Гүлнәр Жүнісбекова: «Дәрігер жағдайы ауыр ауруларды емдеумен айналысуы тиіс»

Oinet.kz 26-04-2018

Screenshot_1.jpg

Гүлнәр Жүнісбекова, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі ауруды басқару болып табылады. Пилоттық жоба 2013 жылдан бастап еліміздің екі аймағында қанатқақты режимде бас¬тау алған болатын. Биылдан бастап аурудың алдын алуға септігін тигізетін бағдарламаны түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осының нәтижесінде жаңа жоба 2019 жылдан бастап еліміздің барлық емханаларында енгізілетін болады. Бағдарламаның ерекшелігі туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, профессор Гүлнар Жүнісбековамен әңгімелесіп көрген едік. 

– Гүлнар Әлдешқызы, «Ауруды басқару бағдарламасы» әзірге қазақстандықтарға таңсық болып тұр.  Сондықтан оның мәнісіне  тоқталып өтсеңіз.

– Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда әлем бойынша жүрек, қан-тамыр аурулары, қант диабеті  өлім-жітімнің басым бөлігін құрап отыр. Салауатты өмір салтын ұстанбаудан, дұрыс тамақтанбаудан туындайтын сырқаттармен күресудің бірден бір жолы – аурудың алдын алу. Бағдарламаның негізі мақсаты да осы. Жоба әлемнің 40 елінде енгізіліп, өз нәтижесін беруде. Мәселен, Канадада осы бағдарламаның енгізілуі өлім-жітімді 10 пайызға азайтуға мүм¬кіндік берді. Финляндияда  жүрек ақауынан өлім көрсеткіші өте жоғары болған. Бағдарлама іске асқаннан кейін 15 жылдың ішінде ешқандай препарат, дәрілердің көмегінсіз өлім көрсеткіші едәуір азайған. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда артериалдық гепертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті кеселдері өршіп тұр. Өлім-жітімге себеп болып отырған да осы аурулар. Бағдарламаны жүзеге асыра отырып біз де аталған ауру көрсеткіштерін төмендетуіміз керек. Жаңа жобаны енгізбес бұрын мамандар зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап көрді. 2013 жылы бағдарлама Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып, артериалды гипертензия, қант диабетіне шалдыққан, созылмалы жүрек ауруы бар 1200 науқасты қамтыған болатын. Көп ұзамай жоба жемісін бере бастады. Мәселен, жүрегінің ақауы бар науқастардың арасында денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға түскендердің саны 2 есеге азайған. Артериалды гипертензияға шалдыққандардың 75 пайызының қан қысымы қалпына түскен. Қант диабетіне шалдыққандардың 65 пайызының анализ көрсеткіштері реттелген. Міне, осындай оң нәтижелер ескеріліп, ол 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасына енгізілді.

– Қанатқақты жоба адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыруға қаншалықты үлес қоспақ?

– Біздің жоба арқылы тұрғындарға үйреткіміз келгені осы қағида. Жауапкершіліктің барлығын дәрігерге артып қоймай әр адам денсаулығын өзі қадағаласа нұр үстіне нұр болар еді.  Жоба аясында созылмалы ауруы бар науқастармен мульти¬дисциплинарлық команда бірге жұ¬мыс істейді. Оның құрамына терапевтпен қатар профильді дәрігер, мейірбике, психолог, саламатты өмір салтын қалып¬тастыру орталығының маманы, әлеуметтік қызметкер кіреді. Маман¬дар науқаспен жүйелі қа¬рым-қатынас орнатып, өз саласы бойынша кеңес береді, оның жағдайын бақылап отырады. Әрі науқасқа оның ауруы туралы, қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Жағдайын асқындырмаудың амалдарын үйретеді. Осылайша, өз ауруы туралы толық мәлімет алған науқас өзін өзі қадағалап, оны арнайы күнделікке жазып отырады. Әрі дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті тексерулерден өтіп тұрады. Бұл адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ дәрігерлердің мойнынан біраз жүк жеңілдейді. Яғни дәрігерлер тек асқынған, жағдайы ауыр, шұғыл көмекке мұқтаж ауруларды емдеумен ғана айналысатын болады.

– Жобаны түсіндіру жұмыстарының Оңтүстіктен бастау алуының өзіндік себебі бар шығар?

– Әрине. Оңтүстікте халықтың көп қоныстанғанына қарамастан облыста медицина саласы жақсы дамыған. Емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етліген, озық тәжірибелі мамандар жеткілікті. Сондықтан Оңтүстік жаңа жобаны жүзеге асыруға дайын деп есептеймін. Шымкентке жасаған екі күндік сапар барысында медицина мекемелерінің басшыларымен қатар мейірбике, психолог, әлеуметтік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оларға бағдарламаға қатысатын науқастармен жұмыс істеу әдістерін үйреттік. 

– Бағдарламадан қандай нәтиже күтеміз?

– Тиімділігі дәлелденген бағдарламаның арқасында ең бірінші кезекте созылмалы ауруларға шалдыққан науқастардың санын азайтып, өлім-жітімді төмендетуді көздеп отырмыз. Екіншіден, Қазақстан тұрғындарының орташа өмір сүру жасын ұзарту. Қазіргі таңда ол 72-ні құраса, алдағы 80 жасқа дейін ұзарту күтілуде.

Сұқбаттасқан Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Біржан Байтуов: «Әркім алдымен өзін, одан соң отбасын түзесе, қоғам түзелер еді»
Талхат Есжанов: «Аз қимылдағанның ауруы көп болады»

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×