Арабша есімге еліктеу етек алып барады

Oinet.kz 15-04-2019 4753

Screenshot_28.jpg    

Қазақ ислам дінін қабылдап, өзінің табиғат берген жайсаңдылығынан және ата дәстүрінен ажырап қалған жоқ. Тіпті, қазақтың осындай болмысын кешегі қызыл қанды империяның өзі де жоя  алмады. Ал тәуелсіздіктің таңы атқан дәуірден бастап ұлтымызға тән емес діндер мен қауымдардың қаптап жүргендерін өкінішті жағдайлар деуге тура келіп тұр. Қазан төңкерісінен бері қоғамда жетпіс жылды артқа ысырған халқымыз ежелгі ислам дінімен қайта қауышты. Өкініше қарай, сонымен бірге теріс ағымдардың жетегіне еру «салтанаты» да басталды.  Осы бір жікке бөлінген исламның тармақтары болашақта ұлтымызды діннен бездіреді ме, әлде орасан зор ағымдарға шек қойылатын уақытты күту керек пе? Соның бір айғағы – бүгінде өзі ерген діни ағымдағы қыз-жігіттер өздерінің ата-анасы азан шақырып қойған есімдерінен құтылғысы келіп тұратын тәрізді. Сөйтіп, бүгінде қазақша есімдерінің орнына арабша есімдерді иемдену жайылып келеді. Шындығында араб есімдері бізге таңсық емес. Ислам діні кезінен бастап келе жатқан – Мұхамед есімі, Ибрагим, Али, Абдулла, Мақсұт, Әсет (Асад), Абдуали (Әбдуәлі), Рабиға, Зейнеп, Зәуре (Зуһра) деген араб есімдеріне көңіл бөлер болсақ, аталмыш есімдердің біразы осы күнге дейін түрлі өзгерістерге ұшырағанын білеміз. Мысалы, Мұхамед есімінің өзі – Махамбет, Мәмбет деп, немесе Абдулла – Әбділдә, Абдолла, Ғабдолла және Ибрахим, Ибраһим, Ыбырайым деген сияқты басқа да есімдер қазақшаға өзгертіліп, қалыптасып кетті. Ал бірақ бүгінгі есімін өзгертушілер, жаңағы есімдердің қазақшаланған түрін емес, тікелей арабша атауларын таңдаған. Бұған тіпті қыз-келіншектердің өздері де құлшына кірісіп отыр. Мысалы, Зулейха, Аиша, Сәбина, Амира, Асия, Мариям, Кәусар, Раияна есімдері қазақтың әйел-қыздары үшін «жұлдызға» айналып барады. Осы күндері дінге бет бұрып, намаз оқып жүрген қыз-жігіттерден есімін сұрасаң, әуелі қазақша есімім деп өз атын атайды да, соңынша мұсылманша есімім деп өзін арабша есімімен таныстырады. Яғни, бүгінгі қоғамда қазақтың жасы да, кәрісі де екі есімді иемденуге өткен. «Сонда қалай, біз де қазақпыз, ислам дініндеміз, ал есіміміз мұсылмандікі болмағаны ма?» деген сауалдың туындауы әбден мүмкін. Арабша есім таңдаған бауырларымыздан бұл жайлы сұрасаң, «намаз оқып жүрген соң мұсылманша есім таңдадым» деген ештеңеге негізсіз, өздері де ұғына бермейтін мардымсыз жауапты алдым. Осы күндерге дейін намаз оқып келген ата-әжелеріміздің ойларына арабша есімді иемдену неге келмеді екен дейсің. Орыстану саясатынан құтылайық деп жүргенде, арабтардың құрығына еніп бара жатқаннан аманбыз ба осы?    

 Бірнеше жылдан бері Алматы қаласында тұратын Серік ағамыз өзінің «мұсылманша» есімі Абдолла екендігін айтады. Ал Индира есімді суфизм жолында жүрген құрбым өзін кімге болса да мұсылманша атым - «Зулейха» деп екі есімін де жасырмай таныстырып жүр. Мұнан да басқа біраз қыз-жігіттерден осы бір «жаңалықты» естігенде таң қалғанымыз – олар мұнысын әрдайым мақтан әрі мәртебе тұтады екен. Туғанда ата-анаң азан шақырып қойған бір  есімің болады емес пе еді? Араб есімдерін иемденушілердің не сыры бары қазірше белгісіз. Бұл сол есімін өзгерткіштердің өздеріне де түсініксіз жәйт.    Дін адамзатты тек ізгілікке бастайды. Ал біздегі жағдай дінді қуу – сәнді қуумен бірдей болып барады ма деп қаласың. Еліктеушілік. Осындай соқыр еліктеушілік өткен ғасырдағы кеңес дәуірінің тұсында да болған.  Қазақтың әдемі есімдерінен безініп, орнына орыс пен татардың – Дина, Динара, Рита, Лиза, Мира, Света, Эльмира, Эльвира, Лаура, Ринат, Рафаэль деген сияқты шұбырған кірме есімдерді сән үшін қоюды үрдіске айналдырдық. Бүгінгі күнде бұл есімдер біртіндеп «қазақ есімдері» болып сіңіп алды.     

Адамға есім не үшін қойылады? Әрбір есімнің өзі әрбір кісінің қай ұлттан екендігін айғақтап тұратын рөлі бар маңызды ұғым емес пе? Алайда мұны ескермейтін бүгінгінің алаш ұрпақтары өз тегінің өзегіне қанжарды аямай сұғып тұрғанына мән беретін емес. Заманауи тұрғыда пайда болған қазақ есімдері де жоқ емес. Мағынасы да, есітілуі жағынан да аса бір жан сұлулығын шақырып тұратын қазақ қыздарының есімдерін алайықшы. Аяжан, Жанару, Жанерке, Ақерке, Әдемі, Аружан секілді есімдерден «...мен қазақтың аруымын» деген нәзік бір әуезді естігендей боласың.     

Бар айтпағымыз сол - Жаратушының біздің ұлтымызға тән етіп берген ныспымыздан айрылу – біріншіден қазақ екендігімізден айрылу болса, екіншіден, тарихта қазақ болып қалуымызға орасан зор қауіптің келе жатқанынан хабардар еткіміз келеді. Себебі, болашақ ұрпақтардан шыққан ғалымның не ақынның, не қоғам қайраткерінің - «Абдоллах Аминтегі, Эльвира Ниязова, Раияна Али» деген есімдеріне қарап қазақтың азаматы мен азаматшасы екендігіне кім сенеді? Қазақ өз елінде өз есімдерін қолданамын десе ешкім кедергі жасап отырмаған сияқты. Әрине, бұл өткінші еліктеушіліктің бірі болып қалсын деп тілейік, Алладан.                                   

  Шара Құрбанова

Гитлер мектеп оқушысының күнделігінен табылды
Айгүл Қапбарова Сенат сайлауына түспек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу