Өктем Алтаев: «Алып қашып, кейіннен құда түстім»

Oinet.kz 19-12-2018 1582

1992 жылы институт бітіріп жатқан кезім. Жасым 25-те. Қолға диплом алған соң шаңырақ көтеруді ойлап,  өмірлік жар іздестіре бастадым. Өзбекстанның Шыршық қаласының маңындағы Байдаралы деген ауылда тұратын бір досым бар еді. Соның үйіне қонаққа бардым. Ол «келгенің жақсы болды, бүгін кешке «вечерге» барамыз,  танысым туған күнін тойлағалы жатыр. Өзі сондай сұлу қыз. Сол арумен сені таныстырайын» деді.  «Барсақ, барайын» дедім де, досыммен қыздың үйіне қарай  тарттық.   Ол заманда пәлен ауылда «вечер» өтіп жатыр екен дегенді естісе болды, бөтені бар, танысы бар барлығы шақырылмаған қонақ болып келе беретін еді ғой. Қыздың өзі жеке шақырмасада сол күні  мен де бардым. Кешіміз басталып, әдемі өтіп жатты. Бірақ, менің бар ойым туған күн иесінде болды. Бағиланы сол кеште бір көргеннен ұнатып қалдым. Гитарамен ән салып, тәтті қиялдарға ерік бердім. Ол болса ары-бері шапқылап, бір орында отырар емес. Бөлмеден қайта-қайта шығып кете берді. 

Screenshot_4.jpg

Мен мына жақта оны көргім келіп, күйіп-жанып отырдым. Бір кезде жаппай вальс биіне шықтық. Бақытыма орай мен Бағиламен биледім. Жақынырақ танысуға мүмкіндік болып тұрған соң, әңгімеге тартып, біраз жәйттарды біліп алдым.  Ташкентте институтта  оқиды екен. Жасы 24-те еді. Бұл 6 шілде күні болған оқиға еді. Танысқаннан кейін ғашығыма арнап «Жаным» деген әнді шығардым. Сөйтіп бір күнде жүрегімді жаулап алған қызды үш төрт күннен кейін кездесуге алдап-сұлдап шақырып, көлікке мінгіздім де алып қаштым. Үйге келінді әкелген соң әке-шешемді қыздың үйіне қызға құда түсуге жібердім. Олар «құда түсіп алатын болсаң қызды  алып қашып нең бар?» деп аң-таң болып қалды. Өзбекстандағы  қазақтар салт-дәстүрді берік ұстанады. Қыз бойжетіп, оқу бітіргенін көрген, естіген жұрт тыныш жатсын ба?  Келін іздеген көрші-қолаң, «Тана» жеңгейлер қызды айттырып келе береді. Сондай айттырушылардың біріне бұйырып кетпесін деп Бағиланы құда түсуден бұрын, алып қаштым.   Жөн-жоралғыларды жасап жүргенде сүйіктімнен айырылып қаламын ба деп қорыққандықтан осындай қадамға бардым. Не керек,  біздің үйде келін болып отырған қыздың үйіне құда түсуге барып, біраз жұртты таңқалдырдық. Әйтеуір қыздың ата-анасы келісімін беріп, ұзату тойын жасап берді.

Screenshot_5.jpg

Аяқ астынан алып қашқандықтан ба, жұбайым басында қызғану дегенді білмейтін. Мен оған ренжіп «айналайын-ау, басқаның әйелдері күйеулерін қызғанып, қызғыштай қорып жүреді. Сен де мені жиі-жиі қызғанып қойсайшы» дейтінмін. Тұңғышымыз дүниеге келгеннен кейін әйелім қызғанудың көкесін көрсетті ғой.  Кейін «бұрынғы қалпың жақсы екен жаным, қызғанбай-ақ жүре берші» деп жалынатын болдым.  Әрине,  ол кезде екеумізде жас болдық. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі қызғанғаны табиғи заңдылық емес пе.  Дегенмен, Бағила  маған халықтың ұлы ретінде қарайды. Махаббат әндерін жырлап жүргендіктен менің тығдармандарымның басым бөлігі жастар, оның ішінде жас қыздар. Табынушыларым әлеуметтік желілерде, кейде телефонмен жиі мазалап тұрады. Мұның барлығына Бағила түсіністікпен қарайды.  «Халықтың алдында жүрген адамсың, әрдайым жарқырап жүр. Бұл жолы мынадай тақырыпта немесе  дәстүрлі әндерді жазсайшы» деп ақыл-кеңесін айтып отырады.  Асыл жарымның бойындағы ер азаматты сыйлай білетін, қадірлейтін қасиетін бағалаймын. Еш уақытта жұрттың алдында ер адамның абыройын төккен емес. Менің дұрыс тамақтанғанымды, денсаулығымды,  киінгенімді әрдайым қадағалап отырады. Қазір Аллаға шүкір екеуміздің отандасқанымызға 22 жыл болып қалыпты. Төрт перзентті тәрбиелеп отырмыз. Менің осы уақытқа дейін жазған әндерімнің барлығы сол жарыма арналған. 

Хадиша Шалабаева: «Отырардағы той» мені 30 жылдан бері асырап келе жатыр»
Данияр Саламат: «Қазіргі қазақ киногерлері ұлтты іштей емес, сырттай зерттейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу