Марат Жыланбаев: «Жүгіру де дәрі секілді, дұрыс қолданбасаң зиян шегесің»

Oinet.kz 16-05-2018 1149

Screenshot_2.jpg

Марат Жыланбаев, марафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері

– Марат Төлегенұлы, сіз әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына 7 мәрте енген спортшысыз, әлемнің ең үлкен шөлдерінен жүгіріп өткен жалғыз адамсыз.  Айтыңызшы, жүгіруге неге сонша құмарттыңыз және сізді осындай жетісікке жетелеген қандай алып күш?

– Егер мен марафоншы болмасам суретші болар едім. Себебі бала күнімде қолыма қалам алып, сурет салғанды ұнататынмын. Тағдырдың жазуымен әке-шешемнен ерте айырылдым. Бірінші сыныптан бастап Қарағанындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Жат жер, бөтен ортаға үйреніскенге дейін күйзелісте жүрдім. Сонда маған сурет өнері көмектесті. Ең артқы орынға отырып алып, сурет салатынмын, мені сол үшін қолымнан ұратын. Егер дұрыс шықпаса, жақсы болып шыққанға дейін сала беретінмін, күніне 8 сағаттап отыратынмын. Туындыларым өзімнің де, өзгелердің де көңілінен шығып жүрді. Тіпті бертін келе картиналарымды Қазақстан түгіл шетелге де сатылымға шығарғанмын. Тума талантымнан бас тартып, жүгіруге бет бұрғанымның бірден бір себебі – намыс. Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түскім келген еді. Алайда жатақханалары болмағасын, мені қабылдамады. Сосын құжаттарымды Қарағандыдағы дене шынықтыру техникумына тапсырдым. Техникумда да суретті тастаған жоқпын. Бірде менің марафонға қатысуым керек болды. Жаттықтырушым менің жүгіруге құлқымның жоқтығын байқап «Сен әлсізсің. Басқа достарың секілді, жақында сен де жаттығу залынан кетесің» деді. Осы сөздер менің намысымды жанып, қолымнан не келетінін бәріне дәлелдегім келді. Кейіннен техникумда да, әскерде де жүгіруді әдетке айналдырдым. Осылайша Екібастұздан «Әуесқой жүгірушілер клубын» аштым.  Көп күш жұмсап, үздіксіз жаттығу әдісін ойлап таптым. 

– Сіздің жүгіру әдісіңізді кезінде мойындамағандар көп болды ғой...

– Мен жүгірудің қашықтығын күн сайын қосып отырып, жаттықтым. Атақты хирург Николай Амосовтың кітабында дененің түрлі бұлшық еттеріне 10 реттен емес, 100 рет жаттығу жасау керектігі жазылған. Сол кітаптан бірнеше жаттығуды, сосын өзімнің жаттығуларымды қосып, олардың жалпы санын 1000-ға дейін жеткіздім. Кейіннен тағы  2000-3000-5000 реттен қоса бастадым. Тамыр соғысын арттыру үшін 100 рет жүрелеп отырамын. 10-шы реттен кейін жылдамдықты үдетемін. Қиын болса да жаттығулардан кейін өзімді жеңіл сезіндім. Алайда танымал марафоншылар, мықты бапкерлердің барлығы «мұның ақылға қонымсыз» деп, спортшы мұндай жаттығулардың көтере алмайтынын айтты. Мені «біртүрлі адам» санағандар да болды. Сонда да әдістемемнің дұрыс екенін, оның жақсы жұмыс жасайтынын дәлелдедім. Себебі мен ешқашан жарақат алған адам емеспін. Ал марафоншылар көп жағдайда бірінші кезекте тізелерін жарақаттайды. 

– Шөл даланы бағындыру идеясы қайдан келді?

– Үлкен спортқа келгеніме 1 жыл болғанда мен классикалық жүгіруден 3 рет әлемдік рекорд орнатқан едім. Бірде қолыма Робин Дэвидсонның «Саяхаттар аяқталмайды» деген кітабы түсіп қалды. Кітап авторы үлкен Виктория шөлінен жүгіріп өткен әйел. Оның оқиғасына қаныққаннан кейін шөлде жүгіруге қызығушылығым оянды. Шөл даланы бағындырамын деген мақсат қойдым. Арманға жету оңай емес. Мен Қарақұмды кесіп өтпестен бұрын күні-түні жаттығып, көп іздендім. Шөл даланың «мінезі» туралы, ондағы улы жәндіктер туралы кітаптардан оқыдым. Ашхабадтағы шөл институтының ғалымдармен сөйлестім. Сөйтіп 1992 жылы тәуекелге бел буып, адам аяғы бара бермейтін Қарақұмға аттандым. Рекордымды дәлелдеу үшін жүгіріп өткен жерлерімнің атын қағазға жазып, тау-тастың арасына жасырып кеттім. Рекордтар кітабына тіркеушілер бір айдан кейін артымнан келіп, барлығын тексерді. Нәтижесінде әлемде Қарақұм шөлін 20 күнде 1200 шақырым жүгіріп өткен адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ендім. Дәл осы оқиғадан кейін маған мотивация берген Робин Дэвидсонмен кездестім. Бір жылдан кейін Сахара, Үлкен Виктория, 1994 жылы Невада шөлінен жүгіріп өттім. Жер бетіндегі жүгірген кезде су ішпейтін жалғыз марафоншымын. Американдық атлет Джозеф Оакс менің су ішпейтінімді естігенде «Сен не, түйемісің?» деп таңғалғаны бар еді. Содан кейін батыстағылар мені «кэмэл», яғни «түйе» деп атап кетті.

– Тіршіліктің нышаны жоқ шөлде күндіз-түні жалғыз жүру қиын болған шығар? Басыңыздан түрлі қызық жағдайлар өткен болар...

– Ең қиыны Қарақұмда болды. Себебі жалғыз едім. Суды өзіңмен бірге арқалап жүруге тура келді. Құдықтардың ара қашықтығы 100 шақырымға дейін созылып жатыр. Сусап құдыққа әрең жеткенде кейбірінен мүлдем су шықпады. Енді бірінде тұзды су екен. Ал Сахарада мерт бола жаздадым. Ыстық күннен қорғану үшін аппақ киінген едім. Түнде айдың жарығында көлбеңдеп кетіп бара жатқасын бақташылар мені елес деп ойлап қалыпты.  Тіпті қорыққаннан иттері де үрмеген. Ал мен олардың сұлбасын  анық көріп тұрдым. Қорыққаннан олардың бірі маған қарай қару кезеді. Мен жанұшыра «Атпаңдар, мен адаммын!» деп айғайлай бердім. 

– Сіз ағзаңызды ыстыққа, суыққа, шөлге де үйреттіңіз. Жалпы дәрігерлер сіздің денсаулығыңыз туралы қандай пікірде?

– 90-шы жылдардың басында рекордтарды бірінен соң бірін жаңартып жүргенімде спорт дәрігерлері менің ағзамның функциясының қалай жұмыс істейтінін білгісі келіп, қызығушылық танытты. Тәжірибеден өткіземіз деп Мәскеуге де шақырған. Сол кезде жүгіруге арналған құрылғымен бір күн бойы жүгіргенім есімде. Қалыпты жағдайда 72 болатын тамыр соғысы тыныш кезде менде 36 болды. Ал қатты жүгірген кезде минутына 214 соққы көрсетті. Дәрігерлер мұндай тамыр соғысы қарапайым адамдар үшін аурудың белгісі болып табылатынын айтты. Және 6 еселенген жүрек запасы, өкпенің оттегіні максималды тұтыну көлемі 75 деген қорытынды шығарып берді. Бір сөзбен айтқанда ағзамның соншалықты төзімді екеніне көздері жетті. Ал мұның барлығы тек үздіксіз жаттығумен келетін нәтиже. 

– Жүгірудің денсаулыққа пайдасын сізден артық білетін адам жоқ шығар?

– Мен тек марафоншы емеспін. Жүгірудің қыр-сырын зерттеп, тәжірибеден өткізген адаммын. Білесіз бе, жүгіру дәрі секілді. Дәрі ауырған жеріңізді басады. Егер артық дозасын ішер болсаңыз, ол денсаулығыңызға қауіп төндіреді. Сол секілді адам дұрыс жүгіре білсе, бүкіл денсаулығын нығайтады. Ал жүгіру техникасын білмесе, денсаулығына зиян тигізіп алады. Марафонмен енді ғана айналысып жүргендер техниканы білмегендіктен көп жағдайда тізелерін жарақаттап алып жатады. Сондай-ақ адам дұрыс жүгірмесе жүрегіне салмақ түсіріп, омыртқасын бүлдіріп алуы мүмкін. Жалпы алғанда жүгіру тыныс алу жолдарын ашып, жүрек-қан тамырларын жақсартып, бұлшықеттерді нығайтады, буындарды қатайтады. Ең бастысы ыңғайлы формаға еніп, өзіңізді жеңіл сезінесіз. Егер адам 7 шақырым жүгірсе, оның қанында эндорфиндер пайда болады. Ал эндорфин шоколад жегендей рахат сезім қалдырады. Жүгірген кезде ешқандай диетаны ұстанудың қажеті жоқ. 

– Сонда марафоншылар қалай тамақтану қажет?

– Бір кездері еттен бас тартқан кездерім болған. Біраз жүргесін ақыры шыдай алмай етті қайта жеп кеттім. Ол кезде дене бітімім  ірілеу болатын. Күн сайын жүгіріп, жаттығулар жасайтын болғасын ағзама кемінде 8 мың калория қажет еді. Марафоншы негізінен құнары мол тамақ жеу керек. Кеңес дәуірінде балға араластырылған кепкен жүзім, өрік пен жаңғақтан құралған  «Паста Амосова» деген ботқа болатын. Спортшыларға нағыз қажет азық. Дегенмен ботқаны өзіммен бірге алып жүру ыңғайсыз болды. Кейіннен өзім кепкен жемістерден пісірілген батон ойлап таптым. Батонда жүзім, банан, өрік, жаңғақ, сұлы, күнжіт, мак секілді кептірілген 24 түрлі жемістер мен азық бар. Батон өзіңмен бірге алып жүруге қолайлы. Төгіліп қалады демейсің. Оның үстіне жеңіл, әрі ұзақ сақталады.  Аталған жемістер көміртегі мен ақуызға, кальций, фосфор, магний, калий, натрий, темірге бай. Сондай-ақ олардың құрамында цинк, йод, селен, мыс, молибден, хром, марганец, кремний, кобальт, фтор, ванадий, бор, күміс секілді элементтер бар. Олар адам ағзасын нығайтып, иммунитетін көтереді, жеңіл қорытылады. Бірақ марафоншыларға жеңіл элементтерге толы тағамдарды тұтынған абзал.   

– Бүгінде шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүрсіз. «Марафон» мектебі туралы айтып беріңізші...

– Қазір мектебімде мыңға жуық бала бар. Жүгіруді үйренуде. Олардың арасында шөл даланы жүгіріп өткендер де бар. Шәкірттерімнен спортқа деген қызығушылық, мақсатқа жетуге деген ұмтылысты байқаймын. Біз бүкіл  Қазақстанға дұрыс жүгіруді үйреткіміз келеді. Қазірдің өзінде мектеп ұйымдастырған марафондарға  балалардан бөлек шенеуніктер мен дәрігерлер де қатысып жүр. Әсіресе ақ халаттылардың жүгіргені көңілді көншітеді. Себебі аталған мамандық иелері осы арқылы жүгіруді насихаттап, халыққа өздері үлгі болып жүр. 

– «Әке көрген оқ жонар» дегендей, отбасыңызда барлығы салауатты өмір салтын ұстанатын шығар?

– Бір ұл, төрт қызым бар. Балаларыма кішкентайынан жүгіруді үйреткенмін. Алайда оларды қинап немесе спортпен айналыс деп мәжбүрлеген емеспін. Барлығы ұнаған істерімен айналысады. Ұлым кәсіпкер, қыздарым болса, шетінен өнерлі. Бірі – суретші, бірі – әнші, бірі – биші. Кенжетайым бес жасқа енді толады. Ұл-қыздарым спорттың соңына түспесе де мейілінше жиі жүгіріп тұрады. Мәселен, соңғы реет Балқаш маңындағы шөл даланы жүгіріп өтерде екі қызым да қатысқан болатын.   

– Планетадағы ең мықты адамның бірісіз. Әлемге өзін бір рет емес жеті рет мойындатқан жанның арманы жоқ шығар?

– Әлемді айналып шығамын деген арманым болған. Кезінде шетелден көптеген шақыртулар алдым. Бір әттеген-айы – қаржы таппай көптеген мүмкіншіліктен айырылып қалдым. Біраз есіктің табалдырығын тоздырдым. Алайда демеуші таба алмадым. Арманымнан қол үзген кезде психологиялық күйзеліске ұшырап, амнезияға шалдықтым. 17 жыл бойы мүлде жүгірмедім. Араға біраз жыл салып жігерімді қайта жинап, жаттықтырушы ретінде спортқа қайта келдім. Ендігі мақсатым – мектепте дене шынықтыру сабағына менің методикам бойынша жүгіруді енгізу. Тым болмаса бір айды оқушылар жүгіруге арнаса, салауатты өмір салтына бет бұрар еді.  

Сұхбаттасқан Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Жанат Испаева: «Ауылда аллергиямен ауыратындар аз»
Марат Пашимов: «Ірілендіру – уақыт талабы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу