Қазақтың генералдары

Screenshot_24.jpg

Әкесі де, ұлы да генерал

«Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес». Генерал болуды армандаудың өзі жауынгердің өз өмірін Отан қорғау ісіне түбегейлі арнағанын білдірсе керек. Ал, қарапайым сарбаздан генералға дейінгі аралықта қаншама қажыр-қайрат,  күш-қуат жатыр десеңізші.

Кеңес одағы кезінде қазақтан шыққан генералдар үркердей аз болған деседі. Тәуелсіздіктің таңы атқалы осы олқылықтың орнын толтырып тастадық. Генерал шенін алған нәзік жандылар да бар. Қазақстан тарихында генерал шенін алған тұңғыш  әйел прокуратура саласынан шықты. Ол--Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева. С.Айтпаева генерал шенін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан 2013 жылы алды.

Дәл қазір Қазақстанда қанша генерал бар? Бұл жағы белгісіз.  

Генералдың да генералы бар.  Ертеректе генералдықтың биік шыңына шыққандарды  «толық генерал» немесе «төрт жұлдызды генерал» деп атайды екен. Төрт жұлдыз деуі тегін болмаса керек. Өйткені генералдардың өздері шеніне қарай төрт сатыдан тұрады. Генерал-майор, генерал-полковник, генерал-лейтенант және армия генералы. Алдымен «толық генерал» немесе армия генералдарына тоқталайық. 

Қазақстанның тарихында генералдың барлық жұлдызын тағып, армия генералы атанған екі-ақ азамат бар. Екеуі де «Халық қаһарманы» атағын алған. Алғашқысы Кеңес одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов. Министр болғанға дейін ол Қазақстанның Қорғаныс комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Министр лауазымын 1992 жылдан 1995 жылға дейін иеленді. Отставкіге шыққан соң президенттің кеңесшісі болды. Сағадат Нұрмағамбетовке 1994 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілген. Ол 2013 жылы қайтыс болды. С.Нұрмағамбетовтың  ұлы Талғат қазір запастағы генерал-майор.

Армия генералы шенін алған екінші азамат Мұхтар Алтынбаев. Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметін екі мәрте (1996-1999 және 2001-2007 жылдары) атқарған. Биыл жетпіс жасқа толғанын тойлаған генерал 2010 жылдан бергі аралықта Сенат депутаты. Ұлы Мүслім Алтынбаевтың генерал-майор шені бар. Әке жолын қуған ұл қазір Қорғаныс министрлігінде лауазымды қызмет атқарады.     

 Қазақстанда генерал-полковник шенін алғандардың да бәрі өзіміздің қандастарымыз. Уикипедияда бұл  мәртебеге 4 азаматтың ие екендігі жазылыпты. Бәрі де уақтысында үлкен қызметтерді атқарған. Төртеудің үшеуі министр болған. Біреуі министрдің бірінші орынбасары. Осыған қарап, генерал-полковникті министрлерге берілетін шен десек те болады.

Генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов  Ішкі істер министрі қызметін сегіз жыл бойы атқарды. Бұдан кейінгі жылдары президенттің көмекшісі болып істеді.  Мәжіліс депутаттығына сайланды.

Генерал-полковник Әлібек Қасымов  Қорғаныс министрі қызметін атқарған.

Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың уақтысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарғанын жұртшылық ұмытып та қалған болуы мүмкін. Бұдан кейін ол Президенттің күзет қызметін басқарды. 1999-2001 жылдар аралығында Қорғаныс министрі болды, Мәжіліс депутаты атанды. Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келгенде Төле би ауданында ол мінген тікұшақ  құлап,  бір өлімнен аман қалғаны бар. «Генерал мінген ұшақтың өзі құлауы ұшпаққа шығарар тірлік пе?»деген жайсыздау әңгіме тарады.

Төртінші генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қарулы күштері Бас штабының бастығы лауазымын атқарып келеді.

Генерал-лейтенанттардың саны 9 көрінеді. Олардың арасында Шекара қызметінің бұрынғы төрағасы, сот үкімінен кейін барлық шені мен атағынан айырылған Нұрлан Жоламанов та бар. Одан бөлек мәжілісмен Бақытжан Ертаев, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Қарулы Күштер қатарында бас қолбасшы қызметтерін атқарған Мұрат Майкеев  бар. Генерал-лейтенант Болат Сембинов Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында дүниеге келген. 2003-2010 жылдар аралығында Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған.

Ал генерал-майорлардың саны көп. Оларға тоқталып жатпаймыз.

Тұңғыш генерал

 XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың басында ақ патша әскерінің сапында ұлты қазақ 1 кавалерия ге­нералы, 3 генерал-майор, 6 полков­ник, 8 под­пол­ковник, 6 әскери старшын, сондай-ақ көптеген майор, ка­питан, штабс-капитан, есауылдар қызмет етіпті.

Зерттеушілер қазақтан шыққан тұңғыш генерал Бөкей ордасының 1823-1845 жылдар аралығындағы  ханы Жәңгір Бөкеев дейді. Әбілқайыр ханның немересі, кіші жүзді билеген Айшуақ ханның баласы Баймұхамед Айшуақов та генерал шенін алған. Б.Айшуақов Исатай Тайманов  бастаған шаруалар көтерілісін басуда белсенділік танытқан. 1843 жылы Кенесары ханның отрядына қарсы соғысқан. 1846 жылдың желтоқсаны мен 1847 жылғы наурыз аралығында кіші жүз қазақтарының бір топ өкілдерін Петерборға бастап барған. Б.Айшуақов бұл сапарында патша Николай І-дің қабылдауында болып, генерал-майор шенін алған.

Жәңгір ханның ұлы Fұбайдолла Жәңгіров қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия генералы саналады. 1856 жылы Санкт-Петербургтегі паж корпусын бітіргеннен кейін корнет шенінде лейб-гвардиялық казак полкінде қызмет етті және князь атағына ие болған. 1877-78 жылы орыс-түрік соғысына қатысып, генерал-майор шенін алады. 1888 жылы генерал-лейтенант, ал 1894 жылы кавалерия-генералы (қазіргал-полковник шенімен дәрежелес) атақтарына қол жеткізеді. «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ережені» дайындауға қатысқан. Қызмет еткен жылдары қоғамдық жұмыстармен айналысып, қазақ даласында емдеу орындарын ашып, көпірлер салуға басшылық жасады. Қазақ жастарының Орталық Ресейдегі жоғары оқу орындарына түсуіне көмектескен. Отставкаға шыққаннан кейін  император сыйға тартқан Ялтадағы иелігіне көшіп барады. Осы жерде 1909 жылы 1 наурызда қайтыс болған.

Алашорда үкіметінің әскеріне жетекшілік еткен Сабыр Сарығожиннің де генерал шені болған. Оның өмірі туралы зерттеулер аз. Бала кезінде Оралдағы әскери мектепке түсіп, кейін Мәскеудегі жоғары әскери мектепке жолдама алғандығы белгілі. Көп жылдар Мәскеуде әскери қызмет атқарған. 1918 жылы Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болып тағайындалып, бұл қызметті бір жылдай атқарған. Кеңес өкіметі орнаған соң қызылдардың қуғын-сүргініне ұшырайтынын түсініп, 1919 жылдың күзінде Ұлыбританияға кетеді. 1925 жылы қайтыс болды деген дерек бар.

Кеңес одағы құрылған алғашқы жылдары Қарулы күштер қатарында генерал шені болған жоқ. Сталин генерал шенін қайтару жөніндегі бұйрықты 1940 жылдың 7 мамырында шығарған. Кеңестік дәуірде генерал шенін алған алғашқы қазақтар Ұлы Отан солғысында жоғары  командалық қызметтерді атқарған Шәкір Жексенбаев пен Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов. Бұлардың қайсысы генерал шенін бірінші алды дегенге келсек, онда Сабыр Рақымовты атауға болады. Өйткені құжаттарға қарағанда Шәкір Жексенбаев генерал-майор шенін 1943 жылдың 16 қазынында алған. Ал Сабыр Рақымов 1943 жылдың 19 наурызында алған.  

Шетте жүрген генералдар

Ақпарат құралдарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, кейіннен генерал шенін алған қазақтардың қатарында Нұрлыбек Байкенов пен Баһадүрбек Байтасовты атайды (Баһадүрбек Байтасов қазақтан шыққан тұңғыш Шекара қызметінің генералы). Алайда Екінші дүниежүзілік соғыста және одан кейінгі жылдары генерал атағын алғандар бұдан көп болып шықты.  Моңғолия Ұлы Хуралының (Парламент) депутаты, Қарулы Күштерінің генералы, қандасымыз Жекей Қалидолдаұлы ақпарат құралдарына берген сұхбатында былай дейді:

--Моңғолия қазақтарынан үш генерал шыққан. Алғашқысы Дәлелхан Сүгірбайұлы болатын. Ол – 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, генерал-майор шенін алған адам. Екіншісі – Моңғолияның әуе күштерінің қолбасшысы, ұшқыш Жайсанып Мүдәрісұлы деген қазақ. Моңғолияда алғаш рет генерал шені пайда болып, 10 адамға берілгенде мұндай құрметке қазақ ұлтынан осы Жайсанып ие болған. 2007 жылы осындай құрметке үшінші болып, Қарулы Күштер генералы деген атаққа мен ие болдым.

 Сонымен бірге  Қытайда Хасен Рүстемұлы деген генералдың бары жазылып жүр. Хасен Рүстемұлы Қытайда туылған. 9 жасында қытайша Жан Жия Мин деген есімді қабылдаған. Қытайдың қызыл армиясында осы есіммен қызмет еткен.  1936 жылы Компартияға өтіп, Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзедунның жеке күзетшісі әрі көмекшісі болған. 1951 жылы Қытайдағы алғашқы танк мектебіне басшылық жасапты. 1983 жылы Қытай мемлеттік армиясы қолбасшысының орынбасары лауазымында, генерал шенінде  отставкіге шыққан.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазанғап ақынды танытқан қазақ
  • Ләйлә Сұлтанқызы жаңадан тұрмысқа шыққан қыздарға 10 әпкелік кеңес айтты
  • Данияр Елеусінов теріс діни ағымда ма?
  • Баян Мақсатқызы: «Бізде қыздардың тең жартысы тұрмысқа шыққанша түсік жасатады»
  • Мәшинені ауылдың әкімі емес, мал дәрігері мінсін