Гүлбану Сыздықова: «Бала-бұл тек қуаныш емес, үлкен отбасылық жауапкершілік»

Oinet.kz 01-10-2018 795

Screenshot_5.jpg

Гүлбану Сыздықова, №4 ОҚО перинаталды орталығының бас дәрігері

– Гүлбану Жұмағалиқызы, өзіңіз басшылық жасайтын №4 облыстық перинаталды орталықтың Сауд Арабиясы шейхының демеушілігімен салынғанын біреу білсе, біреу білмейді. Аталған орталықтың қызметін түсіндіріп берсеңіз...

–  Соңғы үлгіде салынған №4 облыстық перинаталды орталық ана мен балаға көмек көрсетудің үшінші деңгейіне жатады. Өздігінен табиғи жолмен босана алатындарды қабылдайтын аудандар мен ауылдардағы перзентханалар бірінші, екінші деңгейлі болып саналады. Яғни, жүктіліктің асқыну қауіптілігі жоғары аналар бізге жіберіледі. Олардың арасында ерте жүктілік – 16 жасқа дейінгілер, алғашқы кеш жүктілік – 30-дан асқаннан кейінгі босанатындар немесе жүктілігі асқынғандар біздің мекемеге жолданады. Әрине, мұндай медициналық көмек көрсететін облыста бізден басқа тағы үш облыстық перинаталды орталық бар. 

Біздің міндетіміз – жүкті әйелдерге, босанатын, босанған аналарға, гинекологиялық науқастарға, жаңа туған нәрестелерге емдеу-профилактикалық, консультативтік, диагностикалық, реанимациялық және оңалту көмектерін көрсету.

Біздің орталықта замануи УДЗ, рентген аппараттары, босанған аналар мен нәрестелерге көмеке көрсететін мамандандырылған заманауи техникалардың барлығы бар. Халыққа 500 маман қызмет көрсетеді. Оның 80-і жоғары санатты дәрігер, 220-сы орта буынды медицина маманы болып табылады. 

Биылдан бастап орталықта генетикалық зерттеулер жасау қолға алынуда. Туабітті ақауларды табу үшін биыл 35 мың жүкті әйелдің анализдеріне медико-генетикалық талдау жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл облыстағы бір жылда ұрпақ әкелуге қабілетті аналардың тең жарымына жуықтайды. Бізде іш кұрылысын кеспей жоғары мамандандырылыған лапароскопиялық оталар жасалады. Дүниежүзінде жасалатын бүкіл акушерлік, гинекологиялық көмектің барлық түріне қол жеткізілген. 

Былтыр облысымызда туылған 79 мыңнан астам сәбидің 7261-і бізде дүниеге келді. №4 перинаталды орталықтың асқынуы ықтималдығы жоғары жүкті әйелдерге көмек көрсететінін ескерсек, осы көрсеткіштің өзінен-ақ бұл мекеменің ел демографиясына қосып келе жатқан үлесінің қаншалықты екенін аңғаруға болады.

– Орталық асқыну ықтималдығы жоғары жүкті әйелдерге көмек көрсетеді дедіңіз. Жалпы ақауы бар балалар көп туыла ма?  

– Жылдан жылға сәбилердің түрлі ақаулармен туылуы азайып келеді. Бұл елімізде жаппай қолға алынған сркингтік тексерулердің нәтижесінде қол жеткізілген жетістік. Бірінші скринг жүктіліктің 1-14 апта аралығында жүргізіледі. Нәрестенің туабітті ақауы болатыны дер кезінде анықталса, жүктілікті тоқтатуға шешім қабылдаймыз. Екінші биохимиялық скрининг 14-20 апта аралығында өтеді. Жүкті әйелден қан алынып, УДЗ аппаратының көмегімен тексеру жүргізіледі. 22 аптасында біздегі генетик дәрігерлер бүкіл анализдерге талдау жасап, тиістісін төртінші деңгейге жібереді. Ондай перинаталды орталықтар Астана мен Алматыда орналасқан. Өз деңгейімізде қарап, ақаулары болса, қауіпті жүктілікті тоқтатуға жолдама беріледі. Үшінші скрининг 32 аптада жүргізіледі. 

Өздігінен босана алмайтын аналар да перинаталды орталыққа жолданады. Сосын мерзімінен бұрын босану туындағанда да бізде көмек көрсетіледі. Сондықтан кесарь тілігімен босандыру жағдайлары кездесіп тұрады. 

– Осы отаны жүкті әйелдерге  дәрігерлердің өздері ұсынады деген алып-қашпа әңімелерді жиі естиміз...

– Сіз ойлағандай, кесарь тілігін жасау оп-оңай қолданылатын тәсіл емес. Оны қолдану үшін нақты  дәрігерлік шешім, медициналық тілмен айтсақ, консилиумның қоры¬тындысы болуы тиісті. Кесарь тілігі ана мен баланың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана қолданылады. Онда да  нақты бір дәрігерлік шешім арқылы ғана жүзеге асырылады. 

Кейде ойламаған жерден аяқ асты ота жасауға тура келеді. Әйелге, туыстарына түсіндіріп айтамыз. Бірақ, оған босанушы ғана емес, оның отбасы дайын болмағандықтан көп түсінбеушіліктер орын алып жатады. Жүкті әйелдерге кесарь тілігін дәрігерлердің өздері ұсынады деген алып-қашпа әңгімеңіз де сондай түсінбеушіліктен туған болса керек. Бір қызығы, осындай дәлел-дәйексіз әңгіменің көбін көкірек көздері ояу адамдардың айтатыны,  олардың санаға сіңбейтін әрекеттерге баратын¬дықтары жанға батады. Дегенмен, қауіпті жүктіліктің көрсетіліміне қарай босанушылардың 20 пайыздайына кесарь тілігі әдісі қолданылады. 

– Ерте және ақауы бар қауіпті жүктілікті болдырмау, оның алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер жүргіземіз дейсіз. Оларды анықтауға мамандарыңыз да қатыса ма? Ел аралап, тұрғындарға көмек көрсете ме?

– Аудандар мен ауылдардағы перзентханаларда туылған әрбір сәбидің қан үлгілері бізге күн сайын жеткізіліп тұрады. Нәресте өмірге келген соң төрт күннің ішінде анализ алынады. Оны цитагенетикалық лоборанттар көреді. Қан үлгілері лобораторияда бір жылға дейін сақталады. Егер сол мерзім ішінде баланың бойынан ақау байқалса, тескеруге, дертінің түрін тез анықтауға мүмкіншілік болады. 

Жергілікті емханаларда әйелдерге жүктілікті жоспарлау туралы кеңес беретін консултациялық бөлімдер жұмыс істейді. Жауапты мамандар қауіпсіз жүктіліктің дағдыларын, күтіну жолдарын үйретеді. Бізде тренинг орталық жұмыс істейді. Мұнда медицина мамандарын біліктіліктерін арттыру мақсатында оқытуға мүмкіншілік бар. Сонымен қатар, тренинг орталық мамандары облыс бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын аралап, қызметкерлерге жүкті әйелдерге қалай көмектесу керектігін үйретеді. Салауатты өмір салтын сақтау орталығының мамандарымен бірге  кеңестерін береді. Оған жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қаралады. 

– Скринингтік тексерулер нәтижесінде туабітті ақаулары бар нәрестелердің саны жылдан жылға азайып келе жатқан қуантады. Дегенмен, өмірге дені сау ұрпақ әкелу медициналық тексеруге ғана байланысты емес шығар...

– Иә, өмірге дені сау ұрпақ әкелу ең бірінші кезекте анаға байланысты. Перзентті болуды уақытылы жоспарлау барлығымыз үшін де маңызды. Сондықтан өмірге ұрпақ әкелуді жоспарлауды Құдайдың ісіне араласу деп қарауға болмайды. Арамызда дұрыс күтіне алмаса да Алланың ісі деп бала тууға бел буатындар да бар. Әрине, әйел бақыты – ана атану. Бірақ, ауру әйелден дену сау сәби тумайтынын да ескеру қажет. Өмірге мүгедек, кемтар болып келіп жатса, ана да, бала да қиналады. Ал, ұрпақ әкелуді жоспарлау үшін кез келген жұп мынаны ескеруі керек. Біріншіден, ерте жүктілік болашақ ананың өміріне қауіпті. Оған әйелдің ағзасы дайын болмауы мүмкін. Алғашқы жүктілік сәтсіз болса, кейінгісінде жасанды түсіктің қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан 16 жасқа дейін бала көтеруге болмайды. Сол сияқты алғашқы кеш жүктілік те қауіпті. 35 жасқа дейін тумаған әйелге дені сау бала сүю қиындау. Өйткені, зерттеулер көрсеткендей, алғашқы кеш жүктілік баланы Даун синдромы сияқты генетикалық ауытқуларға ұшырату мүмкін. 

Бұрын аналарымыз балаларын екі жасқа дейін емізген. Бүгінгідей ашып айтпаса да жүктілікті есептеп, жоспарлаған. Сонда перзенттерінің аралары кемінде 2-3 жас болған. Яғни, ұрпақ жауапкершілігін терең түсінген аналарымыз күтіне білген. Сол себепті де 7-8 тіпті одан да көп бала-шағалы болған. Бәрі аман, дендері сау. Келіншектеріміз осы ұмытылып бара жатқан аналарымыздың жолын жалғастырса қанекей!

– Өзіңіз айтқандай, сіздерде оныншысын болмаса да жетіншісін, не сегізіншісін босанғандар бар ма?

– Бар, жақында ғана Бәйдібек ауданының бір әйелі 8-інші перзентін өз күшімен өмірге әкелді. Көбінде көпбалалылар ауылды жерлерде кездеседі. Біздің перинаталды орталыққа обыстағы ең халқы көп аудан Мақтарал, «Алтын алқалы» аналардың көшін бастаған Бәйдібек аудандары бізге қарайды. Жақында Мырзашөл өңірін аралап қайттық. Ол жақта да 7-інші, 8-іншісін бауырына басқандар көп. Жас аналарға 2-3 жыл күтініп, содан кейін келесі жүктілікті жоспарлауға кеңес беріп кеттік. Әрі қарай денсаулығы жараса, 10 перзентті болсын. Бір қуана қызмет етуге дайынбыз.

– Өзіңізді толғандырып жүрген мәселе бар ма?

– Мені адамдар дәрігерлерге көп кінә артатындығы жиі мазалайды. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауды дәрігерлерден емес, өзімізден талап етуді үйренуіміз керек қой. Көбімізді «мен мемлекет үшін не істей аламын?» деген емес, «мемлекет мен үшін істеуі тиіс» деген секілді ойлар көбірек мазалайтын сияқты. Медицина мамандарына «қарауға тиіссің!» деп орынды-орынсыз соқтығысатындар соның дәлелі болса керек. Иә, медициналық көмек көрсету, емдеу біздің міндетіміз. Бірақ солай екен деп уақытылы дәрігердің қарауына бармаған, күтінбеген, жаны қысылғанда ғана жетіп келетіндер ауруының асқынуына алдымен өздері кінәлі екенін түсінгені абзал. Әрине, біз де қарап отырған жоқпыз. Мемлекеттік деңгейде тұрғындарды жаппай скринингтік тексерулерден өткізуіміз соның айғағы. Бұл тұрғыдан алғанда келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілетін медициналық әлеуметтік міндетті сақтандыру жүйесі ойлау қабілетімізге біршама өзгерістер енгізеді деп ойлаймын. Бұл жүйе бізге өзіміз жиі айтатын ауырып ем іздегенше, ауырмаудың дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін болады. Сондықтан тек жүкті әйелдерді ғана емес, барлық тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырамын. Дәрігерге дер кезінде қаралсақ, арудың алдын алуға, дертімізден тезірек айығуға көбірек мүмкіндік туады. 

Болашақ аналарға айтарым, бала – бұл тек қуаныш емес, үлкен отбасылық жауапкершілік. Сондықтан ерлі-зайыптылар денсаулықтарына қарап, анализдерін тапсырып, соның нәтижесіне қарай ұрпақ өрбітуді жоспарлағаны дұрыс. Жүкті болу үшін емделіп, дайындалып, үлкен жауапкершілікті сезінгені абзал.

Әңгімелескен А.ӨМІРЗАҚОВ,

Мұрағаттан, 2017 ж

Мұрат Тоқашбаев: «Жамбылдың домбырасын сатып алғанмын»
Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры: «Журналистің көзінде от болу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу