Ауылдастарына диагностикалық орталық салып беруде

Oinet.kz 30-07-2019 534

Screenshot_9.jpg

 Жетісай ауданы Жаңаауыл округіне қарасты Ынтымақ ауылында жеке кәсіпкер Бахтияр Шавкеев 2 қабатты диагостикалық орталықтың құрылысын жүргізуде. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында туған өлкесінің дамуына ат салысуға ниет танытқан кәсіпкер елдің денсаулығын ойлап медициналық мекеме салуды шешіпті.  Аумағы атшаптырым нысанның құрылысы сәуір айында басталды. Бүгінде мұнда 14 құрылысшы үш ауысыммен жұмыс істеуде.

«Біздің салып жатқан нысанымыз диагностикалық орталық саналады. Алдағы уақытта тұрғындарға консультативтік және емдеу-диагностикалық қызмет көрсету түрлерінің кең спектрін ұсынатын боламыз. Орталық замануи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жабдықталады. Пациенттерге жоғары санатты дәрігерлер кеңес береді. Бұған дейін Шымкент, Түркістан қалаларына барып, тексеріліп жүрген аудан тұрғындары енді біздің орталықтан тексерістен өтуіне бар мүмкіндік жасалмақ», – дейді Сардар Шавкеев.

Бұл Шавкеевтер әулетінің туған жеріне жасаған алғашқы сыйы емес.  Атымтай жомарт әулет осыдан 3 жыл бұрын Жаңаауыл елдімекенінен өз қаражаттарына 150 орындық заманауи балабақша ашып берген болатын. Бүгінде ауыл тұрғындары балабақшаның игілігін көріп отыр. Қазірдің өзінде мұнда 150 бала тәрбиеленіп жатса, тағы 60 бала кезекте тұр. Осыны ескерген Сардар Бахтиярұлы сәуір айында балабақша жанынан 150 орындық мектепке дейінгі даярлық орталығының құрылысын бастап жіберіпті.Қазіргі таңда ғимараттың 2-қабаты қалануда. Аталған ғимарат алдағы желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.

Шавкеевтер әулетіне ауылдастарының айтар алғысы шексіз. 


«Самұрық-Қазынаның» Түркістанға тартуы
Таза қала - әсем қала!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу