Әңгіме. Қыпшақ Сейтқұл

Oinet.kz 06-10-2017 1546

image.png

Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейін қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамыз деп ойға қалды. Сауда етуге мал жоқ, барымтамен мал алсам, бір күндері жау да бізден қуып алады, ақырында бұрыңғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қиялға түсіп, Сейітқұл әуелі мекен ететін бір орын іздейді. Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай тересіндегі Қабырға деген өзен судың бойына тоқтайды. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ деген екен деп сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына келді. Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп, ұрлық, барымтаны әдет еткен; інісінің қанша ақыл айтқанына болмай, үш-төрт үймен жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орын Түркістанда қалды.

Қабырғаның бойына келген соң, Сейітқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейге де кетпен беріп, жер тегістеп егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен судан арық қазып шығарып, егінге су жіберді. Егіні піскен соң, орып, жиып алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, арпа, тары егеді) артығын төңірегіндегі елге малға айырбас етумен бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейтқұлға қосылып, бес-алты жылда Сейтқұл елі деген төрт жүз үйге таянды дейді.

Қош, Сейітқұлдың өзі де, жиылған халқы да малдары көбейіп, бай болды, ел жиылып Сейітқұл жұрт ағасы болды, енді сол жұртының адал бейнет, табан ет, маңдай терімен тапқан дәулетін аңдыған жаудан, ұрыдан, даладағы бөріден сақтаудың қамын ойлап уайымға қалды. Солардан сақтану үшін Сейтқұл жұртын жиып кеңесіп, судың бір қолайлы жеріне шымнан биік қорған салдырды, малдарына реттеп бақташы, қару-жарақты қаруыл жүргізді. Бұлардың былайша бір ауызға қарап бекінген халық екенін байқаған соң малға қызыққан сырттағы көшпелі халықтар батып келе алмады. 

Бұл жағынан көңілі тыныш болған соң Сейітқұл елді Бұхара, Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолды әр түрлі товар алдырып, жылда егін піскен уақытта манағы қорғанда жәрмеңке реуішті базар болды. Көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін келтіріп, егіншілер оларға астығын, товарларын айырбас етіп, осылай қалпынша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейітқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты.

Манағы Сейітқұлдың ағасы аттаныс, түсіспен жұрттың малын ұрлап бай боламын деп жүргенде Қоңырақ жағында қолға түсіп, кім екені белгісіз, біреулердің қолынан қаза тауып, қалған мал-жанын ұрының малы деп Түркістан әкімдері талап алып, жамағаттарын Сейтқұл көп жылдар іздетіп, таптырып, қасына алыпты-мыс.

Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда қайтыпты-мыс. Сол данышпен кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп. Жарлы болып, бөтен кәсібі жоқ кісілер Торғай жағында дереу егінмен айналысады, ерінбей азаптанса, бірнеше жылда түзеліп, халық қатарына қосылады.

Ертегі. Малды пайдаға жарату
Әңгіме: Кедей мен данышпан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу