Том мен Джерри: көгілдір экран сыртында

Oinet.kz 27-11-2020 1736

Қашқан тышқан. Қуған мысық. Мәңгі бітпейтін ертегідей. «Том мен Джерри» мультхикаясының көрерменге жол тартқанына биыл 80 жыл. Ешқашан Томның Джерриді ұстамағанына күйініп, көрмей кеткен жанды кезіктірмейсің. Бала болып көрсең де, дана болып көрсең де сол баяғы бір әсер. Ешқандай сөз болмаса да, фильм өте ұғымтал. Мультфильм кейіпкерлері адами қабілеттерге ие:  оқи алады, ессіз жақсы көреді, спорттық ойындар ойнайды (теннис, гольф), от жағады, тамақ пісіреді, музыкалық аспаптарда ойнайды, Серенада айтады, оркестрге дирижер болып, басқара алады.

Том және Джерри.jpg

«Микки Маус» көптің жүрегіне жол тапқан соң Диснейге тың жаңалық керек еді. Бұл миссияны шағын ғана Ван Бульрен студиясының аниматорлары мойнына жүктеді. Оқиға желісіне әр беретін кейіпкер ойлап табу оңайға соқпайды. Микки Маустың даңқы әсер етсе керек, студия қызметкерлері  алғашында екі тышқанды ұсынады. Идеяны жүзеге асыру барысында ой толымдана түседі. Көркемдік шешім ұтқыр болу үшін авторлар мысық пен тышқанның көшірмелерін картиналайды.  Бойы серейген Том мен  томпақ Джерридің типажы көңілдерінен шығады. 

Алғаш 1931 жылы көрерменге ұсынылғанда оғаш қылықтар наразылық тудырады. Кейіпкерлерге сол әрекеттерді орындатып, сандырақты ойлап тапқан адам жұмыстан шығарылады. Дегенмен 1933 жылы студия жұмысын тоқтатады. Ал, аниматорлардың бірі, бұрынғы жолы болмаған есепші Джозеф Барбера «MGM» компаниясының мультипликациялық бөліміне кетеді. Осы орайда «Титаникті өз ісінің шеберлері, құтқарушылар кемесін әуесқойлар жасаған» деген тәмсіл ойға оралады. Шынында, стандарттан тыс идеяның жұлдызды сәті сол шақта басталады. 

Ресей мультипликациясында ең табысты мультсериал «Маша мен аю» фильмі де ұзақ жыл ойластырылған. Автор Олег Кузовков тоқсаныншы жылдары Қырым жағалауында демалады. Бәрі идеалды өтіп жатқан демалыстың шырқын көршілес орналасқан тынымсыз қыз бұзады. Кішкентай ғана бөбек жағалаудағы адамдардың мазасын алып бітеді. Тап мультфильмдегі Маша іспетті. Арадан  жиырма жылға жуық уақыт өткен соң ғана тынымсыз Маша мен шарасыз аю көрерменмен қауышады.  Өмірдің өзінен алынған кейіпкер ғана қиял әлеміне жан бітіреді.  «Том мен Джерриде»қандай реализм деталі бар?

Том мен Джерри.jpg

Реализм мен қиял тоғысында

Бастық – Уильям  Ханна. Продюсер –  Фред Куимби.  Жолы болмаған есепші  – Джозеф Барбера. Жаңа жұмыс орнында осы үштік бір – бірін түсінбей, шынайы өмірдегі Том мен Джерри болған.  Бұл туралы Барбера журналистерге: «Біз Билл екеуміз бастапқыда қатты ұрсысып қалдық. Содан бері бір-бірімізбен сөйлеспейміз. Тек суреттердің көмегімен ғана ойымызды жеткіземіз», - деп шындықты айтқан. 

«Metro-Goldwyn-Mayer» деген дыбыс. Арыстанның ырылы. Содан кейін ешқашан бітпейтін мысық пен тышқан айқасы. Бұл оқиғалар әр баланың қиялын кеңейтті. Ересектер өмірінің көлеңкелі тұстарын таныстырды. Темекі шегетін мысық, суицид жасағысы келген қаһарман кішкентай кейіпкерлерге арналмағандай болғанмен, ол істердің жағымсыз қабылдануына иммунитет еді. Не де болса, ұтқыр көркемдік шешім. Томның шексіз кредит алып, мұратына жетпеуі қандай шебер суреттелген. Таңдай қағып, тамсанбасқа шара жоқ.

Кейбір жерлерінде ғана қысқаша сөз алмасқандары болмаса, жалпы ереже бойынша Том мен Джерри сөйлемейді. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, мультфильмде негізінен музыка маңызды рөл атқарған. Композитор Скотт Брэдли әр кейіпкердің іс-әрекетіне сәйкес әуендер жазып, джаз бен классикалық музыкалардың элементтерін біріктіріп, күрделі партитура жасайды. Жиырма жылға жуық Скот Брэдли әр бөлімде өзінше музыкалық шедевр тудырып отырды. 

Том и Джерри мультигі.jpg

Саясат құрсауындағы сюжеттер

«Том мен Джерри» жеті рет топ жарып «Оскар» сыйлығына ие болды. Мультсериалдардың ешқайсысы бұл рекордты әлі өзгерткен жоқ. Тіпті «Disney» студиясы да. Уильям Ханна мен Джозеф Барбера MGM  компаниясында 18 жыл ішінде хикаяның 113 бөлімін жасайды.  Бірақ 1955 жылы продюсер Фред Кимби Metro Goldwyn Mayer студиясында жұмысын аяқтады. Ал 1958 жылы Анна мен Барбера MGM-де анимация бөлімін жауып,  тәуелсіз анимациялық студия ашу туралы тосын шешім қабылдады.

Анимациялық фильмнің сапасы 1958 жылдан кейін нашарлады. Мультфильмнің ең жақсы бөлімдері  –  MGM студиясында әзірленген. Том мен Джерридің» көшірмелерінің алтын кезеңі де осы студияда өрбиді.  Алғаш 1943 жылы  « Yankee Doodle Mouse» Нобель сыйлығын жеңіп алады. Таңғаларлығы сол фильм өн бойына сыйдырған ерекшеліктері үшін емес патриотизм үшін марапатталды. Өйткені бұл шақ – екінші  дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс еді. Том мультфильмнің соңында америкалық туды тігетін зымыранмен ғарышқа ұшады. Бұл кадр көптің көңілінен шығады. Кейінгі «Оскар» марапаты мына бөлімдер үшін тағайындалды: «Тышқанның қиындықтары» (1944), «Өтінемін, тыныш!» (1945), «Мысық концерті» (1946), «Кішкентай жетім» (1948), «Екі тышқан» (1951) және «Иоганн Маус» (1952).

Сол заманда стандартты түрде ешкімге кедергі келтірмеген идеялар қазірде теңсіздік, кемсіту, шамадан тыс қатігездіктің элементі деп бағаланған. Бұл фактор мультфильмнің шығармашылық тобының жиі ауысуымен тығыз байланысты болуы ықтимал. Ойды тек шынайы иесі ғана көркем деңгейде жеткізе алады емес пе? Мысалы, «Аватар» фильмінің режисері Джеймс Кэмерон идеясына сай техникалық мүмкіндіктің пайда болғанын ондаған жыл күткен. Айтпақшы, Warner Bros. Pictures студиясы Том мен Джерри туралы толық метражды мультфильм түсіруде. Мультихикая премьерасы 2021 жылдың сәуіріне белгіленген.  Жаңа технологиялардың қиялды байытқаны сол – анимация  және кино үйлестіріледі. Бұл жолы тек Том мен Джерри ғана емес.  Түрі анық көрсетілетін, шынайы қаһармандар қатысады. Нью-Йорктегі ең қымбат қонақ үйде адамзат тарихындағы ең қымбат үйлену тойы жоспарланады. Бірақ бір мәселе бар – Джерри. Ұйымдастырушылар әр деталі  ойластырылған тойдың шырқын кіп-кішкентай тышқан бұзады деп қауіптенеді. Оны ұстау үшін мысық іздейді. Аулаушы әрине, Джерриді сексен жыл қуған сол баяғы Том. 

Мультфильмнің барша бөлімінде үй иесінің жүзі ылғи көрсетілмейді. Себебі анық – фильм    жануарлардың қимылды диалогына құрылған. Саясаттың өнерге ықпал ететіні жасырын емес. Қызығы сол 1954 жылға дейін Томның иесі қара нәсілді әйел болады. Оның сюжеттегі қатысуы дискриминация іспетті әсер береді. Аталған жылы қара нәсілділерге теңсіз көзқараста болу заңмен тиылады. Бұл фактор, әрине этикалық тұрғыда дұрыс емес еді. Үй иесі бірден ақ нәсілді боп өзгертіледі. Цензура ешқандай саланы айналып өтпейді.  

P.S. Балалығымызды қызықпен көмкерген бұл сарындағы мультфильмдер көп. Соның бірі – «Винни Пух». Алан Милннің оқиғалары кіршіксіз әлемдей көрінеді. Бірақ шындықтың сұмдығы қымбатқа түскен. Талайға ғажап балалық сыйлаған ертегі  Methuen & Co баспасынан алғаш рет 1926 жылы 16 қазанда жарық көрді. Балаларға арналған туынды ел көңілінен шығып, кеңінен тарады.   «Винни-Пух» ертегісінің басты кейіпкері – Кристофер Робиннің прототипі автордың туған ұлы.  

Кристофер өз естелігінде былай дейді: «Менің өмірімді екі нәрсе қапаландыратындықтан ол туралы ойламауға ұмтылдым. Оның бірі – әкемнің атағы,  екіншісі - Кристофер Робин». Ертегі авторы Кристің туған күніне Лондоннан әкелген әдемі Тэдди ойыншығын сыйға тартқан екен. Сол Тэдди Кристің ең сенімді досына айналған. Алан Милннің басты кейіпкерінің бірі – осы Тэдди (Винни-Пух). Автор баласын ертегі сюжеті үшін қыдыртып, күтім көрсетеді. Бұл шақтар Кристің өмірінің ең бақытты сәттері боп сақталар еді. Әкесінің хикаятының көлеңкесінде қап қойған көңілі мен өмірі бұл парақтарды ашпауға үгіттейтін.  Ертегідегі бақытты бала Кристің тағдырынан көп ұзақ образ еді. Әр туындының артында беймәлім тағдырлар жатады. Әлемді кезген «Том мен Джерридің» көшірмелерін осынша уақыт бойы түрлі шығармашылық ұжым ұсынды. Бірінің бағы жанды, бірінің идеясы құрдымға кетті. Патша көңіл көрерменнің көзайымы болу әсте оңай емес. 

Б.БӨРІБЕК

«Айына 1,5 млн теңге табуға болады» Елді қарызға батырған бұл қандай бизнес?
Бастауыш сыныппен қоштасу туралы эссе. Сен әлі тәп-тәттісің
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу