Жерді өзбекстандықтарға жалға беруден ұтылмаймыз

Oinet.kz 10-08-2019 1772

Screenshot_18.jpg

1994-98 жылдары Ташкент облысының Бостандық ауданында «Қаршыға» фермер шаруашылығының басшысы болдым. Сол кезден бері Өзбекстандағы фермер қозғалысына, жер қатынастарына қатысты мәселелерді мұқият қадағалап келемін. Әлемдік Банктің Өзбекстандағы аграрлық реформаларға арналған бағдарламаларына қатысуым менің бұл саладағы білімімді әлемдік тәжірибемен терең ұштастырды.  

Қысқасы Өзбекстандағы жер қатынастары жайлы. Көрші елде жер – мемлекеттің меншігі, сондай-ақ фермерлер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Жеріне бірінші кезекте мемлекет талабына сай мақта мен бидай егеді, қалған жерге картоп егеді. 

Қазір Өзбекстанда кезектегі жер реформасы жүріп жатыр. 50-60 гектар жері бар ірі фермер шаруа шаруашылықтары қайта оптимзацияланып, шамамен 10-15 гектар жері бар орта шаруашылықтарға айналдырылып жатыр. Негізгі мақсат –  жерді пайдаланудың тиімділігін арттырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту.

Ал Қазақстанда жалға алынған жер мен жекеменшіктегі жердің айырмасы шамалы. Фермер қалаған егінін егеді, өнімін қалаған жеріне, ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасатын нарқтық бағаға сата алады.  

Бұл тұрғыда мен бұрынғы қаржы министрі,  агробизнесмен Зейнулла Кәкімжановтың пікіріне қосыламын. Ол кісі «Алдағы 20 жыл ішінде жерді жекеменшікке бермей, мемлекет меншігінде ұстау керек. Осы уақыт ішінде жердің қаншалықты тиімді пайдаланып жатқанын көрсететін ұлттық мониторингтік жүйе қалыптасады, ауыл шаруашылығын дамытудың 25 жылдық Стратегиясы жасалады, ең бастысы – осы уақыт ішінде жердің нағыз, жанашыр иелері қалыптасады. Ал жерді қазір сатып алушылар оған инвестиция құю үшін емес, оны өз үстемесін қойып сату үшін жекешелендіреді. Әзірше мұндай алаяқтыққа жол бермеу керек» - деп отыр. 

Тағы бір мәселе. Мәжілісмендеріміз «Өзбекстандықтарға жерді жалға бермеу керек» деп байбалам салып жатыр. Мұнай мен газды, түрлі стратегиялық ірі кәсіпорындарды аты мен заты, тілі мен діні басқа  Қытай мен Батыс елдеріне беріп отырмыз. Меніңше өзбектердің елдің ішкі жағына келіп, жалға жер алып, егін салуы ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіре қоймайды. 

Бұрын біздің ауылдың диқандары гектарынан 8-10 тонна картоп алатын. Ауылға келген намангандық өзбектерден үйреніп, бүгінде қандастарымыз гектарына 35-40 тонна картоп алатын болды. Оның үстіне олар вақталық тәсілмен жұмыс істейді. Көктемнен күзге дейін жұмыс істеп, қысты өз махалласындағы  шайханасы мен отбасында өткізеді. Бұл – олардың жылдар бойы қалыптасқан үрдісі. Өзбек диқаны өндірген өнімін Ташкентке алып кетпейді, осы Қазақстанның немесе Ресейдің нарығында сатады. Бұдан қазақ пайда көрмесе, зиян көрмейді. 

Үсен Асқаров, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Алты адамды атып өлтірген жауыз алғашқы қылмысын Шымкентте жасаған екен
Неге кешегі КСРО-дан үлгі алмасқа?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу