Күнсұлу Жапабаева: «Мейіргердің жұмысы дәрігердігінен көп болмаса, аз емес»

Oinet.kz 26-04-2018 1198

Screenshot_18.jpg

Күнсұлу Жапабаева, ОҚО клиникалық ауруханасының бас  мейіргері

– Күнсұлу Егенқызы, қазір біз мейірбике деп айтып жүрген медицина маманын бұрын жылы жүректі қызметкер деп атаған. Мұндай сөз текке айтылмаса керек. Бұл мамандық иесінің емдеу барысында адамдарға түсіністікпен, сүйіспеншілікпен қарауы маңызды.  Осы жылы жүректі мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды? 

– Тәуелсіздігімізді жариялағанға дейін медбике аталған мамандық иесін мейірбике деу маған өте ұнайды. Бұл сөз өзімізге ғана емес, адамдардың барлығына да жылы естіледі, жанына жылулық ұялатады деп ойлаймын. Ал оған дейін жылы жүректі қызметкер деп баға беріп қойған болса, мейірбике соның дәл аудармасы ғой. Бірақ, орта буынды медицицна мамандары тек әйелдерден тұрмайды. Бұл қызметті атқарушылардың басым бөлігі қыз-келіншектер болғанымен үлкен жүректі ер азаматтарға да тән жұмыс. Сондықтан мейіргер деп айтқанды дұрыс көремін. Жалпы, атына затына сай мейіргерлер науқасқа мейірімін төге бар ықыласымен қарайды. Дәлірек айтсақ, мейіргер өзінің жұмысына жан жүрегімен кіріседі. Оны барлығы біледі.  Жауапкершілігі көп әрі қиыншылығы да мол медицина саласындағы мейіргерлікті кәсіп еткендер бір күнгі кезекшілігінде науқастарды жуын¬дырудан бастап тамағын беру, дәрісін егуге дейінгі күтімнің бәрін жасайды. Әсіресе, операция жасатып шыққан жан¬дардың аяқтан тұрып кетуіне мейіргерлердің тигізер көмегі көп.

Бала күнімнен тазалыққа жаным жақын болды. Оның да өзіндік әсері болғаны анық. Бұл мамандықты таңдауыма басты себеп әкемнің дүниеден ерте озуы еді. Айырылып қалдым... Сол сәтте мейіргер болғанымда ғой, әкеме өзім дұрыс қарар едім, барлық медициналық көмекті көрсетем, жазылып кетер ме деген өкініш сезімі болғаны рас. Содан ба, адамдарды бөле жармасам да, әкеммен жасты кісілерге аса бір мейірімділікпен қараймын. Сондықтан мен мейірбикелікке жүрегіммен келдім! 

Түркістан медициналық училищесін (қазіргі колледж – авт.) тәмәмдап болған соң еңбек жолымды балалар ауруханасынан бастадым. Тек алғашқы кезде балалармен жұмыс істеуге қорқатынмын. Шынымды айтсам, кішкентай бүлдіршіндердің ауырғанын көріп жүрегім ауырды. Оларға екпе салып, медициналық  көмек көрсете алмаймын деп ойлайтынмын. Кейін бұл ойымның дұрыс емес екенін ұқтым. Қайта сәбилерге жаның ашығандықтан оларға барынша сапалы медициналық көмек көрсетіп, тез жазылып кетуіне барыңды саласың. Негізі ең қиыны – бүлдіршіндердің ауырғанын көру. 

Бүгінде мен 35 жылдық тәжірибесі бар мейіргермін. Былтыр еңбегім еленіп, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Облысқа еңбегі сіңген қызметкер»  медальдерімен марапатталдым. Алған алғыс хаттарым да жетерлік. Мұны жәй мақтанышпен емес, соңымыздан еріп келе жатқан әріптестеріме, жастарға еткен еңбектің түбінде бағаланатынын білдіріп айтқым келеді. Өзімнен кейінгілерге іс-әрекетіммен үлгі болсам деймін...

– Жұрт дәрігер жұмысының ауыртпашылығы, жауапкершілігі мол деп оларға аса бір құрметпен қарайды. Ал мейіргердің қоғамдағы статусы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Мейіргердің жауапкершілігі де, атқаратын жұмыстары да дәрігердікінен көп болмаса, аз емес. Әрине, науқастың диагнозын дәл қоятын дәрігер қашанда бір саты жоғары тұрады. Дегенмен, мейіргер дәрігерлердің көмекшісі ғана емес, серіктесі. Науқасты емдеу кезінде 80 пайыз жұмысты дәрігердің нұсқауымен солар атқарады. Ал¬ғашқы жедел медициналық көмек көрсететіндер де мейіргерлер. Содан ба, азаматтар алғыстарын көп білдіріп жатады. Кейде керісінше, кейбір адамдардың өкпе-реніштерін де алдымен мейіргерлер естиді... Жалпы қым-қуыт тіршіліктің көш-керуенінде үздіксіз еңбек етіп, адам жанын ажалдан арашалап жүрген абзал жандардың еңбегі қашанда бағалы..

– «Үздік мейіргер» атану үшін қандай ерекше қасиеттер қажет?

– Мәселе үздік атану да емес. Халықтың көңілінен шығу – ең негізгі қасиет. Әрдайым үздіксіз ізденіп, жаңа технологияларды меңгеру қашан да маңызды болып қала береді. Оқыған-тоқығанын іске асыра алатын мейіргердің жұрттың алғысына бөленетіні сөзсіз. Ел жоғары бағалап жатса, үздік атанатыныңыз анық. Оны рәсімдеп беретін басшылар немен айналысып жүргеніңізді жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені олар біреудің өтінішімен марапаттай салмайды. 

– Күнсұлу Егенқызы, жұмысыңыздағы ең қиын не ?

– Ең қиыны – ауруханада жақынынан айырылған жандарды көру, олармен қайғысын бөлісу. Әрине, оларға естірту біздің міндетіміз емес. 

Бір оқиғаны бөліскім келіп жатыр. Осы салада 40 жыл еңбек еткен мейіргеріміз зейнеткерлікке шыққаннан кейін екі жылдан соң ауырып қалды. Бізбен бірге бір салада жүрген жанның бір кезде науқастарымыздың қатарына қосылатынын білмедім. Оның аяққа тұрып кетуін бәріміз қаладық. Үмітттендік. Дәрігерлер барын салды. Алайда өмірдің өзінің заңы бар... Жуырда әріптесіміздің  дүниеден озғанына бір жыл толады. Барлығымызға өте ауыр болды...  

Жалпы, мейіргере болып қызмет істеу оңай емес, оның үстіне бүгінгі таңда науқастар өте талғампаз, кірпияз. Медицинада басты күш мейіргерлерге түсетіні анық. Олар науқастарға ауыртпай ине шаншуға, бабын табуға тырысып-ақ бағады. Өз ісіңді шебер меңгеріп, оң нәтижесін көргенге не жетсін. Қызығы мен шыжығы мол жұмыста небір сәттерді бастан кешіресің.

– Мейіргер  ретінде  осы салада қандай да бір өзгеріс енгізсе жақсы болар еді деп ойлайсыз? Дәлірек айтсақ, ұсынысыңыз бар ма?

– Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Дейтұрғанымен мейіргерлерді де медицинасы озық елдердің емдеу мекемелеріне іс-тәжірибе алмасуларға жіберіп отырса ізгі ниет бар. Әрине, Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен бірнеше рет Түркияда және өзге елдерде қаншама мейіргерлеріміз іс-тәжірибеден өтіп келген болатын. Сосын сапалы оқыту курстарының санын көбейту керек деп ойлаймын. Астана қаласына және шет елдерге тәжірибе алмасуға барып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені медицина тәжірибе арқылы дамиды. Басқа ауруханалардың жұмысымен танысып қайтқан мамандардың көздері ашық, көкірегі ояу, енгізілген соңғы жаңалықтардан хабары бар білікті кадр болып шығады. Көп жағдайда жастарды алдыға шығару керек. Болашақ – жас мамандардың қолында. Сондықтан оларды әрі қарай оқытуға, үйретуге қаржыны да, уақытты да аямауымыз қажет. Осы орайда жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Мәселен, Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған конкурстарға біздің қыздар қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастырған байқауларына да қатысып  бақ сынап жүрміз.  Сонымен қатар өзіміздің аурухана да жыл сайын мейіргерлерімізді марапаттап отырады.  Бұл жүлделі орындар еңбектің бағалануының бір белгісі.  Күні кеше мейірбикелер күніне орай өткізілген «Ең үздік мейіргер» байқауында «Ең үздік фельдшер» номинациясын  біздің  аурухана жеңіп алды. Менің бұл емдеу мекемесінде жұмыс істеп келе жатқаныма он жылдан асты. Жеті жыл қатарынан «Ең үздік мейіргер» байқауына қатысып келеміз. Соның ішінде үш рет бас жүлдені еншіледік.  Бұл жетістіктеріміз  ауруханамыздың оң саясаты арқасында және Денсаулық сақтау басқармасы қолдауының айқын бейнесі деп білемін. Әріптестеріміз үздік атанса, соған мүмкіндік жасаған, тәжірибе алмасу процестеріне барлық жағдайды жасаған басшылықтың көмегі көп екені сөзсіз. Ешкім де үздік болып келген жоқ. 

– Дамыған елдерде денсаулық сақтаудағы 80 пайыз жұмысты мейіргерлер атқарады. Диагнозы анықталғанға дейін болмаса, емдеу кезінде науқастың қасынан үнемі мейіргерлер табылады. Біздің елде дәрігер мен медбикенің жұмысындағы айырмашылыққа тоқталсаңыз?

– Рас айтасыз, 80 пайыздан кп болмаса, аз емес. Кеше ғана оқуын тәмамдап келген жас маманға ең бірінші көмектесетін, қажет болса үйрететін көбінде мейіргерлер болып келеді. Негізі мейіргердің де, дәрігердің де жұмысының мақсаты – науқасты емдеу. Екеуі де осы салада аянбай еңбек ететін құрметке лайық жандар.

Тіпті сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық ақ халаттылардың еңбегі еліміздің денсаулық сақтау саласының қалыптасуы әрі дамуының алғы шарттары болды. Мейіргерлер майдан даласында жараланғнан қаншама жауынгерді аман алып қалды. Егер статистикаға сенсек, Ұлы Отан соғысына 1,5 миллион орта буын медицина қызметкері қатысқан екен. Ал, дәрігерлер 200 мыңды құрайды. Бұдан мейіргерлердің дәрігерлерден 7 еседен де көп болғанын, бастарын қатерге тігіп от пен оқтың арасында жаралыларға көмектескенін көруге болады. 

– Жалпы күнделікті жұмыс күніңіз неден басталады?

– Бірінші барлық бөлімшелерді аралап тазалықтарын тексереміз. Мейіргерлердің түнгі кезекшілікте атқарған жұмыстарын қадағалап, науқастардың жәй-күйімен танысамын.  Қазіргі таңда 26 бөлімшеде  500-ге жуық мейіргеріміз жұмыс істейді. Солардың сапалы қызметін үйлестіру, қадағалау, үйрету – негізгі міндетім. 

Сұхбаттасқан Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Мырзахмет Жанәділов: «Отанды қорғау үшін балаларды емдеу керек»
Дана Бишимбаева: «Рак молочной железы молодеет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу