Ат үстіндегі әйел

Oinet.kz 18-06-2022

Бұрын байқамағанбыз ба, әлде ондай үрдіс болмады ма, әйтеуір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әр елдің бірінші ханымы міндетті түрде қайырымдылық қорын басқаратын болды. Мұны көріп, түрлі деңгейдегі әкімдердің де әйелдері қайыр жасағыш болып кетті. 

Screenshot_6.jpg

Уақыт өте келе ханымдар жалыққан болар, бұл біртіндеп ұмытыла бастады да, қазір тек ірі бизнес өкілдерінің жұбайлары ғана бір-бір қорға иелік етіп отырған сияқты. Кейін білсем, мұндай қайырымдылықтың төркіні тереңде екен, оған мына аңыз мысал...

Қазақтан сөз қалған ба, атамыз айтқан «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» дегеннің растығына өз басым күмәнданған емеспін. Ежелгі бір аңыздың айтуынша, ықпалды ағылшын ақсүйектерінің бірі өзіне бағынышты қала халқынан қайтсем көп салық жинаймын деп үнемі жанталасып жүреді екен. Ал жұбайы керісінше, бұқараға болысқанды, салықтың азайғанын қалайтын көрінеді. Әлбетте, қайырымдылық жасағысы келіп тұратын патшайым мен қарашаның қанын сорғысы келіп тұратын патшаның бұл кереғар көзқарастары отбасындағы талай кикілжіңге себеп болып жатады. Патша жақтырмағанымен, патшайымның қайырымдылығын қала жұрты ұмытпайды. Мұны жақсы білетін әрі өз ісінен қанағат табатын әйел қолдан келер көмегін көптен аямайды. 

Бір жолы мерекелік дастархан басында патшайым салықты азайтуды сұрап, күйеуіне тағы қолқа салады. Шарап ішіп, шалқып отырған патша бұл жолы:

– Сен де бір қақсап қоймадың ғой. Бірақ менің бір шартым бар. Соны орындасаң, қалауың болсын, - дейді жомартсынып.

– Ол қандай шарт?

– Атқа тыржалаңаш мініп, қаланы бір аралап шықсаң болғаны, - деп патша оған сынай қарайды. Мұны естіген қонақтар шу ете қалады. Бірақ күтілмегенде патшайым:

– Мен дайынмын, атты әзірлеңдер, - деп жұртты одан сайын таңғалдыра түседі.

Сонымен не керек, патшайым бұл шартты орындайды. Қала халқының патшайымға болған құрметінің жоғарылығы сонша, сол күні бәрі есік-терезесін тарс жауып, ешкім көшеге шықпаған деседі. Әйелінің батылдығына қайран қалған патша уәдесінде тұрып, салықты азайтады. Ал патшайымның абыройы аспандай түседі.

Бұл аңызды әркім әрқалай жеткізген. Бір нұсқасында ат үстіндегі жалаңаш әйелге терезеден сығалаған еркектің көзі көрмей қалыпты десе, екінші біреулер ерлі-зайыптылар ақсүйек емес, еңбектеніп дәулет жинағандар екен деп дәріптейді. Қалай болғанда да, аңыздың айтары біреу – қол астыңдағыларға қайырымды бол! Ат үстінде жүргендер осыны білер ме екен?!

Қонақбай Қожа-Нияз

Қазан мен қатынның қымбатын алыңдар!
Жаназада уағыз айтқан молдаға айқайлап ұрсып бердім


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×