«Айына 1,5 млн теңге табуға болады» Елді қарызға батырған бұл қандай бизнес?

Oinet.kz 26-11-2020 1535

Күнделікті өмірімізде қолданысқа жиі түсетін актуалды дүние – ақша. Бір жұтым су мен бір тілім нанға дейін тиын тұрады. Өмірдің мәні ақша емес, бірақ заңы сол. Кейде адамдар айлық табысына қанағат тұтпай, табысын еселегісі келеді. Бүгінде көзін тапсаң қосымша қаржыға кенелудің түрлі жолдары бар. Мәселен, жақында ғана ағайын жеңгемізден ұсыныс түсті. Айтуынша, нағыз бойында қуаты тасып тұрған жастарға арналған жұмыс. Апта сайын 200 АҚШ доллары, шетелге саяхат, тіпті айына миллионға дейін табыс табыс табуға мүмкіндік бар екенін қосты. Сөздерін тыңдап отырып, Түркияда «Қыз мұнарасының» жағалауында түрік симитін жеп жүргенімді елестетіп үлгердім. Құрметті оқырман, сізге де дәл осындай ұсыныс түссе қайтер едіңіз? Қызығып кеткен боларсыз? Ендеше бұл не қылған «батпан құйрық» екенін бірге білейік.

Кюнет.jpg

Қосымша жұмыс «Q net» атты компанияның Qvi club бөлімінде екен. Бұл саяхаттау мен апта сайын айлық алуға көмек беретін туризм бағытындағы «бизнес». Компанияның талабы бойынша әуелде ақпараттың 20 пайызы түсіндірілді. Жеңгемнің айтуынша, ол – миллионерлер отаны. Офис алдында Toyota маркалы автокөліктерінен басың айналады. Ал компания өкілдерінің өзін-өзі ұстауы мен киім киінісі өте жоғары деңгейде. Осылайша, тек оң имиджді ақпараттарға қанықтым. Бірақ жететін жетістігіме, болашақтағы бал өміріме кепілдік беретін «Q net» компаниясына қанша ақшамен және қалай кіретінім жұмбақ қалпында қалды. Тек туристік карта сатып алуым керек екен. Оның бағасы да мен үшін беймәлім болды. 

Әңгіменің ұшы шыққан соң тыныш жату мүмкін емес. Бәрінің шетел саяхаттап, қымбат көлік мініп, жақсы табыс тапқысы-ақ келетінін мойындау керек. Бірақ қандай жолмен?

Журналист болған соң ізденіс те қатар жүреді. Тақырып мәнін ашуды күнделікті өмірізде де қолданып үйреніп қалғанбыз. Сұхбат алар кезде, түсірілімге барар алдын көздеген нысанамыз туралы мәлімет жинаймыз. Нақтылықты қажет ететін материалда «Кім? Не? Қайда? Қашан? Не мақсатта?» сұрақтарына міндетті түрде жауап беруіміз қажет. Құрғақ сөзге елірмей, маған ұсынылған жұмыстың мекен-жайына бармас бұрын талдау жүргізуді жөн көрдім. 

Q net – әртүрлі тұтыну тауарларын, соның ішінде сағаттар, онлайн-оқыту, зергерлік бұйымдар, туристік пакеттер, су және ауа тазалағыштары мен биоқоспаларды тікелей сататын, жалпы 34 бренд компаниясымен тығыз жұмыс істейді. Ең ірі әрі өтімді тауары QVI Club туристік карталары. Жүйеге кіру үшін ең алдымен дәл осы картаны сатып алуымыз керек. 

Интернет үлкен әлем. Ішінен компания туралы даттаулар да, ақтаулар да кездестірдім. Соңғы жаңалықтардан компанияға қыруар қаржы салып, нәтижесінде қалтасынан қағылған талдықорғандықтардың 31 арнада жанайқайын естіп аяныш сезімі туды. Ал Q net-тің карантин кезіндегі және одан бұрын да тұрмысы төмен отбасыларға жиі жасаған қайырымдылық іс-шаралары ішімді жылытты.

Не керек, Шымкенттен компанияның мекен жайын іздей бастадым. Көз алдыма зәулім бір ғимарат, сансыз Toyota-лар суреттелді. Өкініштісі, өздігімнен  Q net-тің орналасқан жерін таба алмадым. Араға мені осы жермен таныстырған адамды салуға тура келді. Сонымен, Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасқан екі қабатты оқу орталығының ғимаратына келдік. Миллионерлер мекені көзден таса қуыстағы қуықтай жерді жалға алып отырғаны ма? Мен алдын-ала жазылу бойынша сағат 10:00-де презентация тыңдауым керек болған.  Есігі тарс жабық. Білдей бір «бизнесмендердің» жауапсыздығы ұнамады.  Жарты сағаттан соң шырттай киінген жаяу жас жігіт келіп есікті ашты. Қымбат көлігі қайда? Офис іші салқын, әрі тым тар. Астыңғы қабатта екі бөлме, жоғарғысында 3 шағын бөлме бар екен. Маған жұмыстың стратегиясын түсіндіру үшін екі баннері мен бір үстелі бар бөлмеге алып келді. Баннердің бірі шартты суреттермен толықса, екіншісі шетелде демалып жүрген Q net «кәсіпкерлері».

Компанияда «аплайн» (бизнеске үйретіп жүрген жанашыр жан) ұғымы бар. Олар сіздің ғана емес жақындарыңыздың да керемет өмір сүргенін қалайды. Q net аплайндары – ой оқиды, адам психологиясымен жұмыс істеп, санаға әрекет етеді. Қызықтырамын десе керек, әңгіменің басында-ақ өзін Исламбек деп таныстырған жігіт менің айлық табысымды сұрап, өзінікімен  салыстыра бастады. Қос көлігі мен шетелдегі саяхатын айтты. Содан соң компанияның стратегиясы түсіндірілді. Айтпақшы, презентация интерактивті тақтада емес, ақ парақта шимақталды. 

– Біздің бизнесіміз осы уақытқа дейін жүріп келді. Ары қарай да жүре береді. Бірақ бұл бізде бар, сізде жоқ. Егер келетін болсаңыз, көмектесеміз. Уайымдамаңыз, компания жабылып қалмайды. Туристік картаға өтінім бересіз, Kaspi приложениеңіздің интернет арқылы ақша алуды шексіздікке қоясыз. Содан соң ақшаны автоматты түрде өздері шешіп алады. Бронзовый карта 5 жылға жарамды. Сол уақыттың ішінде 3 рет шетелге шығып үлгеруіңіз керек. Бірақ осы бір сатып алғаныңыз сізге 99 жыл жұмыс істеуге гарантия береді,  – дейді Исламбек аплайн. Ешқандай құжат немесе келісімшарт жоқ. Тек туристік картаны сатып алған соң ішкі жүйе бойынша оқыту курстары жүретінін айтты. Емтихан да тапсырады екенбіз. 

Туристік картаның үш түрі бар: Bronze, Silver, Gold. Ең арзаны Bronze карта 900 мың теңгені құрайды. Қыруар қаржыны салып алып, шетелді аңсап отырса бір мейлі. Бұл – нағыз әрекеттің ортасы. Жылдамдығын іске қосқандар өзіне тиесілі қаржыны қайтарып алуы мүмкін. Тіпті, Исламбек секілді айына 1,5 миллион айлық алып, құны 760 мың теңгені құрайтын Claude Bernard-тың қолсағатын да тағуға болады. Ұнамағаны, олардың түсіндіре келіп үгіттегені. 

– Ағайын-туыстарымыз бізге көмектесе алмай қалған кезде , көмектесетін жер бар ғой. Түсініп отқан шығарсыз... Сіз астыңызға 16 адам тіркесеңіз, бұл кредитті 5-ақ айда жабасыз. Мысалы, мен өзімді, анамды, жеңгемді, досымды тіркеген едім. Түсіп отырған пайдаға жақындарыңыздың да кенелгенін қалайсыз ғой,- дейді аплайн. Қалада бұдан бөлек үш офис бар. Ол жаққа күніне қанша адам кіріп-шығатыны белгісіз. Мен «ойланатынымды» айтып қоштасып жатқанда бір сағаттың ішінде едәуір көбейіп кеткенін аңғардым. Осылайша қанша адамды несиеге батырғаны бір Құдайға аян.

«Q net»-ке шағым түсіріп алдандық деп жүрген халықтың басым көпшілігі несиеге алып, қарызға кіріп компанияға тіркелген. Түптеп келгенде, ол адамдар өздерінің қандай жерге, кімге тіркеліп жатқанын түсінбеген сыңайлы. «Алма піс, аузыма түс» деп жүріп, тегін ақша еш жерде жоқ екенін кеш ойлаған. «Ақшамызды тартып алды, бұл – нағыз қаржылық пирамидасы» деп шағым түсірушілер саны көп. Мәселен, қыркүйектен бері еліміздің бірқатар өңірлерінде компания үстінен 29 қылмыстық іс қозғалған. Тіпті, Ресей, Непал, Аустралия БАҚ-тарында бұл нағыз алаяқтық, қаржы пирамидасы делінген.  Бұл бір жағынан сонша ақшаны көз жұма құрғақ сөзге ұстатқан халықтың қаржылық сауаты жағынан ақсауы десек те болады. 

– Адам болғаннан соң барлығымыз ақша тапқымыз келеді. «Q net» компаниясын жақсы білемін. Кезінде өзім де сол жердің құрбаны болғанмын. 7-8  жыл бұрын құрбымның өтінішімен кірген едім. Нәтижесі өте «печальный» болды. Несие алдым, оны қаншама жыл бойы қайтардым. Күйеуіммен ара-қатынасымыз бұзылды. Үлкен депрессияға ұшырап өзімді алып шықтым. Қараңызшы, олардың стратегиясы қандай? Олар ең алдымен компанияға кірген адамның жақындарын тартуға, артынан тіркеуге үгіттейді. Тағы бұл қаржы пирамидасының фишкасы – сол жерге кірген адамдардың  сырт келбетіне мән беру. Әдемі етіп киінуді талап етіп, кезекші адамдарды қойып қояды. Негізі біз ең бірінші адамның сыртына қарап бағалаймыз. «Ой, мынау компанияға кіріп әдемі болып кетіпті» деп жатамыз. Кюнет те осы әрекетті пайдаланады. Және ішкі мотивация деген нәрсе бар. Мәселен, менің әкем 250-300 мыңға жұмыс істейтін қойшы іздейді. Бірақ адам тұрақтамайды. Неге? Себебі адамға тек көп ақша маңызды емес, қоршаған ортамен байланыс, берілетін статус керек, - дейді аталған бизнеске алданған Назгүл Беспаева.

Кез-келген компанияның жұмыс істеу стратегиясын білместен бұрын ол жайында үкім шығаруға құқығымыз жоқ.  Біздің мақсат – адамдар өздерінің қандай жерде жұмыс істейтінін, әрекеттің соңы қайда апаратынын түсіндіру. Ең алдымен, бір-біріне ұқсас желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының ара-жігін айырсақ. 

Желілік маркетинг деген не?

Желілік маркетингте компания белгілі бір тауар мен қызмет түрін тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құру арқылы өткізеді. Тарқатып айтсақ, шетелде белгілі бір кәсіпорында өнімдер өндіріледі. Олар: косметика, дәрілік шөптер, тұрмыстық техникасы, киім секілді өмірімізге қажетті дүниелер. Ал тіркелген адам оны өзі үшін немесе клиенттері үшін сатып алады. Сонымен қатар, бұл жерде тек сауда ғана емес, адам тіркеу де маңызды. Өзі де, тіркелген адамдары да сауданы көп жасаса, соғұрлым айлығы да көп болады. Оның барлығы баллмен есептеледі. Түптеп келгенде біз алдымен шетелдік компанияларды байытамыз, сосын өзімізден кейін тіркелген адамдардың ақшасынан айлық аламыз. Негізінен кім көп жұмыс істейді, расымен де жетістікке жетеді. Әсіресе, үйде отырған қыз-келіншектерге, студенттерге арналған жұмыс. 

Ал қаржы пирамидасында сауда, алып-сату жоқ. «Ақшаны сал да, екі есе көбейтіп ал» тактикасымен жүреді. Ол – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебінен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдісімен жұмыс істейді. Қаржы пирамидасына бастапқы уақытта ақша салғандар олжаға кенелгенімен, соңындағылар бармақ тістеп қалады.

– Сетевой маркетинг тауарлық схемасы бар бизнес. Ал қаржылық пирамидаға заң жүзінде рұқсат берілмеген. Онымен айналысқан соң қылмыстық іс қозғалады десек те болады. Қаржылық пирамиданы құру, өзіне тарту, жиналған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпккерлік қызметті пайдаланбай, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкі есебінен байыту. Яғни, халықтың ақшасы арқылы өзінің бизнесін өркендету мақсатында жасалған адамдарға 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе шектеу жазасы қарастырылған. Ал егер де бұл пирамиданы бірнеше адам бірігіп жасайтын болса, алдын-ала сөз байласумен құрылған топ деп есептеп, 217 баптың 2 бөлігінде қарасытырылған іс-әрекеттерге байланысты тармақтар қойылып, 3 жылдан 7 жылға дейін өз жазаларын алады. Сонымен қатар, халықтың сеніміне кіріп алдап отырғаны үшін қылмыстық кодекстің 190 бабы, яғни алаяқтық бойынша да қарастырылады,- дейді заңгер Эльнура Кішкенебаева.

Байқағаныңыздай жоғарыда аталған екеуінің ұқсастығы өзіңнен кейін адам тіркеу. Бірақ есіңізде болсын, біреуі – қосымша жұмыс, екіншісі – алаяқтық. Бір қызығы, интернет мәліметтерде Q net-ті желілік маркетинг немесе қаржы пирамидасы деп сипаттап жатады. Бірақ компания өкілдері өздерін электронды комерция деп есептейді. Қазір интернет желілерін ақпараттық құрал ретінде пайдалануға болатын заман. Сондықтан адамдар кез-келген нәрсеге екі жақты қарап, ізденіс үстімен маңызды қадамдарға барса екен. «Тегін ірімшік қақпанда ғана» екенін ұмытпаңыз.

Мария Сәулебекқызы

Моңғол шапқыншылығы
Том мен Джерри: көгілдір экран сыртында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу