Ардақ Исатаева, дәстүрлі әнші: «Ақшамен атақ алғым келмейді»

Oinet.kz 16-04-2019 1679

Screenshot_34.jpg

-14 жылдан бері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияда ұстаздық етіп келесіз. Бұрынғы жылдардағы студенттер мен қазіргінің студенттерінде айырмашылық көп пе?

-Әрине, заманның өзгеруіне байланысты жастар да өзгереді. Біздің замандастар ән десе ішкен асын жерге қоятын. Жинала қалсақ бір әннің тарихын айтып, оның орындалуын  зерттеп жүруші едік. Бізге дәріс берген Бекболат Тілеухан ағамыз студенттерге міндетті түрде қазақтың маңдайалды әншілерінің үнтастапаларын тыңдатқызатын. «Үнтаспаны тыңдамай сендер әнші бола алмайсыңдар» дейтін. Өйткені нағыз әншілік, жыршылық мектебін сол Ғарифолла, Қали, Манарбек, Жүсіпбек ағаларымыздан үйренуге болады.  Ал қазіргі студенттер үнтаспаны тыңдағылары келмейді. Оқытушылардың орындап бергенін қалайды. Мұны олардың өнерге деген салғырттығы деуге болатын шығар. Шәкірттердің көкейінде орындалу мәнері қалай, әннің тарихы қандай, ол әнді кімдер айтқан деген мәселелерге көз жұма қарап, айтсам болды ғой деген ой тұрғандай көрінеді. Олар біз секілді сан ғасырдан бері аманат болып келген дәстүрлі әндерімізге қиянат жасамайық деген оймен жүрмейді. Алайда жастарға да кінә артуға болмайды. Себебі бүгінгі халықтың талғамы өзгерген. Дәстүрлі әнге сұраныс білдіре бермейді. Студенттер де жақсы өмір сүріп, өз нанын өздері тауып жегісі келеді. Сол себепті жастар эстраданы қатар алып жүруге мәжбүр. Өйткені барған жерде халық дәстүрлі емес, эстраданың әнін талап етіп жатады.   

- Консерваторияның дәстүрлі ән бөлімін тәмамдаған жастар жұмысқа қайда барады?

-Өкінішке қарай түлектеріміз оқуын аяқтаған соң жұмыс таппай сенделіп қалады. Филармонияларда бос орындар мүлдем жоқ. Ал аудан, ауылдарда клубтың құрығаны қай заман. Оның үстіне бізде зейнетке шықса да, жасы келсе де орнын босатпай отырып алатындар бар. Мұның өзі елдегі жұмыссыздықтың өсуіне ыпал етіп отыр. Дипломды қолға алғаннан кейін жас мамандар амалдың жоқтығынан жоғарыда айтқанымдай эстадалық бір-екі ән жаздырып алып, той жағалап кетеді. Дәстүрлі ән мектебінен сусындап өскен балалар осылайша эстраданың, тойдың ығында қалып қойып жатыр. Бұрындары консеваторияны бітірген әр түлекке үкімет жұмыс тауып беретін. «Сен мына қалаға барасың, сен мына филармонияға барасың» деп  өздері жолдамамен жіберетін. Ал қазір үкімет жас өнерпаздарға «қайда барсаң онда бар» деген сыңай танытуда.   

-«Дәстүрлі әншілердің концертіне адам жинау қиын» депсіз бір сөзіңізде. Бұған әншінің өзі кінәлі ме әлде дәстүрлі әнді тыңдамайтын халық айыпты ма?

-Жыл сайын дәстүрлі әндерді дәріптеп жүрген әншілер  Ақан сері, Жаяу Мұсаның шығармашылығына арнап концерт ұйымдастырып жатамыз. Сонда концертке адам жинау үшін әрқайсымыз 10-20 билетті бөліп алып, елге өзіміз таратамыз. Кассадан билетті іздеп алып кететіндер өте сирек. Бір сөзбен айтқанда халқымыздың төл өнерін тамашалауға қазақтарды  «зорлап» шақырып жатқан жайымыз бар. Концерттен соң жалға алынған залдың қаражатын әупірімдеп жүріп шығарып аламыз. Өнерпаздарға гонорар атымен төленбейді. Бізге қарағанда эстрада жұлдыздарының жағдайы әлдеқайда керемет. Лық толы көрерменнің алдында бір-екі фонограммасын айтып, қалтасына 10-15 мың долларды салып кетеді. Шынымды айтсам өз басым концерттерге шақыра қалса «менің ставкам пәленше доллар» деп айтып көрмеппін. Дәстүрлі әншілердің қай-қайсысы болсын 10 мың долларды сұрап, тіпті ұстап көрмеген шығар. Өйткені біздің бойымызда қазаққа тән ұяңдық, жасқаншақтық бар. Егер пәлен мың деп ақша сұрасақ төл өнерімізге қиянат жасап жатқандай көрінеді.  Бұл сөздерді айтып эстрада әншілерінің тапқан табыстарын қызғанудан аулақпын. Тек өнерге деген әділдік қайда деп шырылдаймын. Мұның барлығына халықты кінәлауға болмайды. Себебі елдің бүйрегі бүгінде эстрадаға көбірек бұрылып отыр. Оған себепші үкіметтің өзі. Өйткені мемлекет тарапынан дәстүрлі әнге, әншілерге ешқандай қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Тіпті дәстүрлі әнді насихаттайтын телеарналарда бірде-бір бағдарлама жоқ. Тек «Қазақстан» ұлттық арнасында «Телқоңыр» деген бағдарлама жүріп жатыр.  Оның өзінде келген қонақтар бір-бірімен айтысып, тартысып жатады. Олар өзара дауласып қазақ өнерін өсіреді дегенге сенбеймін. Керісінше, эстрада жұлдыздарын экраннан сағаттап көрсете берсе, дәріптеп, түрлі шоуларға қатыстыра берсе оларды екі жасар баладан тоқсандағы қарияларға дейін танып, әндерін жаттап  алмай ма?! Ал бағдарламаларға, концерттерге шақырылмаса дәстүрлі әншілерді кім танысын? Төл өнерімізге келгенде әйтеуір салғырттық танытып жатамыз. Орыстардың қысымынан қысылмай шыққан ән, жырымыздың тәуелсіздік таңында осындай «бейшара» күйге түсіп отырғанына кейде жаным ауырады.   

-Қазақстанның  Мәдениет қайраткерісіз. Жалпы осы секілді атақтар өнер иесіне қандай жауапкершілікті жүктейді?

-Білесіз бе, соңғы жылдары атақ-даңқтан да мән кете бастағандай. Бұрындары Мәдениет қайраткері, Еңбек сіңірген қайраткер секілді атақтарға талай жыл өнерде еңбек етіп, халыққа шынында да пайдасы тигізген азаматтар 40-50 жасында қол жеткізетін. Өнер майталмандарымен жүздесе қалсаң көргенін, білгенін баяндап, кейінгі буынға ақылдарын айта жүретін. Олардың жүздерінен парсаттылық төгіліп тұрушы еді. Қазір атақтың барлығы сатылымда. Қалтаңнан көк қағазыңды ұсынып қалаған атағыңды  сатып алуыңа болады. Консерваторияда жап-жас, елге таныла қоймаған, ешқандай еңбегі сіңбеген өнер адамдарының талайы еңбек сіңірген қайраткер атанып жүр. Олардың тындырған түгі жоқ бола тұра осындай жауапкершілігі үлкен атақты кеуделеріне қалай тағып жүретіндеріне таңым бар. Өз басым ақшамен атақ алғым келмейді. Уақытысы келгенде атақты Алланың өзі береді.

-Сіздегі «әйел бақыты» мен «әнші бақытының» қайсы басымырақ?     

-Әйел заты үшін әрине отбасындағы бақыттың маңызы басым. Мен өзімді өнер адамы ретінде бақыттымын деп санаймын. Өмірде де бақытсыз емеспін. Қолдау білдіріп, қиын сәттерде демеу болатын жарым болмаса да анам және ұлым бар. Екеуін Алланың маған берген бағы деп есептеймін. 

-Ұлыңыз болашақта кім болғысы келеді?

-Қазір жасы тоғызда. Бокспен шұғылданып жүр. Спортты серік етсе де ол сәби кезінен халық әндеріне сусындап өскен перзент. Репертуарымдағы туындыларды, өзге де халық әндерін менімен ыңылдап қосылып айтып отырады. Домбыраны шертуді үйреніп жүр. Қай саланың иесі атанса да бастысы елге сыйлы азамат болып өссе екен деймін.   

Мұрағаттан: 13.11.2014

Әлия Дәулетбаева, ақын: «Жүрегімді құлыптап, өлеңге орын қалдырмаған кездерім де болды»
Жеңіс Айтжанов, сиқыршы, иллюзионист: Құпиямды ешкімге ашпаймын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу