Тазы арқылы туризмді дамытуға болады

Oinet.kz 20-04-2019 1213

Screenshot_32.jpg

Әлемнің көптеген елдері өздерінің ұлттық құндылықтарымен өзгені қызықтырып, сол арқылы ат атақтарын паш етіп жүр. Бәрінен де мұндай қызығушылықтар сол елдің экономикасына жақсы әсер етері сөзсіз. Өйткені, қазір туризммен ғана күн көріп отырған мемлекеттердің көп екені жасырын емес. Қазақстанның да шет елдік туристерді қызықтыратындай құндылықтары көп. Таңғажайып табиғат, рухани-мәдени орталықтар, әлемде баламасы жоқ нысандар, салт-дәстүр, тағысын тағы. Сондай құндылықтарымыздың бірі қазақтың тазы иті. 

Жеті қазынаның біріне баланатын қазақтың тазы иті, советтік солақай саясаттың салдарынан жойылып кетуге шақ қалған құндылықтарымыздың бірі. Білетіндердің айтуынша, қазір еліміздегі тазылардың саны екі жүздің ар жақ бер жағында ғана. Оның өзінде олардың көбісі өзге иттермен араласып тұқымы бұзылып кеткен. Қасқырға қаймықпай қарсы тұратын қайсарлығымен ерекше тазы, ер жігіттің ең сенімді серігі болып есептеліп, қазақ халқы оны аса қастер тұтқан. Сондықтан да жеті қазынаның біріне балаған. Заманында ел басқарған хандар, сұлтандар мен батырларымыз құмай тазыны жанына ертіп жүретіндігі тарих беттерінен белгілі. Онбес жыл бұрын Павлодар облысында ашылған «Алтын мирас» питомнигі қазақ тазысының асыл тұқымын қалпына келтірумен шұғылданып келеді. Қазір онда алпыстан астам ит бар. Қайбір жылдарықазақтың тазысына көз алартып, оны өздеріне меншіктеп алмақ болған мемлекеттер де шықты. Мәселен, Польша тазыны өз иттері ретінде патенттен алмақ болды. Осыны сезген елдегі тазы асыраушылар, ауылшаруашылық министрілігіне тазының мемлекеттік стандардартын қабылдатып алды. Оның өзінде де бұл жұмыстар ондаған жылдарға созылды. Жоғарыда отыратын «көкелер» көпке дейін тазыға мемлекеттік стандарт беруге құлық танытпай жүрді. Ақыры өткен күзде тазының түр тұлғасы мен өң түсін айғақтайтын мемлекеттік стандарт қабылданды. Бұл да болса ондаған жылда атқарған еңбектің жемісі. Осы жылдар ішінде «Алтын мирас» питомнигінің басшысы Әскер Нүкенов бастаған итбегілер тазының таза тұқымын іздеп еліміздің барлық өңіріне ат шалдырып, алыс жақын шет елдерге дейін сапарлап қайтқан. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда тазының тұқымы жақсарып келеді. Қазақ тазысының стандартын бекіту де оңайға түспеді. Өйткені, бұл ретте іштен шыққан жаулар да аяқтан шалып тазының тұрпатын кішірейтуге тырысып баққан. Мәселен, Алматы облысында Константин Плахов бастаған тазы асыраушылар қазақ тазысының салмағы 25 келіден аспайды, және қасқырға шаба алмайды деп стандарт дайындапты. Ал, қазақтың құмай тазыларының арланы 40 келіден асып кетеді және қасқырды алып ұратыны әудем заманнан белгілі. Ал, Плахов сияқтылардың айтып жүргені ол ши тазы. Тазының ол тұқымы түлкі мен қарсақтан үлкен аңдарға қауқар көрсете алмайды. Сол Плахов бастаған топтың стандарты қабылданып кеткенде қазақ тазысының қадірі қазір тіптен төмендеп қалар еді. Енді, осы ауылшаруашылық министрлігі бекіткен стандартты Халықаралық кинологиялық қауымдастыққа бекіттіріп алса қазақтың тазысына ешкім тұмсығын тыға алмайды. 

Қазақта, білегіне білімі сай азаматтарды «Жігіттің сұлтаны» десе, қасқырдан қаймықпайтын құмай тазыларды «Иттің сырттаны» дейтін. Әлемде, түз тағысы қасқырға қарсы тұра алатын ит баласы санаулы ғана. Ирландия мен Ресейдің иттері 18-19-шы ғасырларда қасқыр алған. Міне, содан бері ол елдерде бөріге шабатын итті ерекше қадірлеп, мемлекеттің мақтанышы тұтады. Ал біздің тазылар атам заманнан күні бүгінге дейін арланды астыға басып келсе де олар туралы үгіт насихаттар мардысыз болып жүр. Ол тұрмақ айыр қалпақты ағайындарымыздың өзі иттерін әлемге әйгілеп танымал етті. Қазір Қырғыздың тайған тұқымды итіне ағылшындар қызығып жүр. Тайғанды іздеп Алатаудың аржағына келетін туристер көп. Тазының тағы бір ерекшелігі жүйріктігі. Жылдамдығы жағынан ағылшындардың Грейхаунд тұқымынан да озып кетеді. Сондықтан тазыны аңға салғаннан басқа ит жарысқа да қосса әлемді ауызға қаратуға болады, дейді «Алтын мирас» питомнигінің директоры Әскер Нүкенов. 

Бүгінгі таңда елімізге келіп кететін шет елдік қонақтардың көбі үлкен қалалардан кері қайтып жүр. Тауға апарып бүркіт салып, қырға шығып тазы жүгіртіп, киіз үйге кіргізіп қымыз ішкізсе туристер қазақ халқының нағыз болмысын мойындап кетер еді. Оларға да керегі осы емес пе, әйтпесе көп қабатты үйлерді көрмей жүр дейсіз бе? Қазақтың тазы иті ұлттық брендіміз. Ендеше, барымызды бағалай білейік! Ол үшін ең алдымен үкіметтің қолдауы мен жәрдемі керек. 

Есенбек Санатұлы,

Мұрағаттан: 29.01.2015


РЫСҚҰЛДЫҢ ҚҰЛЫПТАСЫ ҚҰЛАУҒА ШАҚ ТҰР
Мемлекет басшысы жемқорлықты қалай жою керектігін хабарлады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу