Жанат Испаева: «Ауылда аллергиямен ауыратындар аз»

Oinet.kz 16-05-2018 791

Screenshot_1.jpg

Жанат Испаева, Қазақ  ұлттық медицина университетінің аллергология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор

–  Жанат Бақытқызы, сіз Аллергологтар мен клиникалық иммунологтар қауымдастығы қоғамдық ұйымының президентісіз. Бұл бірлестік немен айналысады? Оқырманға түсініктірек болуы үшін тарқатыңқырап айтсаңыз...

– Аллергологтар мен клиникалық иммунологтар қауымдастығының негізі 2013 жылы қаланған.  Бірлестіктің негізгі мақсаты – еліміздегі аллергологияның деңгейін көтеріп, халықаралық стандарттарға сай ету. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестігіміз Еуропалық Аллергологтар және клиникалық иммунологтар академиясының (ЕААСІ) мүшесі.  Мұны бірлестіктің  жетістігі деп білемін. Себебі ол ұйымға әлемнің 52 елі ғана енген. Біз қаншама дамыған елдерден аллергология саласында озық екенімізіді дәлелдедік.  Сондай-ақ , 2014 жылдан бастап республиканың барлық облыстарында бөлімшелерімізді аштық.  Бүгінде Оңтүстік Қазақстандағы аллергоорталықтың  ашылуына 40 жыл толуына орай біздің  қоғамдық бірлестіктің бөлімшесі «АллергоЮг»-тің  ұйымдастыруымен  «Аллергологияның және пульмонологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын  өткізіп отыр. 

Бүгін маған бір журналист келіп «Не себепті Мәскеуден, Өзбекстаннан мамандарды шақырдыңыздар? Олар біздің аллергологтарға  не үйретеді? Біздің мамандардың білімінің  төмен екеннің көрінісі ме?»,- деген сынды сауалдар қойды. Ғылими-конференцияның мақсаты – тәжірибе алмасып, жұмысымызды жетілдіру. Біздің білетінімізді олар білмейді. Олардың кейбір медициналық жаңалықтарын біз жіті түсінбеуіміз мүмкін. Медицина – үздіксіз дамитын күрделі жүйе. Егер сіз білікті дәрігер атанғыңыз келсе онда күн сайын жаңа нәрселерді үйренуіңізге тура келеді.  Сондықтан біздің еліміздегі аллергологтардың білім деңгейін көтеру үшін біз кез-келген тәсілдерге жүгінеміз. Біздің міндетіміз – XXI ғасыр індетіне айналған аллергияны жеңу. Ал індетке айналған бұл дертті жеңуге білім, тәжірибе және зерттеулер қажет екенін ұмытпаған жөн. 

–  Өзіңіз айтып өткен (ЕААСІ) Еуропалық Аллергологтар және клиникалық иммунологтар академиясының мүшесі болу бізге қандай мүмкіндіктер береді? Ол ұйымға мүше болып біз неден ұтамыз?

– Әлем мамандары қазақтардың генетикасы таза, өте дана халық екенін әлдеқашан  мойындаған. Мен қай жерде жүрсем де  қазақ болып туылғанымды мақтанышпен айтамын. Елімнің патриоты болғандықтан  біздің дәрігерлердің еуропалық ұйымға мүше болғанын қатты қаладым.  Еуропа елдеріне барып, тәжірибе алмасып, озық технологияларды көру бізге маңызды. Тек естіп қана емес, оны көзбен көріп, ғылыми-конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, әлемде медицина саласында қандай да бір жаңалық пайда болса ұйымның мамандары келіп біздің дәрігерлерге үйрететін болады. Айта кетейік, елімізде EAACI президенті, профессор Nikolaos G, Халықаралық молекулярлы аллергология және иммунология университетінің президенті, профессор Рудольф Валентаның, Халықаралық молекулярлы аллергология және иммунология университетінің вице-президенті, профессор Виктория Гарибтің қатысуымен аллергологтар және клиникалық иммунологтардың үздіксіз съездері өткізіліп тұрады. Жиын  аллергология саласындағы өзекті мәселелерді халықаралық дәрежеде шешуге, кейбір мәселелер төңірегінде ұсыныс білдіруге мүмкіндік береді. Негізінде  съезд  аллергология диагностикасының теориялық және практикалық негіздерін зерттеуге арналған. Қатысушылар аллергияның заманауи диагностикасының аспектілері және алынған білімдерін олардың клиникалық тәжірибесіне интеграциялау мүмкіндігі туралы түсінік алады. Шындығында ұйымға мүше болудың маңызы өте зор. Аталмыш ұйымға мүше болу кез-келген елдегі дәрігерлердің арманы деп білемін.

– Бүгінде елімізде аллерголог мамандардың тапшылығы байқалады. Мұның басты себебі неде? Жыл сайын медицина факультетін бітіретін түлектерді есепке алсақ, маманның жетіспеуі деген түсінік болмауы тиіс емес пе?

– Сөздің шыны керек, елімізде аллерголог мамандардың тапшылығы байқалады. Өзім жоғарғы оқу орнында сабақ бергендіктен көп жайыттардан хабарым бар. Біріншіден аллергологтар аз емес, тек мемлекеттік меншіктегі ауруханада жұмыс істеуден бас тартып отырған жас дәрігерлердің саны көбеюде.  Жас дәрігерлер қазір ізденімпаз, тәжірибесі аз болғанына қарамастан білікті дәрігерлер жетерлік. Тек сол дәрігерлеріміз жеке клиникаларға кетіп қалуда. Неге десеңіз, оларға әсер ететін ең бірінші фактор – айлықтың аз болуы. Бүгінде жас мамандардың айлығы 60 мың теңгені құрайды. Дәрігерлер мемлкеттік ауруханаларда аз уақыт істеп көріп, айлығы жетпегендіктен жоғары жалақы ұсынған жеке клиникаларға кетіп қалып жатыр. Әрине, олардың бұл әрекетіне ренжуге болмайды.  Себебі қазір дағдарыс заманында 60 мың айлыққа күн көру өте қиын. Тіпті, жоғары санатты дәрігер менің айлығым да көп емес. Шет елдерде дәрігерлердің айлығы өте жоғары.  Негізі оларда егер жоғары санатты дәрігер болсаңыз, онда сіздің жалақыңыз министрдің жалақысынан да жоғары болып келеді. Елдегі ең бай-бақуатты адамдар дәрігер саналады.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 220 аллерголог жұмыс істейді. Бұл статистиканың тұрғанына бірнеше жыл болды. Яғни, дәрігерлердің саны артқан жоқ. Егер дәрігерлердің айлығын көбейтіп, қолдау көрсетпесе бұл көрсеткіш азаяды деп ойлаймын. 

– Аллергияны XXI ғасыр індеті деп те айтады. Ғасыр індеті қалай емделеді? 

– Біріншіден, адамға аллергия беретін заттар мен факторларды жою керек. Екіншіден, аллергия тудыратын заттарды анықтап, оны аллергендермен емдейміз. Бұны арнайы аллергеннің иммунотерапеясы деп атайды. Бұл емді адам аллергиямен ауырмай тұрғанда, қалыпты жағдайда қабылдайды. Негізі ауру асқынған кезде аллергияны емдейтін көп дәрілер бар. Ең жиі қолданатын дәрілер «антигистаминдік топ» деп аталады. Есекжем, атопиялық дерматит, тағы да басқа жағдайларда, теріде қышу пайда болғанда біз көбінесе антигистаминдік бірінші топты дәрілерді пайдаланамыз. Яғни, тавегил, супрастин, фенистил, диазолин, псилобальзам деген сияқты түрлерлі бар.

Тыныс жолдарында аллергия пайда болғанда, мысалы, түшкіру, көзден, мұрыннан су ағып, көз қышығында екінші, үшінші топтық антигистаминдік дәрілер пайдаланылады. Оған цетиризин, лоратадин, дезлоратадин, фексофенадин деген дәрілер жатады.

– Қазір көп адамның шаң-тозаңнан аллергиясы бар. Жалпы бұған қандай ем бар?

– Шаң-тозаңнан болатын аллергияны «поллиноз» деп атайды. Поллинозбен қазір екінің бірі ауырады. Мысалы, жусан иісін қазақтар жақсы көреді. Ауылдарына бара қалса, жусан иіскеп жатады. Ал сол ең күшті аллергия беретін шөп. Бірақ, ауылдық жерде аллергиялық аурулар сирек кездеседі. Мысалы, Нарынқолдың тұрғындары көбінесе жусаннан аллергия болмайды. Ал Нарынқолға бұрын сырттан барғандарға жусан аллергия беріп, әбден қиналады.

Бұған ең жақсы ем, аллергияның себебін анықтап, сол бойынша емдеу. Оның себебін іздеу үшін біз екі әдіс пайдаланамыз. Біріншісі, терінің астына сынама жасаймыз. Бұл ең сенімді әдіс. Бірақ кейбір ауруларға сынама жасай алмаймыз. Өйткені, жыл бойы аллегриямен ауыратындар бар. Сондықтан біз одан қан алу арқылы аллегриясын анықтаймыз. Бұл – екінші әдіс. Қан алғаннан кейін біз «ИгЕ-антителаны» анықтаймыз.

Негізі аллергияны біздің қалада емдеу өте қиын. Өйткені, анықтайтын түрлері өте көп. Бүкіл дүние жүзінде де анықтайтын көп түрі бар. Бірақ, 80-90 пайызы сәйкес келетін иммуноферменттің жабық әдісі. Дегенмен кейінгісінің бағасы да қымбат.

– Сіз өміріңізді медицинаға арнаған адамсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз? 

– Бүгінде медицина саласында жүргеніме 30 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында көптеген істер атқарылды. Сол еңбегімнің арқасында «Қазақстан Республикасы денсаулық сактау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің Құрмет грамотасымен және ҚазҰМУ-дің 80 жылдығына арналған күміс медальмен марапатталдым. Еңбегіңнің бағаланған сәтінде медицинаға бекер келмегеніңді түсінесің. 

Менің әке-шешем өте білімді адамдардың қатарынан.  Сондықтан, медицинаға келуіме ата-анамның  ықпалы басым  болды. Қыздарының блімді дәрігер болуын қатты қалайтын. Сол кісілердің арқасында көп оқып, ізденімпаз болып өстім. Анам Шамшия Қалжанова – «Калжан Ахун» кітабының авторы және философия, астрономия, поэзия, әдебиет, медицина ғылымдарының ғалымы Қалжан Ахунның немересі. Ал, аллергологияға келуіме мұғалім, Қазақстан Республикасындағы бірінші бала аллергологы, профессор Валентина Лебедеваның орны ерекше дер едім.

Сұхбаттасқан Дана Жұмабекқызы

Дана Бишимбаева: «Рак молочной железы молодеет»
Марат Жыланбаев: «Жүгіру де дәрі секілді, дұрыс қолданбасаң зиян шегесің»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу