Күлия Айдарбекова: «Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы!»

Oinet.kz 15-03-2020 1722

1c9e5499085683d800b38ee5bb6bba1f.jpg

Еңбек жолын журналистикадан бастап, облыстық басқармалардың басшысы қызметтерін атқарған, «Әкеге құрмет», «Анаға тағзым» кітаптарының авторы Күлия Айдарбекова қазақ қыздары жайлы кітап жазып жатыр. Мереке қарсаңында бүгінгі әйел затының мәртебесі жайлы Күлия апаймен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Күлия Смайылханқызы, біз сізді ең алдымен журналист ретінде танимыз. Жалпы, сіздің дәуіріңіздегі журналистика салыстырмалы түрде бүгінде қаншалықты өзгерген? 

– Мен Қазақ Ұлттық университетінің табалдырығын 17 жасымда аттадым. Үздік оқып, ата-анамызға салмақ салмау үшін студент кезімнен бастап газет-журналдарға мақала жазып, гонорар ала бастадым. Бізге ештеңе жеңіл жолмен келген жоқ, еңбекпен өстік. 22 жасымда университетті тәмамдаған соң, еңбек жолымды «Фосфор за Фосфор» көп тиражды салалық газетте бастадым. Одан кейін екі тілде шығатын  аудандық «Ильич жолы», «Путь Ильича» газетіне ауыстым. 1987 жылдан бастап арнайы шақыртумен атқару комитетіне жұмысқа келіп, әкімшілік жүйеге кірдім. Десек те, журналистиканы тастап кеткен жоқпын.

Біздің кезімізде жоғары оқу орнының журналистика факультетіне түсу қиын болса, бітірген соң арқалайтын жауапкершілік одан екі есе ауыр еді. Ұстаздарымыз: «Сен сын мақала жазғанда да, біреудің соңына шырақ алып түссең де, әбден барлығын жазып болған соң, мақалаңды бір күнге немесе 2-3 сағатқа қойып қой. Және електен өткіз. Бір сәт өзіңді сол адамның орнына қойып көр», дейтін. Мұны айтып отырған себебім, өкінішке орай, бүгінгі журналистеріміз өздерін бір секундқа да кейіпкердің орнына қоя алмайды. Біз осылайша қатыгез, бір-біріміздің жүрегімізді жаралағыш болып барамыз. Бір жақсы іс істесе, көкке көтеріп жібереміз де, ал сол кісі шалыс басса, жердің астына тығып жібереміз. Біреудің абыройын түсіруге біздің қандай құқығымыз бар? Ол кісінің балалары, үш жұрты, дос-жарандары бар емес пе?! Дәлелмен жұмыс істеу керек, бірақ ешкімнің абыройын аяққа таптамау керек деп ойлаймын. 

Қазір жаңалықтар жақсы істерді аз хабарлайды. Ал біреуді өлтіріп кетсе, біреу сотталып жатса, зорлап жатса тағы басқа дүниелерді көп береді. Барлығы рейтинг үшін ғой, бірақ соны көріп, естіген біздің балаларымыз қандай болып өседі? Кеудемізден жақсылык пен мейірімділік кетіп, негатив қаптап бара жатқан сыңайлы. 

Кімнің жағдайы мен ақшасы бар сол телеарна, газет ашып алатын заман болды. Ішінде грамматикалық та, стилистикалық та қателері толып жатқан қаншама гезеттерді көрдім. Осыдан біздің тіліміз қорланып жатыр деп есептеймін. Бірде қызметте жүргенімде жекеменшік газеттің иесі келіп тұр. «Сіз басшысыз, қызметкерлеріңізге мың дана газет жаздырып беріңіз», дейді. Ол өтінішпен келіп тұрған жоқ, әлгі жерде маған қысым көрсетіп тұр. Біздің газет пен телевидение иелері «мәдени рэкетирге» айналып бара жатыр.  Және «сөз құдыретін» төменге түсіріп жіберген қыз-жігіттерімізді аяймын. Бұрын біз адалдық пен әділдікке жұмыс істейтін болсақ, қазіргілер тапсырыс алады. Ондай журналистің ешқашан абыройы болмайды. Ол мамандықты сатпау керек. БАҚ құралдарының көп болғаны жақсы, бірақ атына заты сай болса деймін. Себебі, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беретін құрал біздің қолымызда. Егер жантүршігерлік жаңалықтармен оларды қорқыта беретін болсақ, біздің көзімізді шығаратын ұрпақ келеді. 

–  Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз? 

–  Кәсіподаққа келгелі бері ұжымдастарымызбен Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін қайта оқуды қолға алып отырмыз. Бұл біздің ұлы ақынның 175 жылдығына көрсеткен құрметіміз. Балаларым, немерелеріммен қосылып өлеңдерін жаттап жүрміз. Алты жасар немереммен 4 шығармасын жаттадық. 

–  Біршама уақыт «Отырар» кітапханасын басқардыңыз. Қазіргі таңда кітапқа, әдебиетке деген қызығушылық қандай деңгейде? Және адамдарды кітапқа тарту үшін қандай методика, әдіс-тәсілдерді қолдансақ болады? 

–  Интернет, түрлі мүмкіндіктер бар болғанымен мен шығарманы тек кітаптан ғана оқимын. Алдымен кітаптың иісін иіскеймін, ыстық алақаныма түсу керек, ол кітапты басыма жастанып ұйықтап қалуым керек. Мен оқитын кітабымды осылайша сезініп, сіңіруім қажет. Балаларым да менің істегенімді қайталайды. Бала-бақшадан, мектептен келе салысымен немерелерім «апа, қашан кітап оқимыз?» деп алдымнан жүгіріп шығады. 

Оқымайтын адамдарға кітап оқырмандарының саны аздай көрінеді. Себебі, олар кітапханаға, кітап дүкендеріне бармайды. Кітап туралы пікір алмаспайды. Сосын қате пікір  орын алады Қазір кітап оқымайды деп айта береміз. Егер мен оқымасам, менің балаларым да оқымайды. Адамдарды кітап оқуға баулу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеп, өзіміз оқуымыз керек. Олар бізден үлгі алады. Мәселен, мен жақында Хемингуэйді оқып жатыр едім, үлкен немерем жұмыс үстелімнен көріп, қызығушылығы оянды. Сөйтіп, үйіне алып кетті. Кейде немерелерімнен талап етемін. Амангелді Еренғайыптың «Ұлы қасиетті жерлер» деген діни кітап бар еді. Екінші немереме «Сенің әжең қажылыққа барған. Қандай қалаларға барғанын білмесең ұят болады» деп қолына ұстатып жібердім. 

–  Әйел затының жұмысбасты болуына көзқарасыңыз қандай? Мемлекеттік қызметте жүрген әпкелеріміз таңнан түн жарымына дейін сол әкімшіліктерде отырады. Тіпті, кейбірінің жұмыс деп жүріп ана, әйел бақытына бөленуге уақыттары жоқ. Неге? 

–  «Әйел қырық шырақты» дейді ғой, сол үшін қырық шамның барлығы да жанып тұру керек. Қызметтік дәуір – уақытша. Бүгін қажет болғанымен, ертең сенің жасың келгенде керек емес болып қаласың. Әйелдің ғұмырында барлығы шектеулі. Қыздық дәуреннің өз уақыты бар, ана болу бақыты 40 жасқа дейін деген секілді. Әйел затының негізгі миссиясы – ана болу. Барлығына үлгеру керек. Қызмет пен отбасы таңдауға түсетін дүние емес. «Мен қызмет істеп жүріп, күйеуге тимей қалдым. Балалы бола алмадым», деу дұрыс емес. Ол сенің мәселең. Себебі, сен бір дүниені екінші нәрсемен шатастырып, алмастырдың. Ертең қартайғанда аузыңа су тамызып, ақтық сапарға шығарып салып, табытыңды көтеретін – перзенттерің. Ұжымдастарың, әріптестерің сені жұмыс орныңнан шығарып салмайды ғой. Осыны есте ұстау керек. Әйел болуға, ана болуға уақыт таппасаң, ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ. 

–  Әйел затына билік жараса ма? 

–  Бізде бұрын әйел билік жасаған, билеп те келе жатыр, билей де бермек! Бірақ менмендікпен емес, сыйлай, түсінісе басқару керек. Әжелеріміздің өзі бір әулетті билеп отырған жоқ па? Бірақ олар «мен осы әулеттің би-кемпірімін» демейді. Ақыл мен даналық арқылы барлығын шешіп отырады. Мен өз басым 20 жылдан астам билікте жүрдім. Мүмкіндік болғанша, қарапайым болуға тырыстым. Себебі, әйел басшыға ер - азаматтың бағынуы қиыншылық тудырған кездер де болды. Қазір отырып алып «қатын билеген заман» деп айтып жатады ғой. Ал мықты болса, әйелге билетпей, неге билікті қолына алмайды?

–  Мәдениет саласын басқарғанда нені басшылыққа ұстандыңыз? Бұл салада соңғы кездері басшылықтың құтаймай жатқаны туралы не айтасыз және қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

–  Алла бақ берсе, қызметке барлық адам келе алады. Ол ақылдыға да, ақымаққа да қонады. Егер де ақымаққа бақ қонса, ол ұзақ тұрады деп айта алмаймын. Егер билікке қабілетсіз адам келсе, оның артынан ешқандай із қалмайды. Адам билікке келер кезде, кіретін есігін ғана емес, шығар жолын да ойлауы тиіс. Билік деген осы екен деп, бір бұйрықты беріп, түскі асқа барып, мызғып құр келіп, құр кету абырой әпермейді. Ертең ол дәурен біткен кезде қалай есеп беретінін күніге ойлауы керек. Егер сенің істеп жатқан ісіңнен еш нәтиже шықпаса орынды босату қажет. Онда тұрған ештеңе жоқ. 

Ең бірінші – халыққа қызмет етуді ұмытпаған жөн. Өзінен жоғары басшыларға емес, халыққа есеп беруі тиіс. Және адам өз қызметін сүю керек. Басшы – мәдениеттің жаршысы болса, тың дүниелерді қолға алса ол орнында тұрақтайды. Егер де басқарма басшысы мәдениетті сырттан бақылап отырса, оның жұмысы жүрмейді. Ол ішіне кіріп кетіп, сезініп, нәтижеге жұмыс істеу керек. 

–   Бүгінгі қазақ қыздары қандай? Өзіңіздің сіңлілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

–  Қазіргі қазақ қыздары бұрыңғыдан да сұлу. Бірақ олар өз қадірі мен бағасын білмей жүр деп ойлаймын. Мен қазір «Қазақ қызы» деген кітапты бастадым. Бұл қадамыма бір оқиға түрткі болды. Бірде Нұр-Сұлтандағы бір жиында әріптестерімізбен отырғанбыз. Есік жақтан кавказ ұлтының азаматы қазақ қызын жетектеп, алып келді. Артынша топырлаған қарындары тізеге түсіп, сақал-мұрттары өсіп кеткен өзге ұлттың азаматтары кірді. Бәрінің жанында бір-бір қара көз сіңлілерім. Ішім өртеніп, көзіме жас келді. Мәселенің мән жайын зерттедім. Сәті түскенде, тіпті кавказдық еркектен де сұрадым. Кемпір болған мен жиіркенетін сол азаматқа қазақ қызының сатылғанын біліп, жүрегім қан жылады. Біз қалайша мұндай күйге түстік? Күйініштен қолыма қалам алып, барлық ішімдегіні қағазға түсірдім. Бірақ бірден жыртып тастадым. Неге дейсіз бе? Ертең осы мақала жарық көргеннен кейін, біздің тарихта ХХІ ғасырдың басында қазақ қыздары жезөкше болған деген ат қалар еді. Осы себептен мен ашумен жазған дүниені құртып, орнына қазақ қыздарының кешегі мен бүгінін сабақтастырып, керемет кітап жазып шығамын деп шештім.

Мен қазақ қыздарының баяғыдай қол жетпестей болып жүргенін қалаймын. Бұрын біздің кезімізде таныса салып, қол ұстасып кету жоқ еді. Хат жазып, жігіттер бір көруге, сөйлесуге зәру болып жүретін -ді. Қазір барлығы да қолжетімді болып қалды. Мысалы, қыздар анасына келіп «Анашым» десе, қазіргі мамалар «қанша ақша керек?» дегенмен шектеледі. Ол неге жаратып жатқанымен жұмысы жоқ. Міне, әкенің еркелігін көрмеген, анасымен сырласпаған, тәрбиені толық ала алмаған қыздарымыз қателікке бой алдырып жатады. 

–  Қазіргі таңда көпбалалы аналарымыздың әкімшіліктерге барып, алаңдарға шығып, митингілер ұйымдастырып жүргеніне көзқарасыңыз қандай? Бұл қазақ аналарына жарасатын қылық па? 

– Бұл істің де артында бір адам тұрса керек. Баласын далаға, дәретханаға тастаған безбүйрек ананы көрсеттік. Енді көшеге шығарып, ұрандатып жатырмыз. Айналайын-ау, біз де бір чемодан киіммен пәтерден-пәтерге көшіп жүргенбіз. Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы! Қазіргі аналарымыздың көшеге шығып, кеудесін ұрғылап «мен көпбалалы анамын» дегені дұрыс емес. 4-7 бала – көпбалалы дегенге жатпайды. Қазақ кесірім мен елдің көзі тимесін деп баланың санын ешуақытта айтпаған. Құдай перзенттен айырылып қалудан сақтасын. Ана деген баланың тілеуін тілеп, шүкіршілік етіп, тыныш қана жүретін жан. Еңбек етсең, міндетті түрде берекеті болады. Мәселен, мен базардан көкөніс, жеміс-жидек сатып алуға шамам жетеді. Бірақ, кішкентай ғана аулама бір нәрселерді егіп, қыс қамын жазда ойлап жүремін. Кезінде біздің аналарымыз 5 соммен - ақ күн көрген. Қазіргі аналарда тәубе жоқ. Өзі үшін туған балаларын мемлекетке міндет қылған аналардан қорқамын. Құдай бізді кешірсін деп бес уақыт намазымда дұға айтып отырамын. 

Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Әлия Құдайбергенова: «Әлеуметтік бағдарламаларға төрт құбыласы тең адам келмейді»
Анар Жаппарқұлова: «Баламды мен тәрбиелемесем, көше тәрбиелейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу