Филология. Реферат. Шәкәрім өлеңдеріндегі метафораларды танымдық тұрғыда талдау

Oinet.kz 09-09-2020 838

Бұл мақалада Ш.Құдайбердіұлы өлең мәтіндеріндегі когнитивті метафораларға талдау жасалған. Шәкәрім өлеңдеріндегі метафора­ лар ақынның дүниеге деген көзқарасын, когнитивті танымын, рухани дүниесі мен мәдениетінен хабар бере отырып, әлем, дүние туралы тү­ сініктерінің ескі элементтерін жаңғыртуға жәрдемдеседі, ғаламның біртұтас тілдік келбетін жасауға қатысады. Шәкәрім шығармаларын­ дағы метафоралардың, олардың жұмсалуы, қызметі, танымдық негізі, семантикалық сипаты мен құрылымдық­мағыналық түрлерінің функ­ ционалды тұрғыдан зерттелуінің тілтаным үшін маңызды. Шәкәрімнің өзіне ғана тән ізденістері суреткер тіліндегі метафоралар әлемі мен поэзиясының тілі арқылы көрінетін дүниетанымын айшықтады. Шәкә­ рімнің өлең мәтіндеріндегі метафораларды танымдық тұрғыда талдау­ дың негізінде олардың табиғатымен танысуға болады. Метафоралық тіркестердің құрылымдық­семантикалық сараптамасы денотаттарды зерттеу шеңберінде жүргізілді және тақырыптық топтарға байланыс­ ты сарапталды. Мақалада ақын өлеңдерінің негізінде өмір, дүние кон­ цептісіне байланысты метафоралар топтастырылып, соларға таным­ дық талдау жүргізілді. Шәкәрімнің өлең мәтіндеріндегі метафоралар концептілік жүйе құрып, дүние құндылықтарын көркем тұрғыдан та­ нуға қызмет еткен. Жазушының білім деңгейі, дүниетанымы, сонымен бірге ұлттық болмысы мен ділі метафоралар арқылы ашылады.

Әрбір ұлтты, халықты танудың кілті, мәдениет ескерткіші – өзінің ана тілі. Халықтың тарихын, мәдениетін, ұлы мұрасын тілі арқылы зерттеу – сол этнос мәдениетінің өзгешілігін, ұлттың эстетикалық таным толғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлқын т.б. тануға мүмкіндік береді. Мұның өзі әлемді тіл арқылы танудың негізін құрайды. Сондықтан да тіл – осы тілде сөйлеуші халықтардың түсінісу, пікір алысу құралы ғана емес, Вильгельм фон Гумбольд айтқандай, «тіл – халықтың рухани көзін біріктіруші қуат, ол белгілі бір дыбыстар арқылы суреттелген керемет, ол осы кейпінде және өзара байланыстағы өзіндік дыбыстар арқылы барлық сөйлеушілерге түсінікті әрі олардың бәріне бірдей қуат сөзін таратушы» [1, 20].

Тіл өзін қажетіне жаратушы халықтың менталитетімен тікелей байланысты. Сол себептен де тіл тек ақыл-ойды жарыққа шығарушы оны таратушы қызметін ғана атқармайды, ол тарихи, танымдық, мәдени өркениеттік құндылықтарды хабарлаушы. Өте күрделі абстрактілі ұғымдарды адам баласы қабылдау барысында оларды тіл арқылы жарыққа шығаруда тілдік құралдарды пайдаланады. Адамзат баласына тіл қаншалықты тән болса, таным қызметінің маңызы сондай болмақ. Демек жазушының таным әлеміндегі дүниедегі заттар мен құбылыстар жөніндегі танымы сәйкес болғанымен, олардың аталуына өзге де қасиеттерін түсіну барысында жалпы адамзаттық тұрғыда емес жеке индивидуалдық тұрғыда баға беруге қарай икемделеді. Әрбір этнос өзін қоршаған дүние мен ондағы заттар мен құбылыстарға атау беруі, әлемдік жағдайларға көзқарасы, оны сезінуі әр қилы болады да, осыдан келіп ғаламның тілдік бейнесі концепт арқылы адамзат немесе жазушы тілінде түрліше сипатқа ие болады.

Танымдық талдауда ақиқат пен жалғандық мәселелеріне қатысты тілдегі қарапайым көзқарасты қайта қарап, конкретті ғылымдарда алынатын практикалық деңгейдегі көңілге қонымды нәтижелер алуға болады. Танымдық талдаудың ойдың негізінен өрелігі мен рухани білімнің қуаттылығын қажет ететінін көруімізге болады.

Қазақ тіл білімінде танымдық деңгейде кең қолданыс тапқан ұғымдар қатарында метафораларды атаған орынды. Ұқсату мен балауға, адамның өмірден көрген-білгенін, түйгенін таразылауға мүмкіндік беретін бұл тілдік құбылыс лингвистикалық талдаулардың маңызды бөлігін құрайды. Бір обьектіні екінші бір обьектімен салыстыру, ұқсату, сөйтіп бұрыннан таныс сөз мағынасына жаңа семантикалық кеңістік үстеу негізінде дүниеге келетін бұл ұғымдар, бір жағынан, когнитивті лингвистиканың ментальдытанымдық нысанын құраса, екінші жағынан, лексикология мен семасиологияның бірлігі ретінде айқындалады.

Метафора тілде елеулі қызмет атқарады. Ол сөзге атау беріп, жаңа мағына тудырады, көркем образ жасайды, сөз мағынасына көркемдік беріп қана қоймай, айтылған ойға тереңдік, жандылық береді. Сөзге эмоционалды-экспрессивті мағына үстейді. Сөз мағынасынан әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуын, ұлттық сипатын көре аламыз.

Метафораны тіл білімінде зерттелуін қарастырғанда, олардың әр бағытта жазылғанын білеміз. Батыстың лингвистикалық бағытында субститутивтік, салыстырмалы, интеракционистік және когнитивтік метафора теориясын атайды.

Метафора – танымның, ойлаудың, дүние мен өркениеттің дамып өркендеуімен тығыз байланысты құбылыс. Ол – үздіксіз дамудың тілдік көрсеткіші. «Әрбір тіл – күңгірттенген метафоралар сөздігі» деп белгілі француз ғалымы Жан Поль айтқандай, метафора тілдің барлық қатпарында көрініс алған, тілдің күрделі табиғатын, сөз құпиясын, сөз мағынасын жасалуын терең түсінуге жол ашатын таңғажайып феномен.

Метафора дүниені көркем тану процесін де қажеттілікке байланысты өздігінен туындап отырады. Ол адамның еркіне тәуелді емес. Метафора құбылысы – ең алдымен, адам ойлауының нәтижесі. Метафора тек ауыспалы мағына ғана емес, ол – өз бойына көптеген қасиеттер мен қызметтерді сыйғыза білген күрделі процесс. Метафора – сөздердің ауысуы мен өзгеруі ғана емес, ойдың бір-бірімен қатынасының нәтижесі. Метафоралық мағынаны қолданғанда сөйлеуші әртүрлі заттар туралы екі ойға сүйенеді. Метафораны байырғы және жаңа мағынаның қосындысынан туған сөз мағынасы деуге де болады. Оның табиғи болмысы бір уақытта екі мағынаның бір сөзге қатар өмір сүруіне икемделген.

Қазақ тілінде метафораның орны ерекше. Метафора туралы әртүрлі ғылым тұрғысынан сыр шерткен еңбектер баршылық. Алайда Шәкәрім шығармаларындағы метафоралардың, олардың жұмсалуы, қызметі, семантикалық сипаты мен құрылымдық-мағыналық түрлерінің функционалды тұрғыдан зерттелуінің тілтаным үшін маңызы зор. Шәкәрімнің өзіне ғана тән ізденістері суреткер тіліндегі метафоралар әлемі мен поэзиясының тілі арқылы көрінетін дүниетанымын айшықтай білді. Автор өзіне дейінгі метафораларды қалай игереді, әрі қарай қалай өңдейді, соңында өзі қандай авторлық метафоралар туғызғандығын қарастыру зерттеуіміздің міндеттерінің бірі болып табылады.

Ақын тіліндегі метафораларды анықтау арқылы қазақ халқының ХХ ғасырдағы ойлау деңгейінің тілдік көрінісін айқындай аламыз. Шәкәрім метафорасы бойынша зерттеу нәтижелері қазіргі қазақ метафорасының даму жолын пайымдайды. Шығармадағы метафоралар жазушының дүниеге деген көзқарасын когнитивті танымын, рухани дүниесі мен мәдениетінен хабар бере отырып, әлем, дүние туралы түсініктерінің ескі элементтерін жаңғыртуға жәрдемдеседі, ғаламның біртұтас тілдік келбетін жасауға қатысады. Ғалам бейнесі жайлы В.Н. Телия: «...Ғаламның тілдік бейнесі-көріністері әр тілдің өзіне ғана тән ерекшеліктеріне, әр халықтың дүние-ғаламның түрлі-түсін өзінше мүшелей тануына, ол фрагменттерді өзінше бейнелеп атауына байланысты тіл-тілде өзгеше болып өріледі»-дейді [2]. Шәкәрімнің өлең мәтіндеріндегі метафораларды танымдық тұрғыда талдаудың негізінде олардың табиғатымен танысуға болады. Метафоралық тіркестердің құрылымдық-семантикалық сараптамасы денотаттарды зерттеу шеңберінде жүргізілді және тақырыптық топтарға байланысты сарапталды. Көптеген зерттеушілердің ойынша, тілдегі метафоралық ауысулар нақты заңдылыққа бағынады және белгілі бағыттарда жүргізіледі. Жазушы шығармасындағы ұқсатулар мен ауыстырулар немесе шендестірулер, метафоралар жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Жазушы дүниені ерекше байқағыштығы мен өте күшті сезімталдығын, сол сезген, байқаған, көрген дүниесін сөзбен суреттеп жеткізу қабілеттерінің күштілігін танытады. Белгілі бір ұғымды түсіндірудегі қолданған сөз айшықтарынан оның дүниеге деген көзқарасын, ойтүйіндеулерін байқауға болады. Жазушыға тән ерекшелік-абстрактілі ұғымдарды ой елегінен өткізіп, адресат санасында қалыптастыруында. Сезініп, түйсінген дүниелерін метафоралар арқылы бейнелеп жеткізеді.

Тілді танымдық тұрғыдан зерттеу мәселесі көптеген ғылыми сала әдістерінің кешенді гармониясымен және ойлау, ой түю, қабылдау, түйсіну, қорытындылау, тану, танымдық талдау тәрізді деректі-дерексіздік құбылыстарды нақтыландыру әдісі тұрғысынан қарастырылады.

Таным процесі адамның ішкі дүниесінің күрделі құрылымдарын тудырады және соған сәйкес сипаты да өзгеріп отырады. Тұжырымдамада әлем көрінісі адамның логикалық ой танымына байланысты. Тұжырым – мәдени белгіленген вербалды мән. Тұжырымды метафораның теориясы Джордж Лакофф пен Марк Джонсонның «Метафоры, которыми мы живем» еңбегінде баяндалған. Аталған теорияның негізінде әлемді тану үрдісін қамтып көрсететін тілдік құбылыс түсінігі жатыр. Қарастырылып отырған теорияға сәйкес метафоралық модельдер адам санасының (адамның ойлауы мен әрекеті) негізінде құралған. Тұжырым эмоционалды, экспрессивті бағалауға қоршалған. Метафора әлемдік тілде эмоциялы-экспрессивті сөздің қатарына жататындықтан, адамның ішкі құбылысын метафоралық қолданысты есітіп немесе көріп отырып сезінеміз. Экспрессивті-бағалауыштық немесе эмоциялық боялған метафораның құрылымы басқа метафоралармен салыстырғанда күрделірек болады. Жалпы адамзаттық бағалаулар көрінетін жалпы мәдени тұжырымдар ерекшеленеді: әлем, бостандық, өмір, махаббат, өлім, мәңгілік. Тұжырымда әрқашан этномәдени компонент болады, әртүрлі этномәдениеттер «өзінің» әлем туралы елесін қалыптастырады. Сөз және оның ұғымымен елес, түсінік, білім, ассоциация, әсерлену қосақталып жүреді.

Тұжырымдар әртүрлі негіздерге қарай классификацияланады. Жалпы адамзаттық тұжырымдарды былай топтауға болады: «Өмір», «Соғыс», «Қамығу», «Сенім» т.б. Біз өз зерттеуімізде Шәкәрімнің өмір мен өлім, дүние тұжырымы бойынша қолданылған метафораларын талдаймыз.

Оттай жайнаған өмір, өмірдің басы – бала, ортасы – адам, өмірдің бәрі де мас, күндік өмір, орның – дозақ, сорлы – сен, айтқаным сол, ақ өлім, қу дүние, дүние ағып, дүниені былғау, өмірім – су, қымбат өмір, өмірдің қасиеті, өмір қылмен байланды, өз қамыңды жесеңші, өмір деген ұйқы ғой, жалған дүние, сұм дүние, қаза келді, мөлдір дүние, дүние жылуы жоқ нұрсыз болса, өмірдің азығы – осы ұждан, өмірдің босы, өмір қайнады, дүние тойы, жар қараса тірілуші ем, қарамаса мен – өлік, дүниені көзге ілмеу, өмір сыр бермеді, өмірдің қызығы т.б.

Шәкәрім бір ғана өмір лексикасымен бірнеше метафоралық тіркестер жасаған. Келтірілген мысалдардағы метафоралар сырттай ұқсастығынан гөрі, логикалық-мағыналық қана ұқсастықтары сақталып түзілген. Өмірдің астан-кестеңін, заманның өзгеруін, өмір көрінісін көзбен көріп отырғанымыздай, нанымды етіп, бірнеше бейнеден жасаған. Логикалық, бейнелік ұқсастықтан құрылған бұл секілді тіркестердің бойындағы көркемдеу мәні ерекше. Метафоралық тіркестер, ең алдымен, образды суреттеу тәсілі болып табылады. Өмір, дүние сөзінен құралған метафоралар әр өлеңде әртүрлі бейнелі құбылысты танытады. Яғни, метафора транспозициясы автордың қолданысында өзіндік сипат алады. Мұнда автор өмірді бір ғана бейнелі образбен суреттесе болар еді. Бірақ суреткердің шеберлігінің арқасында бірнеше сөз тіркесіне, яғни метафора транспозициясына айналып тұр. Мұнда зат есім арқылы берілген «өмір» сөзі образ жасауға негізгі желі болып тұрғаны анық. Қаламгер өмірдің ішіне халықты, тілді, дінді, мәдениетті, табиғатты – бәрін кіргізу негізінде өзіндік жеке-дара образын жасаған. Біз тек осы концептіге негізделген метафоралардан-ақ Шәкәрім ақынның танымының жоғарғы шегін зерделей аламыз. Ақын бір ғана өмір сөзінен қаншама ауысымды мағынада метафоралар желісін тізгенін көреміз.

Сын есіммен тіркесуі

Етістікпен тіркесуі

Зат есіммен тіркесуі

Оттай жайнаған өмір

Өмірді бұзу

Өмірдің басы

Күндік өмір

Өмір қайнады

Өмірдің қасиеті

Қымбат өмір

Өмір қылмен байланды

Өмірдің босы

Қу өмір

Өмір деген ұйқы ғой

Өмірдің азығы

У өмір

Өмір сыр бермеді

Өмірдің қызығы

Өсімдіктердің өлімі. Метафоралық ауысу предикат қызметіндегі зат есім арқылы жүзеге асады. Мұнда тілден тыс обьектіні жанама бейнелеу орын алып тұр. Негіз фрейм «өлім»

мақсат фрейм «қурап қалу» ауысты. Зат→физикалық әлем үлгісі бойынша жасалған метафоралық ауысу. Мұндағы «өлім» зат есімі адамның жағдайын сипаттайды. Бұл жағдайда ол өсімдіктерге қатысты айтылып тұр. Зат есім «қурап қалу» ұғымында қолданылған. Мұнда тілден тыс обьектіні жанама бейнелеу орын алған.

Ақын шығармаларындағы сөздердің көркемдік қуаты, әсерлі бейнелілігі де поэзия тілінің талаптарына толымды. «Өлі жердің сүйегін тірілтті жайнап жапырақ» деген жолдардың бейнелі де әсерлі екеніне ешкім дау айта алмайды. Негіз фрейм «Өлі жердің сүйегін тірілтті» «қураған жерді құнарландыру» мақсат фрейміне ауысып, ұғымды вербалдайды. «Өлі жердің сүйегі» тіркес дәл осы күйінде қазақ тілінде Шәкәрімге дейін қолданылмаған. «Қара жердің өлгені қар астында қалғаны» — деп шешендердің нақыл сөздерінде келетінін білеміз. Демек, Шәкәрім жасаған соны тіркес ұлттық дүниетанымнан бастау алып жатыр. «Өлгені тіріліп, өшкені жанғанда» қуанышты градациялаудың ең шырқау шегі деп шамалауға болады. Шәкәрім образының экспрессивті-эмоционалдық қуатының күштілігі бір жағы сонылығынан болса, екінші жағы осындай ұлттық таныммен терең тамырластықтан келіп шығады.

Үш-ақ түрлі өмір бар, бәрі де – мас,

Бір рәуішті болады шал менен жас. [3, 53]

Сөйлемдегі «мас» сын есімінің әдеттегідей «адам» сөзімен тіркеспей «өмір» зат есімімен метафоралы компонент жасауы сөйлемнің экспрессивті бояуын қанықтыра түсетіні сөзсіз. Бұл когнитивтік метафорадағы метафоралық ауысу сын есім арқылы жасалып тұр. Зат→сын есім үлгісі бойынша жасалған метафоралық ауысу.

Жоқтық, барлық – жоғалмақ араласы, Үш еріксіз болады мағынасы.

Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса, Өмірдің он тиындық жоқ бағасы. [3, 87]

Зат→физикалық әлем үлгісі бойынша жасалған метафоралық ауысу. Мұндағы зат есім «баға» жаңа мағынада қолданылып «сипат» деген мағына жасап тұр. Негіз-фрейм «ба ға» мақсат-фрейм «сын-сипат» сөзіне ауысты. Когнитивтік концептуалды деривация үдерісі орын алған. «Баға» зат есімі мағынаны вербалдайды. Жоғарыдағы мысалда ілік жалғаулы абстрактілі зат есім мен зат есім тіркесіп, зат пен заттың табиғи байланысын білдіріп тұр. Яғни, зат есім тәуелденіп, ілік жалғаулы сөзбен матаса байланысып, меншіктілік және табиғи қатынасты айқындап тұрғаны хақ. Мұнда ақын метафораны ұтымды қолдану арқылы адам бойындағы сезім пернелерінің иірімдерін сәтті суреттеген. Өмірдің де бағаланатынын бейнелі суреттеген.

Ақын санасындағы өмір бұл Алланың берген сыйы, оны бағалай білу керек деген концепцияны ұсынады. Өмірдің жалған екенін, дүниені бірде өмір қалпында, бірде материалдық игілік ретінде көрсете отырып, ақын өлең өрнегінде ұтымдылықты көрсетеді. Ақын өмір концептісіне, жер, көк, Алла, Жар ұғымдарын алып отырады. Әлемнің бейнесін санасында кең шеңберде көрсете білуінде метафоралардың маңызы зор.

Атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздердің негізгі түрі – сын есімдерден болған анықтауыштар. Сын есім өздеріне тән қасиеттерімен байланысты заттың сапалық белгілерін тікелей я ол заттың басқа затқа қатысы арқылы білдіретіні белгілі. Анықтауыштар сөйлемде заттың әртүрлі белгісіз болып, бағыныңқы мүше ретінде жұмсалғанымен, олар анықтайтын затына, сонымен қатар түгел сөйлемге көңіл бөліп, әсерлі етіп тұрады.

Сондықтан олар әдебиетте көрікті ойдың көркем бояуы қызметінде де жұмсалады. Төменде келтірілген мысалдарда дүние, тірлік зат есімдері метафора сын есімдерден оқшауланбай, қатар тұрып, қабыса байланысады. Бұлыңғыр дүние, ақ өлім, қу дүние, қызық өмір сияқты қолданыстардың ұсынылуы жазушы тілінің ерекшелігін танытпайды, өйткені бұл тәсілді өзгелерде қолданады, бірақ суреткердің шеберлігін көрсетеді. Шеберлік – көркем шығармадағы мазмұн мен түрдің, яғни идея мен оның тілдегі көрінісінің үйлесімі. Атадан балаға мұра ретінде сабақтаса беріліп отыратын қоғамдық, табиғи құбылыстарды, өзгерістерді әр ұрпақ өз керегінше бағалап, сұрыптап, кейбір өзгерістер жасап келесі ұрпаққа қалдырады. Мұндай болмаған жағдайда, онда адамзат тарихында даму болмаған болар еді.

Мұнда бұлыңғыр дүние, ақ өлім, қу дүние, оттай жайнаған өмір ауыспалы мағынасында жұмсалып, жеке автордың қолданысындағы метафораларға жатады.

Шәкәрімнің шеберлігі оның тілінің образға байлығымен, ұйқасты тапқырлығымен, сөйлеу, жазу үлгісінің сонылығымен ерекше көзге түседі. Суреткерлік, өмірді сурет, образ арқылы тану, бейнелеу, керекті жерінде оған өзінің ой-толғаныстарын қосу – Шәкәрімнің ақындық өнерінің басты белгілері. Қаламгердің стиліндегі осындай әр қилылықтың түйіндесуі қат-қабат өмір шындығын, соған деген заман көзқарасын айқындау үшін әдейі алғанға ұқсайды.

Шәкәрім шығармаларындағы метафоралардың қолданысын талдай отырып, оның танымдық мәніне үңілу – метафоралардың тек қана тілдегі көркемдеуіш құрал қызметімен шектелмейтінін аңғартады. Метафора – ең алдымен таным құралы. Көркем шығарманы метафорасыз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әр жазушының метафорасы оның эстетикалық әлемінен хабар береді. Шәкәрім өлең мәтіндеріндегі метафораның мол болуы-жазушы дүниетанымының кеңдігін аңғартады. Жазушы қолданған метафоралардың барлығын жеке авторлық қолданыстағы метафоралар деуге болады және олардың барлығы да ерекше коннотациялық реңкімен ерекшеленеді.

Шәкәрімнің өлең мәтіндеріндегі метафоралар концептілік жүйе құрып, дүние құндылықтарын көркем тұрғыдан тануға қызмет еткен. Жазушының білім деңгейі, дүниетанымы, сонымен бірге ұлттық болмысы мен ділі метафоралар арқылы ашылады.

Әр қаламгер өз тілінде дүние, әлем туралы түсінігін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп, пішеді. Қоршаған әлемнің тілдік суреті негізінен алғанда адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастық ұғым категорияларын жасайтын лексикалардың толығуымен әсер етеді. Сол ұғым түрлеріне Ш.Құдайбердіұлы метафора арқылы тұтастай алғандағы берген бағалары тілдің негізін құрап, жеке ұлттың ерекшелігін таныта білді.


Әдебиеттер

  1. Аханов Т. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы: Мектеп, 1965 – Б. 158 .

  2. Телия В.Н. Номинация. – М.: Энциклопедический лингвистический словарь, 1990. – С. 336-337.

  3. Құдайбердіұлы Ш. Қазақ айнасы. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 1990. – Б. 296.

Филология. Реферат. Мақал-мәтелдердің мағыналық тіркестерге қарай жіктелуі
Түркі онимдерінің құрылымдық ерекшеліктері (Х-ХІV ғғ. тарихи ескерткіштер негізінде)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу