Мемлекетке масыл болатын ұрпақтан сақтанайық

Oinet.kz 27-06-2023 614

Жеті атаға дейін қыз алыспаған, жылқыны бас білдіріп алғаш ерттеген, жер шарында тоғызыншы орынды алатын ұлан байтақ жерді иемденген, сол сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен анталаған жаудан аман сақтаған қазақтың рухы, тектілігі бір басына жетіп артылады.

Screenshot_14.jpg

Десек те, патшалық Ресейге бодан болған жылдары коммунистік жүйе ұлттық құндылықтарды құртып, ұлт көсемдерін қырып, қазақ өз тілінде сөйлеуге арланатын заман тудырды. Енді, Тәуелсіз қазақ елінің ұлттық ынтымақтастық рухы қайта оянған, қайта жанданған кезі екенін мақтана айта аламыз. 

Жалпы, патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту еліміздің дамуына оң ықпал етеді. Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру арқылы бірлігі жарасқан, керегесі бекем мемлекет құра аламыз. Барлық азаматтардың өзара сыйластық және теңдік құндылықтарын жалғастыру және бекіту жайлы Саясаттанушы, доцент Сәкен Мәжінбековтің  пікірін тыңдадық. 

Ол өз сөзінде «Ұлт ең алдымен өз қадірін білмесе ешқандай алға жылжу болмайды. Егемендік алған жылдары Жапон ғалымдары қазақты зерттеген кезде, өздерін өздері жоғалтқан ұлт деп баға берген. Сондықтан, ұлттық рухты оятып, қайта түлету – басты мақсат. Қазіргі таңда, бізге керегі – өз-өзімізді тану. Өз қадірімізді жете түсінуіміз керек. Біреуден үлгі алмай-ақ, кешегі батыр бабалардан үлгі алайық. Бірінші мәселе, өз-өзімізді тану және бағалау. Екінші мәселе ана тілімізде. Қазаққа идеалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Алашымыздың арыстары тіл туралы да тебіреніп айтып кетті. Солардың идеяларын жүзеге асырсақ та, еліміздің алар асуы биік болмақ. Осыны ескеруіміз керек. Бізге Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ. Ұрпағымызды білім мен ғылымға баулып тәрбиелесек, мемлекетіміз күн сайын алға жылжиды.   Бастысы, жалқау, мемлекетке масыл болатын ұрпақтан сақтанайық. Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру – ұлттық идеологияның басты ұстанымы болуы керек» дейді.

Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология екені сөзсіз. Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек. Себебі, масылдық – қоғам індеті. Ол ұлттың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркендеуді өрісті етудің шарты болмақ.

Қоғам, ел дамуына кері әсер ететін кері көзқарастан арылып, ерен еңбек, тынымсыз тіршілік арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне атсалысу - әрбір азаматтың адал борышы.

Аналарды ардақтап, балаларды бақытты ету – басты міндетіміз
Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу