Гүлбану Сыздықова: «Ізденбейтін дәрігер қоғамға қауіпті»

Oinet.kz 22-12-2017 1112

Screenshot_21.jpg

Гүлбану Сыздықова, ОҚО №4 облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері

– Гүлбану Жұмағалиқызы, алдымен өзіңізді «Диагноз» газетінің оқырмандарына таныстырсақ. Медицинаны өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ата-анаңыз ықпал етті ме?

– Менің ата-анам – мұғалімдер. Екеуі де тарихшы. Анам өмір бойы мектепте сабақ берсе, әкем сол кездегі Шымкенттегі педогогикалық институтта оқытушы болған. Біздің отбасымызда дәрігер деген болмаған. Мектепті үздік атестатпен тәмамдағаннан кейін ең қиын, ең адамға жақын маман иесі дәрігер болам деп шештім. Өзім таңдадым. Өйткені бала кезімнен адамдарға доктор болып көмек көрсетсем деп армандайтынмын. Сол арманмен Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне 1984 жылы барып, оқуға түстім. Алты жыл оқыдым. Онда да «Алматы дұрыс қой» деді үлкендер. Бірақ, неге екенін білмеймін, Қарағандыда оқығым келді.

1937 жылдары Қарағандыдағы АЛЖИР лагерьіне Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен халық жауы деп небір мықты, білікті маман иелерін алып келген. Олардың арасында еврей, неміс профессорлары аз болмаған. Репрессиядан кейін олар Қазақстанда қалып қойған. Біз солардан, олардың қазаққа сіңісіп кеткен медицина саласындағы білімдар перзенттерінен дәріс алдық.

– Денсаулық сақтау деген өте ауқымды сала ғой. Соның ішінде сіздің мамандығыңыз қандай?

– Акушер-гинекологпын. Емдеу ісі бойынша оқып біткеннен кейін акушерліктң таңдадым. Содан мені интернатураға Шымкент қаласына жіберді.

– Бас дәрігер лауазымын атқарып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– 7 жылдан асты. Жалпы дәрігерлік өтілім 27 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде тек босану үйлерінде ғана қызмет еттім.

– Алғаш карьераңызды қалай бастағаныңыз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Ұмыту да мүмкін емес қой. Алғашқы жұмыс күнімді кезекшілікте өткізгенмін. 90-жылдары №2 медициналық бірлестік деп аталған қазіргі Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында бірінші барған күні мені бірден интерн-дәрігер ретінде әйелдер патологиясы бөліміне жіберді. Бөлім басшысы Мәдина Тәжібаева «Жақсы болды, бүгін бізде түнгі кезекшілікке түсетін дәрігер жоқ еді» деп қарсы алды. Өйткені сол түні міндетін атқаратын дәрігер ауырып қалған екен. Қазір ғой, жастарды кезекшілікке қалдыруға қорқасың. Сол кездегі басшылар да мықты екен, бірінші көріп тұрған адамына жұмысты сеніп тапсыра беретін. «Мен әлі бұл жерді білмеймін де ғой» деп кезекшіліктен бас тартпақ болып едім, Мәдина Сабырқызы «Неге білмейсің? Науқастардың жағдайын, қан қысымын бақылауда ұстайсың, өлшейсің. Қажет болса, тәжірибелі дәрігерлерді көмекке шақырасың, хабарлайсың...» деп аузымды аштырмады. Солай бізді ешкім еркелетпестен қайнаған ортаға жетектемей-ақ кіргізіп жіберген. Интернатурада бізді аудан орталықтарына, ауылдарға жіберетін. Темірланға барып, акушерлік жұмысымызды үйреніп, бір ай бойы хирургтармен бірнеше ота жасағанбыз.  

– Бас дәрігер болғалы босандыру ісімен айналыспайтын шығарсыз. Тікелей салаңыздан қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– Перинаталды орталықтың бас үйлестірушісі ретінде маған артылған атқаратын жұмыстар мен жауапкершіліктің ауқымы өте үлкен. Сондықтан «Басшы болсам да бәріне бірдей үлгеріп жатырмын» деп өтірік айта алмаймын. Бастапқыда оталарға қатысып, босандыру жұмыстарымен айналыса беретінмін. Жыл өткен сайын талаптар да күшейіп барады. Ол заңды да. Іздену де керек. Өйткені бұл адам тағдыры ғой. Бірақ, уақыт тапшы... Дегенмен, бас дәрігердің ота жасауы, босандыруы міндетті емес. Алайда, өз мамандығымды ұмытқан жоқпын, іс-тәжірибем де жеткілікті. Жәй дәрігерден бастап, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары болғанымда да қиын жағдайлардың бел ортасында жүрдім. Қай маман болса да өз ісін жетік білсе, ол өз саласынан қол үзіп қалады деп ойламаймын.

Басшы қызметкерінен жұмысты талап етуі үшін өзі содан хабары бар болуы тиіс. Ал ондай артықшылығыңызды сөзбен айтып ешкімді сендіре алмайсыз. Іспен дәлелдеу керек. Сондықтан ең қиын оталарға қатысып, жетекшілікті мойныма алып, медициналық көмек көрсеткен кездерім болды. Бірақ, мен медицинада ешкімге өзімді дәлелдеуге ұмтылмаймын. Кез келген уақытта көмегім қажет болса отаға қатысып, босандыру жұмыстарын жүргізуге дайынмын.

Күнделікті жұмысымды орынбасарларыммен бірге таңғы сағат жеті жарымда жансақтау бөліміндегі аналардың жағдайларымен танысудан бастаймын. Сосын балалар реанимациясына кіремін...

– Дәрігер болғаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?

– Адамбыз ғой, ондай бастан өткен... Алғашқы жылдары қиындықтарға төзгім келмей «Осы акушер мамандығын неге таңдадым?» деп, қолымды бір сілтеп, бұрылып жүре бермекші де болғанмын. Ақымақтау кезім шығар ол... Менің еңбек жолым Тәуелсіздіктің қиын кездеріне тап келді ғой. Нарықтық кезеңге қадам басқан тұстары бәрін жиыстырып қойып, ала дорба асынып, базардан нәпақасын айырғандар аз емес. Соларға ұқсап саудагер де болып кетуім мүмкін еді. Бірақ, олай етпеуіме маған сол кезде демеу болған бірінші адам – күйеуім болды. Біздің үйдің отағасы да дәрігер – маммолог. Сосын қандай қиындық болса да мойымаған ұжымдастарым жігерлендірді. Жастау кезімде жасықтау болдым ба, жұмысыма жан-тәніммен берілетіндіктен бе, әйтеуір болған жайттарға жаным жабырқап, дәрігер ретінде дәрменсіздігіме күйінетінмін. Уайымға көп салынатынмын. Қиын жағдайлардағы науқастармен бірге қиналатынмын. Кейін есейдік пе, ондай ойдан біржола арылдық қой. Қазір Құдайға шүкір, кәсіби саламда қуанышты күндерім көп. 

Негізі акушерлік медицинадағы қиын да қызықты мамандық. Қиындығы – мұнда бір емес, кемінде екі адамның өміріне жауап бересіз. Егіз, үшем болса, тіпті... Ананың да, баланың да жағдайы жақсы болуы керек. Босану үйінен шыққаннан кейін де олар сапалы өмір сүруі қажет. Қызығы, қуанышы – шыр етіп өмірге адам келіп жатса, анасының да, баласының да дені сау болса, одан артық не керек дәрігерге?! Әрине, адам тағдыры болған соң аса жауапкершілікті талап етеді.     

– Сіздіңше жақсы дәрігер қандай болуы керек?

– Ең алдымен, дәрігер адамға жаны ашитын болуы керек. Онсыз қанша білікті, білімді болса да емдей алмайды. Сосын ол ізденімпаз болуы тиіс. Ізденбеген дәрігер кері кетеді. «Өзім білем» деп ойлайтын болса, оның әріптестерімен тәжірибе алмасуы да қиын. Ал, ондай маман қоғамға қауіпті. Одан жақсы дәрігер шықпайды.

– Денсаулық сақтау саласында «Дәрігерлік құпия» деген ұғым бар. Елімізде қаншалықты сақталып жүр деп ойлайсыз?

– Негізі науқастың ауру тарихы жасы 18-ден асқан болса, өзіне ғана айтылуы керек қой. Өзі келісім берген жағдайда ғана ең жақын адамына айтылады. Елімізде қаншалықты сақталып жатқанынан талдау жасап көрген емеспін. Мұндай түсініспеушіліктер біздің перинаталды орталықта орын алмаған. Өйткені мұнда пациентпен келісім парағы толтырылады. Сол жерде емделушіге «Сіздің жағдайыңыз туралы кімге айтуға болады? Шұғыл жағдайыңыз нашарласа, күрделі ота қажет болса, кімге хабар береміз, күйеуіңізге ме, анаңызға ма, сіңліңізге ме?» деген сияқты сұрақтар қойылады. Бұл қажет болса, заңмен қорғалатын құжат бола алады. Сол жерде ол өз қолымен толтырып береді. Тіпті «өзімнен басқа ешкімге айтуға болмайды, өзгенің білгенін қаламаймын» деп жазуы да мүмкін. Қалай келіссе, солай жүзеге асуы тиіс. Осылай «Дәрігерлік құпияны» да, дәрігер құқын да бұзбауға болады.

– Мұндайда «ешкімге айтпаңыз» деп, босанғаннан кейін баласынан бас тартатындар да болуы мүмкін ғой...

– Ондай жәйт тіркелген жоқ. Егер солай бола қалса, перинаталды орталықтың психолог маманы жұмыс істейді. Сол қандай проблеманың барын анықтайды. Барынша түсіндіреді, райынан қайтаруға ұмтылады. Ал егер барар жері, басар тауы жоқ болса, қаладағы аналар үйіне жібереміз. Қайырымды демеушілердің көмегімен онда бір жарым жылға дейін баласын бауырына басып өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Осы мерзім аралығында күйеуімен татуласады, болмаса баланың әкесіне тұрмысқа шығады. Әке-шешесімен түсініп табысады. Жұмысқа орналасып, өз күнін өзі көретіндей жағдайға жетіп, қамқорлықты қажетсінбей кетуі де мүмкін.

– Перинаталды орталыққа көбінде өздігінен босануы қиындаған аналар жеткізіледі емес пе?  Солардың арасында баласы мүгедек болып туылып, тастап кеткендері кездесе ме?

– Аяғы ауыр кезде скринингтік тескерулерде шарананың бойында анықталған ақаулар анықталса, кейін туылса да өмір сүріп кетуі мүмкін болмайтын жағдайда жүктілікті үзуге кеңес беріледі. Бұл алғашқы үш айда ұсынылады. Екінші үш айда да дәрігерлер тарапынан сондай ұсыныс берілуі мүмкін. Бірақ, өз денсаулығына қарамай «Құдайдың бергені, туам» деп қасарысып тұрып алатындар бар. Әрине, біз Алланың бергенін тартып алуды көздемейміз. Біз де Құдайдан қорқамыз. Бірақ, мұндай тәуекел баладан бұрын ананың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Сіз сұрағандай жағдай болды. Біз дәрігерлік құпия бойынша пациенттің аты-жөнін, нақты диагнозын айта алмаймыз. Сондықтан тұспалдап жеткізейін. Бір пациенттің алғашқы скрингінде-ақ шарананың дамуы дұрыс емес екені анықталған. Бірақ, ол сол кезде дәрігерлердің кеңесіне құлақ аспаған. Екінші скринингте де жүктілікті үзуге келіспеген. Солай айы, күні жетіп босанды. Бірақ, бейкүнә баласына қарай алмай шошынды. «Кезінде дәрігерлердің айтқанын неге істемедіңіз? Алматыға барып түскен УДЗ-да да көрсетіп тұр ғой» десек, «Сенбедім» дейді. Оның айтуынша, дәрігерлер тиым салса да көршісі сап-сау бала туып алыпты. Бірақ, адамның ағзасы бәрінде бірдей емес қой. Сондықтан біреудің айтқанына, тәуіпке, бақсы-балгерге емес, дәрігерге сену керек. Өйткені медицина дәлелденген ғылым. Қазір отандық медицина жылдан жылға дамып келеді ғой. Ол отамен денсаулығын түзеу мүмкін еместігіне сенді ме, әйтеуір мүгедек нәрестеден бас тартты. Амалсыз облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық...   

Елімізде денсаулығында ақауы бар сәбилердің көбею қаупі бар. Сол себепті аналарды сақтануға шақырамыз. Дәрігерлердің айтқанын істеп, ондай шарананы 20 аптаға дейін алдыртқан абзал. Оны жасырғанмен жағдай жақсарып кетпейді ғой. Адамдар осыны дұрыс түсінсе деймін.

– Кесарь тілігімен босанатындар көп пе?

– Перинаталды орталыққа көбіне өздігінен босануы қиын пациенттер түсетін болғандықтан кесарь тілігін қолдануға тура келетін жағдайлар болады. Бірінші, екінші сәбиін осылай туғандарға осы ота жасалады. Мұнда келгендердің 20 пайызына дейін кесарьдің көмегіне жүгінеді. Баланы қинамау үшін де 28-30 апталығында тілік арқылы босандырып аламыз...

– Ел ішінде «Өзім босанатын едім, дәрігерлер кесіп алды. Кесарь жасаса оларға қосымша ақы төленеді екен» деп қауесет таратып, медицина мамандарын кінәлап жататындар бар...

– Дәрігерлердің де басы екеу емес. Дұрыс айтып отырсыз, бұл – қауесет! Бұл дұрыс күтіне алмай сырқат тауып алған адамның далбасалап айтқаны болуы мүмкін. Ал, кесарь жасап босандырып алған дәрігерлерге ешқандай да қосымша ақы төленбейді!

– Үйінде босанғысы келетіндер бар шығар...

– Әлемнің кейбір елдерінде үйде босану практикасы бар. Еуропадағы Англия, Германияда отбасылық дәрігер жұмыс істейді. Олардың акушері, гинекологы болады, бір үйдің барлық мүшесінің денсаулығына жауап беретін. Оларда барлығы заң жүзінде рәсімделген. Ал бізде ондай заңмен бекітілген жүйе жоқ. Сондықтан ондай өтініштерді орындай алмаймыз.

– Сіз басқаратын орталықта шалабайлар көп туыла ма?

– Мұнда дүниеге келгендердің 5 пайызын құрайды. Негізі мерзімінен ерте туғандар 10 пайызға дейін жетеді. Бірақ, біз салмағы 1000 грамнан асатындарды шала туғандар санатына қоспаймыз. Жалпы, бізде мұндай нәрестелерді өмірге бейімдеу дұрыс жолға қойылған. Бұл жағынан алғанда Еуропаның кейбір елдерінің акушерлері, гинекологтары бізден үйреніп жатады. Өйткені оларда бала туу көрсеткіші төмен. Салмағы бір келіге жетпейтіндер аз болған соң еуропалықтардың тәжірибесі қазақстандық әріптестерінен төмен болып келеді. Мысалы, Литвада жылына 3000 бала туылады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысындағы мен жетекшілік ететін перинаталды орталықта жылына 8 мыңға жуық нәресте өмірге келеді. Литвадан келген дәрігерлер тобы бүгінде бізге жиі келіп, әріптестік бағытта тәжірибе алмасып, Еуропа артықшылықтарын үйретіп, бізден өздері де үйреніп кетіп жүр.

– Шетел демекші, соңғы жылдары облыс дәрігерлері медицинасы дамыған мемлекеттерге жиі барып, тәжірибе алмасып жүр. Салыстырмалы түрде айтыңызшы, олардың бізден артықшылығы неде?

– Мен оларды біздің дәрігерлерден артық деп айта алмаймын. Соңғы жылдары облыс әкімдігі, Денсаулық сақтуа басқармасы тарапынан заманауи медициналық құрылғылардың барлығы сатып алып, елдің игілігі үшін орнатып жатыр. Медицина мамандарының біліктіліктерін арттыруға тиісті деңгейде мән беріліп келеді. Рас, біз олардан қызмет сапасын жақсартуды үйреніп жатырмыз. Бірақ, оған алдымен халық дайын болуы тиіс. Қазақстандықтардың медициналық мәдениетін, деңгейін көтеруіміз керек. Тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктерін күшейту қажет. Әйтпесе, оларда жасаған емді отандық медицинада да жүзеге асыруға мүмкіндік бар. 

Мира Есжанова: «Кәсіби әдеп – дәрігердің темірқазығы»
Мерей Нұрлыбекұлы: «Балалар хирургиясы – жауапкершілікті қажет ететін сала»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу