Түркі онимдерінің құрылымдық ерекшеліктері (Х-ХІV ғғ. тарихи ескерткіштер негізінде)

Oinet.kz 09-09-2020 901

Мақалада түркі жазба тарихи ескерткіштеріндегі онимдердің құрылымы зерттелген. Жалқы есiмдердi құрылымына жiктеу түркi ономастикасында анықтаушы қатынастағы екiнегiздi атаулардың басым екендiгi жалқы есiмдердi құрылымына топтастыру тарихына шолу арқылы айқындалған. Сонымен бірге «Диуани хикмет», «Ақиқат сыйы», «Мұхаббат-наме» және «Құтты білік» ескерткіштері негізінде онимдердің жасалу тәсілдері қарастырылған. Аппроксимация тәсілі метафора негізінде екіншілік атаудың бір тәсілі ретінде қолданылған, оның ұқсастық бойынша атау ретінде ең алдымен белгілеудің құрылымдық сипаттау құралдары арқылы жасалатыны анықталған. Контаминация, яғни екі атаудың кірігуі нәтижесінде қалыптасқан онимдердің ескерткіштерде кездескені айқындалды. «Құтты білік» шығармасындағы Айтолды, Күнтуды антропонимдеріндегі Ай, Күн компоненттері бастауыш болып келсе, толды, туды компоненттері баяндауыш қызметінде (императив формасында) қолданылғаны анықталды. Әртүрлі тілдік жағдайда жалқы есімнің немесе оның құрылымындағы бір элементінің (фонеманың, морфеманың, лексеманың) өзгеруі, яғни аллоним негізінде қалыптасқан онимдер қарастырылды. Олардың ресми және бейресми, әдеби және диалекті, әдеби және аймақтық, стильдік, транскрипциялық, хронологиялық түрлері айқындалды. Көбінесе нормаға түспеген ауызекі тілде жиі айтылатын, кірме сөздерді қабылдап алғанда ана тілдің ерекшеліктеріне жатпайтын дыбыс тіркестеріне байланысты пайда болған атаулардың эпентеза негізінде жасалатыны зерттелген.

Кіріспе

Жалқы есiмдердi құрылымына қарай топтастырудың түркi және славян ономастикаларында бiрнеше жолдары қалыптасқан. Т. Жанұзақов жалқы есiмдердi (антропонимдер, топонимдер, космонимдер) құрылымына қарай: а) негiзгi; ә) туынды; б) екi компоненттi; в) көп компоненттi деп бөледi (Zhanuzakov T., 1976: 61). Қазiргi қазақ тiлiнде кеңiнен тараған құрылымға, Т. Жанұзақовтың айтуынша, әртүрлi сөз табының бiрiгуiнен жасалған екi компоненттiлер жатады. О.А. Сұлтаньяев күрделi жалқы есiмдердi екi құрылымдық типке бөледi: а) есiмдерден жасалған атаулар; ә) етiстiктен жасалған атаулар (Sultan’jaev , 1969: 30).

Атаулардың құрамында түбiр сөздi саны жағынан топтастыру компоненттер арасында синтаксистiк қатынасын анықтауға мүмкiндiк бередi. Х.Ф. Искакованың сұрыптауында мұндай талдау кездеседi. Ғалым күрделi жалқы есiмдердi анықтаушты және предикативтi деп бөледi. Ал анықтаушысы бар құрылымның өзiн тәуелдiк, сандық және бейiмделушi компоненттерiне жiктеген (Iskakova, 1984: 163-171). Қазақстан өлкесiн зерттеген ғалымдар топонимдердi компонент санына қарай бiрнегiздi, екiнегiздi, үшнегiздi, төртнегiздi атаулар деп топтайды. Зоонимдердi талдаған Т.В. Линко атауларды жай және күрделi сөздерге бөледi (Linko, 1986: 120). Ғалымның мұндай құрылымдық топтасты-

руы екi және одан да көп сыңарлы сөздердiң қай сөз таптар қатынасынан жасалғанын анықтауға мүмкiндiк бередi.

Демек, түркi ономастикасында жалқы есiмдердiң құрылымдық типiн анықтауға көп көңiл аударылған. Түркi ономастикасында кеңiнен тарағаны бiрнегiздi және екiнегiздi атаулар.

Ғалым О.Т. Молчанованың пікірінше: «Түркі тілдерінде топонимдер компоненттері арасында белгілі бір байланысқа негізделген бірнегізді, екінегізді, үшнегізді, кей жағдайда ғана одан да көпнегізді құрылымнан тұрады», деп есептеген ( Molchanova, 1986: 115). Ол зерттеу материалы негізінде келесі тұжырымды жасайды: «Күрделі немесе біріккен тұлғалы түркі географиялық атаулардың синтаксистік құрылымы мыналардан тұрады: 1) элементтердің қатынастық құрылымда келуі; 2) сөйленіс мәтінде бар сөздерден басқа сөздерді қолдану мүмкіндігінің болмауы; 3) компонент арасындағы синтаксистік байланыстың әлсіреуінен морфема біріккен жерінде гаплология, ассимиляция мен диссимиляцияның орын алуы».

Н. Охунов, О. Бозоров сынды ғалымдар түркі тілдер тобына кіретін өзбек және әзірбайжан тілдеріндегі топонимдердің жасалу жолдарын зерттей отырып, олардың екі тілдегі жасалу жолдары бойынша ұқсастықтарын анықтай отырып, келесі пікірге тоқталған: «Жиналған материал негізінде «субъект + қимыл» дегенді білдіретін атау септігінде тұрған зат есімнің (Отучган)

және «объект + қимыл» дегенді білдіретін табыс септігінде тұрған зат есімнің (Бедабосган, Олтинтопган) негізінде жасалған атаулар екі тілде де кездескен» (Ohunov, Bozorov, 1986:134).

Жалқы есiмдердi құрылымына жiктеу түркi ономастикасында анықтаушы қатынастағы екiнегiздi атаулардың, ал орыс тiлiнде аффикстi типтердiң басым екендiгiн жоғарыда келтiрiлген жалқы есiмдердi құрылымына топтастыру тарихына шолу ашып бердi.

Онимдердің жасалуының бірнеше тәсілі бар. Олар: трансонимдену, онимдену, метафора негізінде екіншілік атау. Соңғы тәсіл түріне Ван Бурен де тоқталған (Van Buren, 1980: 111-130).

Барлық ономастикалық разрядтар әркез өзара байланыста болады. В.И. Супрун өз бірліктерін басқаға беретін күшті разрядтар және өз атау тізімін басқа разрядтар бірлігі арқылы қалыптастыратын әлсіз разрядтар деп бөледі. Антропонимдер үнемі топонимдерге ауысып отырады және, керісінше, топонимдер антропонимдерге ауысып отырады (Suprun, 2000: 156).

Тәжірибе

Біз аппроксимация тәсілін метафора негізінде екіншілік атаудың бір тәсілі ретінде қолдануды ұсынып отырмыз. Аппроксимация лингвистикалық ұғым ретінде ғылымда қалыптасқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Ол математика ғылымынан алынған, онда математикалық нысандарды ұқсас қарапайым нысанмен алмастыруды білдіреді. «Аппроксимация» сөзі латын тілінен approximare –

«жақындау» дегенді білдіреді. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары В.В. Бузаров пен Э.Г. Льнова аппроксимация деп сандық қатынаста ұқсастық тілдік мағынан білдіру үшін ғана емес, сонымен бірге болмыстың кез келген элементі немесе үзігін (зат, нысан, олардың белгілері, қатынасы, бізді қоршаған орта мен бейақиқат әлем) ұқсастырып атау үшін қолдануды ұсынады (Buzarov V.V., L’nova, 1991: 100).

Аппроксимация ұқсастық бойынша атау ретінде ең алдымен белгілеудің құрылымдық сипаттау құралдары арқылы жасалады, бұл синтаксистік атауға тән. Аталмыш теорияға сай синтаксистік атау мәтін ішінде қоршаған орта денотатын атау қабілетіне ие болады.

Сонымен, біз жұмысымызда аппроксимация терминін атау жасаудың тәсілі ретінде қолданамыз. Мысалы: Қызыл қалқан, Руми қызы, Жан алғыш т.б. мұнда атау жасаудың бірнеше уәжі туындайды:

  1. түсі, пішіні негізгі тірек қызметін атқарады:

Қызыл + қалқан – Күн

 

түсі пішіні

Екі компоненті бірігіп, ұқсастық – аппроксимация Күнді сипаттауда екінші атаудың қалыптасуына уәж болды. Мысалы:

Қызыл қалқан найза бойын асқанда Сарайға кеп, кірді тура жасқанбай.

  1. бастама алуы негізгі тірек қызметін атқарады:

Руми + қызы – Күн

 

ел туыстық термин

Екі компоненті бірігіп, ұқсастық – аппроксимация Күнді сипаттауда екінші атаудың қалыптасуына уәж болды. Мысалы:

Руми қызы жүзін жерге жасырды, Бар әлемді зәңгі-түнек басынды.

Мұндағы екінші компоненттің бірнеше мағынасы бар: 1) қыз бала; 2) қыз, күң; 3) қымбатты, сирек; аз (Drevnetjurkskij slovar’, 1969: 471).

  1. іс-қимыл негізгі тірек қызметін атқарады:

Жан + алғыш – Әзірейіл

 

апеллятив (рух) іс-әрекет жасаушы

Екі компоненті бірігіп, ұқсастық – аппроксимация Әзірейілді сипаттауда екінші атаудың қалыптасуына уәж болды. Мысалы:

Жан алғыштың келуіне әзірлен, Ұзақ жолға дайындалғын қазірден.

Бір компонентті онимдер: Алла, Мұстапа, Мұхаммет, Жебірейіл, Тәңір, Расул, Құдай, Пайғамбар, Әзірейіл, Шам, Ғирақ, Қынған, Қозы, Қушық, Арыстан, Уд, Әрәндір, Чадан, Заххақ, Балық, Көнәк, Оғлақ, Афрасийаб, Ыла т.б. Бір компонентті онимдердің өзін негізгі (жай) және туынды (күрделі) деп бөліп қарастыруымызға болады.

Мысалы: Тәңірімнің бұйрығынан аспайын (Құтты білік).

Төртіншісі Әли теңдесі жоқ батыр.

Екі компонентті онимдер: Әмір Сейфәддин, Расул хақ, Мұһамед-елші, Зийнатүл умәра,

Әнисул Мәлік, Әдәбүл Мүлік, Құт білімі, Бұғдай басы, Мұхаббат-наме, Диуани хикмет, Құтадғу білік, Руми қызы, Жан алғыш, Қара құс, Қызыл қалқан, Күнтуды Елік.

а) екі компоненті де апеллятив:

«Әдәбүл Мүлік» деп атапты шынлықтар,

«Әнисул Мәлік» деп атапты машынлықтар. Мұны ұлықтар күллі Шығыс елінде,

«Зийнатүл умәра» – деп таратқан тегінде.

ә) бірінші компоненті пайғамбар есімі + «лауазымы»:

Мұһамед-елші барша жұрттың басы ол, Тірі жанның көзі менен қасы ол.

Үш компонентті онимдер: Арыслан қожа тархан, Тавғаш Қара Буғра, Жүсіп Хас Хажыб, Алып Тоңға Ер.

а) бірінші компоненті кісі есімі + термин + лауазымдық термин:

Аты: Жүсіп Хас Хажыб деп тарады.

ә) біріншісі анықтаушы компонент + антропоним + ер:

Түрік бектері ішінде атын асырған,

Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған.

Контаминация (лат. сontamination «жанасу, араласу») – екі сөздің (атаудың) кірігуі нәтижесінде қалыптасқан жалқы есімдер. Мысалы, атақоныс Қатынқырған, кісі есімі Қошкелді. Біз жинаған материалдар бойынша контаминация нәтижесінде қалыптасқан атаулардың бар екендігі анықталды, мәселен, Айтолды, Күнтуды, Шахнаме т.б.

Белгілі ономаст-ғалым Т. Жанұзақ: «Қазақ антропонимдерінің жасалуы негізінен тілдік заңдылыққа, оның нормасына сай бағынатынын» айта келе, «антропонимдердің жасалуындағы өнімді жолдың бірі – екі сөзден біріктіріп жасалған кісі аттары. Мұндай антропонимдік типке тән арқау сөздер көбіне ақ, сары, бай, бек, хан, болат, тас, жан сияқты компоненттер», – дейді, яғни контаминация арқылы жасалған антропонимдер (бұл терминді қолданбаса да) туралы сөз еткен (Zhanuzakov, 1975: 30).

Ж. Баласағұн «Құтты білік» шығармасында ойдан шығарған кейіпкер есімін жасауда контаминация тәсілін қолданған. Мысалы: Айтолды, Күнтуды

Ай (зат есім) + тол (етістік) + ды (өткен шақ жұрнағы);

Күн (зат есім) + ту (етістік) + ды (өткен шақ жұрнағы).

Сонымен бірге ғалым Т. Жанұзақ «антропонимдер топонимдерден, сондай-ақ этнонимдерден де жасалады», – дей отырып, құрамына қарай антропонимдерді «дара тұлғалы; туынды тұлғалы;

біріккен тұлғалы антропонимдер», – деп бөліп қарастырған. Туынды тұлғалы антропонимдерді талдай келе, антропонимдік қосымшаларды екі жікке: өлі және тірі жұрнақ деп бөлген. Мысалы: Ерміш, Жармыш, Тілеміс, Жасамыс, Өтеміс, Малсақ сияқты антропонимдегілер көне жұрнақ деп талдаған (Zhanuzakov, 1975: 24).

-Мыс/-мыш жұрнақтары Ж. Баласағұнның

«Құтты білігіндегі» антропонимдерде де кездеседі. Мысалы, Одғұрмыш, Өгдүлміш, Көсеміш:

Аты – Өгдүлміш, сүттен таза, асыл зат, Пейілі – ақ, көркі ақылын асырған.

Одғұрмыш деп аталыпты қанағат, Уәзірдің жақыны ол жұрағат.

Көсеміш те айтты естіп-білгенін, Айтолды кім, неге келіп жүргенін.

Т. Жанұзақ біріккен тұлғалы антропонимдердің орын тәртібін талдай отырып: «Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Төлеген, Ер Қази тәрізді тіркес есімдердегі ер компоненті анықтауыш, екінші сыңарлар анықталғыш мүше ретінде сирек жұмсалады», – дейді (Zhanuzakov, 1975: 34). Ғалымның бұл пікірімен келісе отырып, «Құтты білік» тарихи ескерткішінде Алып Тоңға Ер антропониміндегі Ер компоненті – анықталушы компонент болып табылады.

«Біріккен тұлғалы кісі аттары компонентінің бәрі бірдей бастауыш, баяндауыш қызметін атқара бермейді. Компонентінің бірі бастауыш, бірі баяндауыш қызметін атқаратын біріккен тұлғалы кісі аттары санаулы ғана. Мысалы: Бақберді, Алдаберген, Жылкелді ...» (Zhanuzakov, 1975: 44). Хас Хажыб Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасындағы Айтолды, Күнтуды антропонимдеріндегі Ай, Күн компоненттері бастауыш болып келсе, толды, туды компоненттері баяндауыш қызметінде (императив формасында). Егер бұл антропонимдердің компоненттерін бөліп жазатын болсақ, жалаң жай сөйлем болып шығады.

Қ.А. Ясауидың «Диуани хикмет» ескерткішіндегі онимдерді мынадай құрылымдарға бөліп қарастыруға болады: бір компонентті, екі компонентті, үш компонентті.

Бір компонентті онимдер: Алла, Мұстапа, Мұхаммет, Жебірейіл, Тәңір, Расул, Құдай, Пайғамбар, Әзірейіл, Фардус, Сират, Ысмағұл, Мұса, Ғаси, Жафи, Ахмет, Хорасан, Шам, Ғирақ, Жүсіп, Қынған, Омар, Оспан, Махмұт, Жаббар, Айыб, Закария, Баязит, Сүлеймен, Рахман, Араб, Әминә, Һашим, Ғали, Хадиша, Сыдық, Қағба, т.б. Бір компонентті онимдердің өзін негізгі (жай) және туынды (күрделі) деп бөліп қарастыруымызға болады.

Мысалы: Сипаттасам Ғалішер алып дүр.

Екі компонентті онимдер: Арыстан Баб, Қызыр Баба, Қожа Ахмет, Мүңкір-Нәңкүр, Құл Ахмет, Ғафар-Сатар, Міскін Ясауи, Міскін Ахмет, Хазірет Таба, Баба Мәшін, Ахмет Ата, Ферғаун Қарун, Жүсіп Қинған, Шайық Мансұр, Шайық Шәблі, Шайық Баязит, Туб ағашы, Жанид Шәбли, Хасен Басри, Зүнүн Мысри, Тор тауы.

а) бірінші компоненті кісі есімі + туыстық атау:

Жеті жаста Арыстан Бабқа қылдым салам, Мұстапаның аманатын бер деп маған.

Қайда барсам Қызыр Бабам әзір болды, Рахым етіп шарап берді тойдым міне. немесе: бірінші компоненті туыстық атау

+ лақап аты:

Баба Мәшін: «өлдім – деді, уа, Ахметім, Келе алмасам халайыққа қара бетпін.

немесе екі компоненті де титулдық термин:

Қос қанатын Хазірет Таба қомдап ұшар. ә) екі компоненті де періште есімдері:

Мүңкір-нәнкүр: «раббың кім?» деп сұрақ қылды. б) бірінші компоненті кісі есімі + тегі: Адал болып, таза болды Жанид Шәбли, Нәпсісін тыйып қаһар қылды Хасен Басри. в) бірінші компоненті пайғамбар есімі + пайғамбардың лақап аты:

Мұсылмандар өтер шайтан жолына бармай, Мұхаммет Мұстапа олардың қолын алғай. г) бірінші компоненті эскорт сөз +кісі есімі: Міскін Ясауи аруақтарға тағзым етер,

Аруақ жар болса қайта жаралсам Мұхаммет. Міскін Ахмет құлына мұра болған Мұхаммет, Жетім, пақыр, ғарыпқа пана болған Мұхаммет.

Қожа Ахмет, өтіндің сен Оспаннан,

Жоқ оның шәк-шүбәсі Оспан сыпайы дүр. Шайық Мансұр өзінің басын дарда көрді, Нұр төгілген хақ дидарын сонда көрді.

Шайық Шәблі ғашық болуды білмей өтті,

Шайық Баязит жетпіс рет өзін сатты.

ғ) бірінші компоненті библионим +географиялық термин:

Мұса сынды Тор тауында көріп дидар,

«Раббу унзур илайка» деп айтқым келер.

д) бірінші компоненті титулдық термин

+антропоним:

Ферғауын Қарун шайтан сөзін берік тұтты, Сол себептен жер жарылды, оны жұтты.

е) бірінші компоненті антропоним +топоним:

Бейіш айтар: не дерсің, сөзді білмей айтарсың,

Перғауын Әман сенде дүр, менде Жүсіп Қинған бар.

ж) бірінші компоненті фитоним + ботаникалық термин:

Тарихаттың майданында самғап жүріп, Ол Туб ағашына қонғым келер.

Ол Туб ағашты ексе шықпас,

Алла деген ғашық құлдан залал келмес.

Үш компонентті онимдер: Құл Қожа Ахмет, Ғаси Жүсіп Бидауа, Әбубәкір Сыдық дүр, Міскін Қожа Ахмет.

а) үш компоненті де антропоним: Қолдағай да Ғаси Жүсіп Бидауаны, Назым еттім бұл хикаяны білгін, достар.

ә) бірінші компонент кісі есімі + лақап аты

+ дүр:

Көрген замат иланған Әбубәкір Сыдық дүр, Ұстын болып тірелген Әбубәкір Сыдық дүр. б) бірінші компоненті құл +қожа + кісі есімі: Қатуланып, Құл Қожа Ахмет, жолға кіргіл, Құлды көрсең құлы боп өмір сүргіл.

в) бірінші компоненті лауазымдық термин + лауазымдық термин + антропоним:

Мүнәжат еттім, Міскін Қожа Ахмет, Иә, Алла, бар пендеңе қыл рахмет.

г) бірінші компоненті псевдоним + антропоним + дүр:

Төртіншісі жар болған Құдай шері Ғали дүр,

Миғражда да жар болған Құдай шері Ғали дүр.

Хорезмидің «Мұхаббат-наме» ескерткішіндегі бір компонентті онимдер: Шырын, Мәжнүн, Зылиха, Намруд, Мысыр, Азар, Иса, Хорезми, Қоңырат, Апылатон, Шам, Муштари, Хатым, Рүстем, Утарид, Нафид, Рум, Кәнан, Жамшид, Хұсрау, Сыр. Бір компонентті онимдердің өзін негізгі (жай) және туынды (күрделі) деп бөліп қарастыруымызға болады.

Мысалы:

Егер сені Рүстем десем, жарарсың Хұсрауларды шахқа шырын қылды. Көңіл Шырын сөзіңе болды Фархад. Бірде Хатым ұялса той үстінде, Бірде Рүстем жұбанар ұрыс үстінде.

Ләйлә болар сенің сұлулығыңа Мәжнүн. Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз.

Екі компонентті онимдер: Мұхаббат-наме, Шын-Машын, Мұхаммед Хожа, Хорезми-Равани, Мина шіркеуі.

а) екі компоненті де топоним:

Сарайдан жетті дабылың Шын-Машынға Көз қиығын салсаң арыстандар түсер ауға. ә) бірінші компоненті жалпы есім + жалпы

есімі:

Ұлы тәңірінің атын жат қылдым (тәңірге сиынып),

Мұхаббат-намені бастадым.

б) бірінші компоненті кісі есімі+титулдық термин:

Еліміз жансыз тән еді бұрын сенсіз, Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз.

в) бірінші компоненті агиоантропоним +экклезионим:

Бізбен бірге келе жатқан қартаң – христианин Иерусалим мен Мина шіркеуіне.

Үш компонентті онимдер: Мұхаммед Хожа бек , Мұхаммед Хожа шах.

Бірінші компоненті кісі есімі + термин + лауазымдық термин:

Ақшам түні көрінді мейрам айы,

Мұхаммед Хожа бек – дәулет құмайы.

Бір компонентті онимдерде біріккен тұлғалы онимдер кездеседі, мысалы: Шахнаме, Фархад, Жәнібек, Ғалішер т.б. Оларды іштей талдап бөліп қарастыруға болады. Мәселен шах+наме; Ғалі+шер. Соңғы мысалда бірінші түбірдің мағынасы – «биік, зор, асқар, жоғары», екінші компоненті – «арыстан» дегенді білдіреді.

А. Йүгінеки «Ақиқат сыйы» ескерткішіндегі онимдерді мынадай құрылымдарға бөліп қарастыруға болады: бір компонентті, екі компонентті, үш компонентті.

Бір компонентті онимдер: Сәлім, Омар, Оспан, Айаз, Йүгінек, Симак. Бір компонентті онимдердің өзін негізгі (жай) және туынды (күрделі) деп бөліп қарастыруымызға болады.

Мысалы:

Уа, Алла, кешіруші иемсің, кешір!

Қазаны жаратқан да, беретін де Құдай

(«Ақиқат сыйы»).

Төртіншісі Әли теңдесі жоқ батыр. Бұқараға шапағатты, Сәлімнен жұмсақ, Шариғат жолында Омар сияқты білгір.

Қолы ашықтығы Оспанға тең («Ақиқат сыйы»).

Т. Жанұзақ: «Шет тілден, әсіресе, араб-парсы тілдерінен енген есімдердің фонетикалық жағынан игерілуі әрдайым бірдей емес. Бұл Қазақстанның облыстарында, жергілікті тұрғындардың арасында түрлі варианттар игерілген. Сондықтан да олардың халық тіліндегі формалары әр алуан. Мысалы, Ғали, Қали, Әли, Әлі; Омар, Ғұмар, Құмар ...», – деп келтірген (Zhanuzakov T., 1975: 50). Бұл тенденция біз зерттеп отырған шығармалардың аударма варианттарында да тек антропонимдерде ғана емес, сонымен бірге топонимдерде де орын алған. Мысалы: Омар /Ғұмар; Әли/Ғали; Ирақ/Ғирақ; Хәнан/Қынған т.б.

Ғалым бұл пікірімен келісе отырып, тек қазақ тіл білімінің ономастика саласында ғана емес, басқа да тілдерде мұндай құбылыс орын алатынын айта отырып, оның өз аталу термині барын көрсеткіміз келеді.

Аллоним – кез келген объект атауының варианты; әртүрлі тілдік жағдайда жалқы есімнің немесе оның құрылымындағы бір элементінің (фонеманың, морфеманың, лексеманың өзгеруі); аллонимдердің бірнеше түрлері болады: ресим және бейресми, әдеби және диалекті, әдеби және аймақтық, стильдік, транскрипциялық, хронологиялық (Madieva, Imanberdieva, 2005: 195).

Біз жинаған материалдар негізінде де аллонимдердің бірнеше түрі қолданылғанын анықтадық:

а) ресми және бейресми: Хатымтай – Хатым: Мың жылдан соң Хатымтай тірілсе егер, Сенің атыңды естіп, жерді өбер.

Бірде Хатым ұялса той үстінде,

Бірде Рүстем жұбанар ұрыс үстінде («МН»). ә) әдеби және диалекті: Омар – Ғұмар:

Шариғат жолында Омар сияқты білгір («АС»).

Екіншісі жар болған, әділетті Ғұмар дүр,

Мұсылмандыққа жар болған, әділетті Ғұмар

дүр («ДХ»).

Әли – Ғали:

Мұхаммед Хожа бек Әли дейін,

Көп қимыл қылар майдан ішінде («МН»). Әбутәліб Ғалидің атасы дүр,

Араб қауымының ұлығы дүр («ДХ»). Ирақ – Ғирақ:

Нышан бермес, ешкімге мысалыңыз, Ирак, Рум һәм Кәнан ішінде («МН»). Қинған – Кәнан – Қынған:

Нышан бермес, ешкімге мысалыңыз, Ирак, Рум һәм Кәнан ішінде («МН»).

Бейіш айтар: не дерсің, сөзді білмей айтарсың,

Перғауын Әман сенде дүр, менде Жүсіп

Қинған бар.

Не келсе де көреміз бір Құдайдан,

Жүсіпті айырып еді ол Қынғаннан («ДХ»). б) әдеби және аймақтық, стильдік, транс-

крипциялық: Ұқлидис – Евклид: Апылатон – Платон:

Егер Апылатон саған ғашық болса, Ұмытар бар істері мен ойларын («МН»). в) хронологиялық: Шам – Сирия:

Мен Шамға аттанған жылы, Жаяулап біраз сапар шектім («МН»).

Сирия халқы қабыл қылмай қалды ғапыл,

Надан халық пір қадірін қашан білер? («ДХ»). Рүм – Византия:

Құдайға сиынып көк теңізден өттім, жүзіп,

Рум патшалығын түгелдей араладым. Сонан соң мені Шамға жіберді,

Шамға мен Византия арқылы шектім сапар. Құзорда – Баласағұн:

«Құзорда» елі оның туған мекені, Түп-нәсілі анық, тілді екені …(«ҚБ»).

Академик Ә. Қайдар: «Егер біз қазаққа берілетін есімдерді ең алдымен тіліміздегі сөз (лексема) және сол сөздердің бірігіп, тіркесуінен жасалған сөз тіркесі деп санасақ, онда оларды ең алдымен: 1) жеке-дара сөзден тұратын; 2) екі, үш, не одан да көп сөзден тұратын; 3) жеке сөздер мен сөзжасам аффикстері арқылы жасалған жалқы есімдер деп лексика-грамматикалық тұрғыдан топтастырып қарауға болады. Жалқы есімдерді анықтаудың бұл принципі бойынша біз: 1) есімат түзуші лексемалардың құрамын – ілкі, жай, туынды түбір екендігін; 2) анықтауышты тіркес түріндегі күрделі кісі есімдерінің «тұрақты анықтауыш» пен тұрақты анықталушы» сыңарларының қолданыс жиілігін; 3) аффикстер арқылы жасалатын кісі есімі модельдерін жүйелі түрде қарастырудың да этнолингвистикалық тұрғыдан мәні зор», – деп атап көрсеткен (Kaidar

, 2009: 360).

Гипокристік атау – негіздің қысқартылуы немесе екінегізді форманың орнына толық бір атаудың қолдануы. Мысалы, Зүннүн Мысри, Мансұр әл–Халаж т.б.

Квалитативті атау – қандай да бір субъективті бағалау мәнді атау. Толық немесе қысқарған формасынан жасалады, түрлері – аугментативті, деминутивті және пейоративті.

Аугментативтік атау – квалитативтің бір түрі, күшейтпелі–қорқыту мағынасындағы атау. Мәселен, Алып Ер Тоңға.

Көркем шығарма ономастикасында мағыналық негізінен көркемсөз құралының жүйесінде бөлінбес компоненті болып табылатын антропонимдер атқарады. Әрине, әр жазушы атау таңдауда экспрессивтік реңкті жеткізуге септігін тигізетін морфемасына көбірек назар аударады.

Нәтиже және талқылау

Түркі антропонимиясына аналитикалық және синтетикалық екі негізгі құрылымдық модельдер өнімді болып келетін жеке сөзжасам тәсілі тән (Drevnetjurkskij slovar’, 1969: 400).

Аналитикалық антропонимдердің қалыптасуы түркі тілдерінде келесіге негізделеді:

а) қарапайым детерминативті анықтауыш тіркестері: Апа Тархан, Адай Қыз т.б.;

ә) анықтауыш – приложение: Арслан Апа

«арыстан – үлкен», – Алп Кутлук «батыр – бақытты» т.б.

б) тәуелдік тіркес: Боняк «оның мойны ақ», Бурхан кулы «Будда құлы» т.б.;

в) есімшелі және етістікті тіркестер: Елтұтмыш «ел билеуші», Ель Этмиш «ел жасаушы, құрушы» т.б.

Синтетикалық модельдерге есімді және етістікті сөзжасамдар жатады.

Көне түркі антропонимдерде аффиксті сөзжасамның негізгі тәсілдерін қарастырмас бұрын, оған түбір (аффиксіз) модельді антропоним қандай да бір деңгейде тән екендігін айта кету керек: Барс, Тутук т.б.

  1. Көне түркі антропонимиясы үшін есімді сөзжасам моделіне келесі аффикстер тән:

-лық/лук – ие болу аффиксі: Кутлук кут–лук т.б.;

-чи/чы кәсіпті білдіретін сөздер тудырушы аффикс: Бушачи, Башчи т.б.;

-чук/чак диминутив аффиксі: Тайинчак, Иличук т.б.;

-сиз/сыз болымсыз аффиксі: Мұңсыз, Керексиз т.б.

  1. Көне түркі антропонимдердегі етістікті модельдерде келесі аффикстер ең өнімді:

-мыш/миш жедел өткен шақ есімшенің жұрнағы: Огдурмиш, Огдюльмиш, Кусямиш;

-уш/ыш қимылдық атау: Болуш (көмекші), Атыш (атыс) т.б.;

-ық батык Сайык т.б.;

-сын/син үшінші жақтың бұйрық рай: Қинасын, Қайсын т.б.

Зерттеу барысында орта ғасыр түркі жазба поэтикалық ескерткіштеріндегі антропонимдердің келесі құрылымы анықталған: антропонимдік компонент: Ахмет, Мәжнүн, Жүсіп т.б.; Антропонимдік компонент немесе антропоформант + аффикс: Йүгінек + и; Өгдүр + міш т.б.; Антропонимдік компонент + антропонимдік компонент: Жәні+ бек т.б.

Морфологиялық немесе аффиксалды тәсіл: антропоформант + и: Мысри, Йүгінеки, Ясауи, Басри; антропоформант + мыш/міш: Оғдырмыш, Өгдүлміш.

Тәуелдік формалы: Қызыр баба+м; Арыстан баба+м;

Көптік жалғаулы: тәжік+тер

Синтаксистік тәсіл: төлсипативті: Қызыл қалқан, Қара құс, Жан алғыш т.б.; комплетивті: Айтолды, Күнтуды; предикативті байланыс байқалады.

Графикалық ономоварианттар:

  • күрделі онимнің бірінші бөлігінің түсіп қалуы: Құл Қожа Ахмет, Құл Ахмет, Қожа Ахмет т.б.;

  • күрделі онимнің екінші бөлігінің түсіп қалуы: Хатымтай – Хатым;

  • эпентеза: Аплатон – Апылатон; Евклид – Ұқлидис т.б.

Эпентеза (грек. еpenthesis – үстеме) – дыбыстардың комбинаторлық өзгеруінің бір түрі – түбір сөздің өзіне тән емес, қосымша бір дыбыстың пайда болуы. Эпентеза кірме сөздерді қабылдап алғанда ана тілдің ерекшеліктеріне жатпайтын дыбыс тіркестеріне байланысты пайда болады. Эпентеза көбінесе нормаға түспеген ауызекі тілде жиі айтылады. Мысалы, Аплатон –

Апылатон т.б. Сонымен бірге кейіпкерді атаудың әртүрлі құрылымдық варианттары кездеседі: есімі мен шыққан тегі: Күнтуды Елік; Махмұт Йүгінеки; Зүннүн Мысри т.б.; эскорт сөзден тұратын тұрақты тіркес: Міскін Ахмет, Әдіб Ахмет, Құл Қожа, шайыр Ахмет, Сыдық дүр т.б.

Қорытынды

Біз зерттеу материалдары негізінде онимдердің құрамы, жасалу жолдары, варианттылық т.б. бойынша талдау жүргіздік.

Сырдария өзені атауындағы түркітілді Сыр компоненті мен иран тілді дария «өзен», «теңіз» терминдерінен жасалған композита атау деуге болады.

 

Әдебиеттер

  1. Жанұзақов Т. Қазақ тiлi ономастикасының негiзгi проблемалары: филол. ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 1976. – Б. 23. Султаньяев О.А. Казахские микротопонимы Кокчетавской области, образованные от личных имен. Ономастика. – М.: Наука, 1969. – С. 208.

  2. Искакова Х.Ф. Структура составных топонимов (на материале Крыма) // Тюркская ономастика. – Алма-Ата: Наука, 1984. – С. 163-171.

  3. Линко Т.В. Қазақша мал атаулары // Қазақ ономастикасының мәселелерi. – Алматы, 1986. – Б. 116-121.

  4. Молчанова О.Т. Участие усложненных притяжательных предигативных синтагм в номинации географических объектов Горного Алтая // Материалы конференции о проблемах Азербайджанской ономастики. – Баку, 1986. – C. 115.

  5. Охунов Н., Бозоров О. Формообразующие аффиксы как компоненты топонимии Узбекситана и Азербайджана // Материалы конференции о проблемах Азербайджанской ономастики. – Баку, 1986. – C.134.

  6. Van Buren H. American ways with names // Culture learning: concepts, applications, and research. Richard Brislin ed. Honolulu: University of Hawaii Press. – 1980. – P. 111-130.

  7. Супрун В.И. Ономастическое поле русского языка и его художественно-эстетический потенциал. – Волгоград‚ 2000. – С. 156.

  8. Бузаров В.В., Льнова Э.Г. Что такое аппроксимация в лингвистике? // Иностранные языки в школе. – 1991. – № 2. – С. 100.

  9. Древнетюркский словарь. – Л., 1969. – С. 471.

  10. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. – Алматы, 1975. – Б. 54.

  11. Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Астана, 2005. – 240 б. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) Адам. –Алматы. 2009. – Б. 360.

Филология. Реферат. Шәкәрім өлеңдеріндегі метафораларды танымдық тұрғыда талдау
Филология. Реферат. Көне түрік әдеби жырларына мәтіндік талдау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу