Наурыз тойы бұқаралық сипат алды ма?

Oinet.kz 17-07-2019 1068

Screenshot_14.jpg

Таныс сауал, дерсіз. Талай талқыланған, түрлі ұсыныс-пікірлер айтылған, Мәдениет және спорт министрі арнайы мәлімдеме жасаған, Сенат депутаттары Үкіметке сауал жолдаған мәселе екенінен де хабардар болуыңыз мүмкін. Наурыз мерекесі қарсаңында жиі көтеріліп, келесі тойға дейін көбіне «жабулы» жататын сұрақ екені де жасырын емес. Елге мәлім нәрсені қайта қозғап отырғанымыз - мәселенің «жабулы қазан» күйінде қалып кетпей, мерекені ұйымдастыруға жауаптылардың, жалпы ұлттық құндылықтарымыздың ұмыт қалмағанын қалайтын жанашыр қауымның есіне түсіріп, ой салу ғана еді. 

Адамзат тарихына үңіліп қарасақ, мереке атаулының түп-тамыры не сенім-наныммен немесе тұрмыс-тіршілікпен байланысып, астасып жататынын аңғарамыз. Сондай мерекелер сапындағы Наурызды көбінесе етіміз үйренген стандарттық үлгіде ғана тойлап келеміз, десек келісерсіз. Келіспейтіндер де табылар. Киіз үй тігіп, ән шырқап, басшылдарды күтіп алу мерекенің басты мақсаты секілді. Наурыз тойы бұқаралық сипат алды деп айта аламыз ба? 

Бразилиялықтар жыл басын тойламас бұрын-ақ (1-2 ай бұрын) көшелердегі бағандарды гүлмен көмкеріп, қоңыраулармен безендіріп тастайды екен. Біздің елімізде де Григориян күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа жылға дайындық қараша айынан басталып келген-ді. Бұл «дәстүрді» оңтүстік өңірі «бұзуға» әрекет жасады, нәтиже де жоқ емес. Дегенмен, өзге өңірдегілердің үлгі алуы қиындау болып тұр. Наурыз мерекесінің көз қуантарлық айшықтарын қалалар мен далаларда ақпан айынан бастап сүйіншілей берсе, жарасып-ақ кетер еді. Алайда, наурыз айының ортасы жақындаған соң ғана сенбілікке шақырған жарнамалармен «жағаласып», депутаттыққа үміткерлерлер портреттерінің көлеңкесінде қалса да Шымкент қаласының көшелерінде мерекелік көңіл күй байқала бастады. 

Бразилиялықтардың көшелерді гүлмен көмкеретінін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ да жақсы білетінін былтыр аңғартқан еді. Естеріңізде болса, А.Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газетіне «Наурызға – жаңаша көзқарас» атты мақала жариялап, мерекені тойлаудың жаңа үлгісін ұсынды. Сол ұсыныстардың ішіндегі «Наурыз нышаны» бөлігінде министр жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет ететінін айта келе, «мекемелер, көшелер, саябақтар жауқазын гүлімен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Сол арқылы біз Еуропаға ерекше қастерленетін қызғалдақтың, жауқазын мен бәйшешектің түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіре түсер едік» депті. Бұл ұсыныс іске аспады, басқа қалаларды айтпағанда көктемі ерте шығатын оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласында гүлмен көмкерілген көше көре алмадық. Жалпы министрдің мақаласында бұрын да айтылып жүрген мәселелермен қатар тың ұсыныстар да бар еді. Бірақ, айтуға оңай болғанымен, іске асырылуына келгенде ұяттымыз. Мысалы, министр «Наурыздың рухани мәртебесі арта түсуі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған президенттік және мемлекеттік стипендияларды табыс ету мерзімін Наурыз мейрамына ауыстырған абзал» деген ұсыныс тастап еді. Алайда, биылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне 2015 жылғы президенттік және мемлекеттік стипендияларды табыс етті. Яғни, министрдің ұсынысы жоғарыға жетпеді. Сондай-ақ, министрдің: «Қыдыр бабаны Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Айталық, ол жұртқа бата берумен ғана шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса. Әсіресе, Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштасса, мерекенің мәні мен сәні арта түседі» деген ойының да орындалуы күмәнді. Қыдыр атаны Аяз атаға «айналдыруды» қолдамайтындар көп. Сондықтан ба болар, әзірге бата беру Қыдыр атаның басты миссиясы болып қалуда. Ал,

«Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу, «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей көшет отырғызуды дәстүрге айналдыру қажеттігі» А.Мұхамедиұлының айтуынсыз-ақ бұрыннан атқарылып келе жатқан іс. Наурыз тойының бір ерекшелігі де осы - өзге жаңа жылда шыршаны кесіп жатса, біздің мерекеде отырғызады. Кейбір ұсыныстарына қарсы пікірлер айтылғанымен, министрдің ниеті дұрыс. Өйткені, А.Мұхамедиұлы мәлімдегендей: «ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн».  

Мерекені жалпықазақстандық дәрежеге жеткізу керектігін айтып, Сенат депутаттары Үкіметке сауал жолдаған болатын. Алдыңғы жылы. Сол сауалында сенаторлар Оңтүстік Қазақстан облысы Наурыз мейрамын тоғыз күн ерекше жағдайда атап өтетінін, әр күнге атау беріліп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылатынын үлгі ету керектігін  айтты. Иә, ол кезде бұрынғы облыс әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ Наурыз мейрамы жалпыхалықтық сипатта тойлануы үшін игі бастамалар көтерді. Оңтүстік 14 наурызда "Тағзым", 15 наурызда "Алас", 16 наурызда "Береке", 17 наурызда "Көктем шуағы", 18 наурызда "Өніс", 19 наурызда "Жайнау " 20 наурызда "Шаттық", 21 наурызда "Үйлесім", 22 наурызда "Ұлыс күнін" атап өтті. Ал, биыл ше? Ақпан айының соңына жақын Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ журналистердің Наурызды тойлауға байланысты сұрағына берген жауабында: «Оны тойлаудың да мерзімі бар. Үш күндік мерзім ғой. Халықтың көңілі тоғыз күн емес, халықтың көңілі бір айға сыймайды. Біздің оңтүстікте мейрамға дейін бір апта бұрын басталады да одан ары бір айға созылып кететін мейрам бұл», - деп жауап берген болатын. Расында да, облыста Наурыз мерекесін тойлау бір айға созылмақ. Наурыз айының 10-нан бастап, 9-шы сәуірге дейін өткізілетін іс-шаралар жоспары түзілген. Халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, өнері мен мәдениеті қамтылған танымдық-тағылымдық іс-шаралар барлық аудандарда өткізіледі. Биылғы мерекенің басты ерекшелігі де осы болса керек. Наурыз тойының кульминациясы ретінде облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастырумен 22 наурызда көпшілікке «Ұлы көш», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Ырыс толы – Тайқазан», «Бәйшешек», «Қыдыр атаның періштелермен келуі» сынды ұлттық құндылықтарымызды паш ететін көріністер қамтылған театрландырылған қойылымдар ұсынылады.  

Ал, облыс орталығына қошқарлар мен қойлар келе жатыр.  Шымкент қаласының әкімдігі осылайша Наурыз мерекесіне байланысты тұрғындарға тосын сый (сюрприз) жасамақ. Мереке қарсаңында, яғни 18 наурызда Қошқар-Ата өзенінің бойында  «Саиль Қошқар-Ата» көктем мерекесі өтеді. Бұл күннің ерекшелігі асыл тұқымды қошқарлар мен қойлар көрмесі өткізілмек. Қала әкімдігі көрмеге облысымыздың барлық аудан, қалаларынан өтініш білдірген қой шаруашылықтары мен қарапайым шаруалар қатыса алатынын хабарлады. Әрине, мықтыларға арналған спорттық сын да бар. Қошқарды ең көп көтерген азамат жеңімпаз деп танылып, сол қошқарды еншілейді. 

Ұлыстың Ұлы күніне арналған басқа іс-шаралардың өткен жылдардан айырмашылығы жоқ. Мегаполистердегі жағдайға көз жүгіртсек, елордамыз Астанадағы мерекеде концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар... яғни көз үйренген көріністер. Жалпы, Наурыз мейрамы аясында Астанада 70-тен астам іс-шара өткізу жоспарланыпты. Ал, Алматы қаласында бүгінгі таңда мыңжылдық мерейтойдың мысы басым.

Қысқасы, «өткенімізді жаңғыртамыз» деп, салт - дәстүрімізді Ұлыстың Ұлы күні қойылатын сахналық қойылымға айналдыру жалғасын табуда. Наурыз тойлаудың нақты бір тұжырымдамасын жасау қажеттігі айтылғанымен орындалмады. Наурыздың әр күнін белгілі тақырып төңірегіне орайластыра отырып, ұлтымыздың ежелден бар салт-дәстүрін жүйелеп, жаңа заманға сай лайықтап ұсыну арқылы ұрпақ бойына ұлағат сіңіру бағытындағы  тың ізденістерден халық әзірге бейхабар.

Еркін ДОСЫМБАЙ, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Арыс қаласында 804 үй қалпына келтірілді
Кәмелетке толмағандар қате түсінікпен жыныстық әрекетке барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу