Айва жемісі неге құп-құрғақ?

Oinet.kz 02-01-2021 1086

айва жеміс.jpg

Мәлике: Айуа жемісі неге құп-құрғақ?

Әбілда: Оның мынадай қиссасы бар. Ұлықпан хәкім дүниедегі барлық кеселдің дауасын тапқан ғұлама екен. Бірде қарттық меңдеп, ажал сәті жақындады. «Мен дүние салсам, мына жұртты кім емдейді?» деп қатты уайымға батты. Бірде бір ой сап ете қалды. Дастарқанға барлық жемісті толтырып бүй деді:

– Кімнің қандай қасиеті бар, баяндаңдар! Кейінгі ұрпақ ауырса, сендерді жеп жазылатын болсын!

Дастарқанда шашылып жатқан төрт-бес Күріш алдымен сөз алды:

– Төресімін тағамның. Пайғамбардың асыл тісінен мән алдым. «Ясин» сүресінен нәр алдым. Бойына қуат дарытам, мені жеген адамның, – деді.

Дастарқанға сыймай тұрған қойтастай Асқабақ паңдана сөйлеп кетті:

– Бар ас-ауқаттың қуатымын. Жүрегі әлсіз кісіге, дертінен жүдеп жүрген жанға күш беретін суатымын. Бауыр ауруына шипамын. Ойлаймын бас пен ми қамын, – деді.

Желегі желкілдеп асқабақтың жанында тұрған Сәбіз желпінді:

– Дәруменнің кенімін, көз аурудың емімін. Жанарыңды жақсартам, ерінбей күтіп-баптасаң, құнары мол ас тартам. Шырыным бар бал дәмді, ой-зейінің артады, – деді.

Қабат-қабат тон киген, тұрқы алып дөңкиген Қырыққабат та қарап тұрмады. Жағаласып сөз алды:

– Әрбір тоным пайдалы. Сансыз шипа сайлады. Жеген сайын жасарар, қарттық менен қашар ал. Қайнатсаң егер қырқы да, барлық жанға ас адал, – деді.

Сәукелесі селкілдеп ащы Пияз жұлқынып алға шықты:

– Аласа ғана бойым бар, тоғыз қабат тоным бар. Азықпын мына елге, менде ғой шипа да, ем де. Қабығымды аршығанда көзіңе жас үйіреді, тұмау мен жөтел жолай алмай күйінеді, – деді.

Сосын бүйректей бұлтиған Ботташық домалап келіп Ұлықпанның алдына тұра қалды:

– Тамаққа өң беремін, қоймалжың шырыш өндіремін. Әрі ауқатқа өзгеше дәм беремін. Мені білмейтін қай жан бар, шипам да көп, пайдам бар, – деді.

– Мені жесең, шаршағаның басылар. Тамаққа деген тәбетің ашылар. Тәніңдегі бүкіл дертіңді қашырар. Қабығым теріңді тазартады, сөлім тәніңді ағартады, – деді.

Кезек қаны бойына сыймай тепсініп тұрған Қызылшаға келді:

– Мені жегеннің бірден қаны көбейді. Саулығыңды күшейтіп, шаттыққа бөлейді. Қант қызылшасынан бал-шекер жинайды. Тәттінің түр-түрін жасап, баршаға сыйлайды. Бауыр мен бүйрекке ем боламын. Ерінбей егіп, күтіп-баптасаң жөн боламын, – деді.

Қазандай қара Қауын да, дөңгелеп кеп бүй деді:

– Хауа ананың мирасымын, қарбыздың қоңсы-сыйласымын, балалардың сыйлы асымын. Дәмім тіл үйіреді, жеген жан сүйінеді. Пайғамбардың қолының табы қалған, қауын егіп, күтіп-баптаған адамның бағы жанған.

Қауынмен таласып, ортаға Қарбыз шықты, соңынан ешкімді ілестірмей жалғыз шықты:

– Тәңірім алғаш бу қылған, буды ерітіп, су қылған. Судан қарбыз тудырған. Жүзімді балмен жудырған. Құмды жерді сүйемін, аптапқа әбден күйемін. Бүйректегі кеселден айықтырамын, бақшаға келсең, құшағымды жайып тұрамын, – деді.

Көкөністер легі біткеннен кейін жеміс-жидектер дастарқанға ағылды. Әдеп-ибамен кезек алып, бәрі де Ұлықпанның алдынан табылды. Бірінші Алма шықты домалап, дастарқанды жағалап:

– Құнары мол алмамын. Таңдайда қалар бал дәмім. Жұртқа ырзық-береке, болу менің арманым. Дастарқанның көркімін, бағбанның да сертімін. Мені жеген адамның ізі қалмас дертінің, – деді.

Ұяттан үлбірей үзіліп, Жүзім де нәзік үнмен сөз алды:

– Тәтті ерекше шырыным, әпсананың сырымын. Пайғамбардан бата алдым, Шырмауықтай маталдым. Ібіліске де байландым, шарапқа да айналдым. Мейіз қылып кептірсе, дастарқанда жайнармын.

Содан кейін Ұлықпан хәкім көз салып еді Құрмаға, ол да әсем үнмен сөйлеп кетті ырғала:

– Пейіштен түстім. Меккеде пістім. Жемісім ауыз бекіткен момынға нәр береді. Мені жесе, күш-қуаты жаңғырып әлденеді. Құранда қасиетімнің бар дерегі, – деді.

Банан да орақтай иіліп, тәжім етіп сөзге кірісті:

– Барлық жандар мені жеуге құмар тым. Сары тонымды дерсің бейне бір алтын. Тәтті дәмім балаларға ұнар шын. Дәм татса егер жүрек-тамыр жақсарған. Тойынады жандар ассыз аш қалған, – деді.

Бананнан соң Шабдалыға сөз тиді:

– Бүкіл елдің бағбаны – өсіреді шабдалы. Жемісімді жеген жұрт – «Шипалы тал» деп атады.

«Мың сұрақ» кітабынан үзінді

«Өлмейтін амбиция». «Өркениетті адам» кітабынан үзінді
Амфибия: қиял әлде реал?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу