РЫСҚҰЛДЫҢ ҚҰЛЫПТАСЫ ҚҰЛАУҒА ШАҚ ТҰР

Oinet.kz 20-04-2019 1885

Screenshot_28.jpg

Алаштың ардақты ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезовтің идеялас, мұраттас болғаны белгілі. 1922 жылы Мұхтар Омарханұлы Орынбордағы қызметінен босап, Ташкентке келеді. Ташкентте Тұрар Рысқұловпен кездесіп, оның әңгімесін тыңдайды. Сөйтіп, екеуара әңгімеден әсерленген әйгілі жазушының қаламынан «Қараш-Қараш оқиғасы» туды. 

Бұл шығарма Тұрардың әкесі, Жетісу облысы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқайдаровтың өміріне негізделген. Ал, негізінен Рысқұлдың туған жері Сырдария облысының Черняев уезі (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы (кей деректерде Түркібасы). Патша әкімшілігінің озбырлығына шыдай алмай, Жетісу жеріне қарай қоныс аударған екен. Мұның барлығы Мұхтар Әуезовке айтылады. Тіпті, Тұрар Рысқұлов сол кезде Әуезовке Алматы мұрағатынан Рысқұлға қатысты құжаттарды тауып берген. Шығармадағы Бақтығұлдың өмірдегі прототипі Рысқұл болса, бала Сейіт Тұрар Рысқұловтың өзі еді. Ал, жазушы жеке адамның тағдырын жазу арқылы қазақ ұлтының дәуірлік тарихын бейнелейді. 

Барлық тарихи әрі көрнекті тұлғалар секілді Рысқұл Жылқайдаровтың да тағдыры тауқыметке толы. Жалшылықтан, қиянаттан, жоқшылықтан көз ашпаған қасіретті тұлға. Жылқайдардан Бердіқұл, Рысқұл, Молдабек туады. Ағасы Бердіқұлды Дауылбай болыс тепкінің астына алып, ақыры өлтіріп тынған екен. Бұл жағдайға кектенген Рысқұл 1885 жылы, жиырма бес жасында Майлыкент болысындағы әкімдермен сыйыспай, Талғарға ауып келеді. Бірақ, қанша бейнет көрсе де қайсар жан мойымайды. Ғылымға құмартады. Ешқандай мүмкіндігі болмағандықтан  Рысқұл 1903 жылы белгілі ғалым, Орыс географиялық қоғамының мүшесі Дмитриевтің Іле Алатауындағы жолбасшысы болады. Дмитриев 1923 жылы жарық көрген еңбегінде Рысқұл туралы «Рухы мықты, атақты аңшы, таулардағы жолдарды жақсы біледі, бізді бұрын беймәлім жолдармен алып жүрді» – деп жазады. Бірақ, әу бастан тайқы маңдай тауқыметті жанның жалғанда көрген зәбірі мен қорлығы аз болғандай, 1905 жылы Рысқұлдың басына қара бұлт үйіріледі. Халыққа тізесін батырып, елді қанаушы болған болыс Саймасай Үшкемпіровтің әділетсіздігіне шыдай алмай, оны атып өлтіреді. Яғни, шығармадағы Жарасбай осы Үшкемпіровтің шынайы бейнесі. Бұдан кейін Рысқұл Жылқайдаровты алдымен Верный түрмесіне жабады, артынан он жылға Сібірге жер аударады. Верный түрмесінде Тұрар әкесі Рысқұлмен бірге отырады, себебі Рысқұл қастандықтан қорқып Тұрарды жанына алдырған еді. «Түрме баласы» атанған Тұрар түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Кейін Рысқұл он жыл жазаға кесілгеннен кейін Тұрар «Қырғызбаев» деген жалған тек алып, нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұның барлығы да көрнекті жазушымыз Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» романында баяндалады. 

Тарихта 1916 жылғы патшаның жарлығы қара қаріппен таңбаланатын кезеңнің бірі. Бұл уақытта да зәбір мен қорлыққа шыдай алмаған халықтың қаны төгілді, көтеріліс болып, қазақ тарихында он алтыншы жыл оқиғасымен қалды. Ұлт-азаттық көтеріліс басталған тұста Тұрар Рысқұлов Әулиеата уезінің Меркі ауылына қайта келеді. Сол уақытта Ақкөз Қосанұлы бастаған көтеріліске Рысқұл Жылқайдаров та қатысқан деген дерек бар. Тарихи деректер негізінде баяндасақ, бұл жағдай былай болған. 1905 жылы болысты атып тастағаны үшін Рысқұлға он жыл жаза кесілгенін айттық. Бірақ, Семей қаласында қашуға әрекеттенгені үшін Рысқұл Жылқайдаровқа 1906 жылы тағы да он жыл беріледі. Сот шешімімен сол жылы Рысқұл Сахалин жапондарының қол астында болғандықтан Бодойбоға жіберіледі. Рысқұл 1915 жылы Бодойбодан қашып шығып, Құлынды жазығына жеткенде қыс түседі. Содан тұтқындықтан әбден арыған Рысқұл Меркіге жетіп, халық көтерілісіне қатысады. Баласы Тұрарды іздеп келген деген де әңгіме бар ел арасында. Алайда, Меркіде Тұрарды патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ соңынан айып таба алмағандығы себепті қайта босатады. Ал, қақтығыста жараланған Рысқұл бас сауғалауға мәжбүр болады. Нағашы жұртын сағалап Талас топырағына тартады.

Screenshot_27.jpg

Негізі, Рысқұл Жылқайдаров туралы деректер көп сақталмаған. Рысқұл туралы кезінде Мұхтар Әуезов жазса, кейіннен біз сөз етіп отырған барлық жайды Шерхан Мұртаза өзінің «Қызыл Жебе» шығармасында баяндады. Рысқұлдай тарихи тұлғаға Талас жерінен топырақ бұйырған дегенді де еміс-еміс естігеніміз бар еді ілгеріде. Ақыры жол түсіп Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек елді мекенінің солтүстік шығысындағы екі жарым шақырымдай жердегі Қызылқорған жазығында орналасқан Рысқұлдың бейітін барып көрдік. Жазықты біраз айналып жүріп, әйтеуір әрең дегенде таптық. Қар жамылған жазық далада көзге ілінер ешбір белгі жоқ. Қарайған табу қиын. Қызылқорған жазығын шиырлап жүріп отырып келдік. Діни салт бойынша марқұмның сүйегі жатқан жерге дұға етіп, Құран оқып, бет сипадық. Қабірді қара темірмен қоршап қойыпты. Белгі ретінде жерден жоғары қарай кірпіш қалап, оның үстіне ақ тас орналастырыпты. Қойылған мерзімі 1995 жылдың қыркүйек айы. Дәл мезгілін оқуға көз жетпеді. Құлпытастың жазуын күн қақтап, жаңбыр шайған. Әйтеуір, Рысқұл Жылқайдаровтың туған жылының 1860, ал қайтыс болған жылының 1916 жыл екені жазылыпты. Анық болмаса да оқуға болады, көз жетеді. Десек те, аруақты ердің, өмірі бұғауда өткен бозымның басына қойылған құлпытастың тозығы жеткен. Тіпті, ары-бері ырғатылып, құлауға шақ тұр. Қатты бораннан, ұйтқып соққан дауылдан құлап кетуі де мүмкін. Енді азғана уақыттың ішінде бұл кімнің қорған-бейіті екенін де таппай қалуымыз ғажап емес. Сонымен, Сейілбек ауылына қайта келіп, көнекөз ауыл қарияларымен сұхбат құрдық. 

– Рысқұл Аққұм ауылындағы Жәдік деген ағайынның жиені, Ойық руының Көкшегөзінен тарайды, – деп бастады ауыл тұрғыны Сембек Бештаев ақсақал әңгімесін. – Тұрар Рысқұловтың өмірінен шығарма жазбақшы болып 1961 жылы Шерхан Мұртаза ауылға келді. Сол кездің өзінде жасы жетпістен асқан Өскенбай деген ауыл қариясы Шерағаңды Рысқұлдың қабіріне алып барды. Біз сол Өскенбай қариядан осы жайды естіп өстік. Ал, ол кісі Рысқұлдың Қызылқорған жазығына жерленгенін жақсы білетін. Меркідегі көтеріліске қатысып, жараланған Рысқұл бір қырғыз азаматымен осында нағашыларын паналап келген екен. Бұл 1916 жылы болған оқиға.

Сембек қарияның сөзін ары қарай ауыл ақсақалы Мырзатай Құранбеков жалғастырды.  – Ол кезде Тұрар Меркіде екен. Рысқұл ұлына жолықпақ ниетпен алдымен сонда барады. Кейіннен халық батыры Ақкөз Қосанұлы бастаған көтеріліске қатысып, жараланғаны себепті Рысқұл нағашыларына қарай келеді. Нағашысы Дәуітбай деген кісі болған екен. Елі Жәдік. Рысқұлдың қабіріне барар жолдағы үйінділер бір кездері Жәдіктердің қыстауы болған, – деп білгенін айтты Мырзатай қария. Бұдан кейін ауыл тұрғыны Жәнібек Тұраров та сөзге араласты. – Осыдан бір ай бұрын ауылға Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан он бес шақты адам келді. Рысқұл Жылқайдаровтың ағайындары болып шықты. Алдымен, Тұрар Рысқұловтың қабірін тауыпты. Енді, Рысқұлдың бейітінің дерегін іздеп, осында жол тартқан. Айтуларынша, бүгінгі таңда Рысқұл әулетінен екі жүз түтін бар екен. Рысқұлдың бейітін келіп көрген ағайындары құлпытастың тозып тұрғанын, басына үлкен белгі қою керектігін айтты. Өздерінің де әрекетсіз қалмайтындықтарын білдірді, – деген Жәнібек ағамыз Рысқұлға қатысты тағы бір деректің шетін шығарды. – Мәскеуге кетпей тұрып Тұрар осында келеді. Нағашысы Дәуітбай Тұрарды әкесінің басына апарып, қабірін көрсетеді. Себебі, Рысқұлды нағашылары Қызылқорған жазығына жерлейді. Рысқұлдың кездігін өзімен қоса көмеді. Басында Тұрар бұл жайға сенбеген сыңай танытады. Қораш қабір, не басында ешқандай белгі жоқ. Сонда нағашысы Дәуітбай Рысқұлдың қабірін қайта қазып, Тұрарға әкесінің кездігін көрсеткен екен, – деп аяқтады ол әңгімесін.

Рысқұлдың қабіріне сексен жылға жуық уақыт ешқандай белгі қойылмаған екен. Тек ардақты азаматтың бейітіне құлпытас осыдан жиырма жыл уақыт бұрын орнатылыпты. Ауыл қариялары сол тұста ауыл әкімі қызметін Досмұрат Шахзадаев деген азаматтың атқарғанын айтты. Кезінде ауылда абыройлы еңбек етіп, бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан Досмұрат ағамызға шұғыл хабарластық. Рысқұл Жылқайдаров қабіріне қатысты, бейітіндегі белгіге байланысты мән-жайды тәптіштеп сұрадық. 

– Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы ауылға келді. Ол кезде Бөлтірік шешеннің кесенесін орнатып қойғанбыз. Димаш Ахметұлы би бабамыздың басына барып, Құран оқыды, дұға етті. Сонда Рысқұл қабіріне де барғанбыз. Кейіннен ауданның нұсқауымен қабіріне белгі орнаттық. 

Бұрында Тұрар Есқожаев деген ағамыз болды. Рысқұлдың бейітінің Сейілбек ауылының тұсында екендігін сол кісі айтып жүретін. Он екі жасар Тұрар ағамыз бала күнінде сол Қызылқорған жазығында қой бағып жүреді. Сонда Аққұм ауылы жақтан келген бір қария елеусіз бір төмпешіктің басына барып Құран оқиды. Бала Тұрар сонда әлгі қариядан не үшін Құран оқығанын сұрағанда, бұл төмпешіктің Рысқұл Жылқайдаровтың қабірі екенін айтады. Кейіннен Тұрар аға бұл әңгімені бізге айтып берді. Ал, Құран оқыған әлгі шалдың есімін ағамыз білмейді екен. Кейіннен белгі орнатқан соң, ауылға Шерхан Мұртаза аға келді. Басына барып, дұға еттік, – деді Досмұрат аға өткен күндерге шегініс жасап.

Әрбір ұлттың тарихы өзіне қымбат. Тарихын түгендеп, тұлғаларын таныған халықтың деңгейі көш ілгері, танымы терең болмақ. Қазақ елі өз алдына отау құрып, дербес мемлекет атанғанының нәтижесінде кезінде атын атауға тыйым салынған тарихи тұлғаларын таныды. Ақиқат оралды, әділет үстемдік құрды. Рысқұл Жылқайдаровқа байланысты мағлұмат алу мақсатында тарихшы Мәмбет Қойгелдиевке хабарласқанымызда, ол Рысқұлдың нағашы жұртын паналап барып, сонда дүние салуы әбден мүмкін екенін, себебі ежелден бері нағашы жұртын паналау дәстүрі бізде бар екенін айтты.

Біз Рысқұл бейіті жайлы дүние жазу барысында пікірлескен тарихшы ғалымдар да, ауыл тұрғындары да құлпытастың  құлауға шақ тұрғанына байланысты алаңдаушылық білдіріп отырғандарын жеткізді. Бәрінің де көкейінде осы жерге үлкен кесене салынса, аты-жөні дұрыстап жазылса деген арман бар. Себебі, тектіге топырақ көрінген жерден бұйырмайды. Ал, топырақ бұйырған жер сол адамның ақыретке дейінгі мәңгілік мекені болмақ. Өлгенді тірілту, өшкенді жандыру тек тірілердің еншісіндегі дүние. 

Дәулет Төленді, Хамит ЕСАМАН,

Жамбыл облысы

Мұрағаттан: 29.01.2015




Үнді телесериалының «синдромы» көрерменді несімен баурап алды?
Тазы арқылы туризмді дамытуға болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу