Мұхтар Шерім: «Өтірік мүләйімсіп жазғанды жек көремін»

Oinet.kz 17-07-2019 1331

Screenshot_15.jpg

1 сәуір – Күлкі күні. Білетіндер бұл күнді тойлау Францияда бастау алған деседі. Дегенмен, әзілге толы бұл күннің шыққан жылы мен тегі әлі күнге дейін беймәлім. Шығу тарихының да бірнеше нұсқалары бар. 1 сәуір ресми мереке емес. Бұл күні ешкім демалмайды, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек бір-бірімен қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күлкіге қарық болатындар көп. Осы күлкі күні қарсаңында Шона Смаханұлы атындағы әдеби байқаудың бас жүлдегері,  «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты, «Ара» газетінің арнаулы тілшісі, белгілі жазушы-сықақшы Мұхтар ШЕРІММЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 – Кешегі сайлаудан көп ой түйгеніңіз анық. Яғни, саяси сатираларыңыздың қатары толыға түсетін болар.  Бір үміткердің «Бәрі уәде береді, ал мен орындаймын!», деген ұраны  шындыққа жақын тұр-ау деп ойлаған едік. Дауыс беруге бара жатып немесе үгіт-насихаттарды көріп-естіп жүріп не аңғардыңыз?  

–Шынында, «шыңғырып» айтатын кез келді. «Жарық дүниенің қызығы – свет қой!» деген екен жарықсыз қалған ауылдың бір тұрғыны. Сол айтпақшы,  мына дүниенің қызығы– депутат болу ма деп қалдым. Өйткені жапырақтай жас та, кәрі емендей қартаң да, әртіс дейсіз бе, боксшы дейсіз бе, бәрінің депутат болғысы келді.  Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында пайғамбар жасынан әлдеқашан  асқан қариялар да қолын созыпты. Мұның бәрі әрине, саяси сатираға сұранып тұр. Оны айтасыз, тек оңтүстік емес еліміздің әр өңіріндегі сайлаудың сиқын айтсаңызшы! Мансапқа таласу, астыртын аяқтан шалу сияқты халықаралық жарыс өтер болса, біздің қазекем бас жүлдені алар еді! Ішек –сілем қатып күлгенім де болды! Ия, осы сайлауда... Күле-күле көйлегім жыртыла жаздады, бір үміткер теледидардан сөйлеп тұр. Жас жігіт. Депутат болғысы келеді. Болсын. Бірақ қала тұрғындарының үйлері қызыл сызық үстіне түскен болса, «соларды қорғаймын» дегені қытығымды келтірді.Заңға қарсы келген жігіт депутат болды ма, болмады ма, хабарым жоқ, менің түйгенім –осындай ойы саяз, қиялы қырық милиметр ғана жігіттер де мансап қуады екен-ау... Бір байқағаным, депутаттықтың дәмін жалап көргендер екінші, үшінші мәрте жалағысы келеді, «бақтары»  «лаулап»  жанып жатыр. Солар шын мәнінде халықтың қалаулысы ма екен? Шіреніп жүріп, шылым шеккендеріне мәз... 

– Сатираны  кемшiлiктi жазатын оппозициялық жанр деп жатады. Алайда, қазiргi әзiл-сықақ театрларының қойылымдарында оппозициялық дейтіндей ештеңе жоқ секілді. Арзан да мағынасыз, тұрмыстық әзілдер басым. Бұл театрлардың сатириктермен байланысының жоқтығын білдіре ме әлде сахнаға лайық сатираның жоқтығынан ба?  

– Осы сұрақ «семіріп» кетті. Бәрінің қоятын сұрақтары осы. Бұл сұрақты қоймаса, тағы болмайды. Көзге «менмұндалап» тұрған соң айтады да. Қазіргі әзіл-сықақ театрлары  майда-шүйде сататын базарларды көзге елестетеді. Классик сатириктерді оқымайды, оларды білмейді де. Сауатсыз. Білетіндерінің өзі Түрік классигі Әзиз Несиннен қайтады. Соны айтса, керемет «білімдар» бола қалады. Көне Рим сатиригі  Луцилиді білмейді.  Эзоп мысалдарының өзі неге тұрады?  Өз басым Хелен Филдингтің  «Бриджит Джонстың күнделігін» екі мәрте тамсанып оқып шықтым. Антон Чеховтың «Хамелеоны» қандай? Абай сатираларын айтсаңызшы!  Мұндағы айтпағым кітаптан болсын, интернеттен болсын, сатира классиктерін оқысаңыз, ой санаңыз жаңарады, қиялыңызға қиял қосады, қысқасы,  «сатира салатын» дайындайсыз.  Сонда ғана өзіміздегі кемшіліктердің  «дөкейін»  нысанаға алып жазуға болады. Майын тамызып, қышқылын ағызып. Әзіл-сықақ театрлары саяси тақырыптарға барғысы келмейді. Біріншіден  –көрерменді күлдіре алмайды, екіншіден –биліктен қорқады. Жалдайтын сарайларға жолатпауы, салықтың  ыстық сорпасына батырып жіберуі мүмкін.  Олар үшін қатын-қалаштың тақырыбы жеңіл, әрі күлдіргі.  Кейінгі кезде жарқ ете қалған Тұрсынбек Қабатовтың  «Әзіл әлемі» де әлсіреп барады. Кезінде Тұрсынбек інім туралы таңдайымды тақылдатып, мадақтау мақала да жазғанмын. Қуанған едім. Бірақ қазір «Әзіл әлемін» ұстап тұрған үш адам ғана бар. Олар: Тұрсынбек Қабатов, сосын «автомат» жігіт Қанат, сосын «ит-күшік» жігіт. Болды, басқалары далбаса! Не айтып, не қойғандарын өздері де білмейді. Ана бір пәкене бойлы,  Қанатқа еліктейтін Арман Жанәбіловті сахнадан жетелеп шығарып, құдалыққа асаба ете салу керек сияқты. Үйлену туралы монологынан қашып кеттім. Сосын Медет Досқанаевтің өрт сөндірушілер, өрт сөндіру ережелері туралы айтқан монологына күлгендеріңіз бар ма?  Сол да әзіл ме? Әңгіме ғой, жәй әшейін. Міне, Тұрсынбек інімнің бір қателігі сол – сатираны сараптай білмейді. Сатириктермен байланыспайды. Сатириктерді «менсінбейтіндер» жалғыз Қабатов қана емес, шаршап жүрген  «Шаншарың» да, «Шымкент шоуың» да, басқалары да жетіп артылады. Қазір оларға жазғың да келмейді. Не үшін жазамыз? Еңбегіңді бағалап, қаламақы бере ме екен?  Одан да тегін анекдоттардан қойыртпақ қойылым жасағандары «жүректеріне» жақын.  «Тамаша» талып қалды, «Бауыржан шоу» «қайтыс» болып кетті, «Шаншар шаршады» деп те жаздым.  Шындықты айтсаң, шырайың кіреді. Өтірік мүләйімсіп жазғанды жек көремін. Олардан гөрі Ақтөбенің  «Екі езуі» мен Шымкенттегі сатира театрында ізденіс, ілгерілеу бар.

– Кеңес дәуірінде сарапшылар, ақылдастар алқасы бер еді деген сияқты...

– Емеурініңді түсіндім. Меніңше, сол үрдісті «үтіктеп» жібергеніміз дұрыс болмады. Қайта жаңғырту керек. Бүгінгі заманға лайықтап. Әзіл-сықақ театрларының қоғамдық сарапшылары болса, дүмбілез дүниелер ысырылып қалар еді. Өздерін сатирикпін деп есептейтін халтурщиктердің кітаптары жақсара түсер ме еді? Тым болмағанда, өздері ұялмайтындарды ұялтып, тегін ақыл айтар ма еді? Өздерін  классик санайтындар сарапшылардан да қорқады. Бастарынан сөз асырғылары келмейді. Өздерін білімдар санайды. Осының салдарынан көрермен қара көже ішіп отырады.

– Бiзде неге Ресейдегiдей Задорнов, Петросян сияқты монолог оқитын сатириктер жоқ? 

– Себебі, бір өзі жалықтырмайтын әртістер жоқ бізде. Жоғарыда айттым, сатириктермен «ағайын» болғысы келмейді. Олардың жазғандарын жаратпаса да, өңдеп, әрлендіре  білмейді. Қысқасы, «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағысы келмейтіндерін» құптаймын. 

– Жуырда жазушы Зейнеп Ахметова елді күлдіремін деп талай нәрсені бүлдіріп жүрген әртіс еркектерді қатаң сынға алды. Сіз де кезінде әзіл-сықақ театрларына сын айттыңыз, тыңдар құлақ табылды ма? Мүмкін, бұл театрда әйел-қыздардың жетіспеуінен туындаған жағдай шығар? 

 – Әйел ролін еркек әртістер орындағанда, алдымен  «әйелше» киінгенімен күлдіремін деп ойлайды. Бұл  қате пікір. Ілгеріде орыс әртістері бастарына орамал тартып алып, «кемпірлер» ролін тамаша ойнап берді емес пе? Ал, біздің жігіттер Мәскеуге барып, операция жасатып, әйелге айналған албастыларша  киініп шыға келеді!  Қазақша айтсақ, «қатын» болады... Кеуделерін томпитады, парик киеді.  Алғашқы кезде көрерменді күлдірген де шығар, бүгінде жүрек айнытады. Қазақ қыздарын, қазақ аналарын дәл осындай масқаралаудың, келемеждеудің, кемсітудің бұдан озық үлгісі жоқ шығар? Зейнеп Ахметова апамыз «Шаншарды» шалқасынан түсірді. Дұрыс айтты. Жұлдызай сияқты әртістер бар ғой, солардың қатарын көбейту керек. 

– КВН-ның қазақшасын қарап жүрсіз бе, көңіліңіз тола ма? Сатиралық театрлардың көбейгеніне қалай қарайсыз? 

– Қарағым да келмейді. КВН–ді айтамын.  Өздеріне өздері күліп жүрген бейбақтар ғой...  Ал, сатиралық театрлардың көбейгені, жарқырап көріне білсе , әрине жақсы. Театр –отбасын асыраудың бір жолы, шоу бизнес. Сосын ғой, жастардың шетінен дарындарын  қарынға айырбастап, әзілкеш әртіс немесе әнші болып, «жұлдызға» айналғысы келетіндері... Баяғыда жастар жазушыларды құрметтейтін. Қазір әншілерді,  «алқаш» әншісымақтарды, әртістерді  құрметтейді. Бәрі ақша үшін! Байып қалғысы келеді. Байысын, бірақ көрермен көңілін кедейлендірмесін. 

– www.kulki.jimdo.com сайтыңыз «сайрап» тұр, театрлар үшін қажетті қазына дерлік. Оқырмандарыңыз көп, ал шығармаларыңызды «пайдаланушылар» ше?  

–Сайтымнан  рұхсат сұрап, қажетіне жаратып жатқандар да бар. Ал театрлардан «Екі езу-дің» басшысы Нұрлыбек Жұбатқан інім сықылықтай сұрап, жиі пайдаланады. Ал, интернетті иіскемейтіндерге таң қалмаймын.

– «Араны» қайта «ұшырып», «реанимацияда» жатқан фельетон жанрын «палатаға» ауыстырып, тіпті сауықтырып» жібердіңіздер. Тағы да өз сөзіңізбен айтсақ, жемқорлар, парақорлар туралы нақты фактілерге суарылған от фельетондар жарқырай шығып келеді. Бірақ, «сол – фельетонға шенеуніктер шляпасын да шешпейді». Неге? 

–Расында «Ара» жарқырай көрініп келеді. «Араны» оқитындар да көп екен. Фельетондар «бомба» болып жарылып жатыр. Бірақ «ойбай-и...» деп селк еткен шенеуніктерді көрмедім. Неге? Неге деріңіз бар ма, баяғы кеңес дәуіріндегідей  қабағы қатал партия жоқ... Заман өзгерді. Бір есептен бұған ренжуге де болмайды. Ендігі біздің қызметіміз –өзгелерді ойландыру, «Әне, көрдіңіз бе? Не болды енді? Сіз де ойланыңыз!» деген емеурін білдіру, жемқорлықтың жолын  сатиралық насихат арқылы кесіп тастау болып табылады.

–Күлкі күні құтты болсын! Өміріңізде алданып көрдіңіз бе?

–Мен ғана ма екенмін? Бүгінде халықты аямай алдайтын құрылыс компаниялары көбейді. Алдайды да қашады. Ақшасын жинап алып, шетел асып кеткендері де бар! «Заманауи» Алдаркөселер! Депутаттардың да халықты алдап қоятыны бар. Уәдені үйіп-төгіп... Әкімдер де алдайды, тіпті үкімет те алдайды...  Анау да, мынау да алдайды! Алданған өмір әйтеуір... Тек күлкіміз тиылмасын деңіз!

–Әңгімеңізге рахмет, Мұха! 

Еркін ДОСЫМБАЙ. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Ақсәуле Әлжан, тележурналист: «Бір үзім нанның бейнетпен келетінін ұқтым»
Дос Көшім: «Екіжүзділік қоғамның соңғы жылдардағы сүйікті ойынына айналды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу