне осындай мүмкіндік сыйлап отырған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. «Қазақ университеті» баспасының өкілі Жанат Бекетан бұл іс-шара баспа үйлеріне серпіліс сыйлайтынын айтты. 

– Бұл өзімізді насихаттауға таптырмас мүмкіндік. Мұндай фестивальдер көптеп өткізілгені жөн. Бұл біздің Шымкентке екінші рет келуіміз. Былтыр Көрме орталығында өткен кітап фестиваліне келдік. Сол кезде көптеген азаматтармен танысып байланыс орнаттық. Осындай фестивальдер, жәрмеңкелер арқылы оқырмандармен де тікелей сөйлесіп, оларға не қажет екенін сараптай аламыз, - дейді баспа өкілі. 

Екі күнге созылған іс-шарада Алматыдан келген Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Дәркен Танабаев сынды балалар қаламгерлерінен бөлек, жергілікті зиялы қауым өкілдері Күлия Айдарбекова, Сая Қасымбек, Нармахан Бегалы, Сарманбай Исақ және тағы да басқа көптеген ақын-жазушылар ашық алаңқайда оқырмандармен пікір алмасты. Ары-бері өткен жастар шатырлардағы кітаптарды парақтап көріп, ұнағандарын сатып алып жатты. Кей ата-аналар балаларына 20-30 мың теңгеге дейін кітап сатып алып әперді. 

Ақын-жазушылар өткізіп жатқан сұхбатқа қатысып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Кешкісін қаладағы әдеби клуб мүшелері жан тебірентерлерік жырдан шашу шашып, жүрек қылын тербететін қара сөздер оқыды. «Жастар кітап оқымайды» деген сөз қасаң қағида екеніне көз жеткіздік. Оқитын жастар көп екен. Тек оларға жол сілтейтін азаматтар аз екен.  Әдеби іс-шаралар жаңа форматқа көшсе, заман талабына сай өткізілсе, жастар болмысына лайықталса кез-келген адамды қызықтыруға болатынын аңғардық. Осы фестивальде көптеген жастар өздеріне осы уақытқа дейін жұмбақ, беймәлім болып келген әдебиет әлемін ашты десек болады. Қазақша кітаптар дүкендері қалада сирек. Көбісі орталықтан шалғай, ешкім байқай бермейтін бір қалтарыс-бұлтарыстарда тұрады. Арнайы іздеп бармаса таба алмайтын жерде. Осыған байланысты көптеген жастар өмір бойы кітап дүкені дегенді білмей өтеді. Ал Арбатта кітапты дәл тұмсығының астына дейін алып келді десек артық айтқандық емес. Бұл жерде жастарға қойылған ең басты талап пен өтініш – дәл танауының астындағы кітапты ашып оқу болды. 

Screenshot_14.jpg

Фестивальді ұйымдастырушы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханының директоры Дәурен Дүйсебаев бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

- Бұл іс-шараны алдағы уақытта жаңа деңгейге, яғни халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отырмыз. Көрші Өзбекстан. Қырғызстан елдерінен ақын-жазушы, аудармашы, баспа өкілдерін Шымкентке шақыртуды жоспарлаудамыз. Осы арқылы көршілес мемлекеттер арасында шығармашылық байланыс орнайды. Бір-бірінің кітаптарын аударып, оқырмандарға зор сый жасайды. Көршілер бір-бірінің ділімен танысып, шығармашылық байланыстан бөлек, достық қарым-қатынас күшейеді. Жалпы бұл жобаның берері көп деп сенеміз, - дейді кітапхана директоры. 

Екі күнге созылған кітап фестивалі тұрғындарға зор қуаныш сыйлады. Балалар кітап парақтап, жүздеріне қуаныш табы үйірілді. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Кітап оқып өскен бала теледидар көріп, смартфонға үңілгендерді басқаратыны, елді алға жетелейтіні белгілі. Ендеше «ПарақTimes» жобасы - болашаққа құйылған инвестиция. 

Абылай Есімбай

Мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Болат Назарбаевтың биі желіні жарды (видео)


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×