Масылдық пен батылдықтың арасы алшақтап тұр

Oinet.kz 20-03-2009 857

Screenshot_7.jpg

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қызметке келгелі бірден қолға алған ісі – бекітіліп қойған облыстың қазынасын қайта қарау болды. Бюджеттік бағдарламаларды тағы да жан-жақты саралау керектігін қадап айтқан Асқар Исабекұлы дағдарыс кезінде қаржыны мейлінше үнемдеп, ең қажетті бағыттарды қаржыландыру қажеттігін атап өтті. 

Депутаттар әбден талқылап, бекітіп қойған бюджетті қайта қарауға түрткілеген себептерінің бірі, бәлкім, аудан, қалалардың ортақ қазынаға алақан жайып, масылдыққа әбден үйреніп алғаны болса керек. 

Аудан әкімінің негізгі міндеті не? Оның жұмысын кім, қалай бағалайды? Бір қарағанда оп-оңай сұрақ. Алайда, бұған әкімдердің өздері  дұрыс жауап бере алатынына күмәніміз бар. Әйтпесе, папкі ұстаған атқамінерлер   бюджеттен бөлінген дайын ақшаны жаратуда  ғана шеберлік танытпас еді.  “Мемлекетке  масыл болдық, осымыз ұят екен-ау. Тығырықтан шығудың қандай жолдары бар?»,  деп ізденген қай әкімді көрдіңіз? Біздің әкімдер үкімет салдырған мектеп пен демеуші тұрғызған мешіттің ашылуы секілді  салтанатты жиындарда  төбе көрсеткенді, той-думанда жүргенді көбірек ұнатады. Ал ауданның бюджетін  қалай көбейтсем, қосымша қаражат тауып, жаңа жұмыс орындарын қалай ашсам, деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басшылар некен-саяқ. Ауылдағы шынайы жағдайды толық білмейтін, уақытын кабинетінде «өлтіріп», атқарған жұмысы құрғақ уәдемен шектелетін қызметкерлерден мемлекетке, халыққа тиер көк тиын да пайда жоқ. 

Әкім-қараларды түсінуге де  болады. Жаңа  кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын көбейту оңай емес. Әсіресе, ауылда. Ол үшін аянбай тер төгіп, ерінбей еңбек ету, батыл қадамға бару қажет. Одан да дайын ақшаны жұмсаған әлдеқайда оңай. Басқасы қолынан келмесе не шара? 

Өкініштісі сол, әкімдер облыс пен аудан-қала көрсеткішін алға тартатын тың идеяларды  жүзеге асыруға, құлаққа қонымды ұсыныстарды  айтуға дәрменсіз. Оңтүстікте жетпіс-сексен пайызға дейін субвенция алып, бюджеттің «мойнына мініп» отырған аудандар бар. Оны да аз көріп, бюджеттен мұнан қомақты қаржы жырымдауға дайын тұрады. Ол ол ма, көбіне аудан басшылары, тіпті, мемлекеттің берген қаражатын шашауын шығармай, тиісті мақсатта  жаратуға икемсіз келеді. Жуырда прокуратура жариялаған фактілерді естіп, жағамызды ұстадық.  Ала жаздай арқа еті арша, борбай еті борша болып жұмыс істеген шаруаларға тиесілі қаржыны әкімдер талан-тараж етіпті.  Республикалық бюджеттен шаруаларға көмек ретінде бөлінген субсидияға қол сұғып, әкімдердің ауылдағы ағайынның сорын сорпадай қайнатып, жетісіп жүргеніне жол болсын! 

Облыстық бюджеттің республикалық қазынаға  тәуелділігі бірден байқалады.  Облыстық қаржы басқармасы берген мәліметке жүгінсек, 2008 жылғы облыс қазынасының шығыстары  180 миллиард теңгеге жетсе, түскен қаржының басым бөлігі республикадан келген трансферттерден жинақталады. Өз күшімізбен тауып отырған қаржымыз 40 миллиардтан аспайды. Көріп отырғаныңыздай, бұл республикалық бюджеттен аударылатын қаржының ширегіне де жетпейді.   

Жалпы, бюджетті түзерде  әкімдер қулыққа баратынға ұқсайды. Жылдық бюджеттің көлемін  анықтау кезінде салық түсімдерінің  жоспарын төмендетіп көрсететін әдіс қолданады.  Мәселен, 2007 жылы Шымкент қаласының кірісі 33 миллиард теңге көлемінде жоспарланса, былтыр бұл меже бірден 18 миллиардқа дейін түсіп кетті. Оның өзінде жоспар толық орындалмай, кіріс 14 миллиардтан сәл-ақ асты. Арадағы айырмашылық  1-2 миллиард болса үндемей қоя салуға болар еді. Жоспардың  бірден 15 миллиард теңгеге қысқаруының себебі неде? Табысты арттыру үшін әкім қалтасынан қаржы қосып отырған жоқ қой. Қала әкімінің сөздеріне құлақ түрсек, жұмыссыздардың саны жылдан-жылға азайып  жатыр екен. Жаңа жұмыс орындары ашылса, демек, шығарылатын өнім көлемі де көбейеді. Өнімнің көбейгені - салықтан түсетін табыстың  артуын білдіреді.    

Осындай парадоксты Қазығұрт ауданының да көрсеткіштерінен табуға болады.  2007 жылғы кіріс көлемінің жоспары   357 миллион теңгеге теңелсе, былтыр 290 миллионға сырғып түсті. Бір жылда 60 миллион теңге жоғалтқан аудан әкімі Нұржан Әжіметовтікі  әлсіздік пе, немқұрайдылық па, онысын түсіне алмадық.  Әлде, бір жылғы жетістікті келесі жылы да қайталау мүмкін емес шаруа ма? 

Облысқа қарап тілене бермейтін аудан, қалалар қатары саусақпен санарлықтай сирек. Шымкент қаласының өз табысы бюджетінің 82 пайызын құрайды. Орта есеппен алғанда, облысымыздағы аудандар өз бетінше қажеттіліктерінің  тек  12 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Өзгенің демеуінсіз өмір сүре алатын өңірлердің қатарына Созақ пен Арыс аудандарын жатқызуға болады. Кейбір аудандардағы  жағдай тіптен нашар.  

Айталық, 105 мыңға тарта халқы бар Қазығұрт ауданы өз бетінше қажеттіліктерінің бар-жоғы 7 пайызын ғана таба алады. Қалған 93 пайызын дотация арқылы алып отыр. Бұл өңірдегі салық түсімдері былтыр  289 миллион теңгені құрады. Салыстырмалы түрде алсақ, халқының саны жағынан осы Қазығұртпен бірдей Төлеби ауданының ортақ қазынаға қосқан үлесі екі есе көп. Осыдан екі жыл бұрынғы түсімдер 450 миллионға жетер-жетпес болса, қазір 600 миллионнан асты. Аудан басшысы Батырбек Көшербайдың көп жылдар бойы салық саласында қызмет еткені осыдан-ақ көрініп тұр. Екі ауданда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Оның үстіне, Төлеби ауданы секілді түкпірде емес, үлкен трассаның бойында орналасқан Қазығұрттың қосымша қаражат табуға мүмкіндігі мол. Республикалық трассамен күн сайын жүздеген жүк көліктері жүйткиді. Бұдан өңір ешқашан ұтылмайтыны белгілі.  Мәселе сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға келіп тіреледі. Бұл парадокстың себебін әрі іздеп, бері іздеп көргенімізбен, таппадық. 

Масыл аудандардың қатарында Бәйдібек пен Шардара ауданы да байқалады. Бұлардың өз күшімен жиған-терген қаражаты  бюджетінің 7-8 пайызынан да  аспайды.  Мыңғырған малымен белгілі болған Бәйдібек пен ГРЭС секілді ірі кәсіпорын орналасқан Шардараның не себепті үнемі артта келетіні жұмбақ күйінде қалды.  Аудан басшылары Садық Кенжебаев пен Марғұлан Марайымның бей-берекет жүрісіне қарап, бұл масылдықтың жуық арада жойыла қоятынына сену қиын. 

Рас, аграрлық аудандар дотациясыз өмір сүре алмайды. Орталық бюджеттен қаржы аударылмаса, әлеуметтік мәселелер шешілмей қалады. Дегенмен, осы жағдайда кәсіпкерлікке мейлінше  қолдау көрсетіп, кіріс көлемін ұлғайтудың жолын қарастыруға неге болмасқа? Бұл жұмысты әкім атқармағанда кім атқарады?  

Өкінішке қарай, сайланған әкімдердің де тындырған шаруаларын ауыз толтырып айта алмаймыз. Ал негізінде бюджеттің кірісін арттыру - әкімнің жұмысын бағалаудың негізгі факторларының біріне айналуы тиіс екені  анық. 

"Рейтинг" газеті (2009 ж)

Су жаңа мектеп 2 айда тоза бастады
Әкіміне қарап футболын таны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу