Мырзахмет Жанәділов: «Отанды қорғау үшін балаларды емдеу керек»

Oinet.kz 26-04-2018 690

Screenshot_17.jpg

Мырзахмет Жанәділов, ОҚО клиникалық ауруханасы Еркектер орталығының жетекшісі

 – Мырзахмет Шайзиндаұлы, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында сәті келіп тұрған сұрағымды қойсам... Қазақстан жастарының көпшілігі әскерге жарамсыз, неге?

– Солай екені рас. Жастардың көбі дайын емес. Өйткені бүгінгі жасөспірімдердің денсаулықтары әскер талаптарына сай келмейді. Оның себебін есейгенде емес, бала кезде іздеу керек еді. Бүгінгі балаларда түйетабан, жақыннан көрмеу, қабыну дерттері көптеп кездеседі. Бұл елімізде балалар профилактикалық медицинасы жұмыс істемейтінін білдіреді. Өкінішке қарай, неанатологтардың, дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс жалпы учаскелік мамандардың жұмыстары ақсап тұр. Мамандар жетіспейді. Педиатрлардың қажетті мөлшерде болмауы да үлкен мәселе. Егер бала ауру болса, әскерге де солай болып барады. Яғни, елін, жерін қорғайтын азаматты бала кезінен даярлауымыз керек. Ал, Қазақстанда балалық шақ қиын жағдайда өтуде. Қазіргі жасөспірімдердің бұрынғыдай белсенді қимыл-қозғалысқа толы футбол, баскетбол ойнап жүргендері өте аз. Көбісі интернетке байланып, смартфондарына шұқшиып отырады. Үйде де, көшеде де, автобустарда да содан көз алмайтындарды жиі кездестіретін болып жүрміз.  Плейстейшн, қайдағы бір гаждеттер... Техногендік дәреженің әсері жасөспірімдеріміз салауатты өмір салтын ұстану ұмтылысын жойды. Спорттық үйірмелерге баратындардың қатары өте аз.  Бұрынғыдай аулаларда спорттық клубтар жұмыс істемейді. Футболшылар, хоккейшілер жоқ. Қазір спортттық құрылғылардың барлығы жекешеленіп кеткен. Негізі жастардың, жасөспірімдердің денсаулығы мемелекеттік деңгейде бақылауда болуы керек. Бұл стратегиялық саясат! Бұл бізде жүргізілмейді. Ешкім бұлай болуын қаламай ма, түсініксіз... Әдейі істелініп жатқандай. Соның әсерінен әскерге жарамсыздар көп. Егер адам өмірге сай болып келсе, денсаулық жағдайы тиісті деңгейде болса, қауіп төндіруі мүмкін ауруларға қарсы вакцинацияларды уақытылы салдырып тұрса, әскерге де жарамды болып келеді. Отанды қорғау үшін балаларды емдеу керек. Яғни, педиатрия мамандарын қайта іске қосу қажет. Әйтпесе, учаскелік дәрігердің алдына аяғы ауыр әйел де, туберкулезге шалдыққан ауру да, бала да барады. Бұл қандай медицина? Біз Африкада өмір сүрмейміз ғой. 

Бұрын пионерлер лагері, еңбек лагерлері болатын. Барлығы тегін еді. Қазір бәрі ақылы болып кетті. Лагерлер сатылды, спорттық құрылымдар жекешеленді. 

Қазір салауатты өмір өмір салтын ұстану былай тұрсын, қалыпты деңгейде тамақтануға жағдайлары да жоқ, аштық жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылар да бар. Яғни, жеткілікті деңгейде емес балалар тағамдары болашақ жауынгердің дамымай жатқандығын білдіреді. Ас-ауқаты дұрыс болмаса, ол – ауру. Керісінше, қарны тоқ, көйлегі көк адамдардың проблемалары көп. Ең алдымен семіздіктен зардап шегеді. Жиырма жастағылардың қарындары айналып кеткен, аяғы ауыр әйелдер сияқты. Байлар артық тамақтанып жатса, кедейлер тойып жей алмай жүр. Нәтижесінде екі жақтың да проблемасы бір ауру. Байлар семіздіктен зардап шексе, кедейлер азып-тозып жүр. Сол себепті олар талапқа сай емес. Ондай болса, оларды кім әскерге алады? Оның үстіне әскери комисариат ақшамен есептеседі. Әскерге жарамсыз деп танылғандардың барлығы шынымен де ауру деп ойлайсыз ба? Негізінде осындай статистиканы жасап отырған әскери комисараттың қызметкерлері ауру. Отанды қорғауды, болашақ патриоттарды тәрбелелеуді бизнеске айналдырып алған. Әскерге барғандар соқыр, қитар болып келеді. Алғанда дені сау болатын, қағаз бетінде ғана. Дені сау жігіттерді алмайды. Бұл әскери комиссариаттың немқұрайлы жұмыс істейтінін білдіреді. Біз мұнда салауатты өмір салтын насихаттап, денсаулықты түзеу жоларын қарастырып, ауруларды отан қорғауға жарамсыз деп тапсақ,  әскери комиссариат соларды жарамды етіп шығарады. Ақшасы жоқ болғаны үшін ол отанын қорғай алмайды, патриаот бола алмайды. Әскери комиссарат жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруы тиіс. Ешкімге де құпия емес қой, әскерге бару – 700, бармау 500 долллар.  

– Сонда сіздер жарамсыз деп тапқан жігіттер әскерге алынып жатыр ғой. Солай ма?

– Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталады. Жақында бір жігіт келді. Оның үш бүйрегі бар. Бір бүйірінде біреу, екіншісінде – екеу. Мен оған әскерге баруға болмайды деп жазып бергенмін. Ал облыстық әскери комиссариат болады дейді. Дені сауды ауру, ауруды сау ете салу оларға түк те емес. Қазір әскер қатарында жүріп, емдеу мекемелерінен шықпайтындар жеткілікті. Осының өзі-ақ олардың ауру екендігін білдірмей ме? Ауруды алдырады, сауды қалдырады. Сіз сенген статистика сондай. 25-30 жыл бұрын бәрінің дені сау болды да, енді аяқ астынан жаппай ауру болып шыға келеді ме? Әскерге жарамдылық туралы жалған ақпар әскери комисариаттан шығады. 

– Еркектер орталығының дәрігері ретінде облыстық, қалалық комиссияның мүшесі емессіз бе?

– Олардың өз адамдары бар. Бізді қатарына қоспайды. Араларына бөтен адамды кіргізбейді. Былықтарын ашып беруі мүмкін ғой. Бұл дәлелденбейтін бизнес! Патриотизм саудаланатын елде сатылмайтын ештеңе қалған жоқ. Ойлаңызшы, қарапайым ефрейтор Джип мініп жүр. Ойнап жүріп айына бес мың доллар табады. Алдымызға адам көп келетін біздің ондай дүниеміз жоқ. Дәрігерлер міне алмай жүрген көлікті ефрейтор бір жылда қайдан алды? Ата-бабасынан қалған байлығына ма? Ондай емес екені айдан анық қой. 

– Бұл мәселелердің барлығы да анықтауды, зерттеуді талап етеді. Дегенмен, ер адамдардың проблемалары әскермен ғана шектелмейді. Қазір белсіздік ауруы туралы көп айтылады...

– Өкінішке қарай, бала таптыруға қабілетті жастағы еркектердің ұрықсыздығы жиі кездеседі. Сырқаттанушылардың қатары жыл сайын көбеймесе, кеміп жатқан жоқ. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы көрсеткендей, бұл ауру жас отбасылардың 15 пайызында бар. Оның 38 пайызы ерлерге, 40 пайызы әйелдерге, 22 пайызында екі жаққа да қатысты болып келеді. Мұның бәрі қабыну, суық тию, жыныстық жұқпалы аурулардың асқынуынан болады. Созылмалы простатит, эпидимоорхит, варикоцеле, яғни көк тамырдың кеңеюі сияқты аурулардан дер кезінде емделмеу түбінде белсіздікке алып келеді. Арақ ішу, темекі шегу, бей-берекет жыныстық қарым-қатынастар, ашқарақтық, гормоналдық қызметтің бұзылуы, қант диабеті, уайым-қайғыға берілу сексуалдық қызметті әлсіретіп, дертке ұшыратпай қоймайды. Бірақ, бұл олардың барлығы ұрпақ сүйе алмайды деген сөз емес. Еркектер орталығы аты айтып тұрғандай осындай ер адамдардың денсаулығын түзеумен айналысады. 

Қазіргі таңда жастар арасында урологиялық аурулардың белең алып тұрғаны қаншалықты шындыққа жанасады?

– Кейбір дерттердің жасарып бара жатқаны рас. Мысалы, қуықасты безінің қатерлі емес гиперплазиясы бұрын көбіне пайғамбар жасынан асқан егде адамдарда кездесетін. Соңғы он жылда бұл дертке елудегілер, тіпті қырықтың айналасындағылар да жиі ұшырайтын болып жүр. Мұндай жағдай Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде бар. Жігіттерде жыныстық қызметтің бұзылуы жиі кездессе, үлкендерді дәрет сындырудың қиындауы, онкологиялық аурулар мазалайды. 

Қазіргі медицина мамандары ер-азаматтардың ұзақ жасауына, денсаулығының мықты болуына қызмет ете алады. Біз жасөспірімдер арасында кездесетін урологиялық дерттерге де көп көңіл бөлеміз. Сондықтан жас демей, кәрі демей, ұлдың денсаулығынан қандай кінәрат білінсе, бірден дәрігерге жүгіну керек.

Еркектердің қуықасты безінің қатерлі ісігі айтарлықтай көбеюінің тағы бір себебі онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалаудың скринингтік, УДЗ, PSA мен қандағы онкомаркерлерді анықтау әдістерінің кеңінен қолданыла бастады. Бұл құрылғылар ауруды анықтауға, қателеспей диагноз қоюға көп көмектесуде. Сонымен қатар шетелдік әріптестерімен де жиі тәжірибе алмасып тұратын дәрігерлердің ізденістерін айтуға тиіспіз.

– Урологиялық аурулар кімдер көбірек кездеседі?

– Бір орнында тапжылмай отырып жұмыс істейтін адамдарда қан айналымының бұзылуынан урологиялық аурулар жиі байқалады. Көп қимылдамау салдарынан адамның қаны ұйып, кіші жамбаста, қуықта түрлі дерттер пайда болады. Ал бұл еркектердің екінші «жүрегі» болып саналады. Уақыт өте келе мұның бәрі кем дегенде созылмалы простатитке, қуықасты безінің қатерлі емес гиперплазиясына алып келеді. 

– Ашылғандарыңызға алты жыл болды. Өзі келіп дәрігерге қаралатын еркектердің қатары көбейді ме?

– Қалай десем болады, жалпы ондай әрекеттер бар. Бірақ, олардың арасында қазақтар бірен-саран ғана. Біздің жігіттер өздері ауырмайынша мұнда аттап баспайды. Өйткені оларға есін білген кішкентай кезінен денсаулықтың қымбат екенін құлағына құйып отыру керек еді.

– Еркектердің күш-қуатын арттыратын препараттар телеарналарда ашық жарнамалатын болып жүр. Оған ешкім тийым салмағанына қарағанда адам ағзасына зияны жоқ болды ғой...

– Бүгінде ондай препараттар өте көп. Кейбіреулері өзіңіз айтқандай, телеарна арқылы насихатталып, ашық сатылып жүр. Бірақ, кез келген дәріні сатып алмас бұрын уролог-дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Өйткені мұндай препараттардың зардабы өте үлкен болуы мүмкін. Сондай-ақ, тамақпен ішетін биоқосындылардың (БАД) зиянды әсерлері болады. Кейбір препараттардың құрамы жүрек-қан тамырлары аурулары мен артериалдық қан қысымы бар адамдарды одан да әлсіретуі мүмкін. 

Талхат Есжанов: «Аз қимылдағанның ауруы көп болады»
Күнсұлу Жапабаева: «Мейіргердің жұмысы дәрігердігінен көп болмаса, аз емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу