Талхат Есжанов: «Аз қимылдағанның ауруы көп болады»

Oinet.kz 26-04-2018 723

Screenshot_3.jpg

Талхат Есжанов, Ленгір қалалық емханасының бас дәрігері

– Талхат Көлбайұлы, өзіңіз басқаратын емдеу мекемесі туралы айтыңызшы. Қанша тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетесіздер?

– Ленгір қалалық емханасы шаһармен қатар Аққұм және Сұлтанрабат ауылдық округтарын да қамтиды. Мұнда 38 мың 858 тұрғын тіркелген. Емхананың үш жедел медициналық жәрдем бригадасы бар. Сонымен қатар, тіс емханасы Төлеби ауданының 110 мыңнан астам азаматына қызмет көрсетеді. Бірінші мамыр, Алатау, Қасқасу, Абай, Зертас, Көксәйек, Достық, Кемеқалған ауылдық округтерін түгел қамтиды. Бұл Ленгір қалалық емханасының жаңа ғимараты Елбасымыздың Жолдауында айтылған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2012 жылы құрылысы басталып, 2015 жылдың басында халықтың игілігіне пайдалануға берілген. Сол жылы бірінші ақпаннан бастап Ленгір қалалық ауруханасымен бірге осы 7 гектар жерге орналасқан заман талабына сай нысанда адамдарға медициналық көмегімізді көрсетіп келеміз. Мұндай алып жобамен салынған емхана-аурухана ғимараты Оңтүстік Қазақстан облысының басқа ауданында, тіпті облыс орталығында да жоқ. Астана, Алматы қалаларында дәл осындай үшеуі бар. Бұл – еліміздегі төртіншісі. Халыққа ыңғайлы. Әр учаскелік дәрігердің өзінің жеке кабинеті бар. Компьютермен жабдықталған, интернетпен қамтылған. Бұдан бөлек Аққұм, Жаңаұйым, Момынай, Таскешу, Сұлтанрабат, Тоғыс шахтасы елдімекендерінің барлығында да фельдшер, акушер дәрігерлеріміз, мейіргерлеріміз бар. Олар да толығымен интернетке қосылған. Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды толығымен меңгерген. 

– Шетелде білімін жетілдірген мамандарыңыз бар ма?

– Шетелде білімін жетілдірген окулист, дерматолог дәрігерлеріміз бар. Өзім де шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыстамын. Тәжірибе алмасып тұрамыз. Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, ұйымдастыруымен өтетін семинарларға мамандарымызды жиі жіберіп тұрамыз. Медицинасы озық елдерде білімін жетілдіріп, кәсібилігін арттырған облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің мамандарынан да үйреніп жатқандарымыз аз емес. 

Әрқайсысының құны 14 миллион теңгені құрайтын екі флюрографиялық аппаратымыз бар. Біреуі 2011 жылы алынған болса, екіншісін 2015 жылы орнаттық. Рентген де бар. Сол жылы осы жаңа ғимаратқа көшкенімізде бізге маммограф, УДЗ аппараттары мен стоматологиялық қондырғылар берілді. Сол медициналық техникалардың көмегімен мамандарымыз тұрғындарды профилактикалық, медициналық, скринингтік тексерулерден өткізіп жүр. 

– Маман тапшы емес пе?

– Бізде маман тапшылығы жоқ.  

– Биылдан бастап облыстық мәслихаттың шешімімен ауылдарға баратын мамандарға 1 миллион теңге қаржылай ынталандыру көмегі беріліп жатыр емес пе? Сіздерде ынта білдіріп жатқандар бар ма?

– Мекеменің қалалық статусы болған соң бізге ауыл программасы жүрмейді. Мамандарымыздың арасында қоныс аударуына байланысты сұранатындар болуы мүмкін. Әзірге ондай ойын білдіргендер болған жоқ.   

– 2020 жылға шегерілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енді келесі жылдан бастап ендірілетін болды. Бұған дайынсыздар ма?

– Медициналық маман-дәрігерлеріміздің барлығы МӘМС бойынша білімдерін жетілдіріп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізіп келеді. Біз – дайынбыз!

– Әр жердің табиғатына, экологиясына байланысты сол аймаққа тән аурулары болады. Ленгірде ше, қандай ауру түрлері көп кездеседі?

– Таулы аймақ болған соң қан қысымы сырқатына шалдығушылар көптеу. Бірақ ауруымыздың негізгі себебін табиғатқа жауып қоя салуға болмайды. Аурудың көбеюі ең алдымен аз қимылдайтынымызға байланысты болып тұр. Қазір күніне үш шақырым жаяу жүретін адамдар азайып барады. Көлігі болмаса да қоғамдық автобустың үйінің алдынан жүргенін қалайтындар келесі көшеге өтіп мінуге ерінеді. Тап осы жалқаулық бізге ешбір пайда келтірмейді. Дегенмен, есепте тұрған сырқатттар терапевттердің, учаскелік дәрігерлердің, жалпы тәжірибелі мамандардың назарынан тыс қалған емес. Психолог, социолог мамандармен бірге дәрігерлеріміз денсаулық мектептерінде тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, сапалы өмір сүруге шақырып, дәрігерлік кеңестерін беріп тұрады. Қан қысымы ауруларынан басқа жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдығушыларды, қант диабетімен ауыратындарды мамандарымыз жіті қадағалауында ұстайды. Алайда, дәрігердің насихат сөздерінен гөрі адамдарға іспен ұғындарған әлдеқайда оңайырақ. Ол үшін тұрғындар еліктеп, қарап бой түзейтін азаматтардың өздері қым-қуат тіршілікті сылтау етпей, салауатты өмір салтын сөзбен емес, ісімен жүзеге асырғанын көрсе, соны көрген жұрт қайталар еді. Мұны мен өмірлік практикамнан кездестірген соң айтып отырмын. Қарапайым ғана мысал, келесі жылдан бастап елімізде ендірілетін медсақтандыру туралы қаншама қаржы шығындап телеарна-радиолардан қайта-қайта айтып, газет-журнал, сайттарда қанша жазып, түсіндіріп жатсақ та арамызда аталған жүйені әлі де дұрыс түсінбеген адамдар бар. 

Соңғы кезде ақылы болса да футбол алаңшаларына барып, доп теуіп шығып жүрген жастардың көбейіп жатқаны мені қуантады. Солар бір-бірінен көргенін істеп жатыр. Міне, сөз бен істің айырмашылығы! Біз де өзімізді түзеп, айналамызға өнеге бола білсек, денсаулығын күтуші азаматтардың қатары көбейетініне өз басым сенемін. Сол сияқты бала-шағамызға айта бергеннен гөрі өзіміз әрекетімізбен жақсы жағымызды көрсетіп жүрсек, олар қайталайды. Міне, тәрбие деген осы! Ол өзімізден басталады. Сол сияқты МӘМС-ті түсіндіру барысында оның пайдалы тұстарын әрекетімізбен дұрыс ұғындыра алсақ, адамдар өз өмірлеріне өздері жауапты екені түсінер еді. Медициналық мәдениетіміз арттырып, ауруының себебіне дәрігерді кінәлауға дайын тұратын әдеттерден арылуымыз керек. Әрине, емхана пациенттерін медициналық тексерулерден уақытылы өткізіп, бақылауында ұстауы тиіс. Бірақ, ол айлап-жылдап келмеген тұрғынның ауруына айыпты бола алмайды. Оның үстіне адам бірден ауыра салмайды. Денсаулығымыз сыр бере бастаса да онша мән бермей салғырттықпен асқындырып алатынымыз бар. Содан кейін барып дәрігерге келеміз. Атам қазақтың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп айтқанын бәріміз жақсы білетінімізбен, профилактикалық тексерулерге жоламаймыз ғой. МӘМС осыны жүйелеуді, өз денсаулығымызға алдымен өзіміз жауапты екенімізді ұғындырады, меніңше.  

– Өткенде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстанға арнаған сапарында Шымкентте облыстық клиникалық аурухананың базасында дәрігерлермен кездесті. Сол кезде Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев біраз түйткілді мәселелерді алға тартқанын білесіз. Соның ішінде жедел жәрдем проблемасы да айтылды. Сіздерде ше, бәрі жеткілікті ме?

– Иә, бізде негізі 4 бригада болу керек. Біреуі жетіспейді. Ол әсіресе қыс мезгілінде кешкі уақытта жедел жәрдем шақыртушылар көбейгенде сезіледі. Кейде жағдайы ауыр науқасты Шымкентке апару керек болғанда жетіспеушілік қатты байқалады. Шақыртуларға кешігіп барулар орын алып жатады. Дегенмен, бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады. 

– Цифрландыру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Көбінде тірлік интернетке тіреліп тұрғандай. Сіз толығымен интернетпен қамтылғанбыз дейсіз. Демек, қағазсыз жұмыс істеуге дайынсыздар ғой?

– Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруға дайынбыз. Жақында Денсаулық басқармасынан компьютерлер жеткізілмекші. Техникамыз түгелденсе, оны іске асыру қиын емес. Қағазсыз жұмысқа көшеміз. Тек оған интернеттің жылдамдығын арттыруымыз қажет. 

–  Сіз дәрігерсіз, емханаға басшылық жасап келе жатқаныңызға да біраз болғанға ұқсайды...

–  Жалпы тәжірибелі дәрігермін. Емхананы тоғыз жылдан бері басқарып келемін...

– Соңғы жылдары емдеу мекемесін бас дәрігер емес, медицина менеджері басқару керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен бұл пікірмен толықтай келісемін. Медицинадан хабары бар менеджердің басқарғаны дұрыс. Практикалық дәрігер емдеу ісімен айналысуы керек. Шаруашылық жұмыстарына, қызметкерлерді жалақымен қамтуға бас ауыртпауы тиіс. Болашақта солай болатын шығар. 

Қызметіңіз дәрігерлік ісіңізді жүргізуіңізге кедергі келтірмей ме?

– Уақыт жетпей жатады. Оны мойындауымыз керек. Бірақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеп келетіндер бар... 

Негізі ауруды емдегеннен бұрын оны жазылатына, ауырмайтынына сендіре білу керек. Барлық дерт мидан басталады. Яғни, сананы түзеу қажет. Сонда ғана науқасқа ем қонады. Жақсы дәрігердің сөзінің өзі ем. Мен әрдайым қызметкерлерімнен пациенттермен жылы қарым-қатынас орнатуын талап етемін. Рас, жаны ауырып жеткен науқас ауырлау сөздер айтуы мүмкін. Сабыр сақтау парыз. Өзіміз осы мамандықты таңдап алған соң ыстық-суығына да шыдауға тиіспіз.  

Гүлнәр Жүнісбекова: «Дәрігер жағдайы ауыр ауруларды емдеумен айналысуы тиіс»
Мырзахмет Жанәділов: «Отанды қорғау үшін балаларды емдеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу