Батыр атағын алмаған баһадүр - Өмірбай Сақов

Oinet.kz 01-07-2019 1100

Screenshot_23.jpg                  

...Ол - Сталинград түбінен Берлинге дейін көк зеңбірек сүйреткен артиллеристің бірі еді. Әскерге 1942 жылы алынды. 179- полктың құрамында Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласында алғаш ұрысқа кірісті.  Аузынан ана сүті кеппеген өрімдей он сегіздегі кезі ғой. Сұрапыл соғыс мұрты енді тебіндей бастаған бозбалаларды ерте есейтті. Алдымен ол танкіге қарсы ататын 76 миллиметрлік зеңбірек расчетында оқтаушы, көздеуші, оқ атушы болды. Жас жауынгер оның барлық сатысынан өтті. Командирлікке кейін көтерілді.

Ардагер үшін әрбір орден-медалі –ұмытылмас тарих.І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін қалай алғанын сұрағанбыз.

 - Менің зеңбірек  расчетыма  деревнядан шығатын жауға тосқауыл жасауға бұйрық берілді. Аудан орталығы - Славянка деревнясынан шығатын жол үшке айырылады. Фашистер қай жолмен жүруі мүмкін? Артиллеристер ыңғайлы позиция таңдап алып, деревняға 70 метрдей жетпей күтіп тұрды.Селоға кірген кеңестік жаяу әскерлердің  баруынан қайтуы жылдам болды. Алды-артына қарамай бей-берекет қашуда. Соңынан  жау танкілері қуып келеді. Взвод командирі Рженков «Атыңдар» деп бұйырды.  Алғашқы танкті нысанаға алып атты. Іле-шала оның қара түтінге көмілгенін көрді.  Темір құрсаулы екінші танк  таптап өтердей өршелене  ұмтылады. Кері шегінуге жол жоқ, не өлім, не өмір! Тажалды көздеп, қатарынан 2-3 снаряд жібердік. Жау танкісі де от құсып үлгерді-ау. Лезде отқа оранған «Тигрді» көргенімде жанарыма қан толып, шалқалап бара жаттым...

Есімді жисам, снаряд жарықшағы екі көздің ортасын ғана зеңбіректің темір қалқаны арқылы жанап өткен екен. Абырой болғанда, жанарым  аман, тек қастың етін сәл жырып кетіпті. Жатқан жерімнен жылдам көтеріліп, орныма жайғастым. Бері қарай тағы жыланбауыр 3 танк жылжып келеді. Оларды тасалап, жаяу әскер жақындай түсуде. Зеңбірекке қайта «тіл» бітті. Бірінші оқ дарымай айдалаға лағып кетті.  Екіншісі дөп тиді. Ізінше келе жатқан танк те отқа оранды. Үшіншісі... шыр көбелек айналып барып, кілт тоқтады. Сөйтіп, немістердің шабуылына тойтарыс берілді. Біздің сарбаздар істен шыққан соңғы танкіні барып көрсе, неміс механигінің екі аяғын снаряд жұлып кетіпті.  Темір тажалдарды тоқтатқан  соң жауынгерлерге жаудың жаяу солдаттарын жайрату қиынға соқпады».   Осы ерлігі үшін Ө.Сақов І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін өңіріне тақты. Бір шайқаста фашисттің 5 танкісінің көзін жойғаны үшін сол кездегі ақшамен 2500 сом алыпты. Ол кезде бұл үлкен қаражат. Бұл қаһарман артиллеристің Орел-Курск иініндегі  кескілескен   жорық жолдарының бірі ғана.

Жалпы Мәскеу түбінен Берлинге дейін зеңбірек сүйреткен  расчет командирінің жауынгерлік  бет есебінде   жаудың 11 танкі, 17 әскери автокөлік , 41 автоматшысының көзін жойғанын айғақтайтын мәліметті ол кісінің көзі тірісінде оқығаным бар. Наградаға ұсыну жөніндегі қағазда да бәрі жазылған еді.  Ал, 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Висла өзенінен полк бойынша бірінші рет өткен Ө.Сақовтың расчеты плацдармда бекініс құрып, дұшпанға күйрете соққы берді.  Сөйтіп, кеңес әскерлерінің ілгері жылжуына жағдай жасайды. Ұрыстан кейін полк  комиссары, подполковник Корчагин сап түзеген  бүкіл құраманың жауынгерлері алдында:

-Аға сержант Өмірбай Сақов, бүгінгі көрсеткен ерлігің үшін сені Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынамын. Сен нағыз қаһармансың,- деп құшақтап, ризашылығын білдіргені жадымнан шықпайды,--деп еске алып еді марқұм Өмірбай ақсақал.--Ол кезде  жалындап тұрған жаспыз. Командирдің алғысының өзі неге тұрады? Жоғары награданы қазақ баласына беруге қимады ма, әлде бұра тартушылық  болды ма екен,  ол жағын  кезінде бағамдай алмадым. Полк командирі мен комиссар мені жоғары атаққа ұсынып, құжаттарын рәсімдеп Мәскеу жаққа жолдады. Алайда, Алтын жұлдыз емес, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін табыс етті,--дегені бар.

 Сол жолы Өмірбай ата ешкімге тіс жармаған құпиясын бізге айтып еді. «Тұтқынға түскен жаудың солдатын атып тастау жөнінде бұйрық берілді маған. Алдыма салып орманға қарай алып келе жатырмын. Жаңылмасам, ол  венгр немесе болғар ұлтынан болатын. Алаңқайға жеткенде, әлгі  тұтқын жер шөкелеп отыра кетті.  Құлағыма құран дұғасы келіп жатты. «Бейшара, бұл мұсылман баласы екен-ау» деген ой сап ете қалды басыма. Өз жаназасын  шығарғысы келген міскінді бір сәт мүсіркеген сияқтымын. Алланың құдіреті шығар, құранның сүрелерін ұйып тыңдап отырып қалыппын. Шошып оянғандай селк ете түстім. Тұтқын ұшты-күйлі жоқ. Қалай аңғармай қалғаныма  таңым бар. Бәлкім, кездойсоқтық шығар. Қанша іздесем де таба алмадым. Жон арқамнан мұздай тер шықты. Мұндай саспаспын. Соғыс кезіндегі тәртіп бойынша мұндай бұйрықты орындамағаның үшін өзіңді атып тастауы мүмкін. Әсіресе, «особистер» соңыңа түссе, шаруа бітті дей бер. Автоматтың кезекті оғын  аспаға атып, штабқа қайтып келіп, бұйрықты «бұлжытпай орындағаным» жөнінде баяндадым. Бірнеше ордендер мен медальдардың иегері атанған сарбазға командирлерім сенген болуы керек, ол туралы әңгімені қайта қазбаламады. Осылай балам! Мен сөйтіп, жауды жіберіп алғанмын».

Соғыс біткен соң ол 1947 жылы ғана туған ауылына аман-есен оралды. Сөйтіп, өзі туып өскен Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы «Совет» колхозында жылқы, қарамал, тауық фермаларын басқарып, 18 жыл абыройлы еңбек етті. Қиын жұмыстан қашпады. Кеңестік кезеңде Балдыбірек (бұрынғы «Красный Боец») елді мекеніндегі Ө.Сақов басқаратын тауарлы-сүт фермасы мемлекетке сүт тапсыру жөніндегі жоспарды артығымен орындап, тіпті кейіннен қабылдаған социалистік міндеттемені абыроймен өтегені жөнінде жыл сайын аудан басшыларына рапорт беріп жататын-ды. Ол басқарған ферма ұйымшыл әрі тәртіпті болатын. Шаруашылықты қалпына келтіру, экономиканы нығайту жұмыстарына қомақты үлес қосқаны үшін сол кездегі Компартия мен Үкімет майдангерді «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Аллаға шүкір, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.

Ауылшаруашылығы саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. Жұбайы Несіпкүл екеуі 13 ұл-қыз өсіріп, одан 60-тан астам немере, 20-дан астам шөбере сүйді. 2013 жылы 9 мамырда, Жеңіс күні 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Өмірбай атаның атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Балдыберек мектебінде жылда оқушылар арасында бокстан дәстүрлі турнир ұйымдастырылуда. Ол биыл да жалғасын таппақ.  Ендеше, екі майдан ардагерінің есімі қандай құрметке болсын әбден лайық! 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

2016 ж

Бақыттың үлкені - өзіңді өзің тану
Қазақтың генералдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу